Бүгінде еліміз әлеуетті инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін мемлекетке айналды. Қазақстанның әлемдік аренада ойып тұрып орын алуы мемлекет брендін жер-жаһанға танытты. Әлбетте, елдің инвестициялық тартымдылығына оның әлеуметтік және саяси тұрақтылығы, инвестициялық климаты, транзиттік әлеуеті тікелей әсер ететіні сөзсіз. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында отандық және шетелдік инвестиция тарту міндетін айқындап берді. Бұл бағытта облыста ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Оның дәлелі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың облысқа жұмыс сапарында айшықтала түсті. Мемлекет басшысы өңірдің даму әлеуетіне оң баға берді.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының 17 желтоқсанда ұсынған мәліметіне сүйенсек, соңғы 3 жылда өңірге 1,6 трлн теңге көлемінде инвестиция тартылды. 2022 жылдан бері Үкімет бекіткен инвестиция жоспары артығымен орындалып келеді. Мысалы, 2021 жылы аймағымызға 308,9 млрд теңге инвестиция тартылса, 2024 жылы инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар есебінен бұл сома 673,7 млрд теңгеге жетті. Осылайша көрсеткіш 2,2 есе артқан.
2025 жылға 631,4 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Бұл мақсатта қала және аудан әкімдіктеріне индикаторлар бекітіліп, арнайы жол картасы қабылданды. Нәтижесінде 11 айда 717,9 млрд теңге инвестиция тартылып, жоспар 13,7 пайызға немесе 86,5 млрд теңгеге артық орындалды. Қызылорда облысында ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. 2025-2028 жылдар аралығында жалпы құны 2,8 трлн теңге 98 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл 12 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. 2025 жылы инвестициялық пул аясында 54 жобаны іске асыру көзделсе, соның 40-ы іске қосылды.
Іске қосылған маңызды жобалардың қатарына «Қызылорда Саз М» ЖШС-ның заманауи кірпіш зауытын қосуға болады. Кәсіпорын жылына 90 млн кірпіш шығарып, өңір қажеттілігінің 90 пайызын қамтамасыз етеді. Толық автоматтандырылған өндіріс орны 80 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал оған 5 млрд теңге инвестиция тартылды. Құрылыс индустриясын дамыту мақсатында шыны зауыты іске қосылған болатын. Бүгінде оның айналасында 3 жаңа кәсіпорын жұмыс жасап тұр. Соның бірі – 1,5 млрд теңге тартылған, жылына 720 мың шаршы метр айна шығаратын «AynaGlass» ЖШС. Серіктестік өнімі Алматы, Шымкент және Түркістан облыстарына табысты жөнелтілуде. «Комфорт-1 KZ» компаниясында жергілікті шыны зауытының шикізаты пайдаланылады. Жоғары сапалы терезелер мен шыны пакеттер өндіріледі. Кәсіпорын келесі жылы 22,6 мың шаршы метр шыңдалған шыны шығару желісін іске қосу арқылы өндірісті кеңейтуді жоспарлап отыр. Жоба құны – 5,5 млрд теңге. Ал «Достық» ЖК өңірдегі алғашқы толық автоматтандырылған, энергия үнемдейтін және басқа да түрдегі шыны пакеттер өндірісін іске қосты. Кәсіпорын тәулігіне 500 шаршы метр дайын өнім шығарады. Компания келесі жылы шыңдалған шыны өндіру цехын ашуды жоспарлап отыр. Бұл толық өндірістік цикл құруға және нарыққа қолжетімді әрі сапалы өнім ұсынуға мүмкіндік береді.
Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және жергілікті тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту бағытында «Қызылорда нан» серіктестігінің нан өндіру кешені іске қосылды. Мемлекет басшысы облысқа сапары барысында өндірістік кешен жұмысымен танысып, жоғары баға берді. Жалпы құны 5,6 млрд теңге (I кезең – 3,1 млрд теңге) бұл кешен заманауи жабдықтармен қамтылып, толық автоматтандырылған. Мұнда нан-тоқаш, печенье және макарон түрлері, кондитерлік өнімдер өндіріледі. Жылына 2520 тонна көлемінде 100 түрлі өнім шығарып, қажеттіліктің шамамен 20 пайызын өтейді. Ал кондитерлік цех жылына 1 мың тоннадан астам 120 түрлі өнім өндіріп, сұраныстың 15 пайызын қамтамасыз етеді. Печенье цехында 15 түрлі өнім шығарылады, жылдық қуаттылығы – 2500 тонна. Бұл – өңір халқы қажеттілігінің 25 пайызы, яғни төрттен біріне тең. Макарон цехында 15 түрлі өнім өндіріледі, жылдық қуаттылығы – 1152 тонна. Бұл – облыс қажеттілігінің 12 пайызы. Кешен заманауи технологияларды пайдалана отырып, жоғары сапалы өнімдер өндіруде. Бағасы да қалтаға ауыр тимейді.
Шағын бизнеске қолдау көрсету мақсатында облыста шағын өнеркәсіптік аймақтар құру жобасы іске асырылуда. Осы мақсаттарға «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ 736 млн теңге бөлді, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары оператор болып белгіленді. 2024 жылы жалпы ауданы 4 мың шаршы метрге жуық 2 шағын өнеркәсіптік парк құрылысы басталды. Биыл қазан айында бірінші парк – «Тұмар» ЖК іске қосылды, онда азық-түлік өнімдерін шығаратын 8 цех жұмыс жасауда. Туризмді дамыту және сервистік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында «Caspian Service Asia» ЖШС заманауи жол бойы қызмет көрсету кешені ашылды. Жобаға жеке инвестор 1 млрд теңге көлемінде қаржы құйып, 64 жаңа жұмыс орнын құрды. Кешен құрамына қонақүй, 60 орындық автовокзал, 110 адамға арналған қоғамдық тамақтану орны және жанармай құю бекеті кіреді. Бұдан бөлек инвестор өңірдің құрылыс әлеуетін арттыру мақсатында жалпы құны 1,4 млрд теңге асфальт және бетон зауыттарын іске қосты. Бұл өңірдің құрылыс кластері ретіндегі маңызын, инфрақұрылымдық жобалардың тиімділігін арттырады. Биыл негізгі көлік бағыттарындағы сервистік қызмет сапасын арттыру мақсатында Арал ауданында «Petro Retail» ЖШС (2 млрд теңге) жобасы іске қосылды және «Алаш Метан» ЖШС Арал ауданы, Қызылорда қаласында сервистік қызмет нысандарының құрылысы жүргізілуде (1,2 млрд теңге). Енді қуаттылығы 240 МВт заманауи жылу-электр станциясы (215 млрд теңге), түйе сүтінен жылына 392 тонна құрғақ ұнтақ өндіру зауыты (3 млрд теңге), тұз зауыты іске қосылады. Сонымен қатар биыл шілде айында 37 млрд 800 млн теңге (І кезең – 7,5 млрд теңге) кореялық «Уиз Ю» компаниясы тұрмыстық қатты қалдықтар сұрыптау кешенінің, «Риксос» қонақүйінің (20 млрд теңге) құрылысын бастады.
Жақын арада «Кальцийленген сода» зауыты (161,6 млрд теңге), «Шалқия» кен байыту фабрикасы (414,7 млрд теңге), «Баласауысқандық» кен орнында тау-металлургия комбинаты (63,7 млрд теңге), «Севен Риверс» компаниясының бөтелке шығаратын (60 млрд теңге) зауыттарының құрылысы басталады. Мемлекет басшысының Катар еліне жұмыс сапары аясындағы үкіметаралық келісімге сәйкес қуаттылығы 1100 МВт, құны 1,6 трлн теңге бу-газ қондырғысын салу келісілді. Қазір техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Жоба 2028 жылы толығымен іске қосылады. Сонымен қатар испандық «Рока групп» компаниясы санитарлық-техникалық өнімдер шығару (44 млрд теңге), өзбекстандық «Ориент Керамик» компаниясы керамикалық тақтайша шығару (27 млрд теңге), польшалық «Фабе-Агро» компаниясы жылыжай салу (134,6 млрд теңге), қытайлық «КСТ Энерджи» компаниясы кальцийленген керамикалық тақтайша шығару (3,3 млрд теңге) жобаларының құрылысын бастауды жоспарлап отыр.
Аймағымызда өңдеу өнеркәсібіндегі 12 ірі кәсіпорын өндіріс барысында цифрландыру жүйесін пайдалануда. Атап айтқанда, шыны зауытында өнімді жинайтын, тасымалдайтын роботтар, шыны кесу үшін автоматты кешен қолданылуда. Күріш, цемент, күкірт қышқылы, айна зауыттарында, уран компаниясында («Байкен-Ю» ЖШС) автоматтандырылған басқару жүйесі жұмыс жасауда. Биыл іске қосылған кірпіш зауытында роботтар өнімді жинау, ал жиһаз цехында ағаш кесу және лазерлік дәнекерлеу жұмыстарын атқаруда. Жаңа жылу-электр орталығында Америка, Италия, Чехия, Түркияның автоматтандырылған технологиялары қолданылады. Нәтижесінде қолданыстағы ЖЭО-мен салыстырғанда жұмысшы саны 4 есе азаяды.
«Шалқия» кен орнында көлік басқару, қойма есептері, өндірістік қауіпсіздік процестеріне цифрлық жүйелер енгізілуде. Биыл кенді сұрыптауда жасанды интеллект технологиясы енгізілді. Ол пайдалы қазбаларды бөлек, бос жыныстарды бөлек сұрыптайды. Алдағы уақытта қатты қалдықтарды сұрыптайтын кореялық зауытта роботтар қалдықтарды түсі мен түріне қарай сұрыптайды. Ал электр энергиясын өндіру процесіне жасанды интеллект қолданылады. Күкірт қышқылы және уран компаниясы («Тураниум» ЖШС) кәсіпорынның барлық бизнес-процесіне жасанды интеллект элементтерін енгізбек.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде су үнемдеу технологиялары, суды аз қажет ететін дақылдар көлемін ұлғайту бойынша кешенді іс-шаралар атқарылуда. Өңірімізде құны 40 млрд теңге жүгері дақылын терең өңдейтін крахмал-сірне зауытын салу жоспарлануда. Жобаны іске асыру мақсатында жүгеріні кептіретін қондырғылар орнатылып, келер жылы күзде жиналатын жүгеріні қабылдау пунктін ашу, дақылды терең өңдейтін зауыт салу жоспарлануда. Осы бағыттағы тағы бір ірі жобаны швейцариялық «Харвест Агро» компаниясы іске асырмақ. Жоба аясында техникалық қарасора, жүгері мен соя өсіру, қайта өңдеу бойынша аграрлық-индустриялық кластер құру көзделген. Жобалардың жалпы құны – 51 млрд теңге. Бұл өндіріс орындарының аграрлық аймақ үшін маңызы зор. Аэрохабтарды дамыту жөніндегі Президент тапсырмасы аясында облыста «Қорқыт ата» жаңа әуежайының терминалы жанынан инвестициялық ахуалды одан әрі дамыту мақсатында 550 гектар арнайы экономикалық аймағы құрылды. 18 басым бағыт белгіленді. Экономикалық аймақ авиацияға қызмет көрсету, қоймалау, сақтау және өнеркәсіптік сияқты 3 бөліктен тұрады. Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймақты өндірістік нысандармен толықтыру мақсатында инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Географиялық орналасуы мен климаттық жағдайына байланысты аймақта күн мен жел энергиясын өндіру үлкен әлеуетке ие. Бүгінгі күні облыс аумағында жалпы қуаттылығы 89 МВт 9 күн электр станциясы жұмыс істейді. Алдағы 3 жылда 90 млрд теңгеге қуаттылығы 300 МВт-тан астам 7 күн, 2 жел электр станциясын іске қосу жоспарланған. Биыл 11,7 млрд теңгенің қуаттылығы 40,5 МВт 2 күн электр станциясы іске қосылады («Тесис» ЖШС – 40 МВт, «Freedom Telecom» ЖШС – 0,5 МВт). Келер жылы жалпы қуаттылығы 160 МВт 3 күн мен 1 жел электр станциясы (50,4 млрд теңге) жұмысын бастайды. Алдағы уақытта 100 МВт-тық 2 күн және 1 жел электр станциясының (27 млрд теңге) құрылысы басталады. Атап өту керек, облыстың энергияға қажеттілігі күніне 203 МВт болса, аталған жобалар іске қосылғанда өңіріміз толықтай қамтамасыз етіледі.
Облыста жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың табысты орындалуына, инвестиция көлемінің артуына және жаңа мүмкіндіктердің ашылуына бұл жобалардың қосар үлесі қомақты.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





