Доллар бағасы күн сайын шарықтап барады. Дүние жүзіндегі геосаяси жағдай мен қаржы нарығындағы тұрақсыздық көк қағаздың құнын көтеріп жіберді. Оның әсері қымбатшылыққа әкеліп соғатыны белгілі. Халықты алаңдататын да осы мәселе. Сондықтан да Үкімет пен Ұлттық банк валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін үйлестірілген шаралар қабылдауда.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров валюта бағамының түзетілуі тек сыртқы фундаменталды факторлардың ықпалынан туындаған құбылыс екенін айтты. Бірінші себеп – кейінгі айларда жаһандық доллар индексінің күшеюі, мұнайдың әлемдік бағасының біршама төмендеуі. Екінші – Ресей рублінің әлсіреуі. Ресей Қазақстанның ірі сауда серіктесі екенін ескерсек, рубль бағамындағы ауытқулар теңгеге әсер етуі мүмкін.
– Мұндай жағдайда Үкіметтің басты міндеті – азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайының нашарлауына жол бермеу, олардың әл-ауқатын қорғау, сондай-ақ кәсіпкерлерге келетін теріс әсерді азайту. Экономика мен халық үшін ықтимал теріс салдарды тұрақтандыру және барынша азайту үшін барлық қажетті шаралар қабылданатын болады. Үкіметтің бұл үшін жеткілікті ресурстары мен құралдары бар, – деді Н. Байбазаров.
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерді
Апта басында Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 15,25%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Бұл шешім инфляция мен экономиканың өсімі туралы жаңартылған болжамдар, нақты деректер мен тәуекелдер балансының нәтижелері бойынша қабылданғанын жеткізді. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қазан айында жылдық инфляция ұзақ уақыт баяулағаннан кейін 8,5%-ға дейін қайта көтерілген.
– Қыркүйекте ол 8,3% болған еді. Азық-түлік компоненті бойынша ғана төмендеу байқалады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны біршама артты. Инфляцияның көтерілуіне ақылы қызметтер бағасы әсер етіп отыр. Сервистік инфляцияның өсуіне реттелетін коммуналдық қызметтердің бағасы айтарлықтай үлес қосты. Қазан айында жекелеген нарықтық, атап айтқанда, байланыс пен көлік қызметтерінің бағасы да өсті. Қазан айында бағаның бір айдағы өсу қарқыны 0,9%-ға жетті. Бұл оның орташа тарихи динамикасынан біршама жоғары. Қазан айында ол 0,7% құраған болатын. Базалық және маусымдық факторлардан тазартылған инфляцияның көрсеткіштері биылғы шілдеден бастап жоғары болып қалды. Бұл экономикадағы проинфляциялық қысымды және инфляциялық үрдістердің тұрақсыздығын білдіреді. Қазан айында халықтың инфляциялық күтулері төмендегенімен, әлі де болса жоғары деңгейден түспей тұр. Алдағы бір жылда күтілетін инфляция 12,5% болды. Қаржы нарығында құбылмалылықтың артып келе жатқанын жеке атап өткім келеді. Бұл белгісіздіктің және инфляциялық күтулердің өсуіне әсер етуі мүмкін, – деді ол.
Сонымен сыртқы инфляциялық қысым артып келеді. Ұлттық банктің бағалауы бойынша бұл үрдіс келесі жылы да сақталуы мүмкін. Оның негізгі себептері – әлемде азық-түлік бағасының өсуі және Қазақстанның негізгі сауда серіктесі Ресейдегі жоғары инфляция. Мәселен, азық-түлік бағаларының индексіне келетін болсақ, еттен өзге барлық тауардың айтарлықтай қымбаттауы байқалады. Дәнді дақылдардың бағасы екі ай қатарынан өсті. Бұл үрдіс алдағы уақытта бірқалыпты сақталуы мүмкін. Осы ретте облыстық статистика департаментінен алынған мәліметті келтіре кетейік. Он айдың қорытындысы бойынша облыста азық-түлік тауарларының бағасы 3,8%, азық-түлік емес тауарлардың 6,3%, халыққа көрсетілетін ақылы қызметтердің бағасы 13,5% өскен.
Теңге бағамы әлсіреп, валюта нарығында Ұлттық банк интервенция жасап, базалық ставканы көтерді. Бұл нені білдіреді? Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты Абай Шайнуровтың айтуынша, оған бірнеше себеп бар.
– Трамп Америка Құрама Штаттарының президенті болды, доллар индексі көтерілді, негізгі экспорттық тауарымыз мұнай бірте-бірте арзандады, ал Ресей Федерациясында рубль құлдырады, шикізат ресурстарын сатқаны үшін Еуропадан валюта алып отырған Ресейдің «Газпромбанкі» санкцияға ұшырады. Бұл факторлар біздің валютамызға қалай әсер етеді? Доллар индексі (DXY) арқылы қадағаланатын АҚШ доллары американлық компаниялар үшін қолайлы инвестициялық климаттың күтілуіне байланысты өсуде. Нәтижесінде американлық активтердің тартымдылығы артып, доллар индексі 107,5 деңгейіне жетті. Қазіргі уақытта толқу басылғаннан кейін индекс төмендеуді жалғастыруда және 105,7-ні құрайды. DXY доллар индексінің нығаюы барлық дамушы елдердің валюталарына қысым жасауда. Орта мерзімді перспективада Трамптың шаралары, оның ішінде кедендік тарифтерді енгізу долларды одан әрі түзетуге ықпал етуі мүмкін. Осылайша, доллар төңірегіндегі уақытша дүрбелең басылады, ал UBS болжамы бойынша бағам 2025 жылдың соңына қарай еуромен 1,12 паритетіне оралады.
Қазақстан экономикасы мұнай кірістеріне тәуелді болып қала береді, экспорттың шамамен 57%-ы мұнай мен газға тиесілі. Мұнай бағасыны және сату көлемінің төмендеуі экспорттан түсетін валюталық түсімдердің, қорлардың азаюына және алыпсатарлық қысымның күшеюіне байланысты теңгені әлсіретуде. Қалай болғанда да, теңгенің динамикасына еліміздің ірі сауда серіктес елдері – Қытай мен Ресей Федерациясының валюта бағамдары тікелей әсер етуде. Рубльдің әлсіреуі сауда байланыстары мен баға бәсекелестігі арқылы теңгені әлсіретуде. Сонымен қатар теңгенің бағамына экономикалардың өзара байланысы мен аймақтан капиталдың кетуіне байланысты алыпсатарлық қысым да артып отыр. Осы факторлардың жиынтығы теңгені әлсіретіп Ұлттық банктің араласуын қажет етті, – дейді ғалым.
Сарапшылар не дейді?
Доллардың өсуі, теңгенің әлсіреуі халыққа қалай әсер етеді? Бұл жайында сарапшылар не айтады? Төмендегі қаржы саласының мамандары берген пікірлерге көз жүгіртейік.
Қаржыгер Жасұлан Көшербаев: «Бізде көптеген зат импортталады. Импорттан алынатын техника, азық-түлік, тұтыну тауарлары, киім-кешек бағасы алдағы айдан бастап қымбаттайды. Одан бөлек бизнеске де зиянын тигізуі мүмкін. Осы жағын да ескеру керек. Алдағы уақытта қымбатшылық күтіле ме дегенге келсек, күні кеше Ұлттық банк ресми мәлімдеме жасады. Жалпы квазимемлекеттік сектор кірісінің 50 пайызын доллардан теңгеге ауыстыру керек. Әрине, бұл алдағы уақытта қысқа мерзімде теңгенің қайтадан тұрақталуына, доллар бағамының қымбаттап кетпеуіне әкеледі. Сыртқы факторларға тоқталатын болсақ, әрине, бұл – доллардың күшеюі. Доллар тек теңгенің құлдырауы деп түсіндіруге келмейді, себебі көптеген әлемдік валюта бар. Оның ішінде еуро, фунт стерлинг болсын, долларға шаққанда құлдырап жатыр. Дәл сол сияқты біздің теңге де ілесіп келеді. Доллардың индексі соңғы уақытта бес пайызға өскенін Ұлттық банк те атап өткен болатын, яғни бұның басты себебі АҚШ-та үлкен сайлау өтті, Дональд Трамп президент болды, оның АҚШ-қа келетін импортты азайтамын деген уәдесі бар. Импортты азайтатын болса, доллар алдағы уақытта әлі де көтеріледі деген сөз. Мұнайды шығаруды дамытамын деген уәдесі бар. Бұл да халықаралық нарықта мұнай бағасына әсер етуі мүмкін. «Қара алтын» бағасының төмендеуі халықаралық аренада жалпы теңгенің әлсіреуіне алып келеді», – дейді.
Экономист Мақсат Халық: «Интервенция басталды. Ұлттық банк ол арқылы доллар бағамын қайтадан 500-ден төмен түсіруге әрекет жасап жатыр. Дейтұрғанмен, алдағы уақытта негізінен 500, одан астам бағамды көру қалыпты дүниеге айналады. Әрине, бірінші кезекте импорттық тауарлардың қымбаттауына әкеледі. Әсіресе сырттан келетін, кәсіпкерлер долларға алып келетін тауарлар құнының өсіміне ықпалын тигізеді. Өкінішке қарай, Қазақстанда импорттық тауар болмаса да, доллар өсті деп бағаны қымбаттату әдеті бар. Сондықтан да бұл кәсіпкерлердің жеке өзінің шешіміне байланысты. Бірінші кезекті пайда тұрғандықтан, көп кәсіпкер доллардың өз кәсібіне әсері болмаса да, елде өндірілген тауар болса да, бағасын өсіруге әрекет жасайды. Өйткені бәрі қымбаттап жатыр деген сылтау. Сыртқы факторларды негізінен геосаяси факторлар деп айтушы едім. Оның ішінде қазір Ресейде рубль қатты құнсызданып жатыр. Көрші елдегі инфляциялық үрдістердің күшеюінің белгілі бір дәрежеде біздің нарыққа да ықпалы бар. Екінші фактор – жалпы әлемдегі жағдай. Дүние жүзінде қаржы нарығында тұрақсыздықтар байқалып тұр. Көп инвесторлар өз қаражатын сақтау үшін алтынға инвестиция салуда. Сол себепті алтынға деген сұраныс қатты артқан, оның бағасы да рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл – әлемде қаржылық тұрақсыздық орын алуы мүмкін деген сигнал. Салыстырмалы түрде айтсақ, Қазақстанға да қауіп төндіріп тұр деп айтуға негіз бар. Енді қандай реформа қажет дегенге келсек, егер инфляция төмен болса бұл елдің жағдайын қатты төмендетіп жібереді деген дүниеден аулақ болайық. Ұлттық банк қазір инфляцияны ақырындап түсіріп келе жатыр. Осы жолы Ұлттық банк пен Үкімет консенсус жасап, инфляцияны бес пайыздық дәрежеге дейін түсіреміз деген келісімге келіп жатқан көрінеді. Бұл саясаты дұрыс қадамдар деуге негіз бар. Тиісінше сол арқылы теңгенің құны сақталады деп айтуға болады», – деп ой қорытқан.
Экономист Бауыржан Мәденов: «Рубльдің әлсіреуі теңгенің бағамына қысым көрсете беретіні сөзсіз. Өйткені тарихи тұрғыда біз рубльдің бағытында қозғаламыз. Дегенмен, теңгенің құнсыздануы рубль қарқынына қарағанда біршама баяу. Себебі, бізге санкциялық қысым жоқ, валютаның экспорттық тасқыны шетелден еркін келеді»,– деп атап өтті.
Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев: «Ресейлік валютаның бағамы 125 рубльге дейін түсіп кетсе, Қазақстанда америкалық валюта 600 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін. Оған жол бермеу үшін Ұлттық банк рубль-теңге теңгерімді арақатысын құрбан етіп, сол арқылы біздегі доллар бағамының 600 теңге және одан жоғары шығандауына тосқауыл қоя алады. Бұл мақсатта рубль-теңге арақатысы «1 рубль үшін 4,2 теңге» межесіне дейін құлдыратылады. Оның мысалы бар, 2022 жылы Украинаға қарсы соғысын бастағанда Ресейде 1 доллардың бағамы 150 рубльге дейін өсіп шыға келді. Оның ізімен бізде доллар бірден 520 теңгеге жетті. Егер Ұлттық банк 5 теңге кросс-курсын ұстап тұрғанда, бізде доллар 750 теңгеге жетіп, бұл біз үшін алапат апат болатын еді», – деген пікірін жариялады.
Тұрғын үй қымбаттай ма?
Қазақстандағы доллар бағамының өсуі тұрғын үй нарығына қалай әсер етеді? Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мемлекеттік бағдарламалар арқылы берілетін үйдің бағасы, доллар бағамының өскеніне қарамастан тұрақты болатынын айтты.
– Мемлекет бағаның жоғарғы шегін бақылайды. Өткен жылмен салыстырғанда биыл да өзгерістер күтілмейді. Оған екі себеп бар. Біріншіден, бізде құрылыс материалдарының шамамен 70%-ы елімізде өндіріледі, яғни цемент, бетон Қазақстанда шығарылады. Бұл жағдайда бізде әлеуметтік бағдарламалар бойынша бағаны шектеуге мүмкіндігіміз бар және мемлекет бұл жұмысты жүргізеді. Ал жеке нарықтағы баспаналардың бағасы нарықтық сұранысқа сай құбылуы мүмкін. Өйткені бұл – нарық, – деді министр.
Биылғы статистикаға зер салайық. Жыл басынан бері тұрғын үй құрылысы мен баспана бағасында өсім байқалады. Мысалы, биыл жүргізілген құрылыс жұмыстарының 14,3%-ы тұрғын үйге тиесілі. Пайдалануға берілген үйлердің жалпы алаңы өткен жылға қарағанда 6,2% өскен. Баспананың басым бөлігі Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында салынған. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, бір жылда жаңа тұрғын үй бағасы 2,3% артқан. Таразда 8,6%, Ақтөбеде 7,9%, Талдықорғанда 7,2%, Көкшетау мен Қызылордада 7,1% жоғарылаған. Қайталама тұрғын үй нарығы да көңіл көншітпейді. Бұл бағытта Атырау (24,7% өсім), Астана (11,3% өсім) көш бастаса, тұрғын үйді жалға алу бағасы бойынша Орал (24,2% өсім), Шымкент (21,9% өсім), Петропавл (21% өсім) алда.
Ал облыстық статистика департаментінің берген мәліметтерінде 10 айда құрылыс жұмыстарының көлемі 193931 млн теңгені немесе 2023 жылғы қаңтар-қазанына 150,2% құраған. Жыл басынан пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 7,4% өсті, яғни 697 мың шаршы метр, оның ішінде көппәтерлі тұрғын үйлер 81,7% (45,2 мың шаршы метр), жеке 1,3% (632,2 мың шаршы метр).
Жалпы баспана нарығындағы жағдай тұрақты емес. Сарапшылардың пікірінше, инфляция кезінде нарықты арзандату мүмкін емес, бірінші инфляцияны ауыздықтап алу керек. Барлық пайыздық мөлшерлеме түскеннен кейін, яғни 8-9 пайыз шамасына оралса, азаматтардың нарықтан үй алуы жеңілдейді. Өкінішке қарай, қазір инфляциямен күрес үшін нарықтық ставкалар көтерілген. Сол себепті баспана мәселесін бірден шешу қиындау.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<