Көрісу күні қуанышқа кенелді

82

0

Фото: Облыс әкімдігі

Кеше Амал күнінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласы Жаппасбай батыр көшесіндегі 60 пәтерлік тұрғын үйдің кілтін табыстады. Салтанатты рәсімге зиялы қауым өкілдері, жауапты сала басшылары мен қала тұрғындары қатысты. Аймақ басшысы жаңа қоныс иелерін Амал күнімен және алдағы Наурыз мейрамымен құттықтап, өңірдегі ауқымды жобаларға тоқталып өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен Бурабайда Ұлттық құрылтай өтуде. Алқалы жиында құрылтайдың  бесінші отырысын келер жылы Сыр елінде  өткізу туралы шешім қабылданды. Бұл – біздің айма­ғымыз үшін тарихи сәт. Өйткені алты Алаштың астанасы болған, тоғыз жолдың тора­бында орна­ласқан өңіріміз ел болашағы үшін маңызды шешімдер қабылданатын орта­лыққа айналады.  Оған қоса, бүгін көктемнің кел­генін айқын сездіретін Амал күнінде, Наурыз мейрамы қарсаңында жаңа пәтер кілттері табысталуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыты екенін атап өтті. Прези­дентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында бүгінде облысымыздың бюджеті 750 млрд теңгеге жетті. Өздеріңіз білесіздер, осыдан үш жылдай уақыт бұрын аймақ бюджеті 364 млрд теңге болатын. Өсім 206 пайызды құра­ды. Бұл қомақты қаражат аймақ­тағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға және ауқымды инфрақұрылымдық жоба­ларды іске асыруға жұмсалуда.

Мемлекеттің қолдауын сезініп, баспаналы болуға ниет еткен әрбір отбасы үшін бүгін айтулы күн! Баспаналы болу отбасын, әсіресе бала­ларды қуанышқа кенелтеді. Қоныс тойларыңыз құтты болсын! Шаңырақ­тарыңыз шаттыққа бө­леніп, ішінен балалардың әсем күлкісі мен үлкендердің қуанышты үні естілсін! Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшық­тайтын қасиетті Наурыз мерекесі елімізге, әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!– деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Іс-шарада ел ағаларына, жаңа тұрғын үйді салған құрылыс­шы­ларға облыс әкімінің Алғыс хаты табысталып, Қызылорда қаласы және Арал ауданының құрметті азаматы Имамадин Оңғарбаев батасын берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<