«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы 6 мыңнан астам кәсіпкер арасында сауалнама жүргізген. Соның ішінде әкімшілік кедергілер жиі кездесетін секторларды атауды сұрапты. Сауалнама нәтижесінде мұндай келеңсіздіктер жер қатынастары (50%), құрылыс (43%), агроөнеркәсіп кешені (40%), кеден (26%), көлік (25%), экология (24%) және мемлекеттік сатып алу (21%) салаларында жиі бой көрсететіні белгілі болды.
Шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекет тарапынан қолдау туралы үнемі айтқанымызбен, аяққа оратылатын мәселе аз емес. Бұл жөнінде Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық кеңірек айтып берді.
– Пірмұхаммед Айтбайұлы, жыл басынан бері облыста тіркелген кәсіпкерлерден қанша шағым түсті, негізгі бөлігі қандай мазмұнда?
– Кәсіпкерлік – ел экономикасының негізгі қозғаушы күші. Оны дамытпай мемлекеттің макроэкономикалық жағдайы туралы айту орынсыз. Кәсіпкер үш мәселені шеше алады: өзін және басқа адамдарды жұмыспен қамтиды, өнім өндіреді немесе қызмет көрсетеді, салық түсіреді. Шағын және орта бизнес қанат жайса, мемлекеттің ішкі жалпы өнім көлемі артып, қазына қаражаты молаяды. Сондықтан дамыған елдер азаматтардың кәсіппен айналысуына барынша жағдай жасауға ұмтылады. Еуропадағы дамушы елдерде ішкі жалпы өнімнің 75 пайызы, ал Америка құрама штаттарында 80 пайызы осы саладан құралып отыр. Осыдан-ақ кәсіпкерліктің ел экономикасындағы орнын бағамдауға болады.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының функциясы көп. Соның бірі – азаматтардың кәсіпкер болуына ықпал ету және кәсіпкерлердің құқығын қорғау. Облыста 66 мыңдай кәсіпкер тіркелсе, жыл басынан бері олардан бизнесті қорғау бағытында 321 өтініш түсті. Соның 36 пайызы оң шешімін тауып, кәсіпкерлердің 1,4 миллиард теңге көлеміндегі мүліктік құқықтары қорғалды. Арыз-шағымдардың басым бөлігі мемлекеттік сатып алу, құрылыс, сәулет және ауыл шаруашылығы салаларын қамтыды. Сарапшыларымыз осы кезге дейін 14 сот процесіне қатысты. Оның 12-сі бойынша сот кәсіпкерлердің пайдасына шешім шығарды. Сондай-ақ олар 93 млн теңге қаражатын сақтап қалды. Өтініштерге талдау жасау кезінде белгілі болғаны, 49 арыз бойынша мемлекеттік органдар рұқсат беруді рәсімдеу барысында заңнамада қаралмаған қосымша құжаттарды талап еткен. 47-сінде кәсіпкерлердің арызына салғырт қараған. Өтініштердің 40 пайызы кәсіппен айналысатын азаматтардың заң талаптарын толық білмейтінін көрсетті.
– Сонда әркім баса-көктеп кіріп келе берген бе?
– «Шағым түсті» деген сылтаумен бизнес құрылымдарын келіп тексеретіндер азаймай тұр. Заң бойынша тексеруге келген адамның қолында рұқсат құжаты болу керек. Бірақ мұны талап етіп жатқаны некен-саяқ. Сіздің үйіңізге кез келген уақытта ешкім бейберекет кіріп келе алмайтыны сияқты кәсіпкердің де жеке аумағына баса-көктеп өтуге болмайды.
Биыл палата жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің 9 отырысы өтіп, онда 11 мәселе қаралды. Кеңес құрамында прокуратура, құқық қорғау органдарының басшылық өкілдері бар. Кәсіпкерлер құқығын қалпына келтіру жөнінде мемлекеттік органдарға 14 ұсыныс беріліп, оның 9-ы қолдау тапты, 5-і қаралып жатыр.
Тексерулер нәтижесінде құзырлы орындар алғашқыда ескерту беріп кетуі тиіс, ал кей жағдайда олар бірден айыппұл салып жатады. Біз кәсіп иесінен арыз-шағым түскен жағдайда бұл әрекеттердің заңсыз әрі дәлелсіз екенін анықтауға күш салып, кәсіпкерлердің құқығын қорғаймыз.
– Кәсіпкерлерді қорғағаныңыз дұрыс шығар. Бірақ олардың арасында да жұмысын дұрыс атқармайтындар болуы мүмкін ғой.
– Өзінің бас пайдасын ғана ойлап, осы жолда заңнан аттап кететін кәсіпкерлерді жоққа шығара алмаймыз. Бір қарын майды бір құмалақ шірітетіні сияқты бұдан адал, таза кәсіпкерлерге көлеңке түседі. Осы себепті палатаның кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөліміндегі заңгерлері барлық талапқа сай, заңнама аясында әр шағымды жеке қарайды. Дегенмен, мемлекеттік органдар тарапынан да түрлі түсініспеушіліктер кездеседі. Мысалы, ғимаратты құрылыс компаниясы әлдеқашан салып бітіріп, бағдарлама әкімшісі сол кезде-ақ қабылдап алған. Бәрі талапқа сай. Арада үш жыл өткенде кәсіпкерді салық органынан келіп тексереді. Қабырға бояуын қайдан алғанын зерттеп көргенде төртінші не бесінші сатушының рұқсаты жоқ болып шығады. Соңында кіріс органының өкілі оған емес, құрылыс компаниясына тиіседі. Қомақты айыппұл салады. Біз құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, соны тоқтаттық. Республикалық деңгейде де бұл мәселе реттелді. Өйткені бұдан көп кәсіпкер зардап шегетін. Тиісті орган өкілдерімен бірлескен жұмыстар нәтижесінде бизнес өкілдерінен осы сынды арыз-шағымның түсуі тыйылды.
– Елімізде 2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енетінін білеміз. Ондағы өзгерістер көңілден шықты ма? Кәсіпкерлер үшін тиімсіз тұстары бар ма?
– Салық кодексі кәсіпкерлердің көңілінен шықты дей алмаймын. Мемлекет үшін бұл дұрыс шығар. Бірақ таяқтың екі ұшы болатыны сияқты қосымша құн салығын 20 пайызға көтереміз дегенде кәсіпкерлер бұған қарсылық білдірді. Бұл дегеніңіз – қалтаға едәуір салмақ. Бұдан өнім бағасы шарықтап кетеді, кедейшілік деңгейі жоғарылайды. Тауар өндірушілердің өнімі өтпей қалады.
Мысалы, өзіміздің жергілікті жерден шығарылатын бір тауарды алайық. Оның өзіндік құны болады, пайда көру үшін үстіне үстеме қосылады. Қосымша құн салығының 16 пайызға көтерілуіне байланысты бұл сома да артып отыр. Оның қасында көрші елдерден тасымалданатын дәл осындай тауар арзан. Сатушылар сөреге соны қояды, жұрт соны алады. Нәтижесінде импорт алмастыратын отандық өнім өтпей қалады. Оны шығаратын компания ақырындап банкроттыққа ұшырауы мүмкін. Кем дегенде елу адам жұмыссыз қалады. Салықтың түсімі ортаяды. Бірақ бұл жағы ескерусіз қалған. Президент мұндай әрекет кәсіпорындардың жабылуына әкеп соғатындықтан, жақында Үкіметке тапсырма беріп, кәсіпкерлерге жеңілдік жасалатынын атап өтті. Сонымен бірге айыппұлды шегеруді тапсырды. Кәсіпкерлер бұған дән риза.
Қосымша құн салығы, корпоративті салық, МӘМС, зейнетақы жарнасы кәсіпкердің қалтасынан шығады. Бәрін қосқанда ол табысының тең жартысын мемлекетке қайтарып отырады. Қалған бөлігін кәсіпорын шығыны, жұмысшылардың жалақысына жұмсап, табыс табу қиындайды. Біз осы орайда нормативтік актілерді өзгерту үшін ұсыныстар беріп жатырмыз.
Кодекске сәйкес қосымша құн салығы 12 пайыздан 16 пайызға артты. Салық төлеушілер заңнамада белгіленген тәртіппен ең төменгі айналым мөлшерінен асып түскен жағдайда қосылған құн салығы бойынша міндетті түрде тіркелуге тиіс. Дамушы мемлекеттерде кәсіпкердің көлеңкеден шығуына, қорықпай салығын төлеп, жұмыс істеуіне мүмкіндік беру үшін керісінше қосымша құн салығын түсіреді. Сол жағдайда ғана салық түсімі көбейіп, отандық өнім көлемі артады. Жұмыс орындары да көптеп ашылар еді.
– Пірмұхаммед Айтбайұлы, шағын бизнестің шалғайынан тартқан тағы қандай мәселелерді айтар едіңіз?
– Шағын, орта бизнестің дамымайтын себебі – санитарлық талаптар өте жоғары. Талаптары кеңес өкіметі кезінен қалып қойған. Мысалы, ол заманда 300 литрлік сүтті өңдеу үшін пеш жағатын. Оның дыбысы, түтіні, иісі қатты шығады. Қазір технология дамығанының арқасында ол жағы жеңілдеді. Алайда санитарлық талаптар сол күйі. Сүт өңдейтін өндіріс орнынан тұрғын үйлер елу метр қашықтықта орналасқан болуы керек. Шетелге барғанда көріп жүрміз, мұндай процесті көпқабатты үйдің астында-ақ атқарып жатыр. Ал біздің елде шағын цехқа әлі күнге ірі сүт зауытына қатысты талаптар қояды. Соны өзгерту қиынға соғып тұр.
«Қызылорда – Павлодар» және «Жезқазған – Астана» бағыттарындағы тұрақты қатынасты қамтамасыз етіп келе жатқан «Марал-Нұр» серіктестігінің мәселесін шештік. Вагон сағатына 80 шақырым жылдамдықтан асқан кезде доңғалағы айналып, тоқ өндіре бастайды. Сонда ғана кондиционер, пеш іске қосылады. Алайда серіктестік вагондары Қызылордадан шыққаннан бастап 56 бекетке тоқтайды. Тоқтаған сайын әлгі жылдамдыққа қалай жетсін?! Станцияларда адам түспейтінін, пойызды тоқтатудың тиімсіз екенін дәлелдеу үшін жарты жыл жүгірдік. Соның арқасында бекет саны да 35-ке азайып, жол жүру уақыты төрт сағатқа қысқарды.
Экономикада протекционизм деген ұғым бар, яғни ішкі нарықты қорғау. Ескі вагондарды жаңалау үшін компания сырттан вагон алады. Сол кезде үстінен 12 пайыз қосылады. Бұл – кәсіпкерлер үшін үлкен шығын. Министрлік бізден өзімізде вагон шықпайтынын дәлелдейтін құжаттар сұратып, оны жинауға бірталай уақытымыз кетті, кедергілер көбейді. Соның нәтижесінде инвестсіз вагондар, депоға вагон жөндейтін станоктар алдырдық. Осылайша вагон құрастыра бастауы тиіс. Кәсіпкер кәсіп бастау үшін несие алады. Біз бұл жағынан да көмектесеміз. Кәсіпкер өз проблемасын айтпайынша оны білмеуіміз мүмкін еді.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, сауда мен туризм және әйелдер кәсіпкерлігі бағытында 7 салалық кеңес бар. Әр сала бойынша айына кем дегенде бір кеңес отырысы өтіп тұрады. Жаңа нормаларды түсіндіріп, бизнес иелерінің проблемаларын тыңдаймыз. Кәсіпкер жалғыз өзі жүгіріп ештеңе шеше алмайды. Оларға мамандарымыз көмектеседі.
– Журналист болғасын кәсіпкерлермен де жиі кездесіп, сөйлесеміз. Сонда көбі «мемлекеттен қолдау алған жоқпыз, өз қалтамыздан шығарып кәсіп бастадық» дейді. Мемлекеттік қолдау алу жолы қиын ба, әлде адамдарға бұл туралы ақпарат жетпей жатыр ма?
– Кәсіпкерлер палатасы шағын және орта бизнес өкілдеріне және кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарға қаржылай емес қолдау көрсетеді. Жыл басынан бері ақпараттық-консультациялық қызмет көрсету бағыты бойынша 1556 адамға 5527 қызмет көрсетілді. Сервистік қызмет көрсету шеңберінде 433 кәсіпкерлік субъектісіне 549 қызмет көрсетілді. Бизнес жоба әзірлеу бойынша құны 7,4 млрд теңгені құрайтын 181 бизнес-жоспар әзірленіп, нәтижесінде 3,3 млрд теңгеге 97 жоба қаржыландырылды. «Іскерлік байланыстар» құралы аясында былтыр бір кәсіпкер Германиядан және екі кәсіпкер Жапония елінен бизнес-тағылымдамадан өтсе, 2025 жылы үш кәсіпкер өтініш түсіріп, біреуі Германияда бизнес-тағылымдамадан өтіп келді.
2023 жылдан бастап «Мен кәсіпкер» құралы аясында «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаның басты міндеті – ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін арттыру, яғни қолда бар жергілікті шикізатты пайдаға асыра отырып, өнім өндіру, елді мекендерде жұмыс орнын ашып, халықтың әл-ауқатын арттыру болып табылады. Үш жылдың қорытындысымен қазіргі таңда жобаның 9 финалисі бар. Жоба финалистері үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан ұлттық даму институттары өкілдерінің қатысуымен өзін-өзі дамыту, маркетингті қолдау, технологияларды коммерцияландыру және қайта құру, әлеуметтік желілерде жылжыту бойынша және кәсіпкерлікті дамыту саласында Палата тарапынан «Бір ауыл – бір өнім» финалистерін оқыту және мемлекеттік бағдарламалармен ақпараттандыру арқылы өнімді сертификаттау, штрих-кодтарды алу бойынша сүйемелдеу жүргізіледі. Жоба жеңімпазы екенін білдіретін сертификат арқылы финалистер әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған 5 млн теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа қатысуға мүмкіндігі бар. Сонымен бірге жапондық JICA ұйымының «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жетекшісі Акихиса Харагучи жоба финалистерінің өнімдерін экспорттауға үлес қосуда. Қазіргі таңда жоба жеңімпаздары республикалық, облыстық және қалалық көрмелерге белсенді қатысуда.
Мемлекеттік қаржыландыру жағына келер болсақ, кәсіпкерлікпен айналысу жылдан-жылға қиындап барады. Мемлекеттік бағдарламамен жеңілдетілген несие беру талаптары қазір едәуір күшейген. Бұрын сауда-саттық пен сұлулық салондарына, кофейняларға да берілетін болса, қазір тек басым бағыттарға ғана бөлінеді. Бір жағынан мұндай қадам қаражатты мақсатсыз жұмсайтын кәсіпкерлерді азайтуға бағытталса, екінші жағынан бизнесті жаңадан ашамын деген немесе әрі қарай өсіп-өнгісі келетін бизнес өкілдеріне қиындық тудырады. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басты міндеті – бизнестің дамуы арқылы ел экономикасына айтарлықтай пайдасын әкелу, кәсіпкерлердің мұң-мұқтажын жоғарыға жеткізу. Осы орайда алда атқарылар міндет әлі көп.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





