Мектепке дайындық: Базар бағасы қандай?

383

0

Сурет ашық дереккөзден

Тамыз айы туғаннан барлық ата-ана жаңа оқу жылына дайындықты бастап кетті. Бұл шақта базардағы сауданың әдеттегіден қыза түсері анық. Біз де базар бағасын  бағамдап көрдік.

Қаладағы орталық базарға  бас сұққаннан «дәптер бар, 10 теңгеден» деген айқайдан құлақ тұнады. Қарыс қадам жердің барлығы оқу құралдарына толы. Базар іші құж-құж қайнаған қарбалас тіршілік. Адамның адамға қарауға мұршасы жоқ. Бір ата-ананың соңында кем дегенде 3 баладан жүр.

Оқуға бару да оңай емес

Балаларын жетектеген қарапайым халықтың баратын жері − базар. Қалтасының көтергеніне қарай саудасын жасап, кем-кетігін түгендеуде.  Қымбат киім алуға шамасы жететін ата-аналар дүкен аралайды. Кемі екі-үш баласы мектепке баратындар үшін базар бағасы расымен үнемді, тиімді. Ал бір бала үшін дүкен мен бутиктердегі жеңілдікті пайдаланып, сол базар бағасына тең сауда жасауға болады.

Базардағы мектеп формалары мен сан алуан бағадан басың айналады. Бәрі сапасына қарай. Қыздар мен ер балаларға арналған жейделер  5500 теңгеден басталады. Ал ер баланың шалбары  6500, қыздардың юбкасы 6000 теңгеден. Костюм-шалбар 15 мың теңгеден жоғары. Қалтаңыз көтерсе 25 мың теңге ден жоғары тәуірін алуға болады. Бала жасына қарай киімнің құны өсіп отырады. Ал тауардың дені Қырғызстан, Қытай, Түркиядан келген. Соның ішінде  қырғыз  өнімдеріне деген сұраныс жоғары. Түрік өнімі әрине қымбат.

Спорттық киімдердің бағасы да әжептәуір, 12-18 мың теңгенің аралығында. Аяқкиім таңдау үлкен жұмыс. Себебі сапалысы қажет. Базардағы спорттық үлгідегі аяқкиім мен туфлидің ең арзаны 7-8 мың теңге тұрады. Сапалысы 10 мың теңгеден жоғары. Түркиянікін алу үшін қалтаңызда кем дегенде 20-25 мың теңге болу керек. Ал ауыр кітаптарды көтеруге шыдас беретін сөмкелердің орташа нарқы 6000 теңге. Базардан 4000 теңгеден де табуға болады. Бірақ сапасы сенімді емес.

Енді оқу құралын түгендейік.

− Менің 4 қызым мектепте оқиды.  Сондықтан арзанын әрі сапалысын таңдаймын. Төрт балаға алғандықтан саудаласып, бағасын түсіріп алу ыңғайлы. Сондай-ақ базардың сыртындағы  жаймадан да тауарлардың сапалысын әрі сан  түрін табуға болады. Сөмкені  7000, кофтаны  5000, сарафан  9000, юбка  5000, спорттық аяқкиім  8000, туфли 9000, спорттық киімді 15000 теңгеден алдым. Ал оқу құралдарына келсек, қазір дәптерлерде өзгешелік бар. Түсіне қарай бағасы да бөлінеді. Біз ақ дәптерді 22 теңгеден, қоңыр дәптерді 15 теңгеден алдық. Қарандаш, қаламсап, сызғыш, өшіргіш, ұштағыш бағаларында биыл өзгеріс байқалмайды.

Басқа да керек заттарды өз бағасынан  түсіріп  сатып  алғанның  өзінде  30 мың  теңгеге  жуық  қаражат  жұмсадым. Мұның өзі бірінші тоқсанға ғана жетеді, – дейді  Салтанат есімді қала  тұрғыны. 

Иә, бір балаға мектеп киімі мен құрал-жабдықтарына кемінде 55-60 мың теңгедей қаржы жұмсалатыны белгілі болды. Бұл қаражатты қалтасы көтермейтіндер де бар. Көпбалалы отбасы балалары бір форманы кезек-кезек немесе былтырғысын киеді. Әрине, жыл сайын жаңа формаға қаражат қайдан табылсын?! Қазір киіммен қатар азық-түлікті үнемдейтін заманға жеттік емес пе?

Көпбалалы отбасыға бірреттік көмек берілуде

Оқу-ағарту министрлігі жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік осал топтағы балаларға қаржылай қолдау көрсетіліп жатқанын хабарлады. Мемлекет тарапынан әлеуметтік осал санаттағы 510 мыңнан астам балаға киім, керек-жарақ сатып алу үшін қаржылай қолдау көрсетілмек.

Министрліктің мәліметінше, бүгінге дейін «Жалпыға міндетті білім беру» қорынан 423 мыңнан астам баланың ата-анасының есепшоттарына 17,3 млрд теңгеден астам қаражат аударылған.

Біздің облыста аз қамтылған және көпбалалы отбасылар аз емес. Қазіргі таңда  көмекке мұқтаж отбасынан шыққан, мемлекеттік мектепте білім алатын 36652 бала есепке алынған.  Оларға берілетін бірреттік қаржылай көмек мөлшері − 43407 теңге. Бүгінге дейін есепке алынған отбасы балаларының 98,6 пайызы қаржылай көмекпен қамтылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

− Мен 4 қызыма мемлекет тарапынан 173 мың теңге көлемінде бірреттік қаржы алдым. Бұл да болса − үлкен көмек. Сондай-ақ барлық көпбалалы отбасы үшін мүмкіндік деп ойлаймын. Әйтпесе, баға шарықтап тұрған заманда бір баланы толық қамтамасыз етудің өзі қаншама қаржыны талап етеді. Шыны керек, қазіргі балалардың да талғамы өзгерген. Оның үстіне бұрынғыдай бірінің киімін бірі кию деген қалып барады. Бір жағынан балалардың түсінігі мен талғамы болса, бір жағынан киімдер алдағы жылы киюге жарамайды. Ал сапасы жоғары киімдердің бағасы аспандап тұр, − дейді кейіпкеріміз. 

Жаңа оқу жылы қарсаңында көмек қолын созып, оқуға керек заттарын алып, тарататын жаны жомарт жандар да бар. Бірақ, базар бағасы бәрібір ата-ананың қалтасынан қаржы шығартпай қоймайды. Шарықтаған бағаны бағындыру мүмкін емес. Бәрі қымбат.

«Мектепке жол» акциясы жалғасуда

Қазір еліміз бойынша «Мектепке жол» дәстүрлі акциясы жүріп жатыр. Бұл науқан 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында жалғасады. Акцияның мақсаты − аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алу.  Жыл сайынғы акция өңірде биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылуда.

Жалпыға бірдей білім беру қорынан бөлінетін қаржылай және материалдық көмек ата-ана қамқорлығынан айырылған, жетім балалар мен жан басына шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз және әлеуметтік көмекке құқылы отбасыларға беріледі. Сондай-ақ төтенше жағдай салдарынан жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар қаржылай көмек ала алады. Акция аясында әлеуметтік осал топ балаларын анықтау үшін рейд  ұйымдастырылмақ. Оның қорытындысымен анықталған мұқтаж отбасы балаларына демеушілер тарапынан көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылуда.

Мектептер жаңа оқу жылына дайын

Бүгінде өңірде үш ауысымды мектеп жоқ. Бұл түйткіл мектеп жанынан қосымша ғимарат салу арқылы шешімін тапты. Заманауи үлгіде бой көтерген оқу корпустарының арқасында мектептердің оқушы қабылдау мүмкіндігі ұлғайды.

− Өткен жылы үш ауысымға көшуі мүмкін мектептер мәселесін қосымша ғимарат салу арқылы толығымен шештік. Ол өз кезегінде тиімділігін көрсетті. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 4, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен 2, тағы 1 мектептің мәселесі жеке демеуші есебінен шешіледі. 2025 жылы аймақта бірде-бір апатты мектеп болмауы тиіс. Бұл − Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасының бірі. Осы ретте мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, оқулықтар толық жеткізіліп, оқушыларға таратылады. Сонымен қатар, мектепте берілетін тамақ сапасы  да ұдайы қадағаланады, − деді жаңа оқу жылына дайындықты пысықтау барысында өткен мәжіліс отырысында облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов.

 Айта кету керек, жаңа оқу жылына Қызылорда қаласының сол жағалауынан 900 орындық «Жайлы мектеп», Шиелі ауданы Жансейіт ауылында 100 орындық №133 мектеп, Жаңақорған ауданы Байкенже ауылында 150 орындық №193 мектептің жаңа ғимараттарын пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ сол жағалаудағы «Оқушылар сарайы» қыркүйек айында іске қосылады деп күтілуде.

Жалпы облыс мектептері қызу дайындық үстінде. Бірқатары жөндеуден өтті. Жаңа 2024-2025 оқу жылында мектеп табалдырығын 15450 бала алғаш аттамақ.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<