Топ-баннер2

Көктем лебі ескенде…

5

0

Фото: облыс әкімдігі

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Өнер орталығында» 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Ана – әлемнің бесігі» атты салтанатты шара өтті. Аймақ басшысы аналар мен қыз-келіншектерді көктемнің көркем мерекесімен құттықтады.

– Мемлекет басшысы «Әйелдер қауымының отбасындағы, қоғам өміріндегі және мемлекетті жан-жақты дамыту ісіндегі рөлі орасан зор. Қыз-келіншектер өндірісте, шығармашылық жолында, саясат, бизнес және басқа да көптеген салада биік белестерді бағындырып келеді», – деген болатын.

Тәуелсіз Қазақстанның толағай табыстары мен Сыр өңірінің бүгінгі жетістіктерінің барлығында әйелдер қауымының өз қолтаңбалары бар.

Аналарымыздың рухынан күш, ұлағатынан тәлім алған аруларымыз бүгінде экономикамыздың барлық саласында табысты еңбек етеді.

Облыс бойынша мемлекеттік қызметшілердің 45 пайызы, медицина қызметкерлерінің 88 пайызы, ұлағатты ұстаздардың 78 пайызы, жалпы бюджеттік саланың 62 пайызы, шағын және орта бизнесте еңбек ететіндердің 55 пайызы – қыз-келіншектер.

Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне қосқан елеулі еңбек­теріңіз үшін Сіздерге барша Сыр жұртшы­лығының атынан шынайы алғысымды, зор ризашы­лығымды білдіремін. Біз, ер-азаматтар Сіздерді жоғары бағалаймыз, құрметтеп, қадірлейміз. Нәзік жандарға деген біздің ықыласымыз, ниет-тілегіміз әрдайым ерекше.

Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тер­беген ардақты аналарымыз ел ертеңіне нәр, тіршілікке әр беріп келеді. Алдағы уақытта да ұлты­мыздың баянды болашағы жолында аянбай еңбек ете беру­леріңізге тілектеспін! – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Салтанатты шарада шуақты мереке қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» ме­далі­мен наградталған қызылордалық әйел-аналарға мара­паттары табысталды. Сонымен қатар, «Мәдениет сала­сының үздігі» төсбелгісі, Қызылорда облысының Құр­мет грамотасы, облыс әкімінің Алғыс хаты мереке иелерінің мерейін асырды. Айта кетейік, Ақордада өткен қабылдауда «Qyzylorda» телеарнасының бас редак­торы Айнұр Нұрланқызы Тұңғышбаева «Ерен еңбегі үшін» медалін Мемлекет басшысының қолынан алды.

Бұл – Сыр өңіріндегі іскер әйелдер қауымының адал еңбегіне берілген лайықты баға.

Аймақта 48 мыңнан астам көпбалалы отбасы болса, оның 17 мыңға жуығы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері. Алтын құрсақты аналар демографиялық ахуалды жақсартуға зор үлес қосып келеді. Өңірде отбасы институтын дамыту және аналарды әлеуметтік қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеу­шілігімен «Анаға тағзым» орталығы салынған. Орталықта екі жылдың ішінде 40 мыңға жуық ана мен қыз-келіншекке қызмет көрсетілді. Сонымен қатар, кейінгі жылдары бой көтерген «Отбасы орталығында» болашақта шаңырақ көтеретін жастар мен жас отбасыларға психологиялық және құқықтық кеңестер беріліп, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар бо­йынша ақпараттық-түсіндірме жұмыс­тары жүргізілді.

Облыстағы барлық 7 ауданда заманауи үлгідегі «Руханият» орталықтары салынып, пайдалануға берілді. Аталған орталықтарда музей мен кітапхана жұмыс істейді.

Айта кету керек, өңірде соңғы екі жыл қатарынан «Анаға тағзым» республикалық форумы өткізіліп келеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі