Балаңыз қандай ас ішіп жүр?

409

0

«Ас – адамның арқауы». Әсіресе балалардың денсаулығы мықты, шымыр болып өсуі үшін уақытылы әрі сапалы тамақтанудың маңызы зор.  Бұл үшін ел мектептерінде асханалар жұмыс істейді. Мәселен, мәліметтерге сүйенсек, елдегі 1 млн 700 мың бала тегін тамақтанады. Бірақ 403 мектепте асхана жоқ. 196-сы тамақты тасымалдайды. 207-сінде буфет бар. Ал қалған 7500 мектепте асхана жұмыс істейді.

Жуырда Маңғыстау облысында  бір мектепте улану фактісі жайлы ақпарат тарады. «Бейнеу» ауылында 16 оқушы шағымданған. Кейінірек осы облыстың «Босшоқы» ауылында 460 оқушы уланғанын естідік. Желіде желдей ескен бұл ақпарат, улану оқиғасы мектеп асханаларына қатысты бұрыннан бар алаңдаушылықты оятты. Бұл жағдай маңғыстаулық ата-аналарды ғана емес, бүкіл қазақстандықтарды алаңдатып қойды. Өйткені бір емес, 466 баланың астан улануы бұрын-соңды болмаған.

Осы орайда  балаларға тамақ беретіндер қандай критериймен таңдалады?  Ұсынатын ас-ауқаттың сапасын бақылау-қадағалау тетіктері қандай?  Адам басына бөлінетін қаржы қаншалықты? Біз осындай сауалдарға жауап іздеп көрген едік.

Аймақтағы ахуал қандай?

Облыста 290 мектепте 59 кәсіпкерлік субъектісі тамақтандыру бойынша қызмет көрсетеді (290 мектепте ыстық тамақ, 7-інде буфеттік құрғақ тамақ ұйымдастырылған). Тегін тамақтанатын бала саны – 89 572, оның ішінде, 5-11 сынып аралығындағы әлеуметтік осал топқа жататын – 26 654, бастауыш сыныптарда  62 918 бала бар. Тамақтанатын бала саны 2,5% өссе, сәйкесінше қаржысы 8,7 млрд теңгеден 9 млрд теңгеге өскен. Биыл білім беру ұйымдарында бір реттік тамақ құны орта есеппен 580 теңгені құрайды.

–    Облыс бойынша ортақ ас мәзірі бекітілген, ас мәзірінің нормалары   ҚР Үкіметінің №320 Қаулының №15 қосымшасына сәйкес жас ерекшелігіне қарай бөлінеді (6-10 жас 560 тг, 11-14 жас  578,4 тг, 15-18 жас  607,2 тг). Ал келер жылы білім беру ұйымдарында бір реттік тамақ құны орта есеппен 620 теңге деп  жоспарланған (6-10 жас  588,1 тг, 11-14 жас  608,2 тг, 15-18 жас  663,6 тг). Білім беру асханаларында Қазақ тағамтану академиясының Ұлттық салауатты тағамтану орталығы ұсынған «Мектеп оқушыларының тағам рационы бойынша біріңғай стандарттар» әдістемелік ұсынымдарына сәйкес перспективалық маусымдық (жаз-күз, қыс-көктем) төрт апталық мәзір жасалып, тағамдар беріледі. Асханасы жоқ 7 мектепте  буфеттік тамақ ұйымдастырылған.  Атап айтқанда, Арал ауданындағы асханасы жоқ 4 мектеп «Жалғызағым», «Ақшатау», «Көнту» бастауыш мектептері, Тоқабай ауылындағы апатты жағдайдағы  №248 мектеп, Шиелі ауданында  асханасы жоқ 3 мектеп №133, 151,  «Жуантөбеде»  тегін буфеттік тамақ ұйымдастырылған. Аталған мектептердегі бала саны – 196, оның ішінде буфеттік тамақпен қамтылғаны 163 оқушы. Биылдан бастап білім беру ұйымдарында тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша конкурс жұмыстарын облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы жүзеге асырады. Осы оқу жылында  204 білім беру ұйымында ыстық тамақ беру бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылып, 79 білім беру ұйымында келісім-шарт мерзімі ұзартылған, «Қызылорда облысы бойынша білім беру ұйымдарында асхана және тамақтану сапасын бақылау жөніндегі ведомствоаралық сараптамалық топ құрамын бекіту туралы»  бұйрығы, сараптамалық топ жұмысының  биылғы іс-шаралар жоспарына сәйкес 9 сараптамалық топ облыс аумағындағы 284 мектептің асханасы мен тамақтану сапасына оның ішінде бракераждық комиссияның жұмысына мониторинг жүргізді. Сараптамалық топтың құрамында білім, денсаулық сақтау басқармасының мамандары, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың облыстағы өкілдігі, «Аманат» партиясы, ҚР Бала құқықтары жөніндегі өкілі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері, ата-аналар комитетінің мүшелері қатыстырылған – дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Шолпан Жүнісова.

Сондай-ақ облыстық білім, денсаулық сақтау басқармаларының,  санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бірлескен бұйрығы негізінде асхананың санитариялық-эпидемиологиялық жағдайы зерделеніп, қорытындысында білім беру ұйымдарының басшылары мен жауапты мамандарына оқыту семинары өткізілген.

Сапа бақылауда, бірақ…

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің басым бағыттарының бірі – балалар денсаулығын нығайту, оқу-тәрбие жағдайын және жалпы білім беру мекемелерінде ыстық тамақты ұйымдастыру сапасын қадағалау.

Департаменттің аумақтық басқармалар мәліметіне сәйкес бақылауда 332 жалпы білім беретін мектеп бар, оның 292-сі мемлекеттік және 40 жеке мектеп. Оның 98%-ында асхана қаралған, 7 мектепте жоғарыда айтып өткеніміздей, буфеттік тамақ  ұйымдастырылған. Облыстағы жалпы 291 мемлекеттік мектептің асхана, буфетін  60 жеке кәсіпкер жалға алып жұмыс істеуде.

–    Былтыр желтоқсан айынан бастап прокуратураның ұсынысымен 262 мектеп асханасы жоспардан тыс тексерумен қамтылып, бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Мәселен, күн сайын ас блогында аспаз нақты ас мәзіріне сәйкес дайын астың тәуліктік сынамасын 48 сағатқа толық қалдырмауы; санитариялық қағидалар талаптарына сай келмейтін материалдан дайындалған тағам турайтын тақтайшалардың пайдаланылуы; ас дайындайтын кастрюльдерге белгі соғылмауы; ас дайындау цехында қол кептіргіштің болмауы; күн сайын медицина немесе жауапты қызметкердің тез бұзылатын тағамдардың және дайын аспаздық өнімдердің сапасын органолептикалық бағалау (бракераж) журналына жазбаны  талапқа сай толтырмауы; тоңазытқыш жабдықтар мен азық-түлік қоймасында тағам өнімдерінің тауар орналасу тәртібінің сақталмауы сияқты бұзушылықтар анықталды. Ол бойынша 166 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, айыппұл салынды, – дейді облыстық СЭБД басшысының орынбасары Ерлан Ұзақбаев.

Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету, тағамнан уланудың алдын алу мақсатында облыстық білім, денсаулық сақтау басқармалары мен  білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінен жұмысшы топтар құрылып,   барлық білім беру ұйымдарында қыркүйек айында ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар  облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен аумақтық басқарма мамандары мектеп асхана қызметкерлері мен мейірбикелер арасында тағамнан уланудың алдын алу, дұрыс тамақтануды ұйымдастыру, қоғамдық тамақтану объектілеріне, тағамдарды өңдеуге, сақтауға қойылатын талаптар, өндірістік бақылауды жүзеге асыруға қойылатын талаптар бойынша ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, әдістемелік-тәжірибелік  көмектер  көрсетілген. Бұл ретте мектеп асханаларын жалға алушы   кәсіпкерлермен  семинарлар өткізілді. 

Сараптаулар не дейді?

«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры әлеуметтік мониторингтің қорытындысын жариялады. Қоғамдық қор мәліметінше, мемлекеттік мектептерде оқитын балалардың ата-аналарының тек 53%-ы ғана мектептегі тамақтану сапасына көңілі толады. Ал ата-аналардың 20%-дан астамы берілетін тамақ порциясы тым аз деп санайды.

Мемлекеттік мектептердегі тамақ сапасына қатысты жүргізілген әлеуметтік мониторингтің қорытындысы осыны көрсетіп отыр. Аталған қоғамдық қордың 14 қазан – 14 қараша аралығында жүргізген сауалнамасына елдің әрбір аймағынан 10 мың ата-ана қатысып, жауап берген.

Нақтырақ айтқанда, ата-аналардың 45%-ы мектеп асханаларында берілетін тамақтың сапасын жақсы, ал 8%-ы өте жақсы деп бағалаған. 25 пайызы қанағаттанарлық десе, 10%-ы өте нашар деп жауап берген. 12%-ы «нақты жауабым жоқ» деген нұсқаны таңдаған.

Соның ішінде қала мектептеріндегі тамақ сапасы ата-аналарды әлдеқайда жиі алаңдататын көрінеді.  Балалары қала мектебінде оқитын ата-аналардың 37%-ы ғана тамақ сапасын жақсы деп бағаласа, бұл көрсеткіш ауыл мектептерінде 60%. Қала мектебінің асханасында берілетін астың сапасын 17%-ы ата-ана «дәмсіз, нәрсіз» десе, ауылдық жердегі ата-аналардың тек 7% мектептегі тамақ сапасы «нашар» деп жауап берген.

Мектеп тамағына ата-аналардың көңілі толмауының негізгі себептері:

Бірінші, мәзірдің біркелкілігі, 33% қатысушы мәзірде әртүрлі асты таңдау мүмкіндігі жоқ, үнемі біркелкі деп санайды;

Екінші, азық-түліктің балғындығы, ата-аналардың 27%-ы тамақ балғындығына қатысты проблема бар деп есептейді;

Үшінші, порция мөлшері: 22%-ы порция аз деген нұсқаны таңдаған.

Байқағанымыздай, бала есейген сайын мектеп тамағына көңілі толмайтын ата-аналардың саны да  артады. Бұл, ең алдымен, порция мөлшеріне қатысты. 1-4 сынып оқушылары ата-аналарының 17%-ы,  5-11 сынып оқушылары ата-аналарының 31%-ы порция мөлшеріне көңілі толмай отыр. Бұл бала өсе келе мектептегі тамаққа тоймайды не қанағаттанбайды  дегенді білдіре ме әлде басқалай себебі бар ма?

Сараптауларға жүгінсек, бала есейген сайын мектеп асханасында сирек тамақтанатын тәрізді. Мәселен, бастауыш сыныптағы балалардың 95%-дан астамы күн сайын мектепте тамақтанса, орта буында бұл көрсеткіш 63%-ды, жоғары сыныпқа көшкенде шамамен 59%-ды құрайды екен.

–    Біздің әлеуметтік мониторингке қатысып, сауалдарға жауап берген әрбір үшінші ата-ана (35%-дан астамы) мектеп асханасына қоғамдық бақылау орнатуға әзір. Бұл, әрине, мектептердегі тамақ сапасын түзеуге мүмкіндік беретін жайт. Біздің қоғамдық қор елдің барлық өңіріндегі мектеп асханаларын тексеріп жүр, бұл істі жалғастыра да береді. Қор үш тараптың, яғни ата-ана, мектеп әкімшілігі мен жергілікті жауапты органдардың жұмысын үйлестіруге де ниетті, – дейді «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының директоры Дана Рысмұхамедова.

Бұл мониторинг мемлекеттік мектептердегі тамақ сапасына қатысты мәселе барын көрсетеді. Өйткені мониторингке қатысушылардың 55 пайызынан астамы бала денсаулығына мектептегі тамақтың тікелей әсері бар деп санайды.

Әлеуметтік мониторинг нәтижесі бойынша, ата-аналардың пікірі мен ұсыныстарын талдай отырып,  «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры мектептегі тамақтану сапасын арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлейді. Сондай-ақ Қазақ тамақтану академиясымен бірлесіп мектеп мәзірін жақсарту жөнінде ұсыныстар жасап, Оқу-ағарту министрлігіне жолдайды.

Жалпы әлеуметтік мониторинг сауалдарына барлығы 9 962 ата-ана жауап берген. Мониторинг қатысушылары – мемлекеттік мектептерде білім алатын балалардың ата-аналары.

Кәсіпкердің де айтары бар немесе «бауырсақ берсек болмай ма?»

  Раушан Тілеубайқызы осы салада 15 жылдан бері еңбек етіп жүрген  кәсіпкер.  Ол басқаратын «Оңдасын и К» ЖШС қаладағы 6 мектепке қызмет көрсетеді.  Соның бірі – біз барған Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі. Жалпы мектеп-лицейде 2 000-ға жуық бала ыстық тамақпен қамтылған.

– Асхана 200 орынға арналған. Сондықтан мұнда 10 аусымда тамақ беріледі. Асхана мектептікі болғанымен, мұндағы құрал-жабдықтың бәрін өзіміз әкеліп,  жарақтандырамыз. Мысалы, қаншама тоңазытқыштар бар, бірнеше бөлмелер бар, талап бойынша ыдыстарды артығымен алып қоюымыз керек. Мұнда сүт, ет, ұн өнімдерін дайындайтын цехтар, көкөніс және азық-түлік, ыдыс жуу, яғни химиялық заттар сақтайтын қоймалар және  тамақ пісіретін бөлме бар. Бұл жерде 15 адам жұмыс істейді. 12 камера қойылған. Өзім қызмет көрсететін 6 мектептің барлығын осылай жабдықтап қойғанбыз. Бізде әр балаға бөлінетін қаржы 565-580 теңге аралығын қамтиды. Ол қосымша құн салығын қосқанда. Құн салығын алып тастағанда 500 теңгені құрайды. Көп кәсіпкер құн салығын алып тастап жұмыс істеп жатыр. Мен ЖШС болғандықтан құн салығын төлеймін. Оның үстіне баға да апта сайын құбылып тұр. Енді өзіңіз де ойлай беріңіз. Бірақ біз де анамыз, біздің де бала-шағамыз бар. Сондықтан баладан аянып қалғымыз келмейді. Біз әр тауарды сертификаты болса ғана аламыз. Ал базарда сертификат табу қиын. Тек фирмалармен жұмыс істейміз.  Бір айта кетерлігі, ас мәзірін біз жасамаймыз. Оны беретін облыстық білім басқармасы. Конкурсқа түскенде соның бәрі көрсетіледі. Ас мәзірінде йогурт бар. Ол кемі 200 теңге тұрады. Ал жалпы тамақ құны 560 теңге. Алма беруіміз керек. Оның бағасын өздеріңіз білесіздер. Бір алманың салмағы 150 грамнан кем болмауы керек. Кішкентай алма берсеңіз балалар келіп тұрады, «апай, менің алмам кішкентай, ананың алмасы үлкен» деп. Стандарт алма жоқ. Сондықтан орташа 130-160 грамм көлемде алуға тырысамыз.  Мысалы, бесінші күні йогурт берсек, қасында сорпасы, наны, сусыны болуы керек. Жемісті аптасына екі рет береміз. Сонда есептей беріңіз, – дейді Раушан Тілеубайқызы.

Кәсіпкердің айтуынша, ірі қалаларда бала басына 800 теңгеден жоғары келеді. Сонымен қатар Астанада бала басына берілетін қаржыдан бөлек, коммуналдық шығындар мен тасымалға қосымша қаржы қаралады екен. Ал бізде ондай қаржы қаралмаған. Сондықтан кәсіпкер ыстық тамақтан бөлек буфетке бәліш, самса сияқты ұн өнімдерін пісіріп сатып, қосымша қаржы табады. Ол жұмысшылардың айлығына, коммуналдық шығындарға кетеді екен.

–    Коммуналдық шығындар, салық бар күн көруіміз керек ғой. Сондықтан буфетке ұн өнімдерін қойып сатамыз. Онда да күніне 1000-1500 ғана пісіреміз. Құрал-жабдықтар керек болады. Мысалы, бір асхананы жабдықтауға орташа есеппен 40-50 млн теңге жұмсалады.  Сөйтіп жүргенде бізге жақсы ат жоқ. Бізде жұмыс істейтін әйелдердің көбі – көпбалалы ана. Сол аналардың баласы да осы тамақты ішеді. Қазір бізді тексерушілер көп. Партиялардан, құзырлы орындардан бөлек, қоғамдық қорлар да көп екен. Әйтеуір ерінбегеннің бәрі бізді тексеруге құмар. Бірақ біздің ұсыныс-пікірімізге құлақ асып жатқан ешкім жоқ, мына ақшаны қалай жеткізіп жүрсің деп ешкім сұрамайды. Қыркүйектен бері 4-5 рет келді тексерушілер. Бәрі бізден ең жақсыны талап етеді. Буфетте сатқан өнімдерімізге де «майлы, балаларға болмайды» деп сын айтып жатады. Сондықтан майға қуырылғаннан гөрі пешке пісірілетін тағам түрін көп шығаруға тырысамыз. Ал шын мәнінде сол балалар қай жерде, қандай адам істегені белгісіз дүкеннің бәліштері мен самсаларын алып жейді. Оның жанында біздің өнімдеріміз әлдеқайда пайдалы. Өйткені бізде санитарлық талаптар сақталады, – дейді кәсіпкер.

Раушан Тілеубайқызының базбіреулердің «асханада тамақ қалдықтары көп қалады» деген сыни пікіріне қатысты да өз айтары бар.

– Бізді тексеруге келгенде «неге тамақ қалдығы көп?» деп сұрайды. Осыған байланысты өз ойымды айтайын. Біріншіден, біздің қазіргі қолданып жүрген ас мәзіріміз кеңестік кезеңнен қалған «мұра». Қазіргі балалардың тамақ жеуі қиын. Оны үйдегі балаларымнан да білемін. Оның үстіне капуста, сәбіз, қызылша деген секілді шөп-шаламдарды жемейді. Одан бөлек, бізге балалардың асқазанына ауыр болмас үшін әрі балалар арасында семіздіктің алдын  алу үшін асылған, бұқтырылған тамақтар беру міндеттелген. Қазір жасыратыны жоқ, көп отбасының жейтіні макарон. Оны тағы майға қуырамыз. Отбасында сондай тамақты тұтынып қалған балаға асылған, бұқтырылған асты сүйсініп жеу қиын. Екіншіден, балалардың тамақ ішу уақыты өте аз. Мысалы, 10 минут ғана беріледі. Ол уақытта бала алдындағы тамағын түгел ішіп үлгермейді.  Жаңа ас мәзірі туралы айттым ғой. Меніңше ас мәзіріне ұлттық тағамдарды қосу қажет. Біз қазір тамақты тауық пен сиыр етінен жасаймыз. Ал сиыр етінде холестерин бар. Тауық еті жеңіл әрине, оны беруге болады. Бірақ неге қой сорпасын бермеске? Неге жылқы етін пайдаланбаймыз? Неге құрт, ірімшік қоспаймыз? Неге ең құрығанда аптасына бір ыстық бауырсақ жегізбейміз? «Майды жолатпаңдар, балаға беруге болмайды» дейді, бірақ тоңмаймен пісірген бауырсақтың пайдасы мол екенін ескермейміз, айналып келіп борщ береміз. Бірінші тамақты қоспасақ тағы болмайды, ал тек екінші тамақ беруге ақшамыз көтермейді, – дейді кәсіпкер.

Біз барғанда бір сыныптың балалары тамақ ішіп отыр екен. Амандық-саулықтан соң «тамақ ұнай ма?» деп сұрадық. Жапа тармағай «ұнайды» десті.

–    Бұл – 4 «ә» сыныбы. 12-де келуіміз керек еді, БЖБ жазып үлгермей қалдық. Сыныпта 22 оқушы бар. Күнде өзім алып келіп, тамақ ішіп болғанша қарап тұрамын да сыныпқа қайта алып кетемін.   Балалар мұнда асығып келеді, тамақтарын жақсы жейді, – дейді сынып жетекшісі  Самал Ахметова.

Балаңыз қандай ас ішіп жүр?

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы».

Суреттерді түсірген Нұрболат Нұржаубай

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<