Халықаралық жоба бастамасы

4

0

Фото: Облыс әкімдігі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Болат Өтемұратов қорының өкілдері – қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алмаз Шарман, бас директоры Айнұр Кәрібозова, «Верный Капитал» компаниялар тобының басшысы Айдан Ақанов, сондай-ақ Берклидегі Калифорния университетінің ғалымдары, E-seed технологиясының авторлары Семина Йи және Марко Фрескимен кездесті.

Онда Болат Өтемұратов қорының қол­дауымен іске асырылуы қарас­тырылған «Арал теңізі түбінің эко­жүйесін жақ­сарту» халықаралық жоба­сының бастамасы талқыланды.

Бұл жоба Қызылорда облысы үшін ғана емес, халықаралық деңгейде де маңыз­ды. Оның басты ерекшелігі – Бер­клидегі (АҚШ) Калифорния уни­вер­ситетінде әзірленген E-seed инно­вациялық технологиясын қолдану. Жоба аясында технологияны жергілікті табиғи жағ­дайларға бейімдеу жұ­мыстары Қорқыт ата атындағы Қы­зылорда уни­верситеті және Халық­аралық Арал­ды құтқару қорының қатысуымен жүргізіледі.

– Арал теңізінің экожүйесін қалпына келтіру өңіріміз үшін стратегиялық маңызға ие. Біз экологиялық жағдайды жақ­сартуға және халықтың өмір сапа­сын арттыруға бағытталған жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайынбыз, – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, технология дрондар арқылы жүзеге асырылатын аэросебу әдісіне негізделген. Биологиялық ыды­рай­тын арнайы материалға орналас­тырылған галофит өсімдіктерінің тұ­қым­дары жерге себілгеннен кейін ыл­ғалдың әсерімен топыраққа өзді­гінен тереңдей енеді. Мұндай тәсіл өсімдіктердің жерсіну деңгейін арт­тыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл технология қысқа мерзімде үлкен аумақты қамтып, отырғызу жұмыстарын аз еңбек шығынымен жүргізуге жол ашады.

Қордың пилоттық жобасы Арал теңізінің құрғаған табанындағы тұз бен зиянды шаңның таралуын азайтуға және өңірдің экологиялық жағдайын жақ­сартуға бағытталған. Алғашқы кезең­де 1 гектар аумақта сынамалық отыр­ғызу жұмыстары жүргізіледі. Егер өсімдіктердің жерсіну деңгейі 20 пайыз­дан жоғары болса, жобаның келесі кезеңінде отырғызу аумағын 50 гектарға дейін кеңейту жоспарланған.

Болат Өтемұратов қоры Қызылорда облысына жылдар бойы жүйелі қолдау көрсетіп келеді. 2016 жылы «Асыл Мирас» аутизм орталығы ашылып, 2024 жылы 16 млрд теңгеге «Қорқыт ата халықаралық әуежайының» жаңа терминалы салынды. Сондай-ақ облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына, перинаталдық орталыққа және мүгедектігі бар балаларға арналған №2 облыстық оңалту орталығына зама­науи медициналық жабдықтар берілді. «Баламекен» жобасы аясында Қызылорда қаласында әлеуметтік осал санаттағы 50 отбасы, Арал қаласында тағы 40 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді, жалпы көмек көлемі 750 млн теңгені құрады. 2021 жылғы қуаңшылық кезінде Арал ауданы тұрғындарын қолдау үшін 280 млн теңге бөлді.

Арал теңізі түбінің экожүйесін жақ­сартуға бағытталған жоба Қазақ­станның Халықаралық Аралды құтқару қорындағы (ХАҚҚ) төрағалығы ая­сында жүзеге асырылып жатқан баста­малармен сабақтас. 2024-2026 жыл­дары бұл ұйымға Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етеді.