Басыңда баспанаң болса, ол да – бір бақыт. Дана халқымыз «Үйің болмай, күйің болмас», «Өз үйім – кең сарайдай боз үйім» деп бекер айтпаған. Кім де болса шаңырағы биік, іргесі берік өз үйі болғанын қалайды емес пе?!
Арман және Айгүл есімді жас отбасы бірнеше жылдан бері банктен жинақ ашып, баспана алу үшін қаражат салуда. Жолдасы әскери салада жұмыс істейді. Екі баланың ата-анасы «Әскери бағдарламаның» іске қосылғанына қуанышты.
– Біз бес жылдан бері пәтер жалдап тұрамыз. Өзіміздің жеке үйіміздің болғанын қалаймыз. Банктен есепшот ашып, баспана алуға қаржы салып жүргенбіз. Жолдасымның жұмыс орнынан үйсіз жүргендердің тізімін сұратыпты. Енді бұйырса, осы бағдарлама арқылы баспаналы боламыз деп ойлаймын. Барлық қажетті құжаттарды тапсырып қойдық, – дейді Айгүл Есжанова.
Иә, расымен де алғашқы жарнасыз баспана алу – көп адамның арманы. Әсіресе жас отбасылар үшін үлкен мүмкіндік болғалы тұр. Біз осы орайда «Отбасы банктің» қаржы жөніндегі кеңесшісі Гүлнұр Салхадиноваға жолығып, үй алудың жолы мен өтінім беру шарттарын сұраған едік.
ӘСКЕРИ БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ
«Әскери баспана», «Наурыз әскери» бағдарламаларының өзгелерден ерекшелігі – алғашқы жарна міндетті емес. Осылайша жыл сайын 7 мың әскери қызметкерге несие беріледі. Қатысушылардың тізімін жұмыс орны жасақтап, банкке хат жібереді.
6 пайызбен үй алуға болатын «Әскери баспана» бағдарламасы екі-үш жылдан бері тоқтап қалған еді. Биыл бұл қайта қосылды. Ал «Наурыз әскери» – жаңадан қосылып жатқан бағдарлама.
Несие көлемі Астана мен Алматы қалалары үшін 36, ал басқа өңірлерде 30 миллион теңге. Егер алғашқы жарнаға үй бағасының 20%-дан 50%-ға дейін қаржысын құйған жағдайда, банк несие сомасын 80 миллион теңгеге дейін ұлғайтады.
– Өздігіңізден банкке барудың қажеті жоқ. Біз тиісті мекемелерге хат жолдадық. Олар тарапынан кімнің пәтері жоқ, сол бойынша тізім жасалады. Ең бірінші кезекте оған көпбалалы, мүгедек бала асырап отырғандарға басымдық беріледі. Егер тізімде болсаңыз банкке келіп, табыс растауыңыз керек. Ал егер «Наурыз әскери бағдарламасы» арқылы үй алғысы келетіндер 9 пайызбен қатысады.
«Әскери баспана» – енді қосылып жатқан бағдарлама. Оның бір жақсы жері үйді екінші нарықтан алуға болады. Егер бастапқы 20 пайыз қаржысын салса, 50 миллионға дейінгі үйді алады. Бір ескеретіні ол 18 пайызбен беріледі.
Салымшы жер үй немесе көпқабатты үйден таңдай алады. Тағы бір айта кетерлігі, егер әскери қызметкердің бұрыннан жинағы болып, үйдің 50 пайыз қаржысын салса, онда небәрі 6 пайызбен ғана алады. «Отбасы банкте» бағалау көрсеткішін 16-ға толтырса, қандай бағдарлама арқылы алса да 5 пайыздан 3,5 пайызға дейін төмендетіп үй алуға мүмкіндік бар, – дейді Гүлнұр Абайқызы.
«НАУРЫЗ ЖҰМЫСКЕР» БАҒДАРЛАМАСЫНА ӨТІНІМ ҚАБЫЛДАУ АЯҚТАЛДЫ
«Жұмысшы мамандықтар жылына» орай іске қосылған «Наурыз жұмыскер» бағдарламасына өтінім қабылдау аяқталды. Жалпы сомасы 50 млрд теңгеге 1800 адамға несие берілді. Баспаналы болғандардың көбі – өнеркәсіп және құрылыс саласында жұмыс істейтін мамандар.
Сондай-ақ көлік, энергетика, су ресурстары және ауыл шаруашылығы бағытында еңбек етіп жүргендер де бар. Бағдарлама келесі жылы да жалғасуы мүмкін.
«Наурыз жұмыскер» бағдарламасының қатысушысы болу үшін банк филиалына барып, төлем қабілеттілігін растаудан өту қажет. Бағдарламаға ауыл, орман және балық шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу, өңдеу өнеркәсібі, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және кондиционерленген ауамен жабдықтау, сумен жабдықтау, су бұру, қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою жөніндегі қызмет, құрылыс, тасымалдау және сақтау салаларында жұмыс істейтіндер өтініш бере алады.
«Концепция» бағдарламасы басталды
«Концепция» бағдарламасы арқылы құжат қабылдау желтоқсанның 3-і мен 11-і аралығында басталды. Осы бағдарлама арқылы жеңілдетілген несиемен бюджеттік мекеме қызметкерлері, әлеуметтік осал топтар. қатыса алады. Сонымен қатар жинақта қаржысы бар кезекте тұрған азаматтар 5 пайызбен қатыса алады.
Қызылорда қаласында жаңадан салынып жатқан тоғызқабатты екі үйден осы бағдарлама арқылы пәтер алуға болады. Екі үйдегі пәтер саны – 120. Айталық, бір бөлмелі пәтерді 11 206 734, екі бөлмеліні 14 578 457, үш бөлмелі пәтерді 20 546 679 теңгеге рәсімдеуге болады.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





