Қызылорда қаласындағы ұзын даңғылдардың бірі жаңарған кейіпке енді. Тұрғындарды, әсіресе, көлік жүргізушілерін қуантатыны – жолдың төрт жолақты болып кеңейгені. Бұл бағыттағы жұмыс жаз бойы қызу жүргеніне куәміз.
Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, жауапты жұмысты «УАД» компаниясы мойнына алған. Жоба құны – 6 млрд 656 млн теңге. Бүгінгі күні 6,7 шақырым кеңейтілетін аумақта жол негізінің құрылысы жүргізіліп, асфальт қабаттары төселді. Сырдария өзенінің жиегіндегі қорғаныс бөгеті тазаланып, 1,4 шақырымға жуық дамба нығайтылды, 1,4 шақырым тіреу қабырғасы тұрғызылды. Одан бөлек жол бойына 8 демалыс орны салынып, жаттығу құрылғылары орнатылды.
Көз тартарлық тағы бір өзгеріс, жол үстінде қазақтың батырлары мен би-шешендері бейнеленген көрнекі картиналар тізбегі пайда болды. Сурет салу жобада қаралмаған болса да, демеуші оған қосымша қаржы жұмсаған. Жұмысқа Алматыдан суретшілер Мұхит Мырзалиев, Глеб Ақанаев және Серафим Ивашинин тартылды.
– Тапсырыс берушінің тілегіне байланысты Жалаңтөс баһадүр, Баймұрат, Келменбет, Алпамыс, Бұқарбай, Қобыланды батырлардың суретін салдық. Одан бөлек, графити стилінде Қазыбек, Әйтеке және Төле билер, Қорқыт атаның қобыз тартып отырған сәті бейнеленген. Суретті көшеден көрген соң балалар мен жастарда бұлар кім деген сұрақ туып, ізденуі мүмкін. Солардың қызығушылығын арттыру үшін ашық, жарқын түстерді пайдаландық, – деді Мұхит Мырзалиев.
Суретші жұмыс барысы туралы егжей-тегжей айтып берді.

– 200 шаршы метр аумақ, ауқымды жұмыс. Негізі екі аптадай уақыт жететін. Бірақ біресе қатты жел соғып, біресе жаңбыр жауып кедергі келтірді. Қосымша құрылыс та қол байлап, жұмысты үзе тұруға тура келді. Сонымен жоба үш аптаға созылды. Сурет салу кезінде америкалық стандартқа сай келетін аэрозольді бояу пайдаландық. Ерекшелігі, ол ыстыққа да, суыққа да төзімді. Әдетте зауыт өнім сапасы үшін 5 жылға кепілдік береді. Бірақ одан да ұзаққа шыдайтынына жеке тәжірибемде көз жеткізгенмін. Мысалы, Алматыдағы өзім тұратын үйдің қабырғасындағы суреттің сол күйі тұрғанына 12 жылдан асты, – дейді ол.
Мұхит Мырзалиевтің қос атасы – қазақ әдебиеті мен көркемсурет өнерінің көрнекті өкілдері. Өз атасы – ақын, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырзалиев болса, нағашы атасы – кескіндемеші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амандос Ақанаев. Суретшілік оған нағашы жұртынан дарыса керек. Бір сөзбен айтсақ, суретшілер әулеті. Өзі – графити және мурал өнерінің шебері. Туындыларының көбі Алматының төрінде тұр.
Даңғылды көркейту жоспарында сондай-ақ Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылының жалғасы ретінде Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейінгі аралықтағы Сырдария өзенінің қорғаныс бөгетін нығайту, 2,9 шақырымға созылатын автомобиль жолын салу қарастырылған. Жобаның жалпы құны – 5,3 млрд теңге. Онда Сырдария өзенінің жиегіндегі қорғаныс бөгетін нығайтып, 4 жолақты автомобиль жолының құрылысы мен ені 3 метр болатын жаяу жүргіншілер жолы көзделген.
Ал жуырда аймақ басшысының қолдауымен «Қызылжарма» каналы арқылы Тасбөгет кенті мен қала орталығын байланыстыра салынған автомобиль көпірі қолданысқа берілді. Жолдың кеңеюі және көпірдің салынуы көлік ағынын реттеп, кептелістің азаюына септігін тигізеді деп отыр мамандар. Ұзындығы 47 метр болатын көпір екі жолақты жолға салынды. Құрылыс жұмысы жарты жылға белгіленсе де, «Сервис НС» серіктестігінің құрылысшылары уақытпен санаспай еңбектенгеннің арқасында одан бұрын аяқтады.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»






