Ауыл мұғалімі Қазақстанда «Топ-10» қатарында

270

0

Қазіргі уақыт өлшемімен қарасақ, әрбір ұстаздың жетістікке жетуіне бірнеше жылдың қажеті жоқ, бастысы білім нәрін шәкірт бойына дарыта білетін шынайы қабілет керек. Бұлай айтуымыздың себебі, Сырдария ауданына қарасты Аманкелді ауылындағы Қ.Баймағанбетов атындағы №42 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Піржан Төлегеннің мұғалімдікке келгеніне 5 жыл ғана  болған. Ол осы аз ғана уақыт ішінде қаншама кәсіби байқауларда жеңімпаз атанды.

Атап айтар болсақ, ол облыстық «Үздік жас маман – 2022» байқауы, «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз», «Дарынды балаларға талантты ұстаз», «Педагогикалық идеялар фестивалі – 2024», «Педагогикалық идеялар пона­рамасы» байқауларының республи­ка­лық кезеңінің жүлдегері. Қазақстан бойынша «ТОП-10» жас ұстаздың қа­тарына енген. Сырдария ауданы бо­йынша «Жыл үздігі-2023», республика бойынша «Energizer ұстаз» номи­нациясы, Сырдария ауданы әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығының иегері. Біліктілік санаты: педагог-зерттеуші.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі Ы.Ал­тын­сарин атындағы Ұлттық білім ака­демиясының «Ауыл мектептері педа­­гогтерінің озық тәжірибелерін тарату бойынша әдістемелік ұсыным­дар» жинағында тәжірибесі тара­тыл­ған. Білікті ұстаз Оқу-ағарту ми­нистрі­мен бірнеше мәрте кездесуде болып, тақырыптық тренингтерге қатысқан.

Білуімізше, өзге пәндермен салыс­тырғанда, химия пәні әлдеқайда күр­делі. Десек те жас ұстаздың шәкірттері жыл сайын пәндік олимпиадаларда жүлделі орындардан көрініп жүр. Сонымен қатар ҰБТ-ға дайындаған оқушылары медицина және химия пәні мұғалімі мамандығына 100 пайыз грантқа түсуде.

Айталық, 2023-2024 оқу жылында Жұбатқан Нұржайна, Есіркепқызы Ақжан, Ғабитқызы Фарида, Тыным Сабина, Жарылқасын Кәусар есімді оқушылар жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиада жеңімпаздары атанса, 2025 оқу жылында Жарылқасын Кәусар «Ауыл мектептерінің оқушы­ларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олим­­­­пиаданың» республикалық ке­зеңін­де I орын алып, алтын жүлде ие­ленді. Сондай-ақ Қайраддин Жәния «Жара­тылыстану-математика бағы­тын­дағы пәндер бойынша 7-8 сы­нып­тар арасында республикалық жас­өс­пірімдер олимпиадасының» об­­лыс­­­­тық кезеңінің III орын иегері, Жа­хан­ша Бақдәулет – «IQanat» олим­пиа­­да­сы­ның жеңімпазы, грант иегері атанды.

Қазіргі заман талабы өте қарқынды әрі күрделі. Ақпараттық технология­ның жаңа мүмкіндіктері дендеп еніп жатыр. Кейбір салада адам еңбегін ЖИ алмастыра бастады. Сондықтан жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісінің де жауапкершілігі еселеп арта түсті. Осы тұрғыдан қарасақ, Піржан Ержанұлы сынды өз саласының білікті маманы, шәкірт жүрегіне жол таба білген шығармашыл ұстаздың еңбегі қандай құрметке де лайық!

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»