Бірлікті бекемдеген «Достық үйінің» жаңа ғимараты

63

0

Фото: Облыс әкімдігі

Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күнінде облыс орталығында тағы бір әсем, заманауи ғимарат ашылды. «Достық үйінің» жаңа ғимаратының салтанатты ашылуына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, Президент әкімшілігі Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов, Наурызбай Байқадамов, Мәжіліс депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Аян Зейнуллин, «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов, «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева және құқық қорғау органдарының бірінші басшылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Шарада аймақ басшысы, облыстық ассамблея төрағасы Нұрлыбек Нәлібаев «Достық үйі» ел бірлігінің нығаюына септігін тигізетінін айтып, ғимаратты салуға демеушілік көрсеткен компания өкілдеріне алғыс білдірді.

– Өткен жыл еліміз үшін де, өңір үшін де толайым табыстарға толы мерекелі, мерейлі жыл болды. Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуын жоғары деңгейде атап өттік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың облысқа арнайы іссапармен келуі – тарихи оқиғалардың бірі.

Кейінгі үш жылда өңірде 200-ге жуық әлеуметтік нысан салынып, ел игілігіне қызмет етуде. Президенттің «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» тақырыбындағы мақаласында айтылған үлкен мәселелердің бірі – қазіргі жылу-электр орталықтарының жайы. Сондай орталық өткен жылдың аяғында облыста іске қосылды. Бұрын электр энергиясын сырттан алатын болсақ, қазір өзге өңірлерге сатуға мүмкіндік туды. Мұндай жаңа инфрақұрылымдық жобалар алдағы уақытта да жалғасады.

Мемлекет басшысы өңірлерде «Достық үйін» салудың маңызды екенін айтқан болатын. Бұл ғи­ма­рат Мемлекет басшысының тап­­­сырмасымен Қазақстан халқы ас­сам­блеясының 30 жылды­ғына орай салынды. Оған қолдау біл­дір­­ген, қаражат бөлген «ҚазАтомӨөнер­кә­сіп» және «Самұрық-Қа­­зы­на» ком­панияларының бас­­­­шы­­­ларына ри­за­­шы­лығымды біл­ді­­­ре­мін, – деді облыс әкімі.

Шараға арнайы қатысқан Қа­зақстан халқы Ассамблеясы төраға­сының орынбасары, Президент Әкім­шілігі Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы хатшылығының мең­ге­рушісі Марат Әзілханов игі ті­ле­гін жет­кізді.

– Қызылорда – қазір қарқынды дамып, жаңару мен жаңғырудың үрдістерін нақты істермен дәлел­деп келе жатқан өңір. Бұл тек эко­номикалық көрсеткіштер ғана емес, бірлігі жарасқан, ынтымағы та­сы­ған елдің арқасында орын алып жа­тыр деп білеміз. Небәрі жеті ай­дың ішінде осындай әсем ғи­маратты тарту еткен демеуші ком­панияларға, облыс әкіміне рахмет. Мұндай заманауи, көпфунк­цио­налды «Достық үйі» өзге өңір­лер­де жоқ. Бүгінде облыс басқа қа­ла­ларға үлгі болуда. Біз үшін үлкен мақ­таныш, – деді ол.

Мұнан кейін Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов, «ҚазАтом­Өнер­кә­сіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Ме­йіржан Юсупов жылы лебізін білдірді.

Шарада бірлік пен келісімнің нығаюына үлес қосқан ассамблея мүшелері мен жаңа ғимаратты сапалы сал­ған мердігер мекеме өкіл­деріне об­лыстың Құрмет гра­мотасы мен облыс әкімінің алғыс хаты та­быс­талды.

Өңірде 30-дың үстінде этнос өкілі, 11 этнобірлестік бар. Бұл ғи­­маратта облыстық, қалалық ар­­да­герлер кеңесі, этномәдени бірлес­тік­тер, үкіметтік емес ұйым­дар жұ­мыс істейді. Жаңа нысанның бі­рінші қабатында концерт залы, эт­номәдени бірлестіктердің кабинет­тері орналасқан. Екінші, үшінші қа­батта 50 орындық мәжіліс залы, облыстық ардагерлер, «Азаматтық Альянс» бірлестігінің,  үшінші қа­бат­та қызметтік кабинеттер бар.

Жаңа «Достық үйі» татулық пен келісімді нығайтып, бірлікті бе­кемдеу бағытындағы жұмысын одан әрі арттыра бермек.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»