Қымбатты отандастар!
Біз бірнеше минуттан кейін Жаңа жылды қарсы аламыз. Төл тарихымыздың тағы бір белесіне қадам басамыз.
Жұртымыз Жаңа жылды ерекше көңіл күймен күтеді. Əр адам осы сəтте арман-тілегін айтады. Ескі жылдың ең əсерлі сəттерін еске алады. Болашаққа жос-пар құрып, зор үміт артады.
2025 жыл халқымыз үшін мерейлі жыл болды. Еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Əлемдегі ахуал күрделі болса да, экономикамыз өркендеп, ішкі жалпы өнім 6 пайыздан асты.
Қазақстанның алтын-валюта қоры 62 миллиард доллардан асты. Елге ауқымды инвестиция тартып, бірқатар ірі жобаны жүзеге асырдық. «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылды. Бұл – Тəуелсіздік кезеңіндегі ең ірі теміржол құрылысы. Сондай-ақ 13 мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделіп жатыр. Соның арқасында Қазақстанның транзиттік əлеуеті арта түсті.
Диқандарымыз екінші жыл қатарынан мол өнім алып, қамбаны астыққа толтырды. Ауылды жəне ауыл шаруашылығын дамытуға баса мəн беріп жатыр-мыз. Шаруаларға бұрын-соңды болмаған қаржылай қолдау көрсетілді, яғни 1 триллион теңге осы мақсатқа жұмсалды.
Биыл жалпы аумағы 19 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Мыңдаған отбасы баспаналы болды.
Əлеуметтік салада көп шаруа жасалды. 100-ден астам мектеп, 200-ге жуық денсаулық сақтау нысаны бой көтерді. Əлемнің үздік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылды.
Адам құқықтарын қорғауға баса мəн беріліп жатыр. Қоғамда «Заң мен тəртіп» қағидаты орныға түсті, азаматтарымыздың құқықтық сана-сезімі күшеюде.
Біз əр жетістікке жұртымыздың ерен еңбегінің арқасында жеттік. Азаматтарымыз білім, ғылым, мəдениет салаларында биік белестерді бағындырды. Олар халқымызды рухы асқақ, зияткер ұлт ретінде танытуға зор үлес қосты. Оқушыларымыз халықаралық білім сайыстарында топ жарды. Спортшыларымыз əлемдік додаларда үздік шықты, Көк туымызды желбіретті.
Биыл біз Жұмысшы мамандықтары жылын атап өттік. Еңбек адамдарына айрықша құрмет көрсеттік. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады.
Мемлекет мұғалімдер мен дəрігерлерге жан-жақты қолдау көрсетті жəне осы саясат ұзақмерзімді стратегиялық сипатқа ие болды. Еліміздің мəдениет жəне ғылым қайраткерлеріне жан-жақты қолдау көрсетілді.
Адал еңбектің қадірін білетін ұлттың келешегі де жарқын болмақ. Өз кəсібінің нағыз маманы болған отаншыл азаматтар еліміздің көшін алға бастайды.
Осылайша, ХХІ ғасырдың бірінші ширегін абыроймен аяқтадық. Экономикалық жəне əлеуметтік көрсеткіштер бойынша Қазақстан осы саяси-географиялық кеңістікте көш бастады.
Бəріміз бір ел болып Əділетті, Қауіпсіз, Күшті, Таза, Озық Қазақстанды құрып жатырмыз.
Енді, міне, Жылқы жылына аяқ басқалы тұрмыз.
Қазақ үшін қазанаттың орны қашанда бөлек. Халқымыз «Жылқы жылы жайлы болады» деп ырымдайды. Біз келесі жылдан көп жақсылық күтеміз. Өркениетті ұлт ретінде алысқа көз тігеміз. Алға қойған биік мақсатымыз жəне нақты жоспарымыз бар.
2026 жылы Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басады.
Еліміздің жарқын келешегі үшін алдағы конституциялық реформаның мəн-маңызы зор. Азаматтарымыз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне тың серпін беретін бұл реформаны қолдайды деп сенемін.
Біз энергетикалық əлеуетімізді нығайтып, агроөнеркəсіп кешені, су шаруашылығы мəселелерін шешіп, көлік-логистика саласын жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын дамыта береміз.
Шағын жəне орта бизнес əрдайым мемлекеттің назарында болады. Барлық өңірде жаңа кəсіпорындар ашылып, жолдар жөнделеді, сондай-ақ тұрғын үйлер, мектептер, денсаулық сақтау, спорт жəне мəдениет нысандары бой көтереді.
Мен биылғы Жолдауымда Цифрлық мемлекет болуымыз керектігін жарияладым. Сондықтан келесі жылды Цифрландыру жəне жасанды интеллект жылы деп атау туралы шешім қабылдадым. Озық технологиялар еліміздің барлық саладағы əлеуетін арттыруға жол ашпақ.
Өскелең ұрпаққа қамқорлық көрсету – басты міндетіміз. Менің бастамаммен жүзеге асырылып жатқан «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында осымен үшінші жыл қатарынан əр баланың есеп-шотына қаражат түседі. Мемлекет өзінің əлеуметтік міндеттемелерін орындай береді. Біз білім беру жəне денсаулық сақтау салаларын дамытуға əрдайым айрықша назар аударамыз.
Біз мемлекеттік маңызы айрықша «Таза Қазақстан» жобасын бір қоғам болып жүзеге асыра береміз.
Ауылдарымыз бен қалаларымыз таза, жасыл желегі мол əрі өмір сүруге қолайлы болуға тиіс.
Бұл Тəуелсіздіктің 35 жылдығына орай ел дамуына қосқан ең үлкен үлесіміз болмақ. Біз осы тарихи межені нақты іспен атап өтеміз.
«Бірлігіміз – əралуандықта» деген қағидатқа негізделген қоғамдық келісім мен тұрақтылық – барлық жетістігіміздің бастауы.
Мемлекет алдағы уақытта да халықаралық құқыққа жəне ұлт мүддесіне сай келетін сындарлы əрі байыпты сыртқы саясат жүргізеді.
Қазақстанның ұсынысымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жария лады. Халықаралық еріктілер қозғалысы тілеулестік, мейі рімділік сынды мызғымас адамгершілік құндылықтарын паш етеді. Бұл – біздің де халқымызға тəн асыл қасиеттер.
Жаңа жылдың маңызды өзгерістерге толы жыл болары сөзсіз. Бұл өзгерістердің қаншалықты жемісті болатыны өзімізге байланысты.
Біз бəріміз табанды еңбек етуіміз керек, сонда ғана еліміз зор табысқа жетеді. Бұл, ең алдымен, халқымызға қажет.
Қадірлі достар!
Дəл қазір Жаңа жылды жұмыста қарсы алып жатқан азаматтарымыз бар. Бұл – өз ісіне адалдық пен қоғам алдындағы жауапкершіліктің жарқын көрінісі.
Мен Сіздердің табанды еңбектеріңізді жоғары бағалаймын. Сіздерге арнайы құттықтауымды жол-даймын. Елімізді көркейтуге үлес қосып жүрген барша азаматқа зор алғыс айтамын.
Шын мəнінде, туған елге қызмет етуден артық бақыт жоқ. Халқымыз «Ынтымақ бар жерде – ырыс бар» дейді. Сондықтан берекелі бірлігімізді сақтап, біртұтас ұлт болып елімізді дамыта берейік. Бүгін осы ерекше сəтте жастар мен балаларға үндеу жолдағым келеді.
Қазір – мүлдем жаңа құбылыстар жəне зор мүмкіндіктер дəуірі. Əркім, ең алдымен, өзіне, бойындағы күші мен қабілетіне сенуі керек.
Ұлы Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген сөзі əрдайым өзекті. Белсен ді, білімді, еңбекқор, тəртіпті, ұшқыр болыңыздар. Жолдары ңыз ашық болсын! Əрқашан алар асуларыңыз биік болсын!
Еліміздің əр азаматына зор денсаулық, амандық жəне табыс тілеймін!
Төрт құбыламыз түгел болсын!
Əр шаңырақ жақсылыққа толсын!
Көк туымыз мəңгі желбіресін!
Отанымыз – Қазақстан Республикасы, Қазақ елі жасай берсін!
Жаңа жыл құтты болсын!






