Күтумен өткен өмір немесе мәйіттік донор неге дамымайды?

170

0

Қызылорда облысында қос бүйрегі істен шығып, тағдыры аппаратқа таңылған 450 адам бар. Соның 281-і донор трансплантациясына талай жылдан бері кезекте тұр. Осы орайда біз кезектің неге жылжымайтынын зерттеп көрдік.

Облыс бойынша трансплант үйлес­тіруші, жоғары дәрежелі нефролог Лиза Нұрсұлтанованың айтуынша, 2014 жылы өңірде бірінші рет бүйрек ауыстыру отасы жасалды. Жас жігітке туған қарындасы бір бүйрегін беріп, отаны А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми орталықтан келген хирургтер жасады. Ал көпбейінді облыстық аурухана басшылығына PhD доктор, трансплантолог Жасұлан Байма­ханов­тың, оның хирургия жөніндегі орынбасары болып трансплантолог Ербол Серікұлының тағайындалуы тыңға түрен салды. 2023 жылдан бері дәрігерлер облыста тағы 8 адамның бүйрегін ауыстырды.

– Алматы, Астана, Ақтөбе, Шым­кент қалаларында трансплант орта­лықтар бар. Осыған дейін сол орта­лықтарда және Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасында 95 адамға бүйрек трансплантациясы жасалды. Соның ішінде 9 адамға ота өзімізде жасалғанын әлгінде айттым. Барлы­ғының денсаулығы жақсы.

Бүйрек салдырған 95 адамның 70 пайызы – жастар. Бүйрек жетіспеушілігінің себептері – қан қысымының жоғары болуы, жүрек жетіспеушілігі, қант диабеті, гламируонефрит, созылмалы аурулар, жүйелі қызыл жегі, ревматоидті артрит.

Ревматоидты артритқа шалдыққан адам ауруды басатын дәрілерді көп пайдаланады,  ал бұл бүйрек пен бауырдың қызметіне зақым келтіреді. Бүйрек – сүзгі. Адам жүрек инфарктіне, инсультіне шал­дық­са, емделеді. Ал бүйрек бүрісіп, қан бармаса, сүзгі істен шығады. Бүйректің қызмет көрсету көр­сеткіші 15 пайыздан төмендесе, ге­мо­диа­лиз­ге жіберуге немесе бүй­регін ауыстыруға тура келеді, – дейді Лиза Нұр­сұлтанова.

Бүйрек жетіс­пеу­ші­лігіне әкеп соғатын ауру түрлері  егде жастағы кісі­лерге тән болғандықтан көбіне үлкендердің бүйрегі «отырады». 65 жасқа толмағандардың барлығы донор кезегіне тіркелген.

Қызылорда қаласындағы диализ орталығының меңгерушісі Гүлнұр Жәлиева бүйрек ауруының 5-саты­сынан бастап науқастар гемодиализ процедурасына тәуелді болатынын жеткізді.

– Бұл кезде бүйректің қызметі 15 пайыз және одан төмен болады. Науқастың аппаратқа тәуелділік ұзақтығы – орта есеппен 10 жыл, бұл енді оның нақты диагнозы мен ауру­дың асқынуына, өмір сүру салтына, дәрігер нұсқаулығын орындауына байланысты, – дейді ол.

Диализ орталығы аймақтағы 7 ауданның 2-інде жоқ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бас­шы­сының орынбасары Жаңыл Әбу­бәкірованың айтуынша, бұл па­циенттер санына байланысты.

– Облыста 10 диализ орталығы бар. Сырдария және Қармақшы аудан­дарында ғана жоқ. Диализ орта­лық­тарына ұсыныс білдірдік, бірақ науқастар санының аздығына байла­нысты ашуға мүмкіндігі жоқ. Өйткені тиімсіз. Бүйрек жетіспеушілігі сыр­қатына шалдыққандар ем-дом үшін биылдан бастап  инватакси қолданып жүр. Барлық қала мен аудан орта­лықтарында тасымал мәселесі ше­шілген. Біз науқастармен тығыз байланыста жұмыс істейміз, – дейді басқарма өкілі.

Қызылорда қала­сы­ның 51 жастағы тұр­ғыны Ақмарал Әбса­то­ваның өмірі «жа­­­­санды бүйрек» ап­­­па­ратына жал­ғанған.

– Қан қы­сы­мым жоғары. Бір жа­ғы­нан жас ке­зімде ет сатам деп ауруым­ды ас­­­қындырып ал­дым. 2022 жыл­дан бері диализ ка­­был­­даймын. Ап­та­сына 3 рет 4 сағат бойы ап­па­ратқа таңыл­­ған күйі жа­та­мын. Бірың­ғай диета сақ­тап, күтіну керек. Донор ке­зегінде тұр­ға­ным­мен еш жыл­жы­майды, менен бұ­рын тір­келгендердің өзіне ке­зек тиген жоқ, – дейді кейіп­керіміз.

Статистикаға қара­сақ, бүйрек транс­­план­тациясын жасатқан 95 қы­зыл­­ордалықтың небәрі 3-іне бүйрек қайтыс болған адамнан алынып салынған.

– Елімізде 4,5 мыңдай адам күтім парағына тіркелген. Биыл 12 адамға ғана мәйіттік донор жасалды. Қызыл­ордада кезек мүлдем жылжымайды. Өйткені халық мәйіттік донордың маңызын әлі жіті түсінбейді.

Біз күтім парағындағы науқастардың өмір сүру сапасын, ұзақтығын арттыру үшін мұны кеңінен насихаттауға тиіспіз. Жол апаты, инсульттен кейін ми өлімі тіркелген кісілердің туыстарымен сөйлесеміз. Ми өлімі биологиялық өліммен бірдей. Адам жан сақтау бөлімінде жатқанда аппаратпен жүрегі соғып тұрады. Бірақ бұл ұзаққа бармайды. Туыстары рұқсат берсе, марқұмнан екі бүйрек, бауыр, жүрек, көздің қарашығы сияқты органдарды алуға болады. Біз осылай денсаулығы сыр берген 6-7 адамның өмірін сақтап қала аламыз.

Бірақ діни көзқарасына байланысты адамдардың көбі бұған келісе қоймай­ды. Сондықтан үгіт-насихатқа дәрігер­лермен қатар дін өкілдерін кеңінен тарту керек, – дейді облыс бойынша трансплант үйлестіруші Лиза Нұрсұлтанова.

Қазақстанда ағзаны тегін ауыс­тырады. Оңайлықпен донор табыл­мағасын жерлестеріміз ел асып, ота жасатқысы келеді. Бірақ қалтаның жұқалығынан үмітін үмітке жалғаумен өмірін өткізуге мәжбүр.

Дәрігер кейбір мемлекеттерде донорлық мәйіт мәселесі әлдеқашан шешімін тапқанын айтты.

– Мысалы, Белорусьте күту парағы бос деуге болады. Өйткені келісім презумпциясы қабылданған. Алғашқы кезде бұған халық дәл біз сияқты қарсы болды. Қазір мәйіттік донордан орган алу үшін марқұмның туыстарының келісімін күтпейді, – деді Лиза Нұрсұлтанова.

Назерке САНИЯЗОВА