Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысына қатысып, сөз сөйледі. Ғылым мен технологияның барлық мемлекеттер үшін стратегиялық маңызы зор екенін айтып, алда тұрған келелі міндеттерді жеткізді.
– Дамыған елдер ғылымға да, технологияға да баса мән беріп жатыр. Заманның беталысын баршаңыз көріп отырсыздар. Жаһандық геосаяси ахуал тұрақсыз, құбылмалы, сын-қатерлер аз емес. Бірақ қытай халқының белгілі пайымдауына сенсек, дағдарыс кезінде жаңа мүмкіндіктер туады. Қазір – инвестицияның, ғылым мен жоғары технологияның уақыты. Бүгінде кез келген елдің әлемдегі орны ғылымның даму деңгейіне қарай анықталады. Экономикалық өсім ғылымға тікелей байланысты, бұл – аксиома. Түрлі мемлекеттер арасында технологиясы дамыған озық ел болу үшін күрес жүріп жатыр. Орталық Азиядағы бәсекелестік те күшеюде, бұл – түсінікті, заңды үрдіс. Сондықтан біз де осы салаға баса мән беруіміз керек, нақты нәтижелерге қол жеткізуіміз қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында алдымызға айқын мақсат қойылғанын айтты. Соған сәйкес, Қазақстан алдағы үш жылдың ішінде цифрлық ел болуы керек, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін жан-жақты пайдаланып, оны барлық салаға енгізу қажет.
– Бірнеше күн бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясындағы сөзімде еліміздің даму бағдарына арнайы тоқталдым. Сондай-ақ дүние жүзінде болып жатқан үдерістерге Қазақстанның көзқарасын білдірдім. Жаһан жұрты береке-бірлікте өмір сүру үшін өзара сыйластықты, теңдік пен ынтымақтастықты таңдауы қажет. Сонда ғана мемлекеттер арасында табысты қарым-қатынас орнайды. Осы айдың басында Қытайға ресми сапармен барғанымды білесіздер. Онда құны 15 миллиард доллар болатын 70 инвестициялық келісімге қол қойылды. АҚШ-қа сапарым кезінде әлемдік компаниялардың басшылығымен келіссөздер өткіздім. Оның ішінде Amazon, Meta сияқты жасанды интеллект және жоғары технология саласындағы ірі корпорациялар бар. Сондай-ақ қаржы-инвестиция саласындағы Goldman Sachs, Blackstone, Cerberus Capital Management, Citigroup корпорацияларының жетекшілерімен кездестім. Wabtec, PepsiCo және басқа да ірі компаниялармен коммерциялық келісімдер жасалды. Сапар аясында экономикамыздың басты салаларын қамтитын 11 келісімшартқа қол қойылды, жалпы құны 5,2 миллиард доллардан асады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еліміздің келешегі жарқын болғанын қаласақ, жоғары технология мен жасанды интеллектіні қазірден бастап тиімді пайдалану керек. Осыған үлкен мән берген Президент келесі басымдықтарды атап өтті.
– Сондықтан соңғы жылдары ұлттық ғылымды дамытуға айрықша көңіл бөліп жатырмыз. Бес жылда білім-ғылым саласына салынған инвестиция бес есе өсті. Зерттеу университеттері көбеюде, олардың өндіріспен байланысы нығайып келеді. Қазір 300-ге жуық коммерциялық жоба қолға алынды. Осылайша, «Университет – зерттеу – инновация – коммерция» кешенді жүйесі орнығып жатыр. Бұл үрдіске күшті серпін беріп, оны таяу арада толығымен енгізу керек. Әлемнің 40 беделді жоғары оқу орнымен серіктестік орнаттық. Бүгінде елімізде 33 филиал ашылды. Технология парктері және инжиниринг орталықтары құрылуда. Ұлттық Ғылым академиясының беделі нығая түсетін болды. Әр аймақта Ғылым жөніндегі кеңестер жұмысқа кірісті. Ғалымдардың мүддесін қорғауға баса мән беріп отырмыз. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды, ғылымды басқарудың жаңа құқықтық негізі қаланды. Ұлттық ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту, бұл – аса маңызды, түйінді мәселе, оны басты назарда ұстау қажет. Жас ғалымдарға барынша жағдай жасала беруі керек. Жалпы, алда әлі де көп жұмыс бар, бұл жұмысқа бәріміз бірге жұмылып, бір ұжым болып, тиянақты қатысуымыз керек. Әйтпесе, күре жолдың шетінде қалып қоямыз, – деді Мемлекет басшысы.
Ұлттық кеңес жиынында атом саласын дамыту мәселесі қаралды. Президент көтерілген маңызды мәселелер мен ұсыныстар алдағы уақытта ескерілетінін айтып, өз пікірін ортаға салған ғалымдарға ризашылығын білдірді. Елдің энергетикалық қауіпсіздігін және дербестігін қамтамасыз ету – стратегиялық міндет екенін айтты.
– Біз түрлі салаға озық технологияларды енгізіп жатырмыз. Ауқымды жобалар қолға алынуда. Оның бәрін табысты жүзеге асыру үшін электр энергиясы жеткілікті болуы қажет. Сондықтан біз қуат көздерін жан-жақты жаңғырту жұмыстарын бастадық. Ең бастысы, ядролық энергетиканы дамытуға бет бұрдық. Жалпыұлттық референдумда атом электр станциясын салу жөнінде шешім қабылдадық. Шын мәнінде, атом энергиясы – еліміз үшін өте маңызды, қажетті қуат көзі. Біз ғана емес, күллі жаһан жұрты осы саланы дамытуға мықтап кірісіп жатыр. Дүние жүзінде 416 атом реакторы жұмыс істеп тұр. Мысалы, АҚШ-та 94 ядролық реактор бар, бірақ өзінің уран өндірісі аз, сондықтан америкалық нарықтың 24 пайызын Қазақстан қамтамасыз етеді. Францияға қатысты жағдай да сондай іспетті, 50-ден астам ядролық реакторға Қазақстанда өндірілген уран қолданылады. Қазір 31 мемлекетте ядролық энергия өндіріледі. Бұл – әлемдегі әрбір алтыншы ел бейбіт атомның игілігін көріп отыр деген сөз. Тағы жиырмаға жуық мемлекет ядролық реактор салуды жоспарлап отыр. Біз осы салада озық технологиясы бар елдермен ынтымақтастыққа баса мән береміз, – деді Президент.
Бұл ретте сондай-ақ, таяуда Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу бойынша жұмыстар басталғанына назар аударды. Жобаны халықаралық консорциум жүзеге асырады. Оның жетекшісі – «Росатом» компаниясы.
– Тиісті Агенттік, жалпы, Үкімет осы компаниямен келіссөздер өткізген кезде әрдайым еліміздің мүддесін ескеруі қажет, келісімдердің барлығы әділетті, теңгерімді, тиімді болуы керек. Табиғи байлығымызды, яғни уранды талан-таражға салуға болмайды. Бүгін мен мұны ғалымдардың және бүкіл ғылым қауымдастығының алдында әдейі айтып отырмын. Бұл – аса маңызды мәселе. Әрине, біз бір атом электр станциясымен шектеліп қалмаймыз. Екінші, үшінші атом станциясын қазірден бастап жоспарлай беруіміз керек. Қытай Төрағасымен кездесуде біз осы мәселені талқыладық. Елдеріміз бейбіт атом бағытындағы ықпалдастығын күшейте береді. Қытайдың өзінде алдағы он бес жылда 76 жаңа реактор іске қосылмақ. Шығыстағы көршіміз – осы саладағы жетекші мемлекеттің бірі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент атом энергетикасын дамытуға стратегиялық минералды ресурстар керек екенін атап өтті. Мемлекет басшысы мәлімдегендей, Қазақстанда бұл салаға қажетті сирек кездесетін металдар жеткілікті. Қазақстан уран өндірісі бойынша әлемдік көшбасшы мемлекеттің бірі. Әлемдегі уран қорының 40 пайызы – қазақ жерінде. Ең бастысы осы басымдық дұрыс пайдаланылуы қажет.
– Атом станциясы салынған соң уранның экономикадағы рөлі түбегейлі өзгереді. Бұрын экспортқа ғана кетіп жатқан бұл байлық енді ішкі нарықтың қажетіне жарайтын болады. Бұл жұмысқа қазірден бастап дайындалған жөн, тиісті талдау жүргізілуге тиіс. Ғалымдарымыз осыны ескеруі керек. Жалпы, елімізде атом саласының ғылыми негізі бұрыннан бар. Кезінде әйгілі академик Қаныш Сәтбаев КСРО Министрлер кабинетіне хат жазып, Қазақстанда ядролық физиканы дамыту мәселесін көтерген. Көп ұзамай 1957 жылы Алматыда Ядролық физика институты ашылды. Міне, сол кезеңнен бастап елімізде әлемдік талапқа сай ғылыми-технологиялық инфрақұрылым қалыптаса бастады. Астана, Алматы және Курчатов қалаларында арнайы қондырғылар іске қосылды, онда отандық және шетелдік ғалымдар белсенді жұмыс істеуде. Бертінге дейін Қазақстан, негізінен, шикізат экспорттады. Енді біз ядролық отын цикліндегі өңдеу үлесін дәйекті түрде арттырамыз. Мысалы, 2021 жылы елімізде жылу бөлетін тораптар шығаратын зауыт ашылды. Атом электр станциясы бұл саладағы өндірістік циклді толық аяқтауға мүмкіндік береді. Соның арқасында атом энергетикасы сыртқы нарыққа тәуелсіз, ұлттық салаға айналмақ. Бұл – өте күрделі жұмыс. Сондықтан ғалымдарымызға зор жауапкершілік жүктеледі, – деді Президент.
Мемлекет басшысы тағы бір маңызды мәселені көтерді. Еліміздің атом ғылымындағы жағдайда бірінші кезекте осы саланың кадрлық әлеуетін арттыру өзекті екенін айтты.
– Елімізде білікті инженерлер, техникалық мамандар тапшы. Бұл – шын мәнінде, өте өзекті мәселе. Атом саласындағы жағдай да дәл осындай. Ахуалды жедел түзеу керек. Бүгінде жоғары оқу орындарын бітіріп жатқан түлектердің 90 пайызы – бакалаврлар. Ал ғылым докторларының үлесі 1 пайызға да жетпейді. Сондықтан докторантураға бөлінетін грант санын көбейту қажет. Әсіресе, техникалық мамандықтарға басымдық берген абзал. Менің тапсырмам бойынша «Болашақ» стипендиясының 70 пайызға жуығы техникалық-инженерлік мамандық иелеріне беріле бастады. Былтыр жасанды интеллект саласына жыл сайын 50-ден астам стипендия бөлу туралы шешім қабылдадық. Келесі жылдан бастап атом мамандарын дайындау үшін жылына 20 квота беріледі. Мұны технократ ұлт болу жолындағы маңызды қадам деуге болады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ қазір жер қойнауын игерушілер өз табысының бір пайызын ғылымды дамытуға бөліп жатқанына мән берді. Бұл салық емес, оны еліміздің технологиялық әлеуетін арттыруға үлес қосу деп түсіну қажеттігін айтып, Үкімет осы қаражаттың бір орталықтан үнемді, тиімді әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз етуге тиіс деп нақтылады.
Президент ұлттық кеңес отырысында мемлекеттік саясаттың негізгі мақсат-міндеттері жайындағы ойымен бөлісті.
– Менің негізгі миссиям – қазіргі алмағайып кезеңде еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту, әлеуметтік-экономикалық дамудың берік іргетасын қалау. Бұл туралы ұдайы айтып келемін. Менің барлық шешімдерім осы өзекті міндеттерді іске асыруға бағытталған. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу – іргелі әрі ұзақ процесс. Оның әлем экономикасына жанама әсерлері мен ықпалын мұқият зерделеп, анықтау қажет. Алайда бұл технологиялық үрдіс бүкіл халықтар мен мемлекеттердің келешегін айқындайды. Бұл салада қатып қалған қағида жоқ. Сондықтан біз жылдам қимылдап, ең батыл шешімдер қабылдаудан қорықпауымыз қажет. Сонда ғана біз өзімізге жүктелген тарихи миссияны орындай аламыз, яғни қалыптасып жатқан жаңа әлемнен лайықты орнымызды аламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, атом саласының ғылыми-технологиялық әлеуетін күшейту ісінде халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор. Ал елде бірінші атом электр станциясын салу – ауқымды жұмыстың басы ғана. Бұл ретте атом энергетикасы бағытындағы жұмыс бір ведомствоның немесе саланың аясында шектеліп қалмауға тиіс. Осындай маңызды мәселелер қатарында Қасым-Жомарт Тоқаев жұрттың қаржылық, ақпараттық, цифрлық және басқа да саладағы сауатын арттыру мәселесін көтерді. Ғалымдардың ағартушылық миссиясына ерекше назар аудару қажеттігін алға тартты.
– Сіздер әр саланы терең білесіздер. Атқарылып жатқан жұмыстың мән-жайын жақсы түсінесіздер. Соны жастарға айтып жеткізу керек. Олардың бойында әлеуметтік оптимизм қалыптастыру өте маңызды. Заман күрделі болса да, біздің бағытымыз – дұрыс. Еліміз қиындықтың бәрін еңсеріп, үздіксіз дамып келеді. Бес жылда Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 181 миллиардтан 291 миллиард долларға көбейді. Биылғы 8 айдың өзінде экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Еліміздің халықаралық резерві мен Ұлттық қордың активі 116 миллиард доллардан асты. Соның ішінде халықаралық резервіміз рекордтық деңгейге жетіп, 54,6 миллиард доллар болды. Мұның бәрін басқа мемлекеттер, беделді ұйымдар көріп отыр, мойындап жатыр. Мысалы, Standard and Poor’s агенттігі бұған дейін еліміздің дамуын «тұрақты» деп болжап келді. Енді «жағымды» деген болжам жасауда. «Сырт көз – сыншы». Әлем қауымдастығының Қазақстанға деген сенімі біздің дұрыс жолмен келе жатқанымызды көрсетеді. Алайда халықаралық рейтингтерде жоғары орын иелену – біз үшін мақсат емес, оның үстіне бұл тоқмейілсуге себеп бола алмайды. Біз мұны түсінуіміз керек. Біздің басты міндетіміз – халықтың әл-ауқатын ұдайы арттыру және еліміздің бәсекеге қабілеттілігін күшейту. Дәл сол себепті біз қиын да күрделі өзгерістер арқылы реформалар жүргіземіз. Бұл оңай жол емес. Елімізді басқаша өркендете алмаймыз. Бәріміздің мақсат-мүддеміз – бір. Бұл – Әділетті, Қуатты, Таза әрі Қауіпсіз Қазақстанды құру. Бұл іске ғалымдар қауымы мол үлес қосады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Қ.ӘБІШ






