Донор болу – игі іс

5

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Денсаулық сақтау министрлігі жалпыұлттық әлеуметтік бастамаларды қолдау шеңберінде ақпан айын өтеусіз қан тапсыру айы деп жариялады. Бұл бас­тама ерікті әрі өтеусіз донорлық мәдениетті дамытуға, қоғамда жауапкершілік, өзара көмек және гуманизм құндылықтарын нығайтуға бағытталған.

– Қан донорлығы – бір реттік акция емес, адам өмірін сақтаумен және денсаулық сақтау жүйесін қолдаумен тікелей байланысты, сондай-ақ, өзін-өзі тәртіпке келтіру, саналы көзқарас пен ерікті қатысу сияқты құндылықтарды дәріптейтін тұрақты қоғамдық қозғалыс. «Бұл жыл бүкіл әлемде Халық­аралық еріктілер жылы аясында өтуде. Өздеріңізге белгілі, бұл бастаманы мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 75-сессиясын­да көтерген болатынмын. Біздің ұсы­нысымыз жаһандық қолдауға ие болды. Қазақстан озық мемлекет ре­тінде бүкіл адамзатқа ортақ құн­ды­­лықтарды ілгерілетіп, оларды бо­лашақ ұрпаққа жеткізуде» деп Мемлекет басшысы жуырда Еріктілер фо­румындағы сөзінде атап өтті.

Ақпан айы бойы еліміздің бар­лық өңірінде ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары, тақырыптық акция­лар, донорлармен және әріптес­термен кез­десулер, сондай-ақ қан орталық­та­рында жастарды тартуға басымдық берілген арнайы бағдарламалар өт­кізу жоспарланған. Акция шеңберінде кез келген азамат игі ниет танытып, қан тапсыра алады, – деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында.

Елімізде жыл сайын 180 мыңнан астам азамат донор атанып, олар жиынтығында қан мен оның ком­по­ненттерінің 250 мыңнан астам до­нациясын жүзеге асырады. Жыл сайын 80 мыңнан астам пациентке қан компоненті құйылады, ал транс­фузиялардың жалпы саны шамамен 400 мыңға жетеді.

Бір адамның жасаған қайырымды ісі екінші біреудің өмірін сақтап қалуы мүмкін. Осы орайда, қоғамда өзара көмек, жанашырлық және азаматтық белсенділік құндылықтарын нығайту аса маңызды. Өтеусіз донор болу – бұл тек медициналық көмек емес, үлкен жүректің, жоғары жауапкер­шіліктің белгісі.

Аталған акция біздің аймағымыз­да да айрықша белсенділікпен жүргі­зі­луде.

– Біз, медицина қызметкер­лері, бұл игі бастаманы толықтай қолдай­мыз және халықты қан доноры болуға, адам өміріне бейжай қарамауға ша­қырамыз. Бір тамшы қан – бір өмір деген ұстанымды басшылыққа ала отырып, қан донорлығы көптеген нау­қастың өмірін сақтап қалуда ше­шуші рөл атқаратын аса маңызды қоғамдық іс екенін айтқымыз келеді. Ота кезінде, ауыр дерттермен күресте және шұғыл медициналық көмек көр­сету барысында донор қанына де­ген сұраныс әрдайым жоғары. Сон­дықтан тұрақты және саналы донорлық қозғалысты қалыптастыру – қоғам алдындағы ортақ міндет, – дейді облыстық қан орталығының директоры Жалғасбек Үсенов.

Облыстық қан орталығы қала­да­ғы және 7 аудандағы 17 медицина ұйымын қан өнімдерімен қамтамасыз етеді. Жылына орта есеппен 13000-нан астам облыс тұрғыны қан тап­сыруға ниеттенеді. Солардың ішінен 10000-нан астамы қан тапсырады, қалғандары денсаулығына байланысты және әртүрлі себептермен шет­тетіледі. Былтыр донорлардан 8948,2 литр қан дайындалған. Қан­нан дайындалған құрамдас бөлік­тері емдеу мекемелерінің сұранысы бойынша жіберіліп отырады. Атап айтқанда, былтыр 7800 доза құра­мында эритроциттері бар орта, 4792 доза жаңа мұздатылған плазманың барлық түрі, 3306 доза тромбоцит, 187 доза криопреципитат, 82 доза лейкоциттік масса берілген.

Бір рет қан тапсырған донор ор­та есеппен үш адамның өмірін араша­лайды екен. Жалпы өңірдегі донор­лардың жасы әртүрлі. Былтыр 57 пайызы ер адам, 43 пайызы әйел­дер болған. Мамандардың айтуынша, қан тапсырудың еш зияны жоқ. Керісінше, денсаулыққа пайдалы. Бі­ріншіден, донор тұрақты түрде ме­ди­циналық бақылауда болады, екін­шіден қан жасушалары жаңарып, иммунитеті көтеріледі.

Айта кетейік, 2024 жылға дейін қан орталығы көпбейінді облыстық аурухананың қан құю бөлімшесіне арналған бөлмелерде, небәрі шағын аумақта орналасып келді. Бүгінде Сыр­да­рия өзенінің сол жағалауында бой көтерген жалпы алаңы 2,4 гектар, құны 2,7 млрд теңгені құрайтын жа­ңа ғимаратқа көшті. Орталық 913 млн теңгеге заманауи медициналық құ­рал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Жаңа ғимаратта трансфузиялық терапияның және халықаралық тәжі­рибеге сай облыстық қан қызметін құ­руға, науқасқа құйылатын қан жә­не оның компоненттерінің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға мүмкін­дік туды.

– Өтеусіз ерікті донорлар санын көбейту үшін қала бойынша волонтерлер және блогерлермен, қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыс орна­тып, үгіт-насихат жұмыстарына жұ­мыл­дыру үздіксіз жүргізілуде. Бел­сен­­ді меке­мелеріміз бар, олар – облыс әкі­­мінің аппараты, денсаулық сақтау басқармасы, полиция департа­менті, төтенше жағдайлар департа­менті, дін басқармасы, облыстық көпбейінді ау­рухана, перинаталдық орталық, пси­хо-неврологиялық аурухана, 6 қала­лық емхана, жылу-электр орталығы.

Қан тапсырудың бірталай артық­шылығы бар. Біріншіден, бірнеше адамның өміріне араша түсетін игі іс жасағаныңды білгендіктен туындайтын қуаныш пен бақыт сезімі. Екін­шісі, донорлар міндетті түрде тек­серіп-қараудан өтеді, яғни өз қан тобын білу, В және С гепатиттері, мерез, АИТВ инфекциясының маркер­леріне зерттеу үшін тегін тексеріледі. Үшіншісі, қан тапсырған кезде ағза қан жасаушы органдардың қызметін ынталандырады, сол арқылы қан құрамы жаңарады, адамның жалпы жай-күйін жақсартады, еңбекке қабілетін арттырады. Төртіншісі, тұ­рақты донорлық семіздіктің алдын алады, жаңа алынған қанның бір донациясы барысында адам 650 ккал, плазма донациясы кезінде 470 ккал жоғалтады. Әйелдер үшін бұл жас, әдемі және сымбатты болудың тағы да бір таптырмас жолы. Соны­мен қатар, ерлер артериялық қан қы­сымының көтерілуіне жиі душар болады, донорлық  қан қысы­мын, сондай-ақ  жүрек пен тамыр ауруларының қатер-қаупін тө­мен­детеді. Алтыншысы, қанның жа­ңаруы өз кезегінде асқазан-ішек жол­дары, оның ішінде бауыр аурула­рының баға жетпес профилактика­сы. Нә­тижесінде донорлардың бет-әл­петі жақсарады, ал терісі жар­қы­­раған және таза болады. Жетін­шісі, тұрақты донор қан кеткенде төзімді болады, өйт­­кені олардың қан тапсырмаған адамға қара­ғанда, қан кету реакциясы жат­тық­тырылған. Сегізінші, қан донорлығы онкологиялық ауру­ларға шал­дығудың қауіп-қатерін төмен­де­теді. Тоғызыншы, қан тапсыру адам өмірін 5-7 жылға ұзартады, – дейді Жалғасбек Тұрлыбекұлы.

Айлық басталған он күнде 497 донация жүзеге асырылған, оның іші­нен құрамында эритроциттері бар орта 442, тромбоциттер – 55. Ал меди­цина ұйымдарына  сұранысқа сәйкес 356 доза құрамында эритро­цит­тері бар орта, 173 доза жаңа мұздатылған плазманың барлық түрі, 88 доза тромбоцит берілген. Акцияға барлық басқарма басшылары, емдеу мекемелерінің қызметкерлері атсалысып, қан тапсыруда.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»