Екі бірдей жұмысшы мамандығын игерген

317

0

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Шалқия Цинк LTD» акционерлік қоғамының полиметалл кен орындарын игеру арнайы жобасы бойынша жылына 4 миллион тонна кен өңдеу жоспарланған.

Қазіргі уақытта жер­­асты жұмыстары бас­талды. Өн­діріс осы жылдың II тоқ­санында, ал байыту фабрикасы 2026 жылы іске қосылмақ. Оған дейін «Шалқия» кені елі­міздегі басқа байыту фа­брикаларында өңде­ле­тін болады.

Қазір кәсіпорында 500-ден ас­там адам жұмыс істейді, ал фабриканы іске қосқаннан кейін 1500-ге артады деп жоспарланып отыр.

Өндірісте тәжірибелі мамандармен қатар, өз мамандығын же­тік меңгерген жігерлі жастар да жетерлік. Соның бірі – Мұхамед­жан Амангелді.

Ол Жаңақорғандағы №110 мек­теп-лицейінде орта білім алып шық­қаннан кейін  нағашы ағасы­ның кеңесімен Рудный индус­­­триялық институтына оқуға түсіп, оның тау-кен металлургиялық факультетінде білім алды. Диплом алды өндірістік тәжірибесін елімізге белгілі «Соколов-Сарыбай» кен орнында өткізіп және осы жерде оның жұмысы өте жақ­сы бағаланды.

2021 жылдан бастап «Шалқия Цинк LTD» акционерлік қоғамын­да желдету цехының шебері, одан кейін бұрғылаушының көмекшісі қызметін жас маман абыроймен атқарып жүр.

– Мен екі бірдей жұмысшы мамандығын игеріп алғанымды мақтан тұтамын, ол үшін тәлім­герім, тәжірибелі маман Әзілхан Байжановқа алғысым зор.

Кәсіпорнымыз қайта жанданып, жақын арада кен байыту комбинаты іске қосылады деген хабарды естіп, қуанып қалдым. Сол кезде мен сияқты жастар жұ­мысқа көптеп қабылданады. Ол үшін қазірден бастап техникалық мамандықтарды игерген ләзім, – деді бізбен әңгімесінде М.Аман­гелді.

Біздің кейіпкеріміз көпбалалы отбасында туып-өскен. Әкесі Мұх­­тар Шеров – кәсіпкер, анасы Ақ­­жайқын Байжанова – бастауыш пәнінің мұғалімі. Өзі екі жыл бұ­рын шаңырақ көтерді. Қазір био­логия пәнінің мұғалімі болып жұ­мыс жасайтын жары Нұрайлым Алтын­бекқызы екеуі екі жасар ұлын тәрбиелеп отырған, жа­ра­сым­ды  отбасы.

Мақсұт ИБРАШЕВ.

Жаңақорған ауданы