Лимон пісті, папайя, кумкват ағашы жеміс салып тұр

67

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Қызылордалық Ақерке Тәжекееваның жылыжайында тропикалық жемістер өседі. Қазір онда лимон пісіп, папайя, банан, кумкват ағашы жеміс салып тұр.

Біз барғанда Ақерке жылыжайда екен. Ішіне ендік, жылы әрі жасыл. Жанға жайлылық пен жылулық сыйлап, қыстың ызғары әп-сәтте ғайып болғандай. Жасыл ағаш, өсімдік пен гүл айналаны жазға айналдырып жі­берді. Сан гүлдің хош иісі ты­нысыңды аша түскендей. Бағбан да тосылмады, істің жайына әбден қаныққаны көрініп тұр. Жұмысын жалғастыра жүріп, әңгімесін әріден бастап кетті.

– Жылыжай ісін қолға алғалы 22 жыл. Бастапқы кезде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің, кейінгі 10 жылда «Болашақ» универ­ситетінің жылыжайында қызмет етіп келемін. Сондай-ақ үйден бөлек, «Сабалақ» саяжайында 3 жылыжай бар. Онда лимон, қияр, қызанақ, көшет егіледі. Негізі үйдегі жылыжайды бақ ретінде, бір жағынан тынығу орны есебінде қолға алған едім. Бірақ қазір шағын зертхана десем де болады. Жоғарыда айтып өткенімдей қазір «Болашақ» университетінде және жы­лы­жайында еңбек етемін. Онда әл­дебір жеміс, гүл түрін егу үшін алдымен жылыжайда өсіріп аламын. Неге? Себебі, зерттеймін, күтімін жасаймын әрі алып кететініне толық көз жеткіземін.

Бір кездері оқу орнындағы жы­­лы­жайға көр­ші елден осы іс­пен айналысатын бағбандар кел­ді. Сөй­тіп, лимон өсірмекші болды. Бірақ нәтиже бермеді. Содан ой келді. Осы істі өзім қолға ал­сам қалай болар екен дедім. Са­ры­ағаш­тан лимонның көшетін алып, барынша баптадым. Уақыт өте келе жеміс берді. Жұмыстағы жы­­­лыжайға отырғызып, ақыры ли­мон пісті. Осылай бананды да өсірдім. Кейінгі кездері папайяны да байқап көрген едім, өсіруге бо­лады екен. Бұл жеміс ағаштары бірден бе­йім­деле салған жоқ. Өзі­міздің топыраққа отыр­ғыз­дым. Күн сәулесінің түсуін, су мөл­шерін, то­пырақтың құнарын бақыладым. Әр ағаштың күтімі бөлек. Олар да көшет кезінде бала се­кілді. Жақсылып қарасаң, өседі. Шүкір, тропи­ка­лық ағаштың бәрі де жерсініп кетті, – дейді ол.

Бағбан лимон ағашын өсір­ген­нен кейін, банан көшетін ал­дырыпты. Көп өтпей ағаш жемісін береді. Оны да оқу орнының жы­лы­жайында өсірді. Бір жағынан мамандығы, бір жағынан сүйікті ісі болғаннан кейін болашақ ауыл шаруашылығы мамандарын осы іске баулып, білгенін үйретуден жалыққан емес.

– Банан ағашы жеміс берген­нен кейін жарамайды. Оны ша­уып тастаймыз. Есесіне жан-жа­ғына көшеті шығады. Осылай жал­ға­сып кете береді. Бір түп ағаш 30-40 келі банан береді. Банан жер­сінгеннен кейін папайяның 4 түп көшетін алдырдым. Ол да тез өсті. Аз уақыт ішінде жемі­сін берді. Папа­йяның емдік қа­сиеті де көп. Қант диабеті, қан қысымы жоғары адамдар жапы­рағын, түйнегін қолданады. Әлеу­меттік желіге папайяны сал­ған­да көп­шілік хабарласып, қызы­ғушылық танытты. Көшетін сұрай­тындар да бар. Сондай-ақ папайя түйнек салғанда бас жағы гүлдей береді. Түйнек 3 айдың ішінде піседі, – дейді ол.

Қазір Ақеркенің жылыжа­йын­да 4 түп банан, 4 түп па­пайя, 10 шақты лимон, апель­син, кум­кват ағашы өсіп тұр. Будандас­ты­рыл­ған жеміс ағаштары да бар. Бұ­дан бөлек манго көшетін де әкеліпті. Қазір көшеті әжептеуір өсіп келеді. Бастысы бейімделу процесі жақсы жүріп жа­тыр.

Лимон пісті, папайя, кумкват ағашы жеміс салып тұр

– Ағаштың сабағын қырқып оты­рамыз. Се­бебі жақсы өседі. Там­шылатып суару әді­сін қол­да­намын. Су таза, күнде­лік­ті өзіміз тұты­на­мыз. Әр ағаш­тың күтімі бөлек. Мұн­да лимон аса күтімді қажет етпейді. Бір жылда, үш жылда жеміс бергендері бар. Бастысы бабын келтіру керек, – дейді ол.

Ақеркенің негізгі мамандығы – мал дәрі­гері. Алматы қаласындағы зоотехникалық-мал­­дәрігерлік институтты бітірген. Жұмысын Қор­қыт ата атындағы Қызылорда универси­тетінде бастайды. Сол кезде университетте жы­лы­жай салынып, оны агроном етіп жібе­реді. Осылайша екінші жоға­ры білім алып, «Аг­ро­номия» ма­ман­дығын игереді. Кейін ауыл ша­руа­шылығы магистрі атанды. Қа­зір «Бо­ла­шақ» университетінде аға оқытушы әрі жылы­жай мең­герушісі.

– Жылыжайды соғу да оңай емес. Үйдің алдынан 6 жыл бұ­рын салдық. Бастысы кар­касы мық­ты болуы керек. Сонда плен­ка жыртыл­майды. Жел де қоз­ғай алмайды. Жылыжай жаб­дық­тарын Шымкент, Алматы қа­­ла­ларынан алдырамыз. Үш-төрт жыл болды, «Ауыл ама­наты» бағдарламасы арқылы жы­­лыжай ісін қолға алғандарға үй­ретіп келеміз. Жолдасым құ­ры­­лысына жауап берсе, өзім өсім­дікті қалай күтіп-баптау ке­ректігін үйретемін. Кеңес сұрап келетіндер өте көп. Демалыс күн­дері арнайы келіп, ертіп кете­тіндер де бар. Тұқым таңдап, өсі­ріп те береміз. Қанша жылдық тә­жірибе бол­ғаннан кейін бөлісуге дайынбыз. Жылыжай ісін қолға алғаннан кейін және өңірде қы­за­нақ, қияр өсіру технологиясы жа­йында әдістемелік нұс­қаулық жаз­дым. Сонда жылыжай ісі то­лық қамтылған, – дейді ол.

Ақеркенің жылыжайына мек­теп мұғалім­дері мен оқушылар жиі келеді. Олар өсімдік, ағаш­тарды қалай күтіп-баптауы жай­лы ақпа­рат алады. Био­логия пәні мұғалім­дері жиі ха­барласады екен.

Бағбанның айтуынша, өңірде жылыжай ісі енді жанданып ке­леді. Көпшілігі кәсіп ре­тінде бас­тауда. Қызығушылық таны­тып, құ­мар­та­тындар да бар.

Ол бізден де қысқы бақ ашыл­ғанын қалайды. Жылы­жай­да өсіп тұрған тропикалық же­­міс ағаш­тары сонда өсіріліп, оны көп­ші­лік та­машалай алады. Мұн­дай бақ бірнеше қалада бар екен. Бас­тысы оның жобасы алдағы уақыт­та жүзеге асады. Себебі қай­­та жаңғыртудан өтіп жатқан Пре­зидент саябағынан қысқы бақ салынбақ.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»