Марат Құрманбаев –  жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы

838

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасы құрылғаны хабарланып, жаңа басқарманың басшысы таныстырылды.

– Мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайтуда өңірлердегі аумақтық қорғаныс жүйесін жетілдірудің, жұмылдыру дайындығы мен аумақтық қорғаныс күштерін үйлестірудің маңызы зор. Мемлекет басшысының төрағалығымен былтыр өткен Қауіпсіздік Кеңесінде облыс әкімдеріне жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс мәселелерімен айналысатын басқарма құру тапсырылды. Осыған сәйкес, Қызылорда облыстық мәслихатының 2023 жылғы 13 желтоқсандағы № 66 шешімімен Қызылорда облысының басқару схемасына өзгерістер енгізіліп, жаңадан жұмылдыру дайындығы басқармасы құрылды, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыс әкімінің өкімімен Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы лауазымына Құрманбаев Марат Ердәулетұлы қабылданды.

Жаңа басқармаға жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру, аумақтық қорғанысты жоспарлау, әскерге шақыруды, Қарулы күштер мен басқа да әскери құрылымдарды жедел жабдықтауды ұйымдастыру, төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жоюға қатысу бойынша іс-шараларды жүзеге асыру міндеттері қойылады.

Марат Ердәулетұлы 1963 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Жамбыл гидромелиорация құрылыс институтын «Гидромелиорация» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын «Қызылордаводстрой» ПМК-29 тресінде жұмысшы болып бастаған.Әр жылдары осы тресте түрлі лауазымдар атқарған. 1990-2000 жылдары Жалағаш ауданының табиғат қорғау комитетінің маманы, жетекші маманы, басшысы болған. 2000-2020 жылдары Қызылорда облысының экология департаменті басшысының орынбасары, департамент басшысы қызметтерін абыроймен атқарған. 2020-2022 жылдары Жамбыл облысының экология департаментінің басшысы лауазымында нәтижелі қызмет көрсеткен. 2022 жылдың маусым айынан бері Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.

Аймақ басшысы Марат Ердәулетұлының басшылық лауазымдарда жинаған мол тәжірибесі мен мемлекеттік қызметтегі біліктілігін атап өтіп, қызметіне сәттілік тіледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<