Көлік инфрақұрылымы – даму драйвері

955

0

Сыр елі көлік саласын және көлік дәліздерінің транзиттік әлеуетін дамыту үшін зор күш-жігер жұмсауда. Әсіресе кейінгі жылдары көлік саласындағы үлкен өзгерісті ел көріп отыр. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тың бастамаларды қолға алумен қатар тәртіп пен жауапкершілікті күшейтті.

Жолаушылар тасымалы – қашан да елдің экономикалық және саяси өмірінің маңызды саласы. Қазақстанның орасан зор аумағы, халық тығыздығының төмендігі, елді мекендердің бір-бірінен алшақтығы, әлемдегі интеграция мен жаһанданудың үдемелі процестері дамудың басым бағыттарының біріне айналдырғаны рас.

Тамыз айының бірінші жексенбісі – «Көлік қызметкерлері күні» кәсіби мерекесі. Атаулы күн 1998 жылғы 20 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» ҚР Президентінің №3827 Жарлығына сәйкес белгіленген.

Жолаушыларға жайлылық жасалған

Тарихы өткен ғасырдың 30-40 жылдарынан бастау алатын сала бүгінгі күнге айтарлықтай өркендеп, дамып келеді. Тәуелсіздік шежіресімен бірге үлкен асуларды еңсерді. Заман ағымына қарай көлік саласында көптеген өзгерістер орын алды. Қазір халыққа қызмет көрсету сапасы анағұрлым жақсарған. Жолаушылар және жүк тасымалдау парктері жаңа техникалармен толығып, сервистік қызмет көрсету деңгейі де едәуір артқан. Олардың көпшілігі мемлекеттің қолдауы арқасында жүзеге асырылып жатыр.

Облыс аумағында 212 елді мекенді аудан және облыс орталығымен байланыстыратын 205 автобус маршруты ұйымдастырылған. 2023 жылдың І жартыжылдығында автомобильмен 10,4 млн жолаушы тасымалданып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 33 пайызға артқан екен.

Оған қоса, Қызылорда қаласының да қоғамдық көлік қызметі жақсарып, үлкен сыйымдылықтағы жаңа автобустармен толықтыру бойынша ауқымды жұмыстар істелгенін көріп жүрміз. Облыс орталығындағы жолаушылар тасымалдау қызметінің сапасын арттыру, жолаушыларға жайлылық жасау мақсатында өткен жылы лизинг арқылы 150 жаңа автобус алынған. Биылғы жылы да облыс орталығының қоғамдық көлік қызметі мәселесін түбегейлі шешу мақсатында қосымша 150 автобус алу бағытында жұмыстар белсенді жүріп жатыр.

Айта кетейік, Сырдария өзенінің сол жағалауында жолаушылар мен тасымалдаушыларға қызмет көрсететін, барлық стандарт талаптарына сәйкестендірілген заманауи үлгідегі жаңа автовокзал құрылысы басталғаны да жағымды жаңалық.

Әлеуеті асқан әуежай

Әуе көлігі саласында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күні «Қорқыт ата» әуежайы арқылы аптасына 27 тұрақты рейс орындалуда, оның ішінде: Астана қаласына 11, Алматыға 16 рейс ұшады. Бұл рейстерді «AirAstana», «Fly Arystan» және «QazaqAir» әуе компаниялары орындайды.

2023 жылдың І жартыжылдығы бойынша әуежайдан 67 мың жолаушы жөнелтілді, 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жолаушылар саны 19 пайызға көбейіп отыр.

– «Болат Өтемұратов қорының» демеушілігімен ірі жоба жүзеге асырылуда. 2021 жылдың 26 қазанындағы облыс әкімдігі, «Қорқыт ата әуежайы» АҚ және «Болат Өтемұратов қоры» арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға сәйкес «Қызылорда қаласында «Қорқыт ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалын салу» жобасы іске асырылуда. Жобаның құны 15 млрд теңгені құрап отыр.

Терминал құрылысының жұмыстары 2023 жылдың ақпан айынан басталып, 2024 жылдың мамыр айының аяғында пайдалануға берілмек, яғни жоспардан 4 ай бұрын аяқтау көзделген. Бұл нысанның құрылысы бірқатар әуе көлігінің көрсеткіштерін шамамен 1,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Әуе көлігімен жолаушылар тасымалы көлемі 2022 жылғы 130 мыңнан жыл сайын 200 мыңға дейін ұлғаяды, жүк тасымалдау көлемі жылына 150 тоннадан 240 тоннаға дейін артады деген жоспар бар, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жәнібек Сыздықов.

Жаңа әуежай терминалында халықаралық стандарт талаптарына сай жолаушыларға қызмет көрсетуге қажетті жағдайлар қарастырылады. Бұл жоба өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретіні сөзсіз. Сонымен қатар, жоба іске асырылғаннан кейін, авиациялық әкімшілікпен бірлесе отырып, ішкі және халықаралық рейстер санын ұлғайту бойынша жұмыстар да жүргізіледі.

Теміржолдан түсер табыс көп

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Қазақстан Темір Жолы» компаниясымен бірлесіп, Қызылорда қаласындағы өзіндік тарихи мәні бар теміржол вокзалы ғимараттарына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуде.

Бүгінгі таңда облыс орталығынан 5 жұп жолаушы пойызы ұйымдастырылған («Қызылорда-Көкшетау», «Қызылорда-Петропавл», «Қызылорда-Павлодар» (Жезқазған арқылы), «Қызылорда-Алматы-Семей», «Қызылорда-Түркістан»). Бұл бағыттар бойынша облыстың тасымал жүйесі қазынаға қыруар қаржы түсіріп, сапарға шыққандарға сапалы қызмет көрсетіп келеді.

Автожолдағы ахуал

Облыс аумағындағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3418,5 шақырымды құрайды. Оның 1014,5 шақырымы – республикалық, 555 шақырымы – облыстық, 1849 шақырымы – аудандық маңызы бар автомобиль жолдары.

Мемлекет басшысы Жолдауында автокөлік жолының құрылысына, оның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беруді, 2025 жылға дейін жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі индикаторлық көрсеткіштерін 95 пайызға дейін жеткізуді белгіледі.

– 2023 жылға жол инфрақұрылымын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 36 млрд теңге бөлініп, ұзындығы 570 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары мен көшелер және көпір өткелдері жөндеуден өткізілуде.

2022 жылы республикалық және облыстық бюджеттен 17,6 млрд теңге қаржы бөлініп, 368 шақырым жол жөнделді. Жалпы, аталған жұмыстардың нәтижесімен жыл соңына дейін жергілікті жолдардың жақсы және қанағаттанарлық көрсеткішін 87,5 пайызға жеткізу жоспарлануда.

Ағымдағы жылы ауқымды жобалар іске асырылуда. Соның ішінде Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы басты көшенің «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автотрассасымен жанасатын жерінде көлік айырығын салу жобасы аяқталуға жақын. Сонымен қатар, Ғ.Мұратбаев және Яссауи көшелерінің қиылысында теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірін салу жобасы биыл басталды, – деді Жәнібек Шәкімбайұлы.

Қазір қалада Сұлтан Бейбарыс көшесін кеңейту, қайта жаңғырту жұмыстары қызу жүргізілуде. Аталған жобалардың құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Оған қоса Қазалы ауданындағы 16 шақырым «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» автомобиль жолының «Қарлаң» учаскесінде Сырдария өзені арқылы өтетін көпір өткелін салу жобалары жүзеге асырылуда.

Осы салада көптен бері шешімін таппай келген және өзекті мәселелердің бірі – республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының қайта жаңғырту жұмыстары да басталды (Қызылорда учаскесі ұзындығы 216 шақырым). Жобаның жалпы құны – 106,6 млрд теңге. Бұл жобаны 3 жыл мерзімде аяқтау көзделіп отыр.

Жолдың жайын жүрген білер. Қаладағы көрікті көшелер жабылып, абыр-сабыр болғанымен, жұмыс біткен күні игілігін халық көреді. Сондықтан барлық көлік саласында жүрген еңбеккерлердің ісі ел үшін ерен.

Айдар САЙЛАУОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<