Бейбіт әлемге бірлескен қадам

6

0

Фото: Ақорда

Білімдіге кең өріс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа сапары аясында алдымен осы елде тұратын және білім алып жүрген Қазақстан азаматтарымен кездесті.

Әңгімелесу барысында Пре­зи­дент өскелең ұрпаққа үлкен үміт ар­татынын айтты. Сондай-ақ мем­лекет жастарға ұдайы қолдау көр­­­сетіп, олардың жан-жақты да­муына және қабілет-қарымын ұш­тауға қо­лай­лы жағдай жасайтынын жет­кізді.

Мемлекет басшысы наурыз айын­да Қазақстан Респуб­ликасының жаңа Конституциясы жобасы бо­йынша өтетін жалпыхалықтық ре­ферендумның ел болашағы үшін тарихи маңызы зор екеніне назар аударды.

Студенттер мен жас зерттеушілер ғылым және білім саласына жан-жақ­ты қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа риза­шы­лық білдірді.

БЕЙБІТШІЛІК НЕГІЗІ НАҚТЫ ІС-ӘРЕКЕТТЕ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтон қала­сында өткен Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысында сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы саммитке қатысушыларға ілтипат білдіріп, осы тарихи іс-шараны ұйым­дастырғаны үшін АҚШ Президенті Дональд Трампқа алғыс айтты.

– Дональд Трамп атындағы Бейбітшілік институтында өтіп жатқан кездесуіміз батыл әрі прагматикалық әрекеттер шешуші рөл атқаратын кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл – түпкі мәні игі тілекке ғана негізделген қарар қабылдайтын конференция емес, керісінше, нақты әрі мақсатты шаралар арқылы бейбіт әлем құруға үлес қосатын жиын. Президент мырза, Сіздің жаһандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты ілгерілетуді көздейтін айқын мұратыңыз бен көреген қадамдарыңыз еліміздің Бейбітшілік кеңесіне қосылуына түрткі болды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбіт­шілік кеңесі көпжақты күш-жігердің әлеуетін арттыратын, заман тала­бына сай ұйым деп санайды.

– Әлемде мұндай бастама кө­терілген жоқ. Расында, бұл бұрын-соңды болмаған бетбұрыс. Өйткені бірге күш-жігер жұмылдырудың арқасында «Жасампаздық арқылы бейбітшілік» атты жаңашыл тұ­жырымдаманы немесе жобаны іске асыруға барлық мүмкіндік бар. Сондықтан, Президент мырза, Сіздің нақты іс-әрекет қана бей­бітшілікке берік негіз қалайды деген ұстанымыңызды толық құптаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент еліміз Газа секто­рындағы ахуалды тұрақтандырып, аймақты қалпына келтіру жұ­мыстарына атсалысуға дайын екенін жеткізді.

– Қазақстан іскерлік және кәсіби беделі жоғары деңгейдегі халық­аралық компанияларды тарта оты­рып, аймақты қайта қалпына келтіру және құрылыс жұмыстарына қатысуға ниетті. Бұл бағдарлама бойынша инфрақұрылым жасақ­тауға, үйлер мен тұрғын үй кешен­дерін, мектептер, ауруханалар және басқа да маңызды әлеуметтік нысандарды салуға болады.

Әлемдегі ең ірі бидай өндіру­шілердің бірі саналатын еліміз Газа мен одан тысқары жерлердегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін гуманитарлық көмек көрсетуге дайын. Қазақстан палестиналық студенттердің университеттерімізде білім алуы үшін бес жыл бойы 500-ден аса оқу грантын бөлуді жоспарлап отыр. Біз халықаралық деңгейде мойындалған электрондық үкімет саласындағы тәжірибемізбен және басқа да цифрлық шешімдермен бөлісе аламыз. Қазақстан Халықаралық тұрақтандыру күштерін қолдауға әзір. Яғни далалық госпиталь құру үшін бір топ медицина маманын, сондай-ақ Азаматтық-әскери үйлестіру орталығына бақылаушылар жіберуге даяр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Таяу Шығыстағы орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін аймақта бейбітшілік пен ынтымақтастықты, өзара сенімді нығайтуды көздейтін жаңа тәсілдер қажет.

– Аталған ұстанымға арқа сүйей отырып, Қазақстан Ибраһим келісімдеріне қосылу жөнінде шешім қабылдады. Осылайша, біз аймақта және одан тысқары жерлерде прагматикалық экономикалық әрі гуманитарлық ынтымақтастыққа үлес қосамыз. Бұл Бейбітшілік кеңесінің ізгі мұратына толық сай келеді, – деді Президент.

Кеңестің жаһандық күн тәртібін ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда түрлі деңгейдегі кездесулер өткізу арқылы бұл бастамаға нақты қолдау көрсетуге дайын екенін растады.

– Сонымен қатар Бейбітшілік кеңесі аясында Президент Трамп атындағы арнайы награданы бекітуді ұсынамын. Бұл – оның бейбітшілікті ілгерілету ісіндегі ғаламат жетістіктеріне көрсеткен құрметіміз болмақ. Сіздің тегеурінді әрі көреген басшылығыңызбен Кеңес өзінің тарихи ізгі миссиясын абыроймен атқаратынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Дональд Трамп өз сөзінде Газадағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге және қалпына келтіруге атсалысқаны үшін Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысына қатысушыларға шынайы ризашылығын білдірді. АҚШ Президенті Кеңеске қатысушы елдердің басшыларын таныстыру барысында Қазақстанды керемет әрі бай ел ретінде сипаттады.

Дональд Трамп Саммитке келген мемлекеттер басшыларын шешімтал әрекеттері арқылы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, халықаралық диалогті дамытуға елеулі үлес қосқан нағыз жаһандық ауқымдағы көшбасшылар деп атады.

Жоғары деңгейдегі іс-шара барысында Бейбітшілік кеңесінің атқарушы органдарының мүшелері баяндама жасады. Жиынға қатысушыларға Газа секторын қалпына келтіру, соның ішінде инфрақұрылымды дамыту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және халықаралық қаржыландыру жоспары таныстырылды.

Жоғарғы атқарушы кеңестің мүшесі Джаред Кушнер Газаны дамытуға арналған бас жоспар туралы мәлімет беріп, аймақ тұрмыс-тіршілікке және экономикалық өрлеуге қолайлы жағдай жасайтын заманауи кеңістікке айналуға тиіс екенін атап өтті.

Дүниежүзілік банк төрағасы Аджай Банга Бейбітшілік кеңесінің қаржы механизмдері ашықтыққа және қаржыны нақты мақсаттарға бөлу қағидаттарына негізделетінін жеткізді.

Ал Халықаралық тұрақтандыру күштерінің жетекшісі, генерал Джаспер Джефферс Газадағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары жөнінде айтты.

Газаны басқару жөніндегі ұлттық комитеттің басшысы Али Шаат қайта қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіру және халықаралық серіктестермен ықпалдастық тәсілдерін ұсынды.

ҚАЗАҚСТАН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ОРНАТУҒА ӘЛЕУЕТТІ

АҚШ-қа жұмыс сапары аясында Президент U.S. International Development Finance корпорациясының (DFC) атқарушы директоры Бен Блэкті қабылдады.

Беделді халықаралық қаржы институты басшысымен кездесуде инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасы талқыланды.

***

Мемлекет басшысы сондай-ақ, Boeing компаниясының атқарушы вице-президенті Джефф Шоккиді қабылдады. Мұнда авиация, қорғаныс және ғарыш техникаларын шығаратын Boeing трансұлттық корпорациясының басшылығымен кездесу болды.

Президент отандық Air Astana, SСAT және Vietjet Qazaqstan компаниялары еліміздегі авиация саласын дамытуда ерекше маңызға ие ортақ жобаларды одан әрі ілгерілетуге мүдделі екенін атап өтті. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Air Astana мен Boeing арасында ұшақ жеткізу бойынша келісімге қол қойылғанын құптады. Биыл жыл соңына дейін Құрама Штаттарға тікелей әуе қатынасын ашу мақсатында Boeing 787 Dreamliner ұшақтары елімізге жеткізіледі деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, SCAT әуе компаниясы қосымша Boeing ұшақтарын сатып алмақ. Сондай-ақ америкалық корпорациямен серіктестік негізінде Шымкент әуежайында алғашқы техникалық қызмет көрсету және жөндеу орталығын ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Джефф Шокки компанияның цифрландыру саласындағы жоспарымен бөлісіп, Қазақстанның көлік-транзит әлеуетіне жоғары баға берді. Оның айтуынша, әуемен жүк тасымалдау бағытында нәтижелі ықпалдастық орнатуға мүмкіндік мол.

Кездесу барысында авиация саласына маман даярлау және еліміздегі жүк тасымалдаушы ұшақтар паркін дамыту перспективасы талқыланды.

***

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ashmore Group халықаралық инвестициялық компаниясының басшысы Марк Кумбсты қабылдауда өзара тиімді бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Президентке Ashmore Healthcare International компаниясы мен «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС-ның бірлесіп, Қазақстанда халықаралық клиника салу жоспары жөнінде мәлімет берілді. Бұл бастамаға әлемдік деңгейдегі медицина операторы – Mount Sinai Health System компаниясын тарту көзделген.

Мемлекет басшысы Үкіметтің аталған маңызды жобаға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.

Марк Кумбс Қазақстан экономикасының стратегиялық секторларында ынтымақтастық орнату үшін зор әлеует бар екеніне назар аударды. Сонымен қатар экономиканың басымдыққа ие және жоғары технологиялы салаларын дамытуға бағытталған Ашық инвестициялық серіктестік бағдарламасы аясындағы ықпалдастық перспективасы жайында пікірімен бөлісті.

***

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Mars компаниясының бас атқарушы директоры Пол Вайраухты қабылдады.

Президент Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Mars компаниясы арасында жалпы сомасы 180 миллион долларға жуықтайтын инвестициялық келісімге қол қойылғанын құптап, бұл уағдаластық маңызды стратегиялық серіктестіктің бастауы саналатынын және Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың деңгейі жоғары екенін көрсететінін жеткізді.

Жоба аясында Mars компаниясы Алатау қаласында үй жануарларына арналған азық өндіретін зауыт салады. Өндіріс орны агроөнеркәсіп шикізатын терең өңдеуге және қосылған құны жоғары тауар өндіруге септігін тигізеді.

Пол Вайраух өзара тиімді инвестициялық келісімді жүзеге асыруға қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Ол аталған бастама Mars компаниясының өндірістік әлеуетін кеңейтуге және Орталық Азия мен көршілес аймақтар нарығына өнім шығару көлемін арттыруға мүмкіндік беретінін мәлімдеді.