Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астанадағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Алдағы міндеттер мен жүзеге асырылуы тиіс басты жобалар, негізгі басымдықтар сөз болып, аймақ басшысы БАҚ өкілдерінің сауалдарына тұшымды әрі дәйекті түрде жауап берді. Облыс әкімінің брифингте жасаған баяндама желісі ұсынылып отыр.
Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының, Үкіметтің ерекше қолдауымен Қызылорда облысының экономикасын әртараптандыруға, тұрғындарымыздың тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған серпінді жобалар іске асуда.
Өздеріңізге белгілі Президентіміз Сыр өңіріне биылғы сапарында облысымызда атқарылған жұмыстарға оң бағасын берген болатын. Бұл – біз үшін зор мәртебе, үлкен жауапкершілік.
Осы жылдың 11 ай қорытындысымен барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілді.
Жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн 100 млрд теңгені құрады (108,1%). Жыл қорытындысымен 3 трлн 700 млрд теңгеге жеткізіп, 6,5 пайыздық өсімді қамтамасыз етеміз (2021 жылмен салыстырғанда 2 есеге өседі).
Облыс бюджеті 851 млрд 300 млн теңгені құрап, 2021 жылдан бері 246 пайызға өсті. Оның 56 пайызы (477,6 млрд теңге) әлеуметтік салаға бағытталды. Даму бюджетінің көлемі 2021 жылы 47 млрд теңге болса, биыл 207 млрд теңгеге жетіп, 4,4 есеге артты.
Бюджет қаражатын оңтайландыру мақсатында 2022 жылдан бастап әлеуметтік салаға терең талдау жүргізілді. Нәтижесінде 108 млрд теңге қаржы үнемделді. Оның ішінде, білім саласынан 64 млрд 300 млн теңге, мәдениет және спорт саласынан («Арт-спорт» бағдарламасынан) 15 млрд 400 млн теңге, әлеуметтік қорғау саласынан 8 млрд 200 млн теңгенің мақсатсыз жұмсалуына жол берілмеді (87,9 млрд теңге).
Бұдан бөлек, әлеуметтік нысандардың құрылыстарын жүргізу барысында 20 млрд 100 млн теңге қаржы үнемдеу шаралары қабылданды (демеушілер есебінен ЖСҚ әзірлеу, мектептер жанынан қосымша ғимараттар салу, әлеуметтік мекемелерді «Руханият» орталықтарына шоғырландыру арқылы).
Бұл қаражат аймағымыздың ең өзекті деген мәселелерін шешуге, жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталуда.
Өңірімізде қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, жаңа ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда. 2022-2024 жылдары облысымыздың экономикасына 1 трлн 600 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды.
Биыл облысымызға 631 млрд 400 млн теңге инвестиция тарту жоспарланған. 11 айдың қорытындысымен 717 млрд 900 млн теңге инвестиция тартылып, жоспар 13,7 пайызға артығымен орындалды. Жыл қорытындысымен 750 млрд теңгеден астам инвестиция тартылады.
2021 жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі 233 пайызға артты. Жеке инвестицияның үлесі 70 пайызды құрайды. Биылғы бірінші жартыжылдықта тікелей шетелдік инвестиция көлемі 173 млн АҚШ долларын құрады. Жыл қорытындысымен 280 млн АҚШ доллары шетелдік инвестиция тартылады.
Экономиканы әртараптандыру мақсатында алдағы үш жылда 2 трлн 800 млрд теңгеге 98 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 12 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл 300 млрд теңгеден астам қаржыға 27 инвестициялық жоба іске қосылды. Шілде айында 5 млрд теңгеге толық автоматтандырылған «Қызылорда Саз-М» серіктестігінің кірпіш зауыты ашылды. Зауыт жылына 90 млн кірпіш шығарып, жергілікті құрылысқа қажетті сұраныстың 90 пайызын қамтамасыз етуде.
«Қызылорда-Нан» серіктестігінің нан, кондитерлік-макарон өнімдерін өндіретін кешені іске қосылды. Кешеннің жалпы құны 5 млрд 600 млн теңгені құрайды. Бұдан бөлек, 753 млрд 300 млн теңгені құрайтын 14 ірі жобаның құрылысы басталуда.
Ірі жобаларды атап өтетін болсақ:
– 414 млрд 700 млн теңгеге «Шалқия» кен-байыту фабрикасы;
– 161 млрд 400 млн теңге болатын «Кальцийленген сода» зауыты;
– 60 млрд теңгеге «Севен Риверс» компаниясының бөтелке шығаратын зауыты;
37 млрд 800 млн теңгені құрайтын оңтүстік кореялық «Уиз Ю» компаниясының тұрмыстық қатты қалдықтар өңдеу зауыты.
«Табиғи тас Қызылорда» серіктестігімен 17 млрд 300 млн теңгеге қуаттылығы жылына 1 млн 100 мың тонна әк шығаратын зауыт келесі жылы іске қосылады (92 жұмыс орны құрылады).
Өткен аптада ғана испандық «Рока групп» компаниясымен жылына 500 мың бұйымға дейін санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын жоғары технологиялық зауыт салу жөнінде инвестициялық келісімге қол қойылды. Елімізде салынатын алғашқы зауыттың құны 44 млрд теңгені құрайды. 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. 2027 жылы іске қосылады. 134 млрд 500 млн теңгеге «Фабе-Агро» компаниясымен жылыжай салу жобасы жүзеге асырылады.
Өңірімізде аграрлық-индустриялық кластер құру мақсатында 51 млрд теңгеге швейцариялық «Харвест Агро» компаниясымен техникалық қара сора, жүгері мен сояны өсіру, қайта өңдеу және 40 млрд теңге болатын жүгері дақылын терең өңдейтін крахмал-сірне зауытының құрылысы басталды.
Үкімет қаулысымен мамыр айында Қызылорда қаласында аумағы 550 гектарды құрайтын «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Аймаққа өндірістік нысандарды орналастыру мақсатында отандық, шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Бұл жерде өңіріміздің өнеркәсіптік логистикалық әлеуетіне сәйкес келетін экономикалық қызметтің 18 түрі іске асады. Қазіргі таңда инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары басталуда.
Кәсіпкерлікті қолдауға 2022-2024 жылдары әртүрлі көздерден 203 млрд 81 млн теңгенің 16 мың 634 жобасы қаржыландырылды. Оның 37 млрд 962 млн теңгесі мемлекеттік бағдарлама аясында қолдау тапты.
Биыл барлық қаржы көздерінен 40 млрд теңгеге жеке кәсіпкерліктің 2 мың 464 жобасы қаржыландырылды. Нәтижесінде кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21 пайыздан асады (2022 ж. – 19,1%, 2023 ж. – 19,9%, 2024 ж. – 22,7%).
2023-2025 жылдары «Ауыл аманаты» жобасы аясында 100-ден аса елді мекендерде 6 млрд 828 млн теңгеге 943 жоба жүзеге асырылып, жаңадан 1303 жұмыс орны ашылды. Облысымызда экономиканың барлық саласында 2022-2024 жылдары 133 мыңнан астам азамат (оның ішінде тұрақтысы – 80742), ал 2025 жылдың 11 айында 43 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды (оның ішінде тұрақтысы – 27964).
Мемлекет басшысының 10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру тапсырмасы өңірімізде 2022-2024 жылдары 42 пайызға артығымен орыны, 37 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. 2025 жылдың 11 айында 12 мыңнан аса (12032) жұмыс орны құрылып, биылғы жоспар 12,9 пайызға артығымен орны (жоспар – 10655). Жалпы жұмыссыздық көрсеткіші жыл сайын төмендеуде (2022 ж. – 4,9%, 2023 ж. – 4,9%, 2024 ж. – 4,8%, 2025 жыл 3 тоқсан – 4,6%).
Облысымыздың негізі саласы – агроөнеркәсіп кешенін дамытуға соңғы 3 жылда 43 млрд теңге қаржы бөлінді. Шаруашылықтар есебінен 41 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл шаруашылығының машина-трактор паркі жаңартылуда. 2022-2024 жылдары 21 млрд 800 млн теңгеге 647 дана техника алынды. Осы жылы 4 млрд 700 млн теңгеге машина-трактор паркі 139 ауыл шаруашылығы техникаларымен толықтырылды.
Биыл сала бойынша 10 млрд 700 млн теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі жыл сайын артып, осы жылы 234 млрд 800 млн теңгеге жетті. Қазіргі таңда 6 млрд 400 млн теңге болатын 9 жоба іске қосылды.
Өздеріңізге белгілі, соңғы жылдары орын алған су тапшылығы әсерін Сыр диқандары да сезінуде. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес аймаққа Премьер-министр бастаған Үкімет делегациясы арнайы келіп, шаруалардың жағдайымен, егістің жай-күйімен танысты. Нәтижесінде Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан еліміздің барлық өңірлерінен 139 қызметкерден құралған жеке құрам көмекке жеткізіліп, 2 ай бойы шаруаларымыздың игілігі үшін үлкен жұмыстарды атқарды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет резервінен 53 насос қондырғысын алуға қажетті қаржы бөлінді (1 млрд теңге). Дер кезінде қабылданған шешімдердің негізінде егін алқаптары толығымен сумен қамтамасыз етілді.
Су ресурстарын неғұрлым тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу, су жүйелерін цифрландыру қарқынды жүргізілуде. Биыл диқандарымыз күріш егістіктерінің 60 мың гектарын лазерлік тегістеуден өткізіп, өнімділікті 30 пайызға арттырды.
Президент тапсырмасына сәйкес, өңіріміздің өсімдік шаруашылығын әртараптандырып, су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізуге бағытталған мемлекеттік қолдау шараларына алдағы 3 жылға 34 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Келесі жылға 10 млрд теңге қарастырылды (9,9 млрд теңге).
Биыл су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемі 8 мың 100 гектарға жеткізіліп, өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артты (2024 жылы – 4,4 мың гектар). Облыстың 3 ауданында (Шиелі, Қазалы, Арал) шетелдік компаниялардың қатысуымен су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы жүгері, жоңышқа дақылдарын егу бойынша 3 ірі жоба жүзеге асуда.
Өңірімізде биыл 189 мың 600 гектарға егін егілді. Оның ішінде 80 мың 900 гектарға күріш дақылы егілді. Әр гектардан 58,1 центнерден өнім алынып, 470 мың тоннаға жуық астық жиналды (өткен жылы 496 мың тонна).
Сыр диқандарына ерекше қолдау көрсеткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына, Үкімет басшысы мен мүшелеріне барша Сыр жұртшылығының атынан шынайы ризашылығымызды білдіреміз!

Аймағымызда тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін баспанамен қамту, инфрақұрылымдарды қайта жаңғырту бағытында тиісті шаралар қабылдануда.
Президент қолдауымен Қызылорда қаласында «Акса Энерджи» түрік инвесторымен 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу-электр орталығы салынды. Бюджет есебінен 15 млрд теңгеге 45 шақырым газ құбыры жүргізілді. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына салынған маңызды ірі жобалардың бірі.
Жаңа орталық 240 мегаватт электр қуатын, 277 гигакалория жылу энергиясын өндіреді. Орталық өңірімізді қажетті электр энергиясымен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, бір бөлігін аймақтан тыс жерлерге сатуға мүмкіндік береді.
Қызылордалықтардың арманына айналған облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін тапты. Бұл мақсатқа 26 млрд 200 млн теңге қаржы бөлінді.

2022-2024 жылдары өңірімізде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 78 ауылда әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымдарды дамытуға бағытталған 31 млрд 600 млн теңгеге 343 жоба жүзеге асырылды. 2025 жылы 41 елді мекенде 66 жобаны іске асыруға 15 млрд 155 млн теңге бөлінді (республикалық бюджеттен 9,6 млрд теңге, облыстық бюджеттен 5,5 млрд теңге).
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл барлық елді мекендер 100 пайыз орталықтандырылған сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді.
Аймақта 2021 жылдың соңында газдандыру деңгейі 67 пайыз болатын. 2022-2025 жылдар аралығында 65 млрд 100 млн теңгеге 77 жоба жүзеге асырылды. Биыл облысымызда газдандыру көрсеткіші 83 пайызға жетті.
Тұрғындарды электр энергиясымен қамту бағытында 2022-2025 жылдары 24 млрд 200 млн теңгеге 71 жоба жүзеге асырылды (нәтижесінде өңіріміздегі электр желілерінің тозу деңгейі 60,8 пайызға төмендеді).

2022-2025 жылдары 1600 шақырым автомобиль жолы мен 30 көпір өткелін салуға, күрделі жөндеуден өткізуге 150 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Қызылорда қаласындағы 270 көше қайта жаңғыртылды. Оның ішінде, биыл жол инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен барлығы 50 млрд 605 млн теңге бөлініп (РБ – 17 218 млн теңге, ОБ – 18 856,7 млн теңге, АБ – 11 578,9 млн теңге, АМҚ – 2 951,8 млн теңге), ұзындығы 329 шақырымды құрайтын автомобиль жолы, көшелер мен көпір өткелдері жөндеуден өтті. Жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетті.
Жақында ғана «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының облыс аумағындағы 216 шақырымы қайта жаңғыртудан өтіп, ел игілігіне берілді. Арал қаласында 3 млрд 140 млн теңгеге ұзындығы 940 метр болатын аспалы көпір салынды. 1 млрд 400 млн теңгеге тұрғындардың ұзақ жыл күткен Жаңақорған кентіндегі теміржол үстінен өтетін көпір пайдалануға берілді. 4 млрд 700 млн теңгеге Қызылорда қаласындағы теміржол асты автожол құрылысы қарқынды жүруде. Алдағы наурыз айында пайдалануға беріледі. Қармақшы ауданында 5 млрд 515 млн теңгеге теміржол арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысы бағытындағы автомобиль жолын 4 жолақтыға ауыстыру бойынша демеушілер есебінен 350 млн теңгеге жоба әзірленді. Қала маңындағы айналма жол салу жұмыстары алдағы қаңтар айында басталады. Екінші бөлігі – Ақтөбе шекарасына дейінгі 462 шақырымның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Жоба құны – 832 млрд 812 млн теңге.
Президентіміз биылғы Жолдауында «Сексеуіл-Бейнеу» автомобиль жолының құрылысын жеделдетуді тапсырған болатын. Автожолдың жалпы ұзындығы 559 шақырымды құрайды. Оның 189 шақырымы Арал ауданының бірқатар ауылдары арқылы өтетіндіктен (Сексеуіл, Құланды, Ақбасты, Ақеспе, Қосаман) өңіріміздің ең шеткі елді мекендерінің жол қатынасы жақсаратын болады.
Көлік-логистика саласында да маңызды жобаларымызды жүзеге асырудамыз.
Президент қолдауымен Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы ел игілігіне пайдалануға берілді. Жобаны іске асыруға 16 млрд 700 млн теңге жеке инвестиция тартылды. Жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартуға 4 млрд 300 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Жаңа терминалда халықаралық стандартқа сәйкес жолаушыларға барлық қызмет сапалы түрде көрсетілуде.

Бүгінде әуежай мемлекеттік субсидиясыз жұмыс жасауда. Жаңа терминал жылына 2 млн жолаушыны қабылдауға мүмкіндігі бар (қазіргі таңда жаңа терминал аптасына 30 рейс (Астана қаласына – 18, Алматы қаласына – 12), күнделікті 1200-ден аса жолаушыға қызмет көрсетуде).
Қызылорда қаласында 975 млн теңгеге заманауи үлгідегі автовокзал ғимараты салынды. «Қазақстан Темір Жолы» компаниясы және жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 600 млн теңгеден астам қаржыға облыс орталығындағы теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. 4 ауданда вокзалдар күрделі жөндеуден өтуде (Қазалы, Төретам, Шиелі, Жаңақорған теміржол вокзалдары). Бұдан бөлек, 4 вокзал қайта салынуда (Арал, Сексеуіл, Жалағаш, Тереңөзек вокзалдары).
Облыс орталығына 300 жаңа автобус алынып, қоғамдық көлік мәселесі толығымен шешімін тапты. Облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеге 100 экотакси сатып алынып, халыққа сапалы қызмет көрсетуде.

Мемлекет басшысы, Үкіметтің қолдауымен аймағымыз қарқынды құрылыс алаңына айналуда.
2022 жылдан бері өңірімізде 200-ге жуық әлеуметтік нысан салынып, ел игілігіне берілді. 2022-2024 жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 5 мыңнан аса пәтер табысталды (5148 пәтер). Аймақта соңғы 3 жылда алғаш рет барлық аудандарда жаңадан 1800-ге жуық пәтер (2023 ж. – 430, 2024 ж. – 1015, 2025 ж. – 332, жалпы саны – 1777) салынып, жерлестерімізге табыс етілді. Биыл 3600 пәтерлі тұрғын үй салуға бюджеттен 58 млрд 785 млн теңге бөлінді.
Біздің ең бірінші міндетіміз – еліміздің болашағы балаларымыздың жан-жақты сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасап, жайлы орта қалыптастыру. Аймағымызда білім беру саласына соңғы 3 жылда 812 млрд 245 млн теңге бөлінді. Биылғы жылы 346 млрд 800 млн теңге қаралды (құрылыс жұмыстарын қоса есептегенде). Өткен жылы өңірімізде 31 млрд 800 млн теңгеге жаңадан 13 білім беру ұйымы жаңадан ашылды.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 54 млрд 391 млн теңгеге 10 жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді. 2023 жылдан бастап 5 млрд 700 млн теңгеге 9 мектеп жанынан қосымша ғимарат бой көтерді. Нәтижесінде өңірімізде үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты.
Кәсіпкерлердің демеушілігімен Арал ауданы Тоқабай ауылындағы апаттық мектептің орнына 500 млн теңгеге жаңадан білім ордасы салынды. «Білімді қолдау қоры» арқылы 2 млрд 333 млн теңгеге Мергенсай ауылында салынған 150 орындық мектеп жақын күндері пайдалануға беріледі. Аталған қор есебінен 8 млрд 400 млн теңгеге физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты салынды. Соңғы үш жылда 5 млрд 300 млн теңгеге 15 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп отыр. Биыл бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 2 млрд 400 млн теңге бөлініп, 9 мектеп қайта жаңғыртудан өтті. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес алдағы үш жылда өңіріміздегі 51 мектеп күрделі жөндеуден өтетін болады (реновациядан).

11 млрд теңгеге балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» академиясы ашылды. Академияда 6 бағыт бойынша 52 үйірме жұмыс жасауда. Ішінде үлкен және кіші бассейндер, спорт-жаттығу, пәндік, робототехника, компьютерлік модельдеу және шығармашылық кабинеттер бар. Бұдан бөлек, ауласында футбол, волейбол, баскетбол, балалар ойын алаңдары жұмыс жасайды. Академия күніне 3 мың балаға дейін қызмет көрсетеді.
3 млрд теңгеден астам қаржыға 3 ауданда «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектептері» салынып, пайдалануға берілді (Жалағаш, Жаңақорған, Шиелі аудандарында). «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында 2 млрд 500 млн теңгеге заманауи үлгідегі 350 орындық «Оқушылар сарайы» салынып, балаларымыздың игілігіне қызмет етуде. 4 млрд 800 млн теңгеге Музыкалық колледждің жаңа оқу ғимараты мен жатақханасы салынып, ел игілігіне табысталды.
Президент саябағында 10 млрд теңгеге 300 орындық жыл бойы жұмыс жасайтын заманауи балалар тынығу лагері бой көтеруде. Саябақта 5 млрд теңгеге Ботаникалық білім беру орталығының ғимараты салынуда (қысқы бақ). Қызылорда қаласында 5 млрд 200 млн теңгеге жұмысшы мамандарды даярлауға арналған «Құзыреттілік орталығы» ғимаратының құрылысы басталды.
Президентіміз жасанды интеллектіні дамытуды еліміздің стратегиялық міндеті ретінде белгілеп берген болатын.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Корея Республикасының жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетімен келіссөз жүргізіп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Жасанды интеллект институты ашылды (2023 жылғы 6 қараша).
Аймақта Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Үкіметтің қолдауымен денсаулық сақтау саласын дамытуға, халықтың медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыруға бағытталған кешенді шаралар нәтижелі жүзеге асуда. Соңғы үш жылда облыстың денсаулық сақтау саласына барлығы 441 млрд теңге (440 млрд 700 млн теңге) қаржы бөлініп, халықтың сұранысына сәйкес түйткілді мәселелер шешімін табуда.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңіріміздің барлық аудандарында 10 млрд 763 млн теңгеге 28 медициналық нысан салынды. Қызылорда қаласында 36 млрд 400 млн теңгеге 300 орындық көпбейінді аурухана орталығының құрылысы жүргізілуде (аумағы 57 333 шаршы метр). 5 млрд 400 млн теңгеге 4 аудандағы орталық ауруханалар жанынан жаңа қосымша ғимараттар салынды.
Екі ауданда 4 млрд 500 млн теңгеге жұқпалы аурулар бөлімшесінің жаңа ғимараттары салынып, ел игілігіне табысталды (Шиелі ауданында 2 млрд 300 млн теңгеге, Арал ауданында
2 млрд 200 млн теңгеге). 2 млрд 700 млн теңгеге «Қан орталығы» ашылып, жұмыс жасауда.
Облыс орталығында 48 млрд 500 млн теңгеге 200 орындық перинаталдық орталық ғимараты мен (38 241 шаршы метр) 14 млрд 780 млн теңгеге 500 орындық (11 626 шаршы метр) емхананы салуға Үкіметпен тиісті қаулы қабылданды. Жақын күндері құрылыс жұмыстары басталады. Бұдан бөлек, Қызылорда қаласында 10 млрд теңгеге 400 орындық емхананың құрылысы қолға алынады (8937 шаршы метр).
Тұрғындардың сұранысына сәйкес соңғы 2 жылда жергілікті бюджеттен 5 млрд 400 млн теңгеге 225 дана жаңа санитарлық автокөлік, 45 жедел жәрдем көлігі алынып, пайдалануға берілді. Өңірдегі барлық елді мекендердегі денсаулық сақтау ұйымдары арнайы қызметтік автокөліктермен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Ал 6 млрд теңгеге 24 медициналық нысан күрделі жөндеуден өткізілді.
Облыста денсаулық сақтау мекемелеріне 15 млрд теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Жалпы өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдарының жабдықталу деңгейі 2022 жылы 83,2 пайыз болса, бүгінде бұл көрсеткіш 87,4 пайызға жетті (Республикалық деңгей 85,6%-ды құрайды).
Тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету үшін мамандардың біліктілігін арттыру ұдайы назардан тыс қалған емес. Өткен жылы 15 дәрігер-маман Түркияның жетекші медициналық клиникасында білімдерін жетілдірді. Биыл 41 медицина қызметкеріміз Германия, Ресей, Литва, Беларусь елдеріндегі үздік дәрігерлік клиникаларда біліктіліктерін арттырды.
Мәдениет пен руханият саласында да ауқымды жұмыстар атқарылуда.
2022 жылдан бері өңірімізде жаңадан 20 мәдениет нысаны бой көтеріп, ел игілігіне берілді (7 «Руханият» орталығы, 9 ауылдық клуб, «Анаға тағзым», «Өнер», «Отбасы» орталықтары, облыстық тарихи-өлкетану музейі). «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 2 ауылдық клуб салынуда (Арал ауданы Аманөткел ауылы, Жаңақорған ауданы Екпінді ауылы). Барлық 7 ауданда 11 млрд 500 млн теңгеге «Руханият» орталықтары салынды. Орталықта музей, кітапхана, архив, неке қию залдары, ардагерлер мен аналар кеңесі, жастар, этномәдени бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдардың толық жабдықталған жұмыс кабинеттері жұмыс істейді.

Қызылорда қаласында «Отбасы орталығы», «Анаға тағзым» орталығы, көпфункционалды мың орындық «Өнер орталығы» ашылды. Биыл Қызылорданың кезінде астана болғанына 100 жыл толды. Атаулы датаға орай 2 млрд 300 млн теңгеге облыстық тарихи-өлкетану музейінің заманауи жаңа ғимараты игілікке берілді.
Ассамблеяның 30 жылдығы аясында Қызылорда қаласында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының» қолдауымен 3 млрд 800 млн теңгеге жаңа «Достық үйі» салынды. Мәдениет саласының өкілдеріне жаңадан бой көтерген көпқабатты тұрғын үйден 40 қызметтік пәтер табысталды. Жаңадан симфониялық оркестр, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары құрылды. Сыр мәдениетінің негізгі бренді, жыраулық дәстүр өкілдерінің отауы – Жыраулар үйі ашылды. Жыл сайын мәдениет, өнер, әдебиет өкілдерін қолдау мақсатында «Тұран» сыйлығын табыстау дәстүрге айналды.
Бұған дейін біз елордамыз Астана қаласында, мәдени орталығымыз Алматы қаласында Сыр өнерпаздарының мәдениет және өнер күндерін өткізген болатынбыз. Биыл ағартушы, ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай Абай, Шығыс Қазақстан облыстарында Қызылорда облысының өнер күндері ұйымдастырылды. Облыстың өнер майталмандары наурыз мерекесін, еліміздің салт-дәстүрлерін халықаралық деңгейде насихаттау мақсатында Испания, Финляндия, Эстония елдерінде маңызды шаралар ұйымдастырып келді. Ал Ұлттық мерекеміз – Республика күніне орай Швейцарияның бірқатар қаласында Қызылорданың мәдениет және өнер күндері өтті.
Облыста тұрғындардың бұқаралық, кәсіби спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалуда. Соңғы 3 жылда аймақта 21 спорт кешені бой көтеріп, ел игілігіне табысталды.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының аймақтарда спорт инфрақұрылымын, оның ішінде стадиондар мен спорт кешендерін салу туралы тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласында жаңа стадион бой көтерді.
УЕФА-ның 4-ші санатты сертификатын алған 11 мың орындық заманауи нысанда – ірі көлемдегі спорттық шараларды өткізуге барлық мүмкіндік қарастырылған. Жаңа стадион 4 қазан күні футболдан Қазақстан кубогының финалдық ойынымен ашылды.

Облыс орталығындағы ірі жобалардың бірі – аумағы 25 мың шаршы метрді құрайтын, 20 млрд 500 млн теңгеге көпбейінді «Қызылорда Арена» спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Ал «Самұрық-Қазына Траст» қорымен бірлесіп Қызылорда қаласында 3 млрд 400 млн теңгеге «Теннис орталығы» ашылып, жұмыс жасауда.
Президент бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қорымен тығыз байланыста жұмыс бар. Биыл қордың қолдауымен 2 ауданымызда жаңа спорт кешендері салынды (Шиелі, Жалағаш аудандарында). Бұдан бөлек, 2 млрд 900 млн теңгеге Қызылорда қаласында мүгедектігі бар жандарға арналған денешынықтыру-сауықтыру кешені бой көтерді. Жаңа ғимарат жақын күндері ел игілігіне табысталады.
Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 1 млрд 600 млн теңгеге 80 спорт-ойын алаңы салынды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 спорт кешені бой көтеруде.
Ал «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында облыста көркейту-көгалдандыру, елді мекендерде абаттандыру жұмыстары қарқынды жүруде. Биыл 6 млрд 300 млн теңгеге қалалық мәдени-демалыс паркі қайта жаңғыртудан өтті. 1 млрд 64 млн теңгеге Қорқыт ата мемориалды аллеясы ашылып, жұмыс жасауда. Қызылорда қаласында 15 млрд теңгеге «Президент саябағы» қайта жаңғыртудан өтті. Саябақ тұрғындардың серуендеп, тынығуы үшін тұрақты түрде қызмет ететін қаламыздағы жайлы, көрікті орындардың біріне айналды. Бүгінде саябақтың қасынан 20 млрд теңгеге бес жұлдызды қонақүйдің құрылысы қолға алынған. «Президент саябағынан» 9 млрд теңгеге Сырдария өзені үстінен өтетін жаяу жүргіншілер көпірі салынады. «Туған жерді бірге түлетейік!» бастамасы аясында кәсіпкер-меценаттар, қоғамдық қорлар Сыр өңірін көркейтуге өз үлестерін қосуда.
2022 жылдан бері аймақта кәсіпкер азаматтардың демеушілігімен барлығы 55 млрд теңгеден астам қаржыға жаңа жобалар жүзеге асып отыр.
2023 жылдан бастап облыстық «Үлгілі елді мекен» конкурсы тұрақты түрде өткізіліп, 2023-2025 жылдар аралығында облыстық бюджеттен 2 млрд теңге қаржы бөлініп, үлгілі ауылдарға 67 арнайы техника табысталды.
Мемлекет басшысы «Ауылды дамыту – Қазақстанымызды дамыту» деген болатын. «Үздік туристік ауыл – 2025» ұлттық байқауының қорытындысы бойынша Нағи Ілиясов ауылы еліміздегі үздік 5 туристік ауылдың қатарына енді. Дана халқымызда «Ауыл – ел бесігі» деген жақсы сөз бар. Ауылдарды дамыту – мемлекетіміздің, өңіріміздің аса маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі болып қалады.
Президентіміздің тапсырмаларын жүйелі түрде іске асырып, Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру жолындағы жұмыстарымызды әрі қарай жалғастыратын боламыз.






