Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІI сессиясында «Бірлік – мемлекеттігіміздің ең басты тірегі. Ал Ассамблея – ел іргесін бекітіп тұрған басты институт» деп құрылымның қоғамдағы маңыздылығын айқындап берген болатын. Бүгінде үлкен құрылымға айналған ҚХА түрлі бастамалар мен жобалардың жүзеге асуына ұйытқы болуда. Ұйымның атқаратын жұмыс ауқымы кеңейіп, мазмұны күн санап артты. Себебі, Ассамблея – тек этномәдени бірлестіктерді ғана емес, бүкіл халықты бірлікке үндейтін, татулық пен бірлікті насихаттап, ұлттар ымырасын бір арнада тоғыстырған белді құрылым.
Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы аймақтағы қоғамдық келісімді, саяси тұрақтылық пен жалпыұлттық бірлікті нығайтуда жүйелі жұмыстар атқаруда. Мәселен, жастарды қоғамдық келісім негізінде топтастырған «Ассамблея жастары» ЮНЕСКО-ның жаһандық қоғамдастығының мүшелігіне еніп, әртүрлі бағыттағы шараларда белсенділік танытса, Астана төрінде «Ассамблея құрамасы» ұлттық лиганың жеңімпазы атанды. Сондай-ақ Қорқыт ата университеті мен Сеул Ұлттық Ғылым және технология университеті арасындағы келісім бойынша жасанды интеллект институты ашылды.
Өткен жылдағы жетістіктердің бірі 70-ке жуық білім алушы мемлекеттік тілді меңгеріп шыққан. Бұл ретте сөйлеу шеберлігін арттыруда «Мәміле» қазақ тілі клубы ерекше жұмыс атқарды.
– Бүгінде Сыр өңірі халқының 96,2%-ы қазақ ұлты, 3,8%-ы түрлі этностық топтан құралады. Олардың басым бөлігі Шиелі, Қармақшы ауданы III Интернационал ауылында және Байқоңыр қаласында тұрады. Аймақта этносаралық қарым-қатынас мәдениетін, яғни өзара татулық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуде барлық жағдай жасалған. Мұнда 30-дан астам этнос өкілдері тұрады. Татулық пен бірліктің шаңырағы «Достық үйінде» 11 этномәдени бірлестік белсенді қызмет атқарып келеді. Олар кез келген шараға қатысып, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына орасан зор үлес қосты. Мәселен, этномәдени бірлестіктерінің бастамасымен ақсақалдар және аналар кеңесінде отбасындағы ата-ана рөлін арттыру, ұрпақ тәрбиелеу мен ел бірлігін сақтау, ұрпақ денсаулығы, қоғамдағы кеселдердің алдын алу мәселелерін талқылау, этномедиация бағытын дамытуға арналған жобаларды өзектендіру, кәсіби және қоғамдық медиаторлар кездесулерін өткізу секілді түрлі шаралар жүзеге асуда, – дейді облыстық қоғамдық даму басқармасы этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы Ерлан Сисенбиев.
Облыстық ҚХА-ның ауқымды шаралары мұнымен толастамайды. Өңірдің барлық буын өкілдерін бір шаңырақ астына біріктіріп, ұлт мүддесі жолында ұтымды жұмыстар үйлестірген құрылым биылғы мерейлі жылда да толымды істерді атқармақ. Атап айтсақ, «Тамырлас», «Біртұтас қоғам: келісім мен сенім», «Ассамблея айнасы», «Бірлігіміз әралуандықта», «Адал азамат», «Жомарт жан», «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі», «Жаңа толқын», «Елдесу және татуласу», «ҚХА академиясы» жобалары шеңберінде мазмұнды іс-шаралар жүзеге асырылады деп күтілуде.
1 наурыз – Алғыс айту күнінде еліміздің барлық өңірінде тарихтан сыр шертетін көрме ұйымдастырылып, естелік тақтаның ашылу салтанаты болады. Қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, салтанатты жиындар өтеді. Бұл мереке аясында облыс аумағында 100-ге жуық іс-шара өтеді.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – еліміздің бірлігі мен ынтымағын нығайтатын маңызды кезең. Облыстық ҚХА 30 жылдықты жоғары деңгейде атап өту үшін қарқынды жұмыс жүргізуде. Мәселен, қаңтар айында облыстық Корей орталығының алғашқылардың бірі болып ұйымдастырған он күндігі Солналь мерекесімен басталып, мәдени, танымдық, спорттық, интеллектуалды шаралармен жалғасты. Алдағы кезеңде барлық өңірлік этномәдени бірлестіктер он күндік іс-шараларын өткізеді деп жоспарға енгізілді. Сондай-ақ сәуір айында «Қазақстан халқы Ассамблеясының академиясы» жобасы аясында республикалық ғылыми-танымдық конференция, «Екі жұлдыз» фестивалі, «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» жобасы аясында «Толағай» отбасылық сайысы, «Тамырлас» жобасы аясында өңіраралық «Достық әуендері» байқауы және тағы басқа әлеуметтік маңызы бар ауқымды іс-шаралар өткізілмек, – дейді Е.Сисенбиев.
Айта кетейік, мерейлі жыл аясында облыс әкімі, облыстық ҚХА төрағасы Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен 30 минуттық арнайы деректі фильм мен фотоальбом жарық көреді. Онда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихы мен оның құндылықтары, Ассамблея жұмысының әр кезеңі мен аймақтағы көпұлтты қоғамның даму жолы көрсетіледі. Одан бөлек, ҚХА-ның қоғамға қосқан үлесі, жетістіктері мен еңбектері кеңінен баяндалады.
Жалпы мерейлі жылда атқарылатын ауқымды жұмыстар еліміздің өркендеуіне тың серпін беріп, әрбір азаматтың өз елінің тарихына, мәдениетіне, болашағына деген құрметін арттырып, халықты бір арнада біріктіре түспек.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<