Ауыз су сапасынан кемшіліктер табылды

471

0

Қызылорда облысында ауыз судың микробиологиялық және санитарлық-химиялық көрсеткіштері бойынша сәйкессіздіктер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыста санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қадағалауында 205 сумен жабдықтау объектісі бар. Оның ішінде 171-і орталықтандырылған, 34 -і орталықтандырылмаған сумен жабдықтау объектілері. Өңір тұрғындарының 97,8% орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Ал 2,1% орталықтандырылмаған суды пайдаланса, тасымал су ішіп отырғандар үлесі – 0,1%.

«Биылғы жылдың 6 айында орталықтандырылған сумен жабдықтау объектілерінен микробиологиялық көрсеткіштерін тексеруге 424 су сынамасы алынды. Оның 87-і талаптарға сәйкес келген жоқ. Мұндай кемшіліктер Қазалы, Қармақшы, Жаңақорған аудандарынан анықталды. Ал санитарлық-химиялық көрсеткіштері бойынша 55 сәйкессіздік анықталды. Бұл кемшілік Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Шиелі аудандары және Қызылорда қаласында байқалды. Санитариялық-химиялық көрсеткіштерде су құрамындағы сульфаттардың, кермектілігі, құрғақ қалдықтар мен хлоридтердің нормадан жоғары екені анықталды», – деп мәлім етті облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.

Ведомство мәліметінше, жол берілген кемшіліктер және ерекше тәртіп тексерулерқорытындысы бойынша 1,3 млн теңге көлемінде 15 айыппұл салынды. Оған қоса 6 санитариялық нұсқама берілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<