Инфрақұрылым жеткізу мәселелері талқыланды

193

0

Фото: Облыс әкімдігі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтті. Штаб құрамына облыс прокуроры, жергілікті және орталық атқарушы органның мекемелері, «Қазақ Инвест» ұлттық компаниясы, кәсіпкерлер палатасы, салық органдары енгізілді.

Атап өту қажет, өңірлік инвес­тициялық штабтың құрамына ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебайдың тапсырмасына сәйкес, Президент Әкімшілігі Өңір­­лік даму мониторингі бөлімінің инс­пекторы Нұрлан Тайғанов қосылды.

Күн тәртібінде «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағына ин­женерлік инфрақұрылым тарту, инвестициялық жобалар, шағын өнер­кәсіптік аймақтарды дамыту мәселелері қаралды.

Аймақ басшысы осыған орай сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

– Инвесторларға қолайлы жағ­дай жасау үшін арнайы эконо­ми­ка­лық аймақты cыртқы және ішкі инже­нерлік инфрақұрылым желі­­лерімен қамтамасыз ету қажет. Мемлекеттік қолдау шара­ларын егжей-тегжейлі зерттеп, инфра­құры­лым жеткізу мәселесін заң аясында зерделеңіздер.

Қазіргі таңда елімізде шағын өнеркәсіптік аймақтарды салып, да­мыту бойынша қарқынды жұ­мыс жүргізілуде. Көп жағдайда кә­сіп­­керлер өндіріс орнын ашу үшін стандартқа сәйкес келетін дайын ғимарат сұрайды. Облыстық эко­номика және қаржы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармалары «Бай­қоңыр» корпорациясымен бірлесіп, шағын өнеркәсіптік аймақтарды салуға қажет қаражатты жергілікті бюджеттен тарту мәселесін қарас­тырыңыздар, – деді облыс әкімі.

Жиында арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымын дамыту туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Дәурен Әбілқайыров баяндама жасады.

Сондай-ақ «Қызылорда Саз-М» кірпіш зауытының директоры Еркебұлан Нарбаев зауытқа апаратын жолдың және сол маңдағы теміржол асты тесік көпір жолының мәселесін көтерді. «Орхун Медикал» медицина орталығының ди­ректоры Алмат Жұмабаев қала аума­ғынан стандартқа сай бос ғимарат сұрады. «Рем Пласт» қағаз және картон зауытының директоры Расул Жүсіпбеков инженерлік инфрақұрылымға қатысты, «Вигор Холдинг» жобасының құрыл­тайшысы Мөлдір Жақанова 20 мега­ваттық күн-электр станциясын салудағы проблемаларды айтты. «Байқоңыр» әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорациясы акцио­нерлік қоғамының басқарма төрағасы Ғизат Әбілтай шағын өнеркәсіптік ай­мақтарды дамыту жайындағы пікірін білдірді.

Айта кетейік, 2025 жылы өңірге 631,4 млрд теңге инвестиция тарту жос­парланған. Өткен 5 айдың қорытындысы бойынша 229,8 млрд теңге тартылып, өсім 27,1% болды. Оның 70%-ы – жеке инвестиция. Экономиканы әртарап­тандыруда 2025-2028 жылдары 89 инвес­тициялық жоба шеңберінде 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл 27 жоба жүзеге асады.

Ірі жобалар қатарында түрік инвес­торы «Aksa Energy» салған жаңа жылу-электр орталығы, заманауи кірпіш зауы­ты, жылына 1,1 млн тонна қиыршық тас шығару және айна өндіру жобалары бар.

Сонымен қатар, «Марал Нұр» жолаушы вагондарын жөндеу кешені, түрік инвесторының «Орхун Медикал» медицина орталығы, кондитерлік және макарон өнімдері өндірісі, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару зауыты, екі шағын өнеркәсіптік аймақ іске қосылады.