Екіжақты қатынастың жаңа кезеңі

261

0

Фото: Ақорда

Ақордада елімізге ресми сапармен келген Словакия Премьер-министрі Роберт Фицоны салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Роберт Фицо бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң Қазақстан мен Словакияның мемлекеттік әнұрандары шырқалды.

Президент шағын құрамдағы келіссөз бары­сында Премьер-министрдің елімізге жасаған сапары қазақ-словак серіктестігін нығайтып, екіжақты қатынастардың жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті.

Шағын құрамдағы кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Роберт Фицо келіссөзді екі ел делегацияларының қатысуымен жалғастырды.

Мемлекет басшысы Словакияны Қазақстанның Еуропадағы маңызды әрі сенімді серіктесі ретінде атады.

– Словакия – Еуропа Одағына мүше мем­лекеттердің ішінде айтарлықтай белсенді әрі қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі. Бұл жетістік сіздің Үкімет басшысы ретіндегі көреген көшбасшылығыңызды көрсетеді. Словакияның аймақтық және халықаралық істерге қатысты айқын ұстанымы сіздің сындарлы жаһандық дамуға бейіл екеніңізді дәлелдейді. Мен саяси диалогтың беки түскенін, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықтың дамуын, сондай-ақ көпжақты форматтағы ықпалдастықтың тиімді іске асырылуын жоғары бағалаймын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Астана мен Братислава арасындағы ынтымақтастық берік құқықтық базаға арқа сүйейді. Ол барлық бағытты қамтиды. Қазақстан Словакиямен күн тәртібіндегі екіжақты және көпжақты серіктестікті тереңдетуге ниетті.

Мемлекет басшысы экономикалық әріп­тес­тікке баса назар аудару қажет деп санайды. Былтыр тауар айналымы 140 миллион долларды құраған. Қазақстанда Словакияның 30-дан астам компаниясы жұмыс істейді және 22 бірлескен кәсіпорны түрлі секторда қызмет етіп жатыр.

Қазақстан Президенті ынтымақтастық­ты одан әрі әртараптандырудың маңызына тоқталды. Мемлекет басшысы энергетика, өнеркәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы, логистика, цифрландыру, аса маңызды шикізат материалдары, білім және туризм салаларында мол мүмкіндік бар деп санайды.

Словакия Премьер-министрі Мемлекет басшысына өзіне және делегациясына қазақ жерінде көрсетілген құрмет үшін алғыс айтты.

– 1944-1945 жылдары Словакияны азат етуге қосқан өлшеусіз үлестеріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Кеңес әскері сапында Қазақстанның миллионға жуық сарбазы қан майданда шайқасты. Олардың ішінде 60 мыңға тарта жауынгер Словакияны жаудан қорғау үшін жанын пида етті. Сол сұрапыл уақытта Словакияға жасаған жақсылықтарыңызды ешқашан ұмытпаймыз. Жоғары Мәртебелі, сіздің еліңізді дамытуға және Әділетті әрі Өркендеген Қазақстанды құруға ба­ғытталған өршіл бастамаларыңызды асқан қызығушылықпен бақылап отырмыз. Еуропа Одағындағы әріптестеріме тек Ұйым шеңберіндегі жұмыспен шек­тел­мей, әлемге кеңінен қарап, өзге де мем­ле­кеттердің жетістіктерін зерделеу керек екенін үнемі айтып келемін. Біз дүние жүзіндегі серіктестерімізбен белсенді ық­палдастық орнатып, ынтымақтастықты ны­ғайта беруіміз қажет, – деді Роберт Фицо.

Келіссөз барысында тараптар қазақ-словак байланысын дамытуға ықпал ететін серіктестікті одан әрі нығайтуға, жаңа бастамаларды іске асыруға бейіл екенін растады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Словакия Премьер-министрі Роберт Фицо БАҚ өкілдері алдында сөз сөйледі. Мазмұнды келіссөз барысында қазақ-словак ынтымақтастығының аясын кеңейту мәселесі талқыланғанын және нақты уағдаластықтарға қол жеткізілгенін атап өтті.

– Екі ел арасында ешқандай түсініс­пеушілік жоқ, кең ауқымды ынты­мақтастыққа – жол ашық. Себебі, Қазақстан мен Словакияның сан қырлы байланысын күшейту қос халықтың мүддесіне сай келеді. Словакия – экономика тұрғысынан алып қарасақ, қарқынды дамып келе жатқан ел. Сондықтан Қазақстан Словакиямен қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға баса мән бермек. Біз сауда-саттық көлемін одан әрі арттыру мәселесіне тоқталдық. Инвестициялық ықпалдастықты терең­детуге назар аудардық. Бұл тұрғыдан алғанда Үкіметаралық комиссия маңызды рөл атқарып келеді. Мен Комиссияның тең төрағаларының деңгейін министр дәрежесіне көтеруді ұсындым. Қазақстан Словакияға мұнай-газ, уран, азық-түлік өнімдерін және басқа да тауарларын экспорттауға дайын. Сондай-ақ энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, туризм саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Әскери-техникалық байланыстың әлеуеті зор. Бұған қоса, біз келіссөздер барысында Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін бірге пайдалану жайын талқыладық. Бұл – стратегиялық маңызы бар сауда жолының бірі. Мен словакиялық серіктестерімізді осы дәлізді дамыту жобасына қатысуға шақырдым. Бұл саладағы ықпалдастық өзара сауда-саттыққа тың серпін беруге тиіс, – деді Президент.

Өз кезегінде Словакия Премьер-министрі сапар барысында екіжақты қатынастардың барлық саласы тал­қы­ланғанын айтып, келіссөздер қорытын­дысын жоғары бағалады.

– Біз алға қарай үлкен қадам бастық. Бүгінгі уағдаластықтар қол қойылған тиісті келісімшарттар мен өзара тиімді ынтымақтастықта айқын көрініс табады деп ойлаймын, – деді Роберт Фицо.