Іс-шаралар негізгі 5 бағытта өтеді

775

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен брифинг өтті. Онда 25 қазан – Республика күні ұлттық мерекесі аясында облыс көлемінде өтетін мәдени-көпшілік іс-шаралар барысы айтылды.

Ұлттық мерекеге орай аймақта ресми шаралармен бірге, елдегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті насихаттауға арналған мәдени бұқаралық іс-шаралар, қайырымдылық және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған экологиялық акциялар ұйымдастырылады. Қалада және аудандарда бірқатар әлеуметтік құрылыс нысандары ашылады. Облыс әкімінің қолдауымен «Балалар жылы» аясында салынып жатқан 80 ойын алаңының 67-сі пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, қалалық автобус паркіне жаңа көліктермен толықтырылады.

Жалпы Сыр өңірінде 25 қазан – Республика күні ұлттық мерекесі 17-30 қазан аралығында жоспарланған мерекелік іс-шаралар аясында халықтық сипатта аталып өтеді. Айта кетейік, мерекеге орай өңірде мыңдаған мәдени-көпшілік іс-шаралар жоспарланған.

Республика күніне ұйымдастырылатын іс-шаралар негізгі 5 бағытта өтеді.

«Бірінші бағыт – ресми шаралар. Онда барлық жергілікті атқарушы органдар мен мекемелерде салтанатты жиындар өткізіліп, әр салада еңбек сіңірген қызметкерлер мен еңбек ардагерлері және төтенше жағдай кезінде ерлік көрсеткен азаматтар марапатталады. Екінші бағыт – елдегі қогамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті насихаттауға арналған шаралар. Бұл бағытта ғылыми конференциялар, шығармашылық кештер, фестивальдар, форумдар, дөңгелек үстелдер мен танымдық кездесулер, ашық сұхбат алаңдары, тақырыптық лекциялар өткізіледі. Үшінші бағыт – мәдени-бұқаралық іс-шаралар. Аймақта 20 қазаннан бастап барлық орталық алаңдар мен саябақтарда мерекенің бүкіл халықтық атмосферасын қалыптастыруға мүмкіндік беретін жаппай серуендер, жәрмеңкелер, көрмелер, экспозициялар, мерекелік концерттер, от шашулар және басқа да мерекелік іс-шараларды өткізу жоспарлануда. Төртінші бағыт – қайырымдылық және қоршаған ортаны қорғауға арналған экологиялық акциялар. Бұл мерекенің әлеуметтік миссияларының бірі – әрбір қазақстандықтың мұқтаж адамдарға өтеусіз көмек көрсетуге мүмкіндігі бар екенін сезіндіру. Бесінші бағыт – мерекені көрнекі безендіруге және ақпараттық сүйемелдеуге ерекше мән беріледі. Сондай-ақ, барлық елді мекендердің орталықтарында, сауда үйлері мен орталық көшелерінде көрнекі ақпарат құралдары ілініп, сыртқы дизайнына ерекше назар аударылады, – деді облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Аманұлы.

                                                                                                «СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<