Осы жылдың 5 қарашасында республикалық «Время» газетінде ҚР Парламенті Сенатының төрағасы М.С.Әшімбаевтың «Логика реформ-4: Сильные регионы – сильная нация» тақырыбында өңірлерді дамыту, децентрализациялау, инфрақұрылымды жаңғырту, аймақтар арасындағы әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті азайту және ауылдың ұлттық бірлікті сақтаудағы рөлі туралы мақаласы жарық көрді.
Сондай-ақ осыған ұқсас «Литер» газетінде «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Т.Т.Мұқашевтың ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартудағы рөлінің ерекше екендігін атап көрсеткен «ЛПХ – мост между прошлым и будущим казахского народа» атты мақаласы жарияланды.
Бұл мақалалардың негізгі идеясы – ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өңірлердің тұрақтылығын қамтамасыз ету арқылы елдің біртұтас болашағын қалыптастыру.
Осыған сәйкес, Сыр өңіріндегі ауылдардың дамуы, оларға жас мамандарды тарту, шаруашылықтарды қолдау, ауыл кәсіпкерлігі мен ауылдардың даму қарқыны туралы мәселелерді қамтып, өңір өркендеуіне сүбелі үлес қосып келе жатқан әрбір ауылдың тыныс-тіршілігіне қысқаша тоқталуды жөн санадым.
Ауыл – қазақтың алтын бесігі, мәдениет пен салт-дәстүрдің бастауы. Мемлекет дамуындағы стратегиялық бағыттардың бірі – ауыл өмірін жаңғырту. Себебі қазақ қоғамының қалыптасуы, дүниетанымы мен тұрмыс-салты ғасырлар бойы осы ортада қалыптасты.
Қазақ отбасының тұрақтылығы мен бірлігі ежелден еңбекке негізделген. Әр шаңырақ өз ауласын шағын шаруашылыққа айналдырып, төрт түлік мал өсіріп, бау-бақша егіп, қыстық азығын әзірледі. Бұл – күнкөріс қамы ғана емес, ұқыптылықтың, еңбекті қадірлеудің және тіршілікті тиімді ұйымдастырудың озық үлгісі.
Ауыл баласы ерте жастан еңбекке араласып, үлкеннің батасын тыңдап, салт-дәстүрді бойына сіңіріп өскен. Мал бағу, егін егу, шөп дайындау сынды жұмыстар жас ұрпақтың жауапкершілігін арттырып, төзім мен тәртіпке үйретті. Ондағы татулық, көршілік сыйластық, бір-біріне деген жанашырлық қоғамның берік негізін қалыптастырды.
Бүгінде ауылды дамыту – тек инфрақұрылымды жақсарту емес, ұлттық құндылықтарды сақтау мен ұрпақ санасына сіңірудің маңызды тетігі. Ауыл – ұлттың тамыры. Оны дамыту – елдігімізді нығайтудың жолы.
Жеке қосалқы шаруашылықтардың маңызы
Урбанизация үдерісі мен нарық талаптарының өзгеруі отбасының тұтынушылық дағдыларына әсер еткенімен, соңғы жылдары азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты туындаған тәуекелдер жеке қосалқы шаруашылықтардың (ЖҚШ) рөлін айтарлықтай арттырды.
Қазіргі жағдайда ЖҚШ – ауыл тұрмысының ажырамас бөлігі және азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызды фактор ретінде бағаланып отыр.
Сонымен қатар, ЖҚШ тұрғындардың өзін-өзі қамтамасыз ету қабілетін арттырып, нарықтағы бағалардың құбылуына төтеп беруге мүмкіндік ұсынады. Бұл өз кезегінде әлеуметтік тұрақтылықты нығайтады.
Дәстүрлі қазақ шаруашылығының тәсілдері мен заманауи агротехнологияларды ұштастыру арқылы тұрғындар еңбек өнімділігін арттырып, қосымша табыс көзін қалыптастыруға жол ашады.
Осылайша жеке қосалқы шаруашылықтар ондағы өмірдің тұрақты дамуына және ауыл шаруашылығы саласының жалпы тиімділігіне оң ықпалын тигізуде.
Сыр өңірі – ауыл мәдениетінің ордасы
Сыр өңірі – ауыл мәдениеті мен еңбек дәстүрінің қаймағы бұзылмай сақталған қасиетті мекен. Өңір аты аталғанда, ең алдымен «Ақ маржан» атанған Сыр күріші ойға оралады. Өйткені, Сыр бойындағы елдің тұрмыс-тіршілігі ауылмен тығыз байланысты. Ал ауылдың басты ырысы – ғасырлар бойы қалыптасқан суармалы егіншілік пен мал шаруашылығы. Жер қадірін білу, маңдай термен тапқан несібені қастерлеу бұл өлкенің өмірлік қағидасына айналған.
Ауыл мәдениеті шаруашылықпен шектелмейді. Ол – ұрпақ тәрбиесінің, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың, ұлттық өнер мен қолөнердің орталығы. Сыр өңіріндегі әрбір ауыл – қазақы болмыстың айнасы, қоғамның берекесі мен отбасының бірлігін сақтаушы орда.
Өңірдің халқы ежелден еңбекқорлығымен, бір-біріне деген жанашырлығымен және қауымдық мәдениетімен ерекшеленеді. Көшбасшы бастамаларды қолдап, ортақ іске жұмылу дәстүрі шаруашылықтың дамуына серпін беріп келеді. Бірлік пен татулықтың арқасында аймақтағы әлеуметтік тұрақтылық нығайып, ауылдардың әлеуеті артуда.
Сыр бойындағы ауылдар бүгінде өз келбетін жоғалтпаған, ұлттық дәстүр мен еңбек мәдениетін сақтауымен ерекше. Елдің экономикалық дамуына үлес қосып қана қоймай, ұлттық құндылықтардың жалғасуына да берік негіз қалдырып келеді.
Ауылдардың даму қарқыны
Ауылдарды жаңғырту, жергілікті шаруашылықтарды дамыту және еңбеккерлерді қолдау – бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі. Соңғы жылдары Сыр өңіріндегі ауылдардың даму қарқыны айтарлықтай артып, әлеуметтік және экономикалық келбеті жаңаша сипат ала бастады.
Инфрақұрылым жүйелі түрде жаңартылуда. Ауызсу мен газ желілері тартылды. Көлік қатынасын жақсартуға бағытталған жол жөндеу жұмыстары ауылдардың қолжетімділігін арттырды.
Сонымен қатар, жаңа мектептер, дәрігерлік пункттер, мәдениет үйлері мен спорт кешендерінің ашылуы тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып, ауылды өмір сүруге қолайлы ортаға айналдыра түсті.
Мемлекеттік қолдаудың түрлі тетіктері – субсидиялар, жеңілдетілген несиелер, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту бағдарламалары, сонымен бірге жол, су, газ және электр желілерін жаңарту экономикаға тың серпін беріп, интернет желісінің кеңеюі білім беру, кәсіпкерлік пен ақпаратқа қолжетімділікті арттырып, жастардың жаңа бағытта дамуына жол ашуда. Бұл бастамалар жастардың туған жерінде қалып, еңбек етуіне ынталандыратын маңызды факторға айналып келеді.
Ауылдағы еңбек – тек табыс табудың жолы ғана емес, ол – рухани және әлеуметтік құндылық. Мұнда отбасының бірлігі бекіп, әр ұрпақ маңдай тердің қадірін жастайынан түсінеді. Жауапкершілік, төзімділік, үнемшілдік секілді қасиеттер осындағы тіршіліктің табиғи мектебінде қалыптасады. «Еңбек түбі – береке» деген халық даналығы да өмірдің шынайы болмысын дәл бейнелейді.
Сыр өңіріндегі ауылдардың жаңғыруы – тек инфрақұрылымдық өзгеріс емес. Бұл – елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық дамуының, ұлттық құндылықтардың сақталуының маңызды тетігі.
Ауыл кәсіпкерлерін қолдау арқылы экономиканы жаңа деңгейге көтеру
Бүгінде ауылдағы кәсіпкерлік саласы жаңа серпін алып, өңір экономикасы дамуының маңызды қозғаушы күшіне айнала бастады. Олай дейтініміз, «Ауыл аманаты», «Бірыңғай кешенді бағдарлама», «Өңірлік инвестициялық орталығы» сияқты жобалар тұрғындарға өз кәсібін ашуға нақты мүмкіндік беріп отыр. Нәтижесінде мал шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, тағамдық өнім өндірісі, қызмет көрсету және қайта өңдеу салаларында жаңа жобалар іске қосылып, экономикаға айтарлықтай қозғалыс әкелуде. Кооперативтердің дамуы да өз жемісін беріп, өнімдердің нарыққа тиімді әрі бәсекеге қабілетті түрде шығуын қамтамасыз етуде.
Тігін және наубайхана цехтары, кондитерлік өндіріс орындары, тұрмыстық заттар шығаратын шағын кәсіпорындар ашылып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету мүмкіндігі туып отыр.
Мұндай өндіріс орындары шағын ауылдардың өзінде экономикалық белсенділікті күшейтіп, жергілікті бюджеттің түсімін арттырып, тұрғындардың кәсіпкерлікке деген ынтасын оятуда.
Кәсіпкерліктің дамуы – тек экономикалық көрсеткіштерді жақсарту емес, ол – әлеуметтік ахуалды көтерудің, тұрақты жұмыспен қамтамасыз етудің, өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды алғышарты.
Сондықтан ауылдағы кәсіпкерлікке қолдау көрсетуді жүйелі жалғастыру Сыр өңірінің ұзақ мерзімді дамуының негізгі бағыттарының бірі болып қала бермек.
Сыр өңіріндегі ауылдар Бесарық ауылы – кәсіпкерлік пен мәдениеттің үндескен ордасы
Бесарық ауылында бүгінде 2367 тұрғын тұрады. Өңірдегі алдыңғы қатарлы елді мекендердің бірі ретінде «Үлгілі елді мекен» байқауының жеңімпазы атанған.
Оның көркеюіне елеулі үлес қосып жүрген «Абай-Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев көгалдандыруға, әлеуметтік нысандарды жөндеуге қаржы бөліп, мешіт пен ауыл әкімдігінің ғимаратын салып, орталық алаңды абаттандырған.
Серіктестік көшелерді асфальттау, әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жүргізу, демалыс орындарын қалпына келтіру, спорттық және мәдени шараларға демеушілік жасау сияқты бірқатар жұмыстарды тұрақты түрде атқарып келеді.
Кәсіпкерлік саласы да қарқынды дамып, былтыр «Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 5 жоба мақұлданып, 61 млн теңге несие берілді. Бұл қаржы ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын ілгерілетуге бағытталып, экономикалық белсенділікті арттыруда айтарлықтай үлес қосты. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту және мал басын көбейту үшін қосымша 21 млн теңге бөлінді.
«Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында 433 млн теңге көлемінде қаражат игеріліп, 6 кәсіпкер өз кәсібін кеңейтті.
Ал «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 28,2 млн теңгенің 4 жобасы қаржыландырылды.
Жаңа өндіріс орындарының ашылуы кәсіпкерліктің ауқымын кеңейтті. Ою-өрнек пен тігін цехтары, қолғап пен шұлық өндірісі, пластикалық ыдыстар мен сабын шығару цехтары, наубайхана, кондитерлік өнім өндірісі, жартылай фабрикаттар жасау және фри өндіру желісі, сондай-ақ супермаркет пен дәмханалар іске қосылды.
Бұл кәсіпорындар тұрғындарға жаңа жұмыс орындарын ұсынып қана қоймай, экономикалық әлеуетті арттыруға да септігін тигізуде.
Сондай-ақ жылына 100 тонна бройлерлік құс етін өндіретін «Сыр құсы» ауылшаруашылық кооперативі құрылып, 27,6 млн теңгеге қаржыландырылды.
Инфрақұрылым саласында да айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Ауылішілік көшелер жөнделіп, Тағзым алаңы жаңартылды. Көшелер жарықтандырылып, балаларға арналған жаңа ойын алаңы салынды.
Бесарық ауылы – кәсіпкерлік пен мәдениеттің, дәстүр мен заманауи өмірдің үндескен мекені. Мұндағы әрбір тұрғын өз ісін дамытып, рухани және әлеуметтік өмірді байытып, туған жерінің одан әрі өркендеуіне сүбелі үлес қосуда.
Бірлігі бекем елді мекен – Дүр Оңғар
Еңселі, бірлігі бекем елді мекендердің бірі – Дүр Оңғар ауылында бүгінде 2070 тұрғын тұрады. Тұрғындар қазіргі таңда «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы егін егумен айналысып қана қоймай, төрт түлік өсірумен қатар, шағын және орта кәсіпкерліктен де нәпақасын табуда.
Биыл егіс көлемі 3100 гектарға күріш бастырылып, одан 170 000 центнер егін алынды.
Салауатты өмір салтын қалыптастыруға да ерекше мән беріледі. Жастар белсенділігінің арқасында бұқаралық спортты дамытуға «Жаңажол» серіктестігі тұрақты қолдау көрсетіп келеді.
Кәсіпкерлік саласы айтарлықтай дамуда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кондитерлік цех, жиһаз өндірісі және мал шаруашылығын кеңейту жобаларына жеңілдетілген несиелер беріліп, кәсіпкерлер өз ісін дамытып жатыр.
Ірі инфрақұрылымдық жобалар да қатар жүргізілуде. Газ желісін тарту жұмыстарына 7,1 млрд теңге көлемінде қаржы қаралды. Бұл тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.
Сонымен қатар, заман талабына сай келетін жаңа дәрігерлік амбулатория мен екі қабатты спорт кешені пайдалануға беріліп, тұрғындардың денсаулығы мен спортқа деген ынтасын арттыруда.
Көркейтуге бағытталған жұмыстарда инвестор, «Жаңажол» ЖШС төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Орынбасар Төлеповтің үлесі айрықша.
Оның бастамасымен ауыл орталығында заманауи «Бәйтерек» демалыс орны бар. Бүгінде демалыс орнында орналасқан сәулеті келіскен субұрқақ, балаларға арналған ойын және ересектерге арналған жаттығу алаңының игілігін ел көруде.
Сондай-ақ ауыл кіреберісіне интенсивтік жобамен 5 гектар жерге алма бағы отырғызылды. Бұл – туған жеріне жанашырлықпен қараған азаматтың әлеуметтік жауапкершілігінің көрінісі.
Кәсіпкерлер де ел экономикасын дамытуға, туған жерді түлетуге қомақты үлес қосуда. Мұндай бастамалар елдің еңсесін тіктеп, ауыл келбетінің көркеюіне үлкен серпін береді. Дүр Оңғар ауылы – кәсіпкерлік пен инфрақұрылым дамуының нәтижесінде күннен- күнге көркейіп келе жатқан елді мекен.
Нартай Бекежанов ауылы – тарихы терең, іргелі елді мекен
Нартай ауылында бүгінгі күні 3000-ға жуық халық тұрады. Мұнда жеке кәсіпкерліктің дамуы қарқынды. Қазіргі таңда 80 кәсіпкер тіркеліп, олардың еңбегі ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуға елеулі үлес қосып отыр.
Ауылда 9 сауда нүктесі мен 2 монша халыққа қызмет көрсетіп, тұрғындардың күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, 20 азамат мал бордақылаумен айналысып, шаруашылықты дамытуға өз үлестерін қосуда.
«Ауыл аманаты» және «Жұмыспен қамту» бағдарламалары аясында тұрғындар несие және гранттар иеленіп, өз кәсібін бастауға мүмкіндік алды. Мұндай қолдау экономикалық белсенділікті арттырып, жастарды кәсіпкерлікке тартуда маңызды рөл атқаруда.
Ауызсу мен газ желісі толық шешімін тауып, көшелер жарықтандырылып, кәсіпкерліктің дамуы мен инфрақұрылымдық өзгерістер тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік беріп, ауылдың тұрмыс деңгейін көтерді.
Нартай ауылы көркейіп келе жатқан елді мекен ретінде аймақтың дамуына өз үлесін қосуда.
Қожакент – құтты қоныс
Қожакент 2018 жылы облыс бойынша «Үздік ауыл» номинациясын жеңіп алған. Мал басы мен егін шаруасынан өзге де өнеге болатын істері аз емес. Қазіргі таңда Қожакент ауылында 3612 халық тұрады.
Нарықтық экономикаға бейімделген халық кәсіпкерлік саласын қарқынды дамытып, 303 кәсіпкер және 5 ауыл шаруашылығы кооперативі туған жердің одан әрі дамуына белсенді еңбек етуде. Тұрғындарға спорт кешендері, ауылдық клуб үйі, мешіт, азық-түлік дүкендері, супермаркет, жанар-жағармай бекеттері және дәріханалар қызмет көрсетуде.
49,56 шақырым электр желісі мен 762 электр бағанасы тұрақты жарықпен қамтамасыз етіп, көшелер орташа жөндеуден өтіп, тұрғындардың күнделікті өміріне жайлылық пен қауіпсіздік жасалған.
Қожакент кәсіпкерлік пен инфрақұрылым үйлесім тапқан, тұрғындарына әлеуметтік қолдау көрсететін және тұрақты дамып келе жатқан елді мекен ретінде ерекшеленеді.
Нағи Ілиясов – туристік және инфрақұрылымды дамытқан ауыл
Туристер үшін ең үздік ауылдардың бірі – Нағи Ілиясов ауылында қазіргі таңда 2242 тұрғын тұрады.
Мұнда ауқымды абаттандыру және инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде заманауи келбетке ие болып, облыстағы үлгілі елді мекендердің біріне айналған.
Ауылдың дамуында «Абзал и К» және «Мағжан и К» серіктестіктерінің үлесі зор. Олар ауыл шаруашылығын қолдаумен қатар, инфрақұрылымдық жобаларды іске асырып, мәдениет үйі, мешіт, музей, спорт кешені, футбол алаңы және сауда орталықтарын салуға атсалысты.
Сонымен қатар, агротуризм бағытын дамытып, Қазақстанның үздік 5 туристік ауылы қатарына енді. Қазіргі таңда «Абзал и К» толық серіктестігінің директоры, облыстық мәслихат депутаты Ералиев Мағжан Абзалұлы. Оның жетекшілігімен кәсіпкерлік пен туризм саласы үйлесім тауып, тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары мен даму мүмкіндіктері қалыптасты.
Нағи Ілиясов ауылы – тарихи дәстүр мен заманауи инфрақұрылым үйлескен, туризм мен кәсіпкерліктің дамуына үлгі болатын елді мекен ретінде аймақтың көркеюіне өз үлесін қосып келеді.
Сыр өңіріндегі ауылдардың бүгінгі келбеті – еліміздің әлеуметтік тұрақтылығы мен рухани дамуын айқындайтын маңызды көрсеткіш. Өңірдегі елді мекендерде жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жаңғыртулар, кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен туған жердің болашағына бейжай қарамайтын азаматтар еңбегі ауылды гүлдендіріп, өңірдің әлеуетін жаңа деңгейге көтеруде. Бұл – ұлттық құндылықтарды сақтау мен дамытуға, халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.
Туған жерін көркейтуді мақсат еткен еңбек адамдарының табандылығы мен мемлекеттің жүйелі қолдауы ауыл ажарын ашып, ел берекесін арттырып, өңір экономикасының іргесін бекемдейді. Осы тұрғыдан алғанда, Сыр бойындағы ауылдар – қоғамдағы бірлік пен татулықтың, еңбекқорлық пен отаншылдықтың, ел мүддесі жолындағы табандылық пен тұтастықтың айрықша көрінісі.
Бүгінгі атқарылып жатқан жұмыстар – тек қазіргі күннің жемісі ғана емес, келешекке қаланатын берік іргетас. Халықтың тұрмысын жақсартуға, ауыл өмірін жаңғыртуға бағытталған бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, өңір дамуының жаңа белестерін айқындай түспек.
Ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен бірліктің бастауы. Оның тыныс-тіршілігі – жас ұрпақты еңбексүйгіштікке, табандылық пен елжандылыққа тәрбиелейтін шынайы өмір мектебі. Сол себепті, ауылды одан әрі дамытып, оның әлеуетін толық ашу – еліміздің жарқын болашағын қалыптастырудағы маңызды міндет.
Мұрат ТЛЕУМБЕТОВ,
Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы





