«AynaGlass» – еліміздегі алғашқы зауыт

4

0

Сыр бойында айна өндіріле бастады. Бұл еліміздегі алғашқы зауыт. Осы кезге дейін өнім сыртқы елдерден тасымалданып келді. Сондықтан Қызылордадан ашылған зауыт импортқа тәуелділікті азайтып, отандық өнімнің өрісін кеңейтеді.

Жобаның жалпы құны – 1,5 млрд теңге. Оның 1 млрд теңгесіне қажетті құрал-жабдықтар сатып алын­са, қалған қа­ражатқа құ­рылыс жұмысы жүр­­гізілген.  Қуа­нар­лық жайт, зауыт был­тыр­ғы жылдың ая­ғын­да алғашқы өнімін шы­ғарып, саудалады. Жыл­дық қуаттылығы 720 мың шаршы метр. Өнім ішкі нарықты және ТМД елдерін қамтитын болады.

Жоба 2023 жылы бірыңғай индустрия­ландыру картасына енгізіліп, индустриялық аймақтан жер телімі бөлінді. Шикізатпен қамтамасыз ету үшін «Orda Glass» шыны зауытымен келісімшарт жасал­ды. Қазір зауытта 30 адам еңбек етеді. Өндіріс толық қуатына жеткенде адам саны 60-қа дейін жетеді.

Зауыт құрылысы 2024 жылдың аяғында бас­талған. Заман талабына сай бой көтерген нысан толық автоматтандырылған әрі жұмыс­шыларға да жағдай қарастырылған. Біз мұны көзбен көріп, көңіл­ге тоқып қайттық.

Алып зауыт. Жұмыс қайнап жатыр. Техникалар үздіксіз жұмыс жасауда. Қапталған әйнектер өңдеу процесіне жіберілуде. Әр қызметкер ісін тыңғы­лықты атқаруда. Бізде өз кезегімізде, шынының қалай айнаға айналатынына куә болдық.        

Қызық. Күнделікті қолданыстағы айна­ның осын­шама еңбекпен, технологиямен дайын­далатынын кө­ріп, таңырқай қарадық. Бастысы, өңірдің әлеуетін көтеретін осындай жобаның іске асырылып жатқаны көңіл қуантты.

 Одан әрі зауыт басшысы Айжан Өмірзақова өндіріс процесі, өнім түрлері, технологиялық мүм­кіндіктері мен экспорттық әлеуеті туралы кеңінен айтып берді.

– Бастапқы кезде өзге елдердің өндірісін зерт­теп көрдік. Нәтижесінде роботты құрыл­ғылар­ды өндіруде көш бастап тұрған Қытай зауыты­на тоқталдық. Бұл технология танымал бренд. Әлем­нің озық елдері қолданысқа енгізген. Біз қолда­нып отырған автоматтандырылған тех­нология­ның мүм­кіндігі зор. Былтыр екі ел арасында келісім­шарт жасалып, арнайы ма­ман­дар келді. Олар 3 ай бойы технологияны ор­натып, монтаждау жұмыс­тарын жүргізді. Жер­гілікті мамандарға тілін үйре­тіп, жұмыс істеу процесін көрсетті. Әлі де ол маман­дармен тығыз байланыстамыз. Себебі біздің жұмыс­­шыларға үйретуде. Бұл құрылғылар жылдық қуаттылықты екі есе орындауға қауқарлы.

Өндіріс орнын «Өнеркәсіпті дамыту қоры» қаржыландырып, облыс әкімдігі өндіріс­тік аймақтан дайын инфрақұрылыммен 3,6 гектар жер бөлді. Жергілікті билік пен даму инс­ти­ту­тының осындай қолдауының арқа­сында елі­мізде айна өндірісі басталды. Былтырғы жылдың қараша айынан бастап, алғашқы айналарды саудаға шығардық. Қазір өнімді Алматы, Шымкент, Түркістан облысына және жергілікті кәсіпкерлерге өткіземіз. Алдағы уақыт­та өзге өңірлерге және сырт елдерге сау­даға шығару жоспарда тұр, – дейді зауыт басшысы.

Енді жұмыс процесіне тоқталсақ, алды­мен жартылай дайын өнім жүк көліктерімен жеткізі­леді. Оны жинап, қорабынан алына­ды. Одан әрі жылжы­малы лентаға орналасты­рылады. Робот атқарады. Автоматтандырылған желінің ұзындығы 176 метр. Жалпы зауыттың ішкі аумағы 6 мың квадрат метрді құрайды. Күніне 15-16 қорап, яғни 3300 квадрат метр айна дайындалады.

Осылайша әйнек лента арқылы сырғып бірнеше кезеңнен өтеді. Бірінші жуылады, та­зартылады. Оған фильтрленген су қолда­нылады. Өйткені шыны бетінде мүлде шаң-тозаң болмауы тиіс. Жуылған шыны кептіріліп, вакуумдық камераға жіберіледі. Бұл жерде әйнек айнаға айнала бастайды. Одан әрі пеш камерасына өтіп, тағы екі қабат бояу жағыла­ды. Қажет бояуларды Шымкент қаласынан алдырады. Айнаға бояу жағылғаннан кейін тағы бір рет жуылады. Одан  кейін кептіріліп, робот жинайды. Міне, бас-аяғы 38 минут ішінде бір қаптамадағы әйнектер айнаға айналып, дайын өнім шығады. Бұл процесті операторлар басқарып тұрады. Әр айнаға зауыттың аты, белгісі шыққан күні, сағаты да жазылады. Егер айна дайындалу барысында қандай да бір ақау кетсе, дер кезінде алынып тасталады.

 Қазір мұнда жұмысшылар бір ауысым бойынша жұмыс істейді. Алдағы  уақыт­та адам саны көбейген кезде екі-үш ауысым болады екен. Ай­на негізі­нен құрылысқа, жиһаз өнім­дері­не кеңінен қолданылады. Сол себепті көбіне жиһаз өндіретін кәсіп­кер­лерден сұраныс жоғары. Баға­сы нарыққа енді шығып жат­қандықтан қалтаға қонымды. Сырт елдерге қарағанда әлдеқайда тө­мен. Транспорт жағы да қарас­тыры­луда. Себебі жеткізіп беру қыз­метін де ұсынбақ. Әзірге тапсы­рыс беру­шілер кейде өздері алып кетсе, кейде өндіріс орны жеткізіп береді.

Біз барғанда жылжымалы лентада кезекті тапсырыс орындалып жатты. Ол Шымкент қа­ласынан түсіпті. Мамандар тапсырыстың уақы­тылы әрі сапалы орындалуын барынша қадағалап жүр.

Айна дұрыс шықпай қалған жағдайда қайта өңдеуге келмейді. Бірақ оны арзан бағаға сау­далап, өзге де қажеттілікке жаратады. Ма­мандардың бәрі де жергілікті тұрғындар екен.

– Бұл салада жүргенімізге жиырма жылға жуықтады. Бұған дейін «Комфорт 1KZ » ЖШС құрдық. Ол облыстағы шыңдалған әйнек шығаратын бірегей зауыт. Әйнектен энергия үнемдейтін және жарық шағылыстыратын қасиеті бар қос қабат терезелер мен айна жасайды. Сондай-ақ витрина, кабина, шатыр, жиһаз, мөлдір баспалдақ, қалқа сияқты көптеген интерьер заттар шығарады. Былтыр жаңадан салынған стадионға қажетті әйнекті осы «Комфорт 1KZ» ЖШС-нан алды.

Тәжірибеміз бар болған соң, айна өндірісіне келдік. Қазір технологияның мүмкіндігі мол. Бәрі де автоматтандырылған.  Енді тұтынушыларды тарту мақсатында тиісті шаралар жүргізілуде. Зауыт биылғы жылдың жарты жылдығында ресми түрде ашылады. Дегенмен 100 пайыз жұмыс істеп тұр. Енді тек мекеме аумағында бірқатар жұмыс қалды. Ол жұмысшылардың жағдайын жасау үшін асхана желісін іске қосу сынды. 

Бұдан бөлек алда жоспар көп. Мәселен түрлі-түсті айна шығаруды көздеп отырмыз, – дейді Айжан Өмірзақова.

Әрине оңай жұмыс емес. Заманауи техно­логия­лардың тілін меңгеру, оны тиімді басқару да ұқыптылықты,  жауапкершілікті талап етеді.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде экономиканы индуст­риялық дамы­ту және әртараптандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Былтыр елімізде 33 жаңа өнеркәсіптік кәсіпорын пайдалануға берілген. Жаңа нысандар еліміздің әртүрлі аймағында орналасқан. Солардың қатарында «AynaGlass» ЖШС да бар.

Жаңа өндірістердің іске қосылуы эконо­миканы әртараптандыруға, өңірлерді дамытуға және елдің өнеркәсіптік базасын нығайтуға маңызды үлес қосатыны сөзсіз. Ал әрбір жоба жаңа жұмыс орны.

Сара АДАЙБАЕВА,

Сыр бойы