«Біздің таңдауымыз – заңға бағынатын парасатты қоғам»

6

0

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым қызметкерлері күніне орай өткен салтанатты рәсімде сөз сөйлеп, ғалымдарды марапаттады.

Президент алдымен осы мереке қарсаңында Ақордаға жиналып, бас қосу жақсы дәстүрге айналғанын, бұл еліміздің ғалымдар қауымына деген ерекше құрметі мен айрықша ықыласының көрінісі екенін айтты. Сондай-ақ кез келген дамыған, яғни, озық мемлекеттің қазығы – ғылым, ал қазынасы – ғалым деген дәйекті пікір келтірді.

– Әр елдің ғылыми әлеуеті – оның абырой-беделі мен күш-қуатының өлшемі десек, қате болмайды. Ғылымға басымдық беретін, ғалымын қадірлейтін, басқаша айтсақ, «ғылым-білім бар жұрттар» ғана өркениеттің өріне шығады. Бұл – ақиқат. Түптеп келгенде, адамзаттың барлық жетістігі ғалымдардың зияткерлік еңбегінің жемісі екені сөзсіз.

Қазір осы залда түрлі салада зор табысқа жеткен зерделі зерттеушілеріміз отыр. Сіздер ұлт сапасын арттыруға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға мол үлес қосып келесіздер. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін.

Хакім Абай айтып өткендей, «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ». Бұл – ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын тағылым. Біз бәсекеге қабілетті ел боламыз десек, ең алдымен, ғылымды дамытып, жаңа технологияны, жасанды интеллектіні меңгеруіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Биылғы жыл Президент бастамасымен Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Бұл ретте Мемлекет басшысы ғылымға бет бұру – өсіп-өркендеуге ұмтылған әрбір елдің тарихи міндеті екенін айтты. Мемлекет ғылым саласына үнемі қолдау көрсетуде. Кейінгі 5 жылда осы салаға бөлінетін қаржы көлемі 6 еседен асқан. Қазақстанда зерттеу университеттерінің саны көбеюде. Ғылыми жобаларға инвестиция салатын бизнес өкілдеріне салық жеңілдігі берілетін болды.

– Алдымызда тағы бір маңызды міндет тұр. Біз жас ғалымдар ғылыммен алаңсыз айналысуы үшін қолайлы жағдай жасауы­мыз қажет. Өйткені қазақ ғылымының болашағы – көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр және мақсаты биік жастардың қолында. Талапты әрі талантты азаматтар келешекте ұлттың шамшырағына айна­лады. Олар Қаныш Сәтбаев сияқты алып тұлғалардың жолын жалғайды. Сондықтан жас зерттеушілерге қамқор болуымыз керек. Бұл бағытта нақты бастамалар жүзеге асырылып жатыр.

Қазіргі таңда 600-ден астам жас ға­лымға баспана берілді. Бұдан бөлек, оларға арнаулы гранттар бөлінуде. Жыл сайын жас зерттеушілер әлемнің жетекші ғылыми орта­лықтарына барып, тәжірибе жинап, тағылым алып жүр. Осындай нақты шара­лар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Ғылымды қолдау, ғалымдарға ел болып құрмет көрсету, бұл – ең алдымен қоғамда еңбекқорлық, білімпаздық, жасампаздық құнды­лықтарын орнықтыру деген сөз. Халқымыздың ойы озық болса, өскелең ұрпақтың да ғылым-білімге деген ықыласы айрықша болары анық. Зерделі әрі зияткер ұрпақ тәрбиелеу – баршаға ортақ парыз. Оған мемлекет те, ата-аналар да бірдей жауапты, – деді Президент.

Өткен жылы Мемлекет басшысы «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесін құру туралы тиісті Заңға қол қойды. Бұл жүйе арқылы ата-аналар баласының болашақта сапалы білім алуына қаражат жинай алады. Қазірдің өзінде 200 мыңға жуық азамат арнайы есепшот ашты. Мұны болашаққа салынған ең ұтымды инвестиция деуге болады.

Тағы бір мәселе ретінде Президент ғылымның әлеуетін ел игілігіне жарата білу қажеттігін ескертті. Ғалым­дары­мыз ашқан жаңалықтар зертханалар аясында қалып қоймауы керек. Нақты нәтиже беретін, өндіріске енгізуге болатын жобаларды жүзеге асыру қажет. Бір сөзбен, ғылым экономика мен қоғамның сұранысына сай болуға тиіс. Бұл мақсат Үкіметтің ұдайы назарында болуы керек, себебі осы міндеттің еліміз үшін мән-мағынасы ерекше. Сонымен қатар, бұл – әлемдегі ең үздік компаниялардың берік ұстанымы, бұлжымас қағидасы.

Жаһандық деңгейдегі ірі техно­логиялық корпора­циялар бірінші кезек­те білім мен ғылымға басымдық береді, ғылыми жаңалықтарды өн­діріске жедел енгізеді. Таланттарды қызметке тарту жағынан да бұл компа­ниялар көш бастап тұр. Адам капиталы олар­дың негізгі күш-қуаты саналады. Техно­логия мен инновация – дамудың ең басты әрі баламасыз шарты. Мұны ХХІ ғасырдың үздік компаниялары дәлелдеп отыр.

– Біздің еліміз үшін де қолданбалы ғылымды дамыту – аса маңызды мін­дет. Осы бағыттағы жобалардың саны көбейді. Бұл – өте жақсы үрдіс. Әсіресе, универ­ситеттердің технологиялық даму орталығы ретінде қалыптасып жат­қанын атап өту қажет. Мысалы, былтыр University Medical Center меке­месіне қарасты Жүрек орта­лығының дәрігерлері ALEM (Astana Life Ex-situ Machine) деп аталатын инно­вациялық медициналық құрылғы ойлап тапты. Мұны өткен жылдың ең айтулы ғылыми жаңалығы деп айтуға болады. Осы құрылғы донорлық ағза­лар­дың өміршеңдігін 24 сағаттан астам уақыт сақтауға мүмкіндік береді. Мұндай бірегей жаңалықтар қазақ ғылымының әлеуеті, жалпы еліміздің даму деңгейі жоғары екенін көрсетеді.

Дегенмен ғылым саласында шешіл­меген түйткілдер де аз емес. Мен наурыз айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болға­нымды білесіздер. Сол жерде ғалым­дармен арнайы кездесіп, біраз мәселеге тоқталдым. Әсіресе, ғылымды қаржы­ландыру жұмысын ретке келтіріп, қатаң бақылауға алу қажеттігі туралы айттым. Басты мақсат қаржыны игеру емес, қоғамға пайдасы тиетін жо­баларды жүзеге асыру болуға тиіс, –  деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президет және атап өткендей, білікті инженерлік-техникалық кадр­ларды даярлауға баса назар аударған жөн. Бұл ретте негізгі жауапкершілік жоғары оқу орындарына жүктеледі. Ұлттың зияткерлік қуаты дәл осы білім ордаларында қалып­тасады. Универ­ситеттер өз миссиясын адал атқарса, білікті мамандар мен кәсіби кадр­лардың қатары арта түсері сөзсіз.

– Бұдан бөлек, ғылым қалашық­та­рына және қарқынды дамитын қала­ларға жаңа технология енгізуді жолға қоюымыз керек. Қазір Курчатов қаласына ғылым қалашығы мәртебесін беру үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Инвесторларды осындай даму орталықтарына қаржы салуға ынта­ландыру қажет. Бұл да – Үкіметтің өзекті міндеттерінің бірі.

Тоқетерін айтсақ, алда атқаратын шаруа көп. Ширақ қимылдап, тиянақты жұмыс істеуіміз керек. Ғылым сала­сындағы күрделі мәселелерді мемлекет пен ғылыми қауымдастық күш жұмыл­дырып, бірлесе шешеді деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент салтанатты рәсімдегі сө­зін­де Қазақстанда 15 наурыз күні та­рихи мәні зор референдум өтіп, аза­мат­тардың басым бөлігінің қол­дауы­мен мемлеке­тіміздің іргесін ны­­­ғай­­­татын, елді барлық салада, со­ның ішінде ғылымда орнықты даму траек­­ториясына шығаратын жаңа Кон­с­титуция қабылданғанын атап өтті. Осы ретте Ата заңымыздың преамбула­сын­да алғаш рет мәдениет, білім беру, ғылым және инновация құндылықтары нақты бағдар ретінде белгіленгені, аталған салаларды жан-жақты қол­дау­ға стра­тегиялық маңыз беріліп, бұл ба­ғыттарды дамыту мем­лекеттің консти­ту­циялық міндетіне айналғаны айтылды.

– Орайлы сәтті пайдалана отырып, Конституцияны әзірлеуге және қабыл­дауға айтарлықтай үлес қосқан барша ғылыми-академиялық қауымдастыққа ризашылығымды білдіремін.

Өтпелі ережелерге сай, жаңа Ата заң 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Сол уақытқа дейін негізгі заңдардың барлығы Конституция нормаларына сәйкестендірілуге тиіс. Бұл бағытта Парламент ауқымды заң шығару жұмысына кірісті. Депутаттар заң жобаларын мұқият әрі жедел қарастырады деп сенемін.

Мемлекет басшысы ретінде еліміз үшін елеулі оқиғалар туралы алдын ала ақпарат беру өте маңызды деп санаймын. Конституция күшіне енген сәттен бастап бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізу жөніндегі Жарлыққа қол қоямын. Сайлау биыл тамыз айында өтеді. Мұны әдейі ерте айтып отырмын. Өйткені партиялардың жос­парларын айқындап, сайлау науқанына дайындық жүргізуіне жеткілікті уа­қыты болуы керек. Осылайша, партия­лардың сайлаушылармен тиісті жұмыс жүргізуіне бес айға жуық уақыт бе­ріледі. Құрылтай сайлауы Қазақ­стан­ның бүкіл саяси жүйесін жаппай «қайта құруға» жол ашады. Бұл ретте біз жүзеге асырып жатқан саяси және эко­номикалық реформалар қоғамдық сананың оң сипатта өзгеруіне әсер етуге тиіс. Мен мұның маңызы жөнінде бірнеше рет айттым, – деді Мемлекет басшысы.

Президент осы күрделі үдерісте ғалым­дар ерекше рөл атқаратынын да еске салды. Өйткені олар өркениет құндылықтарын дәріптеп, санаткерлік және моральдық қасиеттерімен көпке үлгі көрсетеді. Нағыз ғалымдар ескілік пен қараңғылыққа қарсы күрестің ал­ғы шебінен табылып, ағартушылық пен білім жолында әрдайым топ бастаған.

– Әлемнің екінші ұстазы әл Фараби дөп басып айтқандай, «Тәрбиесіз бе­рілген білім – адамзаттың қас жауы». Сон­дықтан гуманизм, әділдік, жауап­кер­шілік құнды­лықтары салтанат құ­рып, өскелең ұрпақты адамгер­шілік­ке және заңды құрметтеуге тәрбие­ле­ген­де ғана шынайы өркендеуге бет аламыз.

Біздің қоғам жақсы мен жаман туралы деструктивті түсініктердің жете­гіне ермеуге тиіс, төл болмы­сы­мызға жат дүние­танымға көзсіз сенбеуі қажет. Оның салдары ауыр болады.

Ынтымақ-бірлігіміз бен тұрақтылы­ғымыздың іргесін шайқап, әлеуметтік және ұлтаралық алауыздықты қоз­дырғысы келе­тіндердің әрекетіне заң жүзінде қатаң тосқауыл қойылады. Конституцияда жазыл­ғандай, елімізде заң мен тәртіп үстемдік құруы керек. Ғалымдарымыз үнсіз қалмай, қоғамда, әсіресе, жастар ара­сында жауапкер­шілік пен тәртіп қағидат­тарын дәріп­теуі қажет деп санаймын. Құқықтық нигилизмге жол жоқ. Біздің таң­дауымыз – заңға бағынатын парасат­ты қоғам, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жақында АҚШ соттарының бірі шығарған шешімге сәйкес, кейбір интер­нет-платформалардың алгоритмі балаларға зиян келтіріп, психологиялық тұрғыдан тәуелді ететіні мойындалған. Осыдан сабақ алуға тиістігімізді айтқан Президент ұрпақ тәрбиесін әлеуметтік желілер мен видеосер­вис­тердің бодауына беріп қоюға болмай­тынын, бұл қосымша зерттеуді қажет етпейтін факт екенін қаперге салды.

Отбасы институты мен білім беру жүйесін нығайту, шын мәнінде, балаларды кітап оқуға баулумен тығыз байланысты. Жалпы, осылай болуы қажет. Қанша жерден пессимистік пікірлер айтылса да, кітап – білім бұлағы әрі тәлімгер ретінде маңызын жоя қойған жоқ. Кітап оқыған сайын танымың тереңдейді. Кітап ақыл-ойды шыңдап, дүниетанымыңды кеңей­тетіні, адамдардың өз қарым-қабілетіне деген сенімін күшейтетіні белгілі.

Таяуда еліміз Ұлттық кітап күнін екінші рет атап өтеді. Жұртшылықтың қолдауына ие болған бұл бастама отан­дық баспа саласының жұмысын жү­йелеп, шетелдік авторлардың өзекті, пайдалы көркем шығарма­лары­ның ау­дарылуына түрткі болуға тиіс. Кітап оқу үрдісі төл дүние­таны­мымыз­дың ажы­рамас бөлігіне, ұлттың озық қа­сие­тіне айналғаны жөн. Мемлекет бас­шысы ғалымдар бұл іске салмақты үлес қосуға міндетті деп санайтынын жеткізді.

– Осы тұста мына бір аса маңызды мәселені қайта атап өткім келеді: біз қоғамда заң үстемдігі қағидатын, яғни заңға бағыну мәдениетін түбегейлі орнықтыруымыз қажет. Заң мен тәртіп идеологиясы күнделікті өмірдің бар­лық саласында қатаң сақталуға тиіс: қоғамдық орындағы жүріс-тұрыс мәде­ниетінен, оның ішінде жиын-той­лардан, тұрмыстық мәдениеттен бас­тап, жолда көлік жүргізу мәде­ниетіне дейін осы мызғымас қағидатқа сай болуы керек.

Мен бұған дейін де өз сөздерімде жол қауіпсіздігі мәселесіне арнайы тоқ­талдым. Өкінішке қарай, Қазақ­стан­да жыл сайын көлік апатының кесі­рінен, соның ішінде көп жағдайда жол қозғалысы ережесін өрес­кел бұзу­дың салдарынан мыңдаған адам көз жұмады. Бұған жол беруге болмайды.

Бұрын елімізде көлік апатының көп­тігіне жолдың нашарлығын желеу қылатын. Соңғы бірнеше жылда барлық өңірдегі жол инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңғыртуды қолға алдық. Бірақ қайғылы оқиға азаймай тұр. Демек бұл жағдайға Үкімет пен қоғам жіті назар аударуы керек. Азаматтар бекітілген ережелердің бәрін мүлтіксіз сақтайтын көлік жүргізу мәдениетін қалыптастырған дұрыс. Полицейлермен тәжікелесу, тіпті оларға шабуыл жасау фактілерін тыю қажет. Мұндай жағдайларға, сондай-ақ құқықтық нигилизм дертіне шалдыққан адамдарды, басқаша айтқанда, сотқарлар мен бұзақыларды «қаһарман» жасауға заң аясында қатаң шара қолдану керек.

Біз өркениетті ұлт болғымыз келсе, полицейлердің, дәрігерлердің, мұға­лім­дер мен қызмет көрсету саласы маман­дарының, жалпы, адал әрі заңға бағынатын азамат­тардың ар-намысына тиетін кез келген әрекетке батыл түрде тосқауыл қоюымыз қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы қоғамда тазалықты сақтау, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін орнықтырудың да мән-маңызы зор екенін ескертті. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы қала мен ауылды абаттандыру жұмысымен шектелмейді. Оның түпкі мәні – қоғамдық сананы жаңғырту. Сол арқылы азаматтарымызды қастерлі Отанымыз – Қазақстанның тағдырына бейжай қарамай, болашақтың іргесін бірге қалауға шақыру.

– Жауапкершілік, әділдік, өзара құрмет бар жерде ғана өсіп-өркендеуге, дамуға жол ашылады. Бұл – өркениетті мемле­кеттер мен халықтардың барлы­ғына ортақ ұстаным. Осы құндылықтар жаңа Халық Конституциясына арқау болып отыр. Біз дамудың даңғыл жолына түсіп, жаһандық бәсекеге қабілетті елге айналдық. Нақты жетістіктеріміз бар. Бұл – ең алдымен, сапалы адам капиталы.

Біз зияткерлік мұрамызды мақтан тұтамыз. Әл Фараби, Ахмет Ясауи, Абай сынды ғұламаларымыз соңына сарқылмас рухани қазына қалдырды. Олардың еңбектері әлемдік ақыл-ой­дың алтын қорына кіреді. Данышпан бабаларымыздың баға жетпес туын­дыларын заман талабына сай кәдеге жарата білуіміз керек. Ойшылдарымыз бен ғалымдарымыздың мұрасын терең танып, кеңінен дәріптеп, барынша дамыт­қан жөн. Ұлы тұлғаларды ұлық­тау жұмысына тың серпін беру аса маңызды.

Түркістан төрінде «Қожа Ахмет Ясауи» ордені туралы көтерген баста­маның мәні де – осында. Сондай-ақ былтыр Ясауи ілімін зерделеуге арнал­ған халықаралық симпозиум өтті. Жалпы, бәріміз әйгілі Қожа Ахмет Ясауиді бірегей ғұлама ғалым әрі өркениеттанушы ретінде еліміздің әрбір аймағында және шетелде де кеңінен дәріптеуіміз керек. Сонымен бірге оның құндылығы аса зор бай мұрасын өзіміз де барлық тұрғыдан жан-жақты зерттеуіміз қажет. Осы өнегелі дәстүр биыл әл Фараби форумына ұласады. Мұндай тағылымы мол, ғылыми мәні зор басқосулар жыл сайын өткізіліп тұрады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент осы салтанатты жиында тағы бір жақсы жаңалықты жарияла­ғысы келетінін айтты.

– Қазақ даласы көптеген кемеңгер тұлғалардың мекені болғанын біле­сіздер. Соның ішінде әлемге әйгілі ойшыл әл Фарабидің орны ерекше. Оның мұрасы – бүкіл адамзаттың асыл қазынасы, өркениет ойының шыңы. Осыған орай, мен жоғары мемлекеттік марапаттар тізіміне арнайы «Әл-Фараби» орденін енгізу қажет деп санаймын. Бұл марапат білім мен ғылым, мәдениет пен руханият сала­сында зор табысқа жеткен азаматтарға беріледі. «Мейірім», «Қожа Ахмет Ясауи», «Әл-Фараби» ордендері биыл алғаш рет Республика күні қарсаңында тапсырылатын болады, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Мемлекет басшысы сондай-ақ жасампаз ұлт ретінде алдымызға биік мақсат қойып, бірлігімізді бекемдеп, біртұтас халық болып жарқын болашаққа нық қадам басу, Қасиетті Отанымыз – Қазақстанды білім-ғы­лым­ның, ойлы ортаның және саналы жастардың күшімен түбегейлі жаң­ғыртып, келер ұрпаққа Өркениетті, Қуатты әрі Әділетті мемлекетті аманат етіп қалдыру – біздің ұлттық пары­зымыз екеніне ерекше тоқталды.

– Осы тарихи жолда біз ғалым­дардың орасан зор әлеуетіне сенім артамыз. Себебі ғылым өркендесе, бүкіл еліміз дамиды, шексіз мүмкін­діктерге жол ашылады. Ғалымның әрбір жаңалығы тұтас ұлттың мерейін асырады. Сіздер қашанда ел мүддесіне қызмет ете бересіздер деп сенемін. Мем­лекет өздеріңізді әрдайым қолдайды.

Мен кәсіби мереке қарсаңында ғылым саласында зор жетістікке жеткен және жоғары білімді дамытуға елеулі үлес қосқан ғалымдарды марапаттау туралы шешім қабыл­дадым. Тиісті Жарлыққа қол қойдым. Сонымен қатар бүгін жас ғалымдарға пәтер кілтін табыстаймын. Бәрі де құтты болсын! Берекелі болсын! – деп түйіндеді Президент.

Қ.ӘБІШ