Марапат – маңдай тердің жемісі

2

0

Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Президент өз сөзінде әр кә­сіпкердің жетістігі ел ме­рейінің айқын көрінісі екенін атап айтты.

– Сіздер сапалы өнім өндіріп, экономиканы дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға зор үлес қосып келесіздер. Әлеу­меттік жауапкершілікті терең сезініп, қайырымдылық істерге белсене атсалысып жүрсіздер. Бұл – өз кәсібіне адал, іскер және нағыз отаншыл азаматтарға тән асыл қасиет деп санаймын. Мемлекет Сіздерге әрдайым қолдау көрсетуге дайын, – деді Мемлекет басшысы.

Рәсімде сапа саласында жо­ғары көрсеткішке ие бол­ғаны үшін «Марал-Нұр» жауап­кер­шілігі шектеулі серік­тес­ті­гінің құрылтайшысы Мұрат Нұр­саитовқа «Алтын сапа» сыйлығы табысталды. Сонымен бірге, «Қазақстанның үздік отан­­дық тауар өндірушісі» номи­­нациясы «Асыл дән LTD» ЖШС басшысы Нұрлан Алдам­жаровқа берілсе, «СКЗ-U» ЖШС бас директоры Са­ғыныш Орынбасаров «Па-рыз-2025» сыйлығының «Эко­­ло­гияға қос­қан үлесі үшін» номи­­на­ция­сымен марапатталды.

Облыс әкімінің бірінші орын­басары Данияр Жаналинов, жауапты сала басшылары мен жергілікті кәсіпкерлер салта­натты шараға селекторлық режимде қатысты.

Айта кетейік, 2005 жылы құ­рылған «Марал-Нұр» серік­тестігі әлеуметтік маңызды ба­ғыт­тарға жолаушылар тасы­малы қызметін көрсетеді, 226 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Паркінде 59 вагон бар, 5 облысты қамтитын екі бағытта жыл сайын 800 мыңнан астам жолаушы тасымалдайды.

«Асыл дән LTD» ЖШС – 2013 жылы құрылған Қазақстандағы жетекші күріш өңдеу кәсіп­орын­дарының бірі. Бүгінде ком­панияда 63 білікті маман еңбек етеді. «Лидер», «Янтарь», «Элита», «Баракат» сортты жыл­тыратылған күріш, сондай-ақ терең өңделген өнімдер, кү­ріш ұнтағы, қауыз және тары өн­діреді. Сапаны қатаң ба­қы­лау мен өндіріс процестерін үз­діксіз жетілдірудің арқасында компания өнімдері Қазақстан ау­мағында және шетелдерде тұ­рақты сұранысқа ие.

Жаңақорған ауданында орна­ласқан «СКЗ-U» ЖШС – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еншілес кәсіпорны, респуб­ликадағы инновациялық сер­пінді өндірістердің бірі. 2007 жылы Индустрияландыру бағ­дар­ламасы аясында іске қо­сыл­­ған кәсіпорын жылына 500 мың тонна қуаттылықпен кү­кірт қышқылын өндіреді. Бү­гінге дейін кәсіпорын 6,5 млн тоннадан астам өнім шығарды. Зауытта 273 адам еңбек етеді, олардың 90%-дан астамы – жергілікті тұрғындар.

***

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде жеңімпаз атанған жергілікті компания басшылары БАҚ өкілдерімен кездесті. Кездесуде Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық аталған сыйлық пен конкурс жеңімпаздары қалай анықталатыны жөнінде пікір бөлісті. Ал «Асыл дән LTD» ЖШС басшысы Нұрлан Алдамжаров пен «Марал-Нұр» ЖШС құрылтайшысы Мұрат Нұрсаитов қол жеткен жетістіктері мен алдағы мақсат-міндеттері туралы ой бөлісті.

«СБ» ақпарат