Береке бастауы

6

0

Фото: Бағдат Есжанов

Кеше сол жағалаудағы «Қайсар-арена» стадионы аумағында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен «Береке бастауы – әз Наурыз» атты мәдени-көпшілік шара өтті.

Көктің тынысын тыңдаған, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін Табиғат-анамен тығыз байланыстырған ата-бабаларымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы деп есептеген. Уақытпен бірге жаңарған Қызылорда қаласының сән-салтанаты Ұлыстың ұлы күні қарсаңында бұрын­ғыдан да арта түскендей. Қала көшелері Наурыз мерекесінің айшықты көрініс­терімен, ұлттық нақыштармен безен­дірілген.

Кейінгі күндері ызғардың да беті қайтып, күн шуағын молынан төкті. Көктемнің жаңаруымен үндескен қала келбеті ерекше құлпырып, мерекелік көңіл-күйді сезіндірді. Жаңа стадион алаңына 60-қа жуық киіз үй тігіліп, береке мен бірліктің нышанындай ақ дастарқан жайылды.

Аймақ басшысы жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтап, Сыр өңі­рінің даму жолындағы жаңа­шыл­дықтар мен алдағы жоспарларға тоқталды.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыр бойында өткен Ұлттық құрылтайда: «Соңғы жылдары Қызыл­орда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр» деп, аймағымыздың барлық саладағы қарқынын ерекше атап өтті, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.

Береке бастауы

Тарихи миссиясы маңызды жиында Мемлекет басшысы Қызылорда қала­сында 300 орындық көпбейінді ауру­хана құрылысы басталғанын, 400, 500 орындық емханалар, 200 орындық перзентхана мен жаңа драма театр, заманауи Президенттік кітапхана құрылысы басталатынын жариялады. Республикалық, халықаралық маңызы бар жаңа автомобиль жолдарының құрылысы туралы айтты.

Жақында ғана «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық авто­дәлізінің «Қызылорда – Ақтөбе» ба­ғытын төрт жолақты етіп кеңейту жобасының бірінші кезеңін бастадық. «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құры­лысы да биыл қолға алынады.

Ұлттық құндылықтарымызды ұлық­та­ған Наурыз мейрамы тәуелсіз елі­мізге, туған жерімізге толайым табыстармен, жаңалықтармен келсін!

Жеріміздің тынысы кең, еліміздің мерейі үстем, халқымыздың болашағы баянды болсын! Егініміз бітік шығып, қамбамыз астыққа толсын! Әр шаңыраққа Қыдыр қонып, құт да­рысын, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Наурыз мерекесіне орай тігілген киіз үйлер алдында көрмелер мен салт-дәстүр қойылымдары қойылды. Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай 35 баланың тұсауын, айдарын кесу рәсімдері өткізіліп, ұлттық спорт түр­лерінен жарыстар ұйымдас­тырылды.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов құттықтау сөз сөйлеп, көпшілікке ізгі тілегін жеткізді.

Мереке отандық эстрада жұл­дыздарының және жергілікті өнер­паздардың концертіне ұласты.

«СБ» ақпарат