Қазақстан бірнеше жылдан бері жолға қоя алмай келе жатқан бір мәселе – ет өндірісі. Дегенмен, сарапшылар ахуалдың біртіндеп жақсарып келе жатқанын айтады. Ет экспорты тұрақты түрде ұлғаюда. Ал кейінгі жылдары импорт көлемі төмендеген. Салаға екпін берудегі еліміздің артықшылығы – жайылым алқаптарының көптігі, суармалы жерлердің молдығы және мал шаруашылығымен айналысу ата-баба қанымен дарыған кәсіп екендігі. Бүгінде Қазақстан жайылымдық жер көлемі бойынша әлемде бесінші орынға ие.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, былтыр еліміздің ет экспорты 24,4 мың тоннаны құраған. Отандық ет экспортының негізгі бағыттары – Өзбекстан, БАӘ, Қырғызстан, Иран, Кувейт. 2023 жылы 2022 жылмен салыстырғанда құс еті экспортының 13,7 мың тоннадан 31,5 мың тоннаға дейін өскені байқалды.
Экспорттың негізгі бағыттары – Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь, Тәжікстан. Қазір қазақстандық ет және ет өнімдерін өндірушілер өз өнімдерін ЕАЭО, ТМД елдерінің аумағына, сондай-ақ Парсы шығанағы елдеріне, Қытайға, Жапонияға экспорттау мүмкіндігіне ие. Енді бұл қатарға Түркия да қосылды.
Кейінгі 20 жыл көлемінде Түркияға ет бағытындағы бірқатар өнімдерді экспорттауға енгізілген шектеулер толықтай алынып тасталды. ҚР Президентінің тікелей тапсырмасы аясында 7 маусымнан бастап қазақстандық өнімдерді Түркия нарығына жеткізуге кедергі болған бірқатар шектеу алынып, емін-еркін сауда айналымын жасауға ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Түркия Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Гизлигидер Эбубекирдің екіжақты келісімі ықпал етті.
Тағы бір маңызды жаңалық – ет экспорты мен импортын дамыту үшін зертханалар жабдықталуда. Атап айтқанда, Үкімет Республикалық ветеринариялық зертхананы жоғары дәлдіктегі талдамалық жабдықпен жаңғыртуға 3,8 млрд теңге бөлді. Оның көмегімен антибиотиктер, ветеринариялық дәрілік заттар, фармакологиялық белсенді заттар және олардың метаболиттері, кокцидиостатиктер секілді 70-тен астам көрсеткіш бойынша өнімді тексеру жүргізілмек.
Сондай-ақ, Қазақстан импорттаушы елдердің, оның ішінде Еуропалық одақтың талаптары бойынша зерттеулер жүргізе алады. Нәтижесінде экспортталатын тауарлардың тізімін кеңейту мүмкіндігі пайда болады.
Қазақстаннан Ресейге және Қытайға ет экспорттау көлемі де артады. Жақын арада ет өнімдерін өткізетін басқа да нарықтар пайда болады. Салалық министрлік Сингапур, Вьетнам, Малайзия, Гонконг бағыттарында ветеринарлық талаптарды келісу бойынша жұмыс атқаруда. Бұдан бөлек, биыл 15 қаңтардан бастап Ресейге ет экспорты қалпына келді. Ресейге сиыр еті, қой еті, шошқа еті, сүт және сүт өнімдері, сондай-ақ ет өнімдері экспортталуда. Бұл екі елдің Ауыл шаруашылығы министрліктері арасында қол жеткен келіссөздің нәтижесі бойынша мүмкін болды.
Сондай-ақ Қазақстаннан Қытайға құс шаруашылығы өнімдерін әкелуге шектеулер және аусыл бойынша бұрын қолданыста болған шектеулер алынып тасталды. Құс шаруашылығы өнімдерін әкелуге тыйым салу 2005 жылдан бастап созылды. Ал аусыл бойынша шектеулер 2022 жылы енгізілді. Шектеуді алып тастау еліміздің оңтүстік-шығыс өңірлерінен Қытайға мұздатылған сиыр және шошқа етін, сондай-ақ құс шаруашылығы өнімдерінің кең ауқымын экспорттауды жаңғыртуға мүмкіндік береді. Айта кету керек, енді Қазақстан экспорттық тауарлар желісін кеңейту бойынша ветеринарлық талаптарды келісу рәсімін, сондай-ақ Қазақстанның барлық аумағынан кәсіпорындарға экспорттауға рұқсат беру бойынша жұмысты бастай алады.
Айта кетсек, өткен айда Премьер-министрдің баспасөз қызметі Қазақстанда төрт құс фабрикасының қуаты ұлғайтылатынын хабарлаған еді. Олар жылына қосымша 200 мың тонна тауық етін өндіретін болады. Жобаларды Қазақстанның Даму банкі қаржыландырады. Олар 2025-2026 жылдары жүзеге асырылады. Бүгінде Қазақстанда құс етін өндіру көлемі жылына 328 мың тоннаны құрайды. Қосымша 200 мың тонна осы өнімдерге және олардың экспортына, импортқа тәуелділік мәселесін шешуге көмектеседі.
Жалпы агроөнеркәсіп кешеніндегі 91 инвестициялық жоба – ет, сүт, астық өңдеу зауыттары, сондай-ақ жылыжайлар 446,9 млрд теңгеге қаржыландырылады. Елімізде мал шаруашылығы оң динамикада дамып келеді. Бұған қоса, өнімдерді тереңдетіп өңдеу үшін комбинаттар мен фабрикалар салынуда.
Мәселен, былтыр Сыр өңірінде ет бағытындағы құс шаруашылығын дамыту мақсатында Қармақшы ауданында «Қармақшы құс» ЖШС-ның қуаттылығы жылына 1,5 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы іске қосылды. Қазіргі уақытта серіктестік 500 тонна құс етін экспортқа шығаруды жоспарлап отыр.
Алдағы жылы Жаңақорған ауданында қуаттылығы жылына 3,5 мың тонна құс фабрикасының және мал бордақылау алаңдарының құрылыс жобаларын жүзеге асыру жоспарлануда. Аймағымыздағы осындай ауқымды инвестициялық жобалар іске асқан жағдайда өңіріміз де ет экспортына өз үлесін қосады.
Жыл сайын Қызылорда облысында асылтұқымды мал сатып алуға, асылдандыруға, ет-сүт өніміне мемлекет тарапынан қаржы бөлініп келеді. Нәтижесінде аймақта төрт түлік мал басы жоғары көрсеткіште өсіп, өнім өндіру тұрақты ұлғаюда. Бұл ретте ет экспорты үшін жаңа нарықтардың ашылуы – аймақ шаруалары үшін ақжолтай жаңалық.
Биболат СӘТЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<