Еңселі Елорда

293

0

6 шілде – Астана күні. Астана – тәуелсіз еліміздің жүрегі. Биыл қала күні қатарынан 27-рет аталып өткелі отыр әрі мереке ұзағырақ тойланады. Олай дейтініміз, қазақстандықтар үш күн қатарынан демалады. Оған қоса, бас қала күніне орай түрлі мәдени-көпшілік бағдарламалар ұйымдастырылатыны белгілі.

Орайы келіп тұрғанда мерекенің шығу тарихына аз-кем тоқтала кетсек. Бас қаланың Алматыдан көшірілуіне не себеп болды?

Тоқсаныншы жылдардың басында, Қазақстан тәуелсіздік алған кезде ресми астанамыз Алматы болды. Дегенмен уақыт өте келе әкімшілік орталықты ауыстыру керек деген шешім шығарылады. Оның өзіндік себебі бар.

Географиялық тұрғыдан алып қарағанда Алматы елдің оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Сондықтан бүкіл аймақты басқарып отыру қиын деген бірінші себеп айтылады. Қала сейсмикалық қауіпті аймақта тұр. Оған қоса инфрақұрылымы да күрделі еді. Содан Қазақстанның дәл орталығынан – барлық аймаққа жақын болатындай жаңа, заманауи астана соғу керек деген шешімге келеді. Осылайша Ақмола астана болды.

1994 жылдың 6 шілдесінде ел астанасын Ақмолаға көшіру туралы тарихи шешім қабылданды. Үш жыл бойы көшуге ұлы дайындық жүрді, құрылыс бар, ғимараттарды жаңартты, Үкімет ұйымдарын көшірді. Сөйтіп 1997 жылдың 10 желтоқсанында Ақмола ресми түрде Қазақстанның жаңа астанасы деген статусқа ие болды.

Ал 1998 жылы Ақмола деген атау Астана болып өзгерді. 1999 жылы ЮНЕСКО осынша қысқа мерзім ішінде трансформация жасалғанына таңғалып, жаңа астанаға «Әлем қаласы» деген атақ берді. 2000 жылдардың басынан бері Астана Қазақстанның визит картасына айнала бастады. Сәулеті көз сүйсіндіретін ғимараттар бірінен соң бірі бой көтеріп, халықаралық саммиттер мен мәдени іс-шаралар өтетін орталыққа айналды.

2008 жылы Президент Жарлығымен 6 шілде – Астана күні деп ресми бекітілді.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Астана күні биыл 27-рет аталып өтілуде. Осы уақыт аралығында елорданың тарихы, мәдениеті мен өзіндік дәстүрі қалыптасып үлгерді.

Елорда дәстүр мен жаңашылдықты ұштастырып, еліміздің дамуы мен өркендеуінің жарқын белгісі атанып, бүкіл әлемге танылды.

Астана – әкімшілік және саяси орталық ғана емес, Қазақстанның мәдени өмірі қайнап жатқан рухани жүрегі. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтардың қатысуымен ауқымды халықаралық мәдени іс-шаралар, фестивальдер, көрмелер мен концерттер өтеді. Елордада өтіп жатқан халықаралық форумдар мен съездер оның жаһандық диалог пен ынтымақтастықтың маңызды орталығы екенінің айқын дәлелі.

Айтулы күн – елорда тұрғындары үшін ғана емес, әрбір қазақстандық үшін де ерекше мереке.

Өйткені Астана – мемлекетіміздің бейбіт әрі сындарлы саясатының, еліміздің қарқынды дамуы мен жарқын болашағының, бүкіл елдің татулығы мен тұтастығының көрінісі. Еліміздің бас шаһары жасанып, жайнай берсін!

Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»