Баланың тісі неге ерте жастан бүлінеді?

501

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Бүгінде балалар арасында тіс ауруы, құрт түсуі, тіс жегісі, ұры тіс шығу, стоматит, тістің қисық өсуі сынды мәселе көбейген. Бала тісінің ерте жастан бүлінуі жиілеп бара жатқандығына дәрігерлер де алаңдаулы.

Осыдан үш ай бұрын 11 жасар ұлымның тісі ауырып, балалар тіс емдеу орталығына бардық. Адам қарасы көп. Ұзын-сонар ке­зек. Бәрінің соңында бала. Бір­неше кабинет жұмыс істейді. Бірі емдесе, бірі жұлады. Енді бірі арнайы ем-дом жүргізеді, та­ғысын тағы. Байқағаным, 2 жасар баладан бастап, мектеп жасындағылар. Кей­бір ата-ана екі-үш баладан же­тектеп жүр. Маманның кейін­гі кезде балада сау тістің қалмай бара жатқанын айтып, бас шұл­ғығаны ойландырды. Тіс ерте кез­ден бүлінсе, болашақта бала ден­саулығына кері әсерін тигі­зеді. Бір тіс жұлынса ішкі ағзаға, қалған тістердің құруына, жақ сү­йекке де залалы көп екен.

Жақында 1000-нан астам оқу­шысы бар білім ошақтарында сто­матологиялық кабинеттер ашы­лады. Бұл туралы Денсаулық сақ­тау министрі Ақмарал Әлназа­рова Үкімет отырысында айтты. Ми­нистрдің сөзінше, былтыр оқу­шылардың 90 пайызы профи­лактикалық тексеруден өткен. Нәтижесінде балалардан ас қо­ры­ту, көру, тыныс алу және тіс ау­рулары көп анықталған.

Осы орайда еліміздегі мектеп­терде стоматологиялық каби­нет­тер саны артады. Балалар ара­сын­дағы тіс ауруларын азайту үшін 2025-2028 жылдар аралығына ша­ралар бекітілді. BAQ.KZ осы тақырып аясында Денсаулық сақ­тау министрлігінен ресми жауап алыпты.

Қазақстанда балалар арасын­дағы стоматологиялық аурулар­дың таралуы жыл сайын өсіп ке­леді. Кейінгі 10 жылда кариес­ке шалдыққан оқушылар саны 76 пайыздан 78 пайызға көбей­ген. Әр 10 баланың жетеуінде тіс же­гісі анықталған. Кариес қар­қын­дылығы 2,7-ден 5,7-ге дейін арт­қан. Осыған байланысты тиісті ми­нистрлік мектеп жасындағы ба­лалардың стоматологиялық ден­саулығын нығайту мақсатында «Болашаққа – сау тіспен» атты жол картасын әзірледі. Ресми жа­уапта «балалардың ауыз қуысына профилактикалық тексеру жұ­мыс­тары мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында жыл сайын 2 жастан 17 жасқа де­йін жүргізіледі.  Алайда, ауыз қуы­сына жылына бір рет қана жа­салатын профилактикалық тек­серу қажетті динамикалық ба­қы­лау мен мониторингті қамта­масыз ете алмай отыр. Соның сал­дарынан тіс аурулары өсіп барады. Оның ішінде күрделі кариес түр­лері таралған» делінген.

Министрлік ұсынған мәлімет бойынша елімізде 145 мектепте стоматологиялық кабинет жұмыс істейді. Оның ішінде ең көбі Ал­маты, Қарағанды, Жамбыл облы­сында орналасқан. Ал 90 кабинет 1000 және одан көп оқу­шысы бар мектептерде ашылған. Биыл 195 жаңа стоматологиялық кабинет ашу жоспарланып отыр. 

Облыстық білім басқарма­сы­ның мәліметінше, аймақта 339 мектеп бар. Оның 300-і мем­ле­кеттік болса, 39-ы жекемен­шік. Бү­гінде 51 мектепте стомато­ло­гия­­лық кабинет жұмыс істейді. Тіс дә­рігерлері оқушыларға тіс кү­ті­мін үйретіп,  алдын алу бағы­тында жұмыс жүргізеді.

Дәрігерлердің айтуынша, тіс ауруының  бірнеше себебі бар. Атап айтар болсақ, әйел жүкті кез­де денсаулығына селсоқ қарайды, қажетті дәрумен­дер ішпейді, бала дұрыс тамақтанбайды, уақытылы дәрігерге көрінбейді және тіс кү­тіміне мән бермейді.

Қазір дүкен сөресінде пайдалы астан, пайдасыз дүние көп еке­нін аңғарамыз. Әсіресе, бала тұты­натын сапасыз өнім жетерлік.  Құ­рамына түрлі зиянды қоспалар қосылған қытырлақ чипсы, тез да­йындалатын фастфуд пен газ­далған, тәтті сусындар самсап тұр. Мұндай өнімдер ауыз қуысын за­қымдайды. Сондай-ақ ата-ана жа­уапкершілігі де маңызды.  Тіс ауруының алдын алып, дәрігерге келетіндер сирек. Көп жағдайда асқынған кезде ғана маманға жү­гінеді. Әйтпесе, елімізде 2-17 жас аралығындағы балаға тіс емдету тегін қарастырылған.

Осы орайда қаладағы жеке тіс емханасына бас сұқтық. Мұнда да баласын жетектеген ата-ана көп. Бәрінде бір мәселе. Баланың тісі ауырып келген. Көпбалалы ана Айжан Сапарованың сегіз жасар қызының тісін емдетіп жүргеніне бір ай болыпты.

– Қызымның тісі 6 айында шы­ға бастады. Үш жасқа келген кезде үстіңгі тістері қарайды. Кейін астыңғы тістері бүлінді. Балалар тіс дәрігеріне көрсеткен едім, сүт тістерге ештеңе істей алмайтынын айтып қайтарды. Ауырмаған соң жүре бердік. Мектепке барған жы­лы қарайған тістері түсті. Жа­­ңадан шыққаны түзу болды. Қуа­нып жүргенімде, қайта ауы­рып бастады. Жанына батып, жы­ла­ған соң, дәрігерге бардық. Азу тісіне құрт түскенін білдік. Кейбірінде тіс жегісі пай­­да болыпты. Соған ем алып жүр­міз. Дәрігер енді 2-3 жылда тұрақ­ты тіс қалыптасатынын ес­кертті. Сол үшін тісті жылына бір рет көрсетіп, кеңес алған жөн екенін айтты. Біз, ата-аналар кө­біне бейжай қараймыз. Ол шын­дық. Тіс жегісі пайда болып, ас­қынған жағдайда ғана маманға барамыз. Енді балаларымды жиі тіс дәрігеріне әкелетін боламын, – дейді ол.

Осы салада тәжірибесі бар, білікті мамандардың бірі Таң­шол­пан Құдайбергенованың ай­туынша, күнделікті 15-тен астам адам келсе, тең жартысы бала. 

Баланың тісі неге ерте жастан бүлінеді?

– Ата-аналардың 90 пайызы  баланың тісі мазалаған кезде ғана келеді. Кейде емдейміз, кейде жұлуға тура келеді. Негізінен  жы­лына бір-екі рет дәрігер кеңесін алған дұрыс. Сонда тіс ауруының алдын алуға болады. Кішкентай балада сүт тіс 5-6 айдан бастап бір жас шамасы аралығында шы­ғады. Сүт тістер 12 жасқа дейін тұрақты тіске алмасады. Тұрақты тіс қалыптасқанда ерекше күтім керек. Өйткені тіс сау болса 100 жасқа дейін сақталады. Көпшілік ойлайды тіс ас шайнау үшін керек деп. Бірақ тіс ауруы асқынса ас­қазан, жүрек, бүйрек секілді ағ­заларды да зақымдайды. Кейбір балалар дәрігерден қорқады. Тісі ауырса, жасырып жүре береді. Ақыр аяғы шыдатпаған соң ға­на айтады. Мұндай жағдайда тіс іріңдеп, ұзақ ем алуға тура ке­леді. Бұл бала денсаулығы үшін өте қауіпті. Сондай-ақ дұрыс та­мақтану да маңызды. Мәселен, түрлі газды және тәтті сусындар, пайдасыз тағамдар құрамында тіске зиянды заттар көп. Бұдан бөлек балаларға ерте жастан ги­гиенаны сақтауды үйрету ке­рек. Дұрыс тазаланбаған тіс тез құриды. Соның кесірінен тіс же­гісі, ұлпа қабынуы, тіс тасы сынды ауру пайда болады. Ке­йін­гі кездері екі жастан асқан бала­лардың тісі қарайып, шіріп кетуде. Мұндай бала өте көп. Күнделікті кел­ген ата-анаға тіс күтімі жайында тү­сін­діріп, немқұрайлы қарамау ке­ректігін ескертеміз. Әсіресе, ба­­лада тұрақты тіс шыққанда ауыр­маса да, тексерту шарт. Қа­зір медицинаның дамыған кезі ғой. Құрылғылар да жаңа. Ауыр­сы­нуды сезбейтін екпе саламыз. Емдеу шараларын ұйықтатып та жүргізуге болады. Тіс емдеуге ар­налған түрлі дәрумендер де бар, – дейді ол.

Сондай-ақ маман балалардың дұрыс тамақтануын қадағалау ма­ңызды екенін айтты. Құрамы дә­руменге бай сүт өнімдері мен жеміс-жидекті көп тұтынып, са­лауатты өмір салтын ерте жастан ұстанған жөн екенін де еске салды.

Жақында ақпарат көздерінен Швецияда балаларының тісін та­заламаған ата-аналар соттала­ты­ны туралы дерек оқыдым. Онда екі ата-анаға балаларының тіс сау­лығына немқұрайлы қарағаны үшін айып тағылған. Оқиға былай. Үш баланың тісі мүлде қараусыз қалған. Айыптау актісінде ата-ана­лар балаларының тісін таза­ла­маған және қажет кезде тіс дәрігеріне апармаған. Салдарынан кариес түскен баланың сегіз тісі анестезиямен жұлынған. Тағы екі баланың тісін төрт-төрттен жұ­луға тура келген. Оларға нем­құрайлылық танытқаны үшін жа­задан құтылу қиын екен. Се­бе­бі ата-ана баласына зиян кел­тір­ген. Швеция заңнамасы әдетте мұндай әрекетсіздік үшін жа­за­ламайтынын айтқан. Бірақ адам­ға зиян келген болса жағдай бас­қаша қаралады депті. Бұл істің қаншалықты дұрыс екенін әркім өзінше саралай жатар. Дегенмен бала денсаулығына ата-ана тіке­лей жауапты екені белгілі. 

Балалар арасындағы тіс ауру­ларының алдын алу үшін мек­тептерде стоматологиялық каби­нет ашылып жатыр. Бұл туралы жоғарыда келтірдік. Жоба құп­тар­лық. Алайда ата-ана кез кел­ген аурудың алдын алса, шешімі болады. Тіс саулығы, ауыз қуы­сының амандығы деннің саулы­ғын білдіреді. Әдемі күліп, жар­қырап жүру үшін балаға ерте жас­тан тіс күтімін үйретуге бола­ды.

Адамның ажары – тіс. Түзу, аппақ, сау болсын десеңіз, тісіңіз­ді күтіп жүріңіз.

Ал сіз балаңызды тіс дәрігеріне қашан апардыңыз?

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»