Жыл басында әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы артты деп қуанғанымызбен, оған қоса азық-түлік бағасы да шарықтай жөнелетініне үйреніп қалғандаймыз. Жасыратыны жоқ, несиені несиемен жауып отырған отбасы көп. Кейінгі уақытта халыққа берілетін несие де артқан.
Бұдан былай түрлі тұрмыстық бұйымдарды, киім-кешекті несиеге алуға үйреніп қалған жұртшылық енді оңды-солды несие алмасы анық. Өйткені мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға кредит беруге тыйым салынуда. Бұл бір жағынан дұрыс шешім секілді. Өз бюджетіңізді жоспарлап үйренбей, қаржылық сауатты арттырмайынша несиеден несиеге күн кеше беретініңіз анық.
Алайда күн сайын шарықтап баратын баға да қарыздың үстіне қарыз қоспайтынына кім кепіл? Оның үстіне әлемді жайлаған инфляция барған сайын үдеп барады. Ел билігі мен Ұлттық банк оны барынша ауыздықтап, тізгінді қолдан шығармауға тырысуда. Жыл соңында Ұлттық банк елдегі ең ірі 21 банктен деректер алып, биылғы нарық динамикасын жариялады. Бизнес секторында несиеге сұраныс артқан, ал жеке тұлғалар арасында ипотека алу баяулап, автонесие артқан. Мәселен, ірі кәсіпорындардан түскен несие өтінімдері 19%-ға артып, орта бизнестегі өтініштер саны тұрақты қалпын сақтады. Бағдарламалар ішінде «Өрлеу» және «Даму» қорының кепілдіктері сұраныста. Қазір қарыз алушылардың қаржылық жағдайына қойылатын талаптар күшейген. Сондықтан мамандар базалық мөлшерлеменің өсуі де әсер етіп, нәтижесінде ипотека мен автокредитке сұраныс азаяды деп болжап отыр. Ал экономистер керісінше, жеңілдетілген ипотека көлемі ұлғайғандықтан сұраныс азаймайды деген пікірде.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция 12,3 пайызды құрап, оның ішінде азық-түлік тауарлары 13,3 пайызға өсті. Бұл көрсеткіш халықтың күнделікті тұтыну шығындарына тікелей әсер етіп отыр.
Өңірлер арасында жылдық инфляцияның төмен деңгейі Алматы қаласы мен Қостанай облысында – 11,7%, сондай-ақ Абай, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында байқалды – 11,8% деңгейінде.
Сарапшылар азық-түлік бағасының өсуіне бірнеше фактор әсер етіп отырғанын айтады. Біріншіден, өндірістік шығындардың артуы – жанар-жағармай, логистика және коммуналдық қызметтер бағасының қымбаттауы өнімнің өзіндік құнын өсірді. Екіншіден, импортқа тәуелді тауарлар бойынша сыртқы нарықтағы баға ауытқулары ішкі нарыққа тікелей ықпал етуде. Үшіншіден, маусымаралық кезеңде көкөніс өнімдері бағасының өсуі дәстүрлі түрде инфляциялық қысымды күшейтеді.
Желтоқсан айындағы деректер бұл үрдістің әлі де сақталғанын көрсетеді. Айталық, азық-түлік тауарлары бір айда 1,2 пайызға қымбаттаған. Оның ішінде сүт өнімдері, сәбіз, шырын, көк шай, жүзім бағасы өскен. Дегенмен, жекелеген өнім бағасы төмендегені байқалады.
Бағаның шектен тыс өсуін болдырмау мақсатында аймақтарда тауарлық интервенция, тұрақтандыру қорлары, форвардтық келісімшарттар және жәрмеңкелер тетігі кеңінен қолданылуда. Мәселен, өткен жылы облыста 158 жәрмеңке өткізіліп, онда 4 900 тонна өнім сатылды.
Қазіргі таңда облыстың тұрақтандыру қорында 2916 тонна өнім бар, ал 9808 тонна өнімді жеткізуге келісімшарт жасалған. Оның ішінде көкөніс өнімдері бойынша форвардтық келісімнің маңызы зор. Өйткені, бұл өнімдер бір мезетте нарыққа шығарылмай, наурыз айына дейін кезең-кезеңімен жеткізіледі. Бұл тәсіл маусымаралық кезеңде бағаның күрт көтерілуін тежеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, сауда үстемесін 15 пайыздан асырмау нарықтағы алыпсатарлықты шектейді. Жыл басынан бері жүргізілген тексерулер барысында заң талаптарын бұзған кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті 260 кәсіпкерді тексеріп, 49-ын әкімшілік жауапкершілікке тартты. Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде баға индексі облыста тұрақты.
Бағаны тұрақтандырудың негізгі тетігі – ішкі өндірісті дамыту. Осы бағытта өңірде 62,1 млрд теңгеге 37 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Бұл жобалар жергілікті өнім көлемін арттырып, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»






