Облыстағы іргелі шаруашылықтың бірі – «Мағжан және К» ЖШС Сырдария ауданына қарасты Н.Ілиясов ауылында 4900 гектарға жуық алқапқа күріш егеді. Жылма-жыл үздіктер қатарынан көрініп жүрген серіктестік биыл да сол сенім үдесінен шығуға күш салып отыр. Көктемнің әр күнін қалт жіберместен күзгі мол несібеге негіз қаламақ.
Серіктестік бас директорының орынбасары Сағидолла Сыздықов күріш егісі дер уақытында басталғанын айтады. Күн қабағы да қарасып тұр. Ауа райының қолайлы болуы егіншілердің екпінді еңбегіне септігін тигізді. Сәуір айының үшінші онкүндігінен бастап күріш егісі қолға алынды. Қазір дала қосында қайнаған қызу тіршілік.
– Біз үшін әрбір жаңа маусымның жауапкершілігі бар. Рас, кейінгі жылдары алдымен судың жағдайына алаңдайтын болдық. Облыс басшылығының қолдауымен өңірде аталған мәселе дұрыс шешіліп келеді. Десе де бұрынғыдай ел-сел ағып жатқан судың көзі жоқ. Әрбір тамшы судың қадірі артып тұр.
Сондықтан осы бағытта тиімді жобаларды жүзеге асырып келеміз. Шаруашылыққа қарасты егістік алқабын түгелге дерлік лазерлік тегістеуге жол ашылды.
Бұл судың тиімді жұмсалуына үлкен септігін тигізеді. Сондай-ақ ысыраптың алдын алу үшін барлық каналдарды қамыс және өзге де өсімдік түрлерінен тазартуға мән берілді. Осылайша су шығынын азайтуға негіз қаланды, – деді ол.
Шаруашылық еңбеккерлері күріш егісі басталғанша өзге де дақылдарды егіп үлгерді. Осының нәтижесінде 1500 гектарға жоңышқа және бидай себілді. Дала қосында шаруашылық басшысы Еркебұлан Ералиев пен бас агроном Ержан Натишаев еңбекші қауымды игілікті іске жұмылдырып келеді.
– Қай кезде де тұтынушы талғамына сай өнім шығаруға көңіл бөлеміз. Сол себепті алыс және жақын шетелден, еліміздің өзге өңірінен сұраныс танытқандар аз емес. Алдымен судың жағдайы мен күріштің тез пісетін сорттарына маңыз аударып отырмыз. Оған қоса сапалы өнім шығару – негізгі талаптың бірі. Өздеріңіз білетіндей, әлемнің күріш өсіретін көптеген елдері өз өнімдерін сатуды ұлғайтуға тырысады. Бұл – қыруар қаржының көзі. Осыған байланысты өнімнің тұтынушы талғамынан толықтай шығатын сорттарын егуге назар аудардық. Бұрынғы жылдары егіп жүрген күріштің кейбір сорттары ескірді. Түрлі ауруға шалдығу жағдайы кездеседі. Шаруашылықта 30-дан астам шетелдік және отандық сорттар бар. Кейбірі сынақтан енді өткізіліп жатса, ендігі бірінің бұдан бұрынғы жылдарда тиімділігі дәлелденген, – деді С.Сыздықов.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, биыл өңірде 193,7 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Оның ішінде күріш егісі 85,9 мың гектарды құрайды. Екі аптадан астам уақыт ішінде 14,4 мың гектардан астам күріш егіліп, 59,6 пайызы суға бастырылды.
Шаруашылық құрылымдары қажетті тұқымдық материалдарымен толық қамтамасыз етілген. Қажетті 64,6 мың тонна минералдық тыңайтқыш толығымен жеткізілсе, 74,1 мың литр гербицидтің 43 пайызы сатып алынды. Шаруашылықтар еншісіндегі 4046 ауыл шаруашылығы техникасы толық жөндеуден өткізілген.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»





