Еңбек адамы дәріптелген жыл

28

0

Фото: Толқын газеті

Мемлекет басшысының Жарлығымен өткен жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп аталды. Аймақта атаулы жылда атқарылған жұмыстарды сараласақ, жастардың тегін кәсіптік білім алуына барынша мүмкіндік жасалып, мемлекеттік тапсырыс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 700 орынға артқан.

Айталық, өңірде 28 колледж бар. Онда 87 мамандық 135 біліктілік бойынша 20 562 студент білім алуда. Оның ішінде 19 колледжде 37 мамандық 53 біліктілік бойынша 5469 жұмысшы кадрлар даярланады.

Жыл аясындағы жемісті жұмыс­тардың қатарында атап өтуіміз керек, өңірдегі колледждер 7 ха­лықаралық, 98 республикалық, 56 аймақтық оқу орындарымен, 161 ынтымақтастық меморан­дум жасасты. Аталған келісім аясында Түркия, Қырғызстан, Германия, Ресей, Латвия, Өзбекстан, Польша мем­ле­кет­теріндегі оқу орын­дарымен тә­жірибе алмасып, уақыт талабына сай сапалы мамандар даяр­лауға мүмкіндік арта түспек.    

Соның бір көрінісі, И.Әбді­кәрімов атындағы Қызылорда поли­тех­никалық жоғары колледжі энер­гетика және құрылыс мамандықтары бойынша АРЕС Training Center тре­нингтік орталығы арқылы халық­аралық аккре­дитациядан өтті.

Колледж директоры Абайбек Жүнісовтің айтуынша, білім беру са­ла­­сындағы халықаралық ынты­мақтастық – сапалы және заманауи оқытуды дамытуда маңызды рөл атқаратын негізгі факторлардың бірі. Ол озық педагогикалық тәжірибе алмасуға, студенттер мен оқыту­шылардың ака­демиялық ұтқырлығын арттыруға, сондай-ақ жаһандық ойлау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

– Халықаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжі  және Германияның Seven Rivers Technologies ком­паниясы және Польшаның Wsg Bydgoszcz университеті арасында ынты­мақтастық туралы меморандум жа­салды. Ме­морандум бойынша кол­ледж Қызылорда қаласындағы шыны зауытына маман­дарды дуальдық жүйеде дайындауға көшті. Seven Rivers Technologies ком­паниясы Horn Glass Industries AG неміс компа­ниясының жаб­дықтары мен тех­но­­логиясын пайдалана отырып, шыны ыдыстарды шығарады. Seven Rivers Technologies компа­ниясының өндірістік қуаты – жылына 220 миллион шыны ыдысы.

И.Әбдікәрімов атындағы Қызыл­орда политехникалық жоғары колледжі бастаманы қорғау қоғамдық бір­лес­тігімен біріге отырып, 2024 жылдың қараша айынан бастап бүгінгі уақытқа дейін Германиядан SES эксперттері «Электрлендіру», «Құры­лыс», IT, «Ав­то­­мобиль көлігіне техни­калық қыз­мет көрсету, жөндеу және пай­далану» ма­ман­дықтары бойынша кәсіби білікті мамандар колледж оқы­тушыларына тә­жірибелерін бөлісті. Осылайша SES қайта даярлау, біліктілік арттыру, жаңа әдістерді енгізу, техникалық және эко­но­микалық мәселелерді шешу қыз­мет­тері бойынша өзара ынты­мақтастық ны­ға­йып келеді, – дейді колледж директоры.

Бұдан бөлек, колледж 2024 жылы «Электрмен қамтамасыз ету» өткен жылы «Құрылыс» маман­дықтары бойынша «Жобалық басқару» біліктілігімен Флорида (АҚШ) штатындағы NCCER орта­лығы білім беру қызметінің ха­лық­аралық салалық аккредиттеуінен өткен. Нәтижесінде «Коммерциялық элек­трик» біліктілігімен 11 түлек халық­аралық сертификатталса, «Жо­балық басқару» біліктілігімен 15 білім алушы сертификатталуға дайындық үстінде. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылы да жалғасын тауып, City and Guilds компаниясынан  «Ветеринария» мамандығын өткізу жоспарлануда.

«Жұмысшы мамандықтары жы­лында» М.Ықсанов атындағы техни­калық – IT жоғары колледжінде «Құзы­реттілік орталығы», «Мансап ор­та­­­­лы­ғы» және «Бизнес-стартап» жо­ба­сы жүзеге асырылса, Арал ин­дустриалды-тех­никалық және Қызыл­­орда құрылыс және бизнес кол­леджі базасында тігін цехы ашылды.

Колледж ди­рек­торының оқу-өн­дірістік жұ­мыс­тар жөніндегі орын­басары А.Ертілеуованың айтуынша, «Бизнес стартап» орталығында кол­ледж түлектерінің әзірлеген кә­сіп­керлік жобаларына құқықтық, заң­нама­лық тұрғыда көмек көрсетіледі. Ал «Мансап орталығы» оқу орнын бітіруші тү­лектерді «Еңбек KZ» порталына тіркеп, бос жұмыс орындары жәрмең­кесіне қатысуына қолдау көрсетеді. Сондай-ақ білім алушылардың тәжіри­беден өтетін базалық ме­кемелер аясын кеңейту, дуальдық оқытудағы маман­­дықтарға әлеуметтік серіктестер табу, түлектерге мамандық таңдауда бағыт-бағдар беруді жүзеге асырады.

– Бұл ретте М.Ықсанов атындағы  Қызылорда тех­никалық – ІТ жоғары колледжі мен облыстық кә­сіпкерлер палатасы, облыс­тық жұмыспен қам­туды үй­лестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасының «Еңбек мобильділігі орталығы» мекемесі ара­сында мемо­рандумға қол қойылды.

Оқу орнының баста­ма­сымен «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалының облыс бо­йынша кәсіби даму инсти­туты, Respublica партиясы облыс­тық филиалы және Venera Print жарнама агенттігі ара­сын­да тұрақты әріп­тестік байланыс  орнатылған. Бұ­дан бөлек, кол­ледж түлектері Hyundai Avto Kyzylorda ЖШС жеңіл авто­көлік­терді жөндеу орта­­лығы, «Хан» ЖШС темір бұйым­дарын дайын­дау цехында өн­дірістік тәжірибеден өтеді. Бірлесіп атқарылған жұмыс­тардың нәтижесінде колледж бітіру­шілерінің 70 пайызы жұмыспен қам­тылып отыр, – дейді ол.

Аудандардағы кәсіптік білім беру бағыты жайлы айтар болсақ, Арал ауданындағы индустиалды-техни­ка­лық колледжінде бүгінде 300-дей сту­дент білім алады. Оқу орнында мемлекеттік лицензияға сәйкес 6 маман­дық, 7 біліктілік бойынша даяр­лануда. 20-дан астам жеке әлеуметтік серіктес­тікпен келісімшарт жасалған.

«Жас маман» жобасы аясында оқу шеберханалары дәнекерлеу тренажері, тігін машиналары сияқты инно­вациялық технологиялармен жабдық­талған.  Бұл колледж студенттерінің теориялық білімін еңбекпен жетілдіріп, яғни тә­жірибемен ұштастырып, білікті маман болып қалыптасуына барынша ықпал етеді.

Ал Жалағаш ауданындағы ин­дустриалды-аграрлық колледжінде еңбек нарығына қажетті 5 мамандық, 10 білік­тілік бойынша даярланады. Нақ­тырақ айтсақ, мұнда білім алу­шылар аспаз, кондитер, құры­лысшы, ауыл шаруашылығы механизаторы, электро­монтер, жеміс-көкөніс өсіруші сияқты кәсіптерді игеріп шығады. Колледжге 2025-2026 оқу жылында 78 студент қабылданған. Жалпы 242 студент білім алады, оның ішінде 184-і шәкіртақымен қамтылған.

Кейінгі жылдары оқу орнының материалдық-техникалық базасы жаңартылып, «Тамақтандыруды ұйым­дастыру», «Ауыл шаруашылығын ме­ха­никаландыру» мамандықтары «Жас маман» бағдарламасы  бойынша жаңа үлгіде жабдықталған. Сонымен қатар, спорттық жаттығу залы да жаңар­ты­лып, қазіргі талапқа сай қызмет көрсетеді.

«Ауыл шаруашылығын механи­каландыру» мамандығы бойынша заманауи техникалар алынып, колледж студенттерінің практикалық білімін көтеруге мән берілген. Бұл бағытта аудандағы іргелі шаруашылық – Таң ЛТД ЖШС-мен келісімшарт жасалып, жас мамандар шаруашылық егін­жайында тәжірибеден өтеді. Ал «Тамақ­тандыруды ұйымдастыру» маман­дығы бойынша білім алушылар ау­дандағы жеке кәсіпкерлік нысанға тәжірибеден өтуге барады. Сондай-ақ жаңаша жаб­дықталған асханада «Аспаз зертханасы» жұмысы жолға қойылған.  Бүгінгі уақыт талабына сай жабдықталған асханада барлық ас түрін әзірлеуге, кондитерлік өнімдер дайындауға мүмкіндік мол.

Облыстық білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім бөлімінің басшысы Бекжан Шәки­затұлының айтуынша, кәсіпке даяр­лаудағы жаңа­шыл бастамалардың нәтижесінде жас түлектердің де өз таңдауына деген талпынысы артып келеді. Бұл орайда «Мамандығым – болашағым» жобасы аясында жаңа кәсіптер атласының жобасы әзірленген. Алдағы уақытта осы атлас бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп, кәсіптік даярлаудың бағыты одан әрі кеңейе түседі деген болжам бар.

Жыл аясындағы жетістіктерге қысқаша шолу жасайтын болсақ, қазан айында Ақтау қаласында өткізілген «TurkicSkills» халықаралық чем­пио­натта «Сән технологиясы» құзыреттілігі бойынша Абылай хан атындағы жоғары колледж студенті Жансая Абдуллаева 1-орынды жеңіп алды. Сондай-ақ қараша айында колледж студенттері арасында өткізілген «Тө­тенше жағдайда қорғау» маман­дығы бойынша республикалық байқауда облыс командасы 1-орын иеленді.

Ал 1-9 желтоқсан аралығында Ас­тана қаласында өткізілген «WorldSkills Kazakstan» Ұлттық чем­пионатында өңір студенттері 1 күміс, 5 қола медаль және 5 медальон иеленді. Өткен жылдары да аталған чемпионатта аймақ түлектерінің жоғары нәтиже көрсеткенін айта кеткеніміз жөн. Ал биыл М.Мәметова атындағы Қы­зылорда педагогикалық жоғары колледжі республика бойынша «Үздік педагогикалық колледж – 2025» номинациясының жеңімпазы атанды.

Колледждерге қатысты тағы бір жаңалықты айта кетейік, биыл «Саут­с ойл» компаниясының демеу­шілігімен 4,8 млрд теңгеге 250 орындық жатақ­ха­насы бар 400 орындық музы­калық кол­ледж­дің жаңа ғимараты пайдалануға берілді.

Бір сөзбен айтқанда, «Жұмысшы мамандықтар жылында» кәсіптік білім беру саласында  біршама жаңашыл баста­малар енгізіліп, оған сәй­кес нәтиже де айқындалып отыр.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»