Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін жақсы білесіздер. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың
I отырысында сөйлеген сөзінен
Құрылтай – қазақ халқының тарихи дәстүріндегі аса маңызды ұғым. Онда хан сайлау, жауланған жерге иелік ету, әскери жорықтың негізі жоспарын бекіту, әскер басын тағайындау сынды ауқымды мәселелер қамтылған. Ел тағдыры талқыға түсіп, ортақ шешім қабылданған. Бір сөзбен айтқанда, дала демократиясының көрінісі деуге толық негіз бар.
Игі дәстүр тәуелсіз елімізде қайта жаңғырып, жаңаша сипатқа ие болды. Алғашқы құрылтай ұлт ордасы Ұлытауда, кейінгісі түркі әлемінің бесігі Түркістанда, одан соң Сарайшық маңындағы Атырауда ұйымдастырылды. Бұған дейінгісі хан Абылайға қоныс болған Бурабайдың баурайында өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев онда құрылтайдың кезекті отырысын «Алаштың анасы» атанған қасиетті Сыр өңірінде өткізуді ұсынды. Бұл шешімнің тарихи мәні зор. Өйткені өткен жылы ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толды. «Халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы да бір ғасыр бұрын қайтарылды. Біздің мемлекеттігіміз мыңжылдықтардан бастау алады, оның тамыры тым тереңде жатқаны даусыз. Бірақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлтымыздың өз атауының оралуы тарихи әділдік орнату жолындағы маңызды қадам болғанын ашық айтуымыз керек. Бұл істе сол кездегі Үкімет басшысы Сәкен Сейфуллин айрықша рөл атқарды. Ол «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақала жазып, арнайы идеологиялық науқанды бастап берді. Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс» деп атап өтті Президент.
Мемлекет басшысының бұл шешімін аймағымызда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен елдің ерен еңбегіне берілген лайықты баға деп есептеймін. Облысымыз бүгінде республикада өзіндік орны бар өңірге, қарқынды құрылыс алаңына айналып отыр. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер қатары көбейіп келеді. Саябақтар жаңа кейіпке еніп, өндіріс, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес белсенді түрде дамып келеді. Тағдырлы әрі тағылымды жиынның дәл осы өңірде ұйымдастырылуы – Сыр жұртшылығына көрсетілген үлкен сенім мен құрметтің айғағы. Бұл аймағымыздың тыныс-тіршілігіне тың серпін беретініне сенімдімін.
Өздеріңізге белгілі, алғашқы құрылтай Президент Жарлығымен 2022 жылы маусым айында ұйымдастырылды. Өйткені сол жылы Қаңтар оқиғасы болып, ел ішіндегі толқу шиеленіскен әлеуметтік-экономикалық проблемалардың бар екенін, қоғам мен биліктің арасы алшақтап кеткенін көрсетті. Міне, Ұлттық құрылтай осындай күрделі кезеңдерден, тығырықтан шығатын жол іздейтін дала демократиясының негізгі механизмі ретінде осы алшақтықты азайтты. Сонымен қатар қазіргідей өте күрделі, шиеленісіп тұрған геосаяси жағдайда ел бірлігін, ынтымағын нығайту, мемлекет іргесінің берік болуы үшін келелі жиындар қажет-ақ. Әлемде құндылықтар қақтығысы болып жатқан уақытта сыртқы оқиғалардың Қазақстандағы ахуалға әсерін азайтып, кез келген қауіпке төтеп беретін мықты иммунитет, ұлттық бірлік керек. Мемлекеттік, қоғамдық тұрғыда саяси тұрақтылықтың маңызы зор.
Әрбір құрылтайдың көтерген жүгі бар. Мысалы, Бурабайда қаншама отбасының шаңырағын шайқалтып, қаншама адамды тура жолдан тайдырған құмар ойын, нашақорлық мәселелері көтерілді. Сондай-ақ жергілікті футбол командаларын жекешелендіру арқылы бірінші нөмірлі спортты дамыту қажеттігі айтылды. «Клубтар облыстық бюджеттерге ғана арқа сүйемей, шет елдердегі секілді өздері де табыс табуды үйренуі керек», – деді Мемлекет басшысы. Президент тапсырмасын алғашқылардың бірі болып орындап, жекеменшікке өткендер қатарында Қызылорданың «Қайсар» командасы бар. Кәсіпкер екінші жағынан футбол академиясын ашуға міндеттелді. Бұл ауыл-аймақтағы доп тебуге икемі бар жастарды спортқа баулуға жол ашады. Ал әкімдерді тікелей халықтың сайлауы демократиялық қоғам құруға жасалған нық қадам дер едім. Бұл халықтың саяси белсенділігінің артуына сеп болмақ. Қандай өзгеріс болсын, адалдық, әділдік әрі жауапкершілік басты сипатқа ие болуы керек.
Құрылтайларда, әсіресе, ұлттық құндылықтарды қалыптастыру, отаншылдық рух, әділдік мәселелеріне басымдық беріледі. Жұмысшы топтар тоқсан сайын мәселелердің шешілуін, осы бағыттағы жұмыстың тиянақты орындалуын талқылайды. Өткен құрылтайлар нәтижесінде 10 шақты заң қабылданған. 200-ден астам ұсыныс түскен екен. Барлығы жинақталып, бірқатар заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Президент жанындағы кеңесші орган бүгінде ел тұрғындарының кең ауқымды пікірі мен көзқарасы тоғысатын негізгі ұлттық диалог алаңына айналды. Алдағы күндері Сыр өңірінде өткізілгелі отырған байырқалы басқосудан да нәтижелі бастамалар күтеміз.
Баймырза ҚОЖАМБЕРЛИЕВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры,
философия ғылымдарының докторы





