Креативті кәсіпкерлер көрмесі

201

0

Бейсенбі күні Қызылорда қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында «Creative Caravan» облыстық креатив көрмесі жалғасын тапты. Салтанатты жиында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов әрбір облыс орталығында және ірі қалаларда креативті индустрия орталықтарын құру, креативті кәсіпкерлерге өнімдерін коммерцияландыруға қолдау көрсету, креативті индустрияны қолдау шараларын қабылдау туралы Президент тапсырмасының орындалу барысына тоқталды.

– Аймақ басшысының қолдауымен «Анаға тағзым» орталығы креативті хаб ретінде жұмыс жасауда. Ұлттық құндылықтарды насихаттап, жергілікті дизайнерлер мен тігіншілердің креативті кластерін қалыптастыру мақсатында республикалық «Брендке бір қадам» форумы, «Этно fashion» облыстық сән үлгісі фестивалі, креативті қолөнершілерді насихаттауға бағытталған «Creative urban tour» және «Ою-like» сияқты ауқымды жобалар ұйымдастырылды. Бүгінгі жоба атына заты сай, сонау Ұлы Жібек жолының ізін бүгінгі креативті индустриямен үндестіреді, – деп атап өтті ол.

«Creative Caravan» көрмесі қазан айының басынан бері Қызылорда қаласы мен Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Жалағаш аудандарында өтті. Ондағы мақсат – жергілікті жердегі креативті кәсіпкерлерді іздеу, оларды насихаттау. Сондай-ақ сала мамандары дәрістер ұйымдастырып, қолөнершілерге кеңес берді. Шеберлер өз бұйымын жарнамалауға, танымалдылығын, тауар өтімділігін арттыруға, өзара ынтымақтастықта жұмыс істеуге мүмкіндік алды.

Іс-шара барысында қала және аудандардың қолөнер шеберлері туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Ежелгі сауда, өнер және шабыт керуені сахналанған қойылым, көрме-жәрмеңке ерекше әсер қалдырды. Орталықтың төл бренді – «Өмір иірімдері» тұмары бұйымды шынайы сипаттай білген қатысушыға тарту етілді. Басқарма басшысы креативті кәсіпкерлерге облыс әкімінің орынбасары атынан диплом табыстап, сый-құрмет көрсетті.

Облыстық көрме Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарында жалғасады. Оған қатысушылар салықты сауатты жүргізу жолдары, мемлекеттік гранттар мен бағдарламалар, контент қалыптастыру арқылы клиент тарту туралы ақпарат алады.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»