Мектептегі кезекті ата-аналар жиналысы. Күн тәртібінде бірнеше мәселе айтылды. Шарада мұғалімнің мына сөзі ойландырып, тереңірек зерттеуді жөн санадым. «Сыныптағы оқушының 60 пайызы нашар көреді. Тақтадағы тапсырманы қате көшіреді. Алдыңғы орынға таласатын оқушы көп. Көпшілігі көзілдірік тағады» деді мұғалім. Өкініштісі, бұл әңгіме бастауыш сынып балалары туралы.
Ұстаздың айтуынша, бұрын алдыңғы қатарға бойы аласа, үлгерімі нашар бала отырса, қазір олардың орнын көру қабілеті төмен оқушылар алмастырған. Ата-аналары да көз дәрігерінен арнайы анықтама әкелетін көрінеді. Содан айналдырған үш қатарға талас көбейеді. Бұл мәселенің бірнеше себебіне де тоқталды. Алдымен телефонның әсерін қозғады. Әр оқушының қолында қымбат телефон. Қоңырауда бала ойнамайды. Есесіне телефонға телміреді. Сондай-ақ баланың уақытылы тынығуына бейжай қарау әдетке айналған. Салдарынан сыныпта көз шырымын алатын оқушы көбейген. Иә, ойланатын мәселе. Бала көзінің ерте жастан бұзылуы мамандарды да алаңдатуда.
Ата-аналар да өз уәждерін айтты. Бала тыңдамайды. Қатарынан қалғысы келмейді. Қиылып жаңа телефон сұрайды. Ақыры алып бермесіңе қоймайды. Ұстаса, қолынан түспейді. Қайда барса да жанынан қалдырмайды. Күресіп жатқандарын алға тартты. Өкініштісі, нәтиже жоқ. Кейбірі мектеп жасындағы барлық балаға телефон ұстауға тыйым салу арқылы мәселе шешілетіні сенеді.
Деректерге сүйенсек, елімізде 7300-ден астам баланың көру қабілеті бұзылған. Олардың 1235-і балабақшада, 4752-сі мектепте және 500-ге жуығы колледжде білім алуда. Ал 800-ден аса бала мектеп жасына жетпеген. Осы бағытта 13 арнайы балабақша мен 17 арнайы мектеп жұмыс істейді екен. Бұл туралы жыл басында Сенат отырысында Оқу-ағарту вице-министрі айтқан болатын.
Жылдан жылға 17 жасқа дейінгі балалар арасында көз аурулары өршуде. Осы диагнозбен қаншама бала диспансерлік бақылауға алынған.
Өмірге сау келген бала түрлі фактордың әсерінен көру, есте сақтау қабілетінің бұзылуына душар болуда. Ата-ана жауапкершілігі бәрінен маңызды. Баланың бос уақытын, дұрыс тамақтануын, гаджеттерді пайдалануын қатаң бақылауға алу керек. Ата-аналар жиналысында баланың есте сақтау, сөйлеу қабілеті де баяу дамығаны айтылды. Бір шумақ өлеңді мұғалім, ата-ана қадағалап отырып, жаттайтынын жасырмады. Бәрінің себебі – смартфон. Сондай-ақ оқушылардың кітап оқуға да құлқы жоқ. Есесіне дайын ақпаратты интернеттен алады. Ал кітап-журнал оқу баланың есте сақтау қабілетін жақсартып, сөйлеу мәдениетін қалыптастырады.
Сөздік қорын байытады. Ақпараттық технологияның ағымына ілескенімізбен, оның зияны да жоқ емес.
Қазір телефонсыз жүру мүмкін емес. Қолыңа бір сағат тимесе әлемнен алшақ қалғандай күй кешеді. Ұйықтаса қасында тұрады. Сабаққа барса, сөмкесінде жүреді. Тіпті ас ішіп отырып, үңілетіндер де бар.Тәй-тәй басқан баланың өзі телефонмен жұбанады.
Енді тақырыпқа қайта ойыссақ, қала тұрғыны Жазира Алданазарова көпбалалы ана. Ол баласының көзі алты жасынан бастап нашарлағанын айтады.
– Аңсар төртінші ұл. Кішкентай кезінде анық көретін. Беске келгенде теледидарды алыстан анық көре алмайтынын аңғардым. Басында мән берген жоқпын. Кейін келе экранның алдына отырып алатын болды. Сосын барып алаңдай бастадым. Ол кезде баланың жасы алтыға толған. Облыстағы білікті балалар көз дәрігерін іздедім. Көпшіліктің нұсқауымен офтальмолог тауып көрсеттім. Сөйтсем, ұлымның көзі 55 пайыз ғана көреді екен. Дәрігерден емделу жолын сұрадым. Бала бірден құлан-таза айығып кете алмайтынын, ұзақ ем керек екенін ескертті. Солай емді бастадық. Көзілдірік тағып едік, біразға дейін үйренісе алмады. Шешіп тастайды, сындырады, жоғалтып алады. Осылайша ұзақ уақыт ем алдық. Нәтижесі ақырындап біліне бастады. Кейін Алматы қаласындағы көз емдеу орталығына барып, білікті дәрігерден кеңес алдым, – дейді ол.
Жақында ауылдан туысымыз төрт жасар немересін әкелді. Балабақшада өзі секілді бала ойыншықпен көзінен ұрған. Кесірінен баланың көзінен жас тоқтамай қалған. Немересінің жағдайына алаңдаған әжесі қалаға әкелді. Белгілі көз ауруларын емдейтін жеке клиникаға алып бардық. Дәрігер көзіне зақым келгенін айтып, ота жасау керектігін ескертті. Ота күрделі болғандықтан Алматыға жөн сілтеді. Байқағанымыз, емханадағы ұзын-сонар кезек. Әр ата-ананың соңында бір-екі баладан. Көпшілігі мектеп және балабақша жасындағы балалар. Кезек кезінде ата-аналармен пікірлесіп көрдім. Бәрінің шағымы бір. Телефонды шамадан тыс көргеннен көру қабілеті бұзылған. Енді амал жоқ, дәрігер жағалап жүр.
Осы мәселеге орай дәрігер-офтальмологтың пікірін білген едік. Ақманат Бақдәулетова №3 емханада балалар көз дәрігері. Ол кейінгі кезде балалар арасында миопия яғни, алыстан көрмеушілік жылдан-жылға артып жатқанын айтады. Маман бұл немқұрайлы қарайтын мәселе емес екенін де жеткізді. Статистикаға қарағанда елімізде әрбір бесінші бала алыстан көрмейді. Дәрігер мұның себебін көзге шамадан тыс салмақ түсірумен байланыстырады. Сол себепті балалардың көз жанарын сақтау үшін гаджеттерді қолдануды шектеу керек екенін түсіндірді.
– Бұл тақырып бүгінде өзекті. Шындығында, балалардың алыстан көруі күрт нашарлаған. Бұрын қабылдауға бала сирек келетін. Қазір 70-80 пайыз баланың көру қабілеті бұзылған. Әсіресе, мектеп жасындағы оқушылар. Миопия – көзі бұлдырап, алыстағыны көрмейтін ауру түрі. Қазір оған оқушылар көптеп шалдығады. Дегенмен бұл тұста тұқымқуалаушылық факторын да ескеру қажет. Егер миопия анасында немесе әкесінде болса, онда ол 50 пайыз жағдайда баласына берілуі мүмкін. Сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстанбаймыз. Мәселен, кез келген адам гаджет, телефон, компьютерді пайдаланған соң, міндетті түрде көзге 20 минут демалыс беру керек. Таза ауаға шығып, тынығуы тиіс. Бұл көз тамырларының босаңсуына септігін тигізеді. Ата-аналардың басым бөлігі күндіз жұмыста болады. Ал ол кезде бала телефон қарайды. Сағаттап ұстап отыра береді. Салдарынан көпшілігінің көзі қызарып кетеді.
Мәселеге орай, жылына екі рет мектепте көз ауруының алдын алу, тексеру шараларын ұйымдастырамыз. Кейбір оқушы көзінің нашар көретінін білмей жүре береді. Мұндай жағдай анықталған кезде бірден ата-анамен байланыс орнатып, дәрігердің көмегіне жүгінеді. Мәселен, енді белгісі басталған, жеңіл дәрежеде келген науқас маманның кеңесін тыңдап, уақытылы емделсе, алдын алуға болады. Егер минус 3-тен асса онда орташа дәреже ал, минус 6-дан асса жоғары дәрежесі. Ондай жағдайда маман баланы есепке алады. Тиісті ем-домын жүргізеді. Көзілдірік тағады, – дейді ол.
Бала көзінің нашар көруінің бірден-бір себебі гаджеттер екенін де мамандар растап отыр.
– «Екі көзің – шырағың» деп бекер айтылмаған. Бала жанары ерте бастан нашарласа келешегі не болмақ? Көру қабілетін қалыпқа келтіру оңай емес. Толық жазылып кетпейді. Тек асқынып кетпеу үшін тоқтатып тұруға ғана болады. Сондықтан ең алдымен ата-ана жауапты. Баланың денсаулығы мықты болуы үшін таза ауада серуендеуді, кітап оқуды, дұрыс тамақтануды, пайдалы жеміс-жидек жеуді, көзге, денеге арналған жаттығуларды жасауды дағдыға айналдыруы маңызды. Байқасаңыз, бұл – қолдан жасалып жатқан ауру. Бала тыныш болсын, үндемесе, шуламаса, мазаны алмаса болды деген желеумен қолына телефон береміз. Кесел содан жабысып жатыр, – дейді офтальмолог.
Балалар арасындағы көз ауруының жиілеу себебін облыстық психологиялық қолдау орталығы директоры Жұмагүл Тасболатқызы былай түсіндіреді.
– Орталық жыл сайын маусым-шілде айларында, екі жыл қатарынан мектепке баратын балаларға диагностика жүргізеді. Диагностика барысында көз аурулары расымен көптеп кездеседі. Мектепке баратын баланың физиологиялық дайындығы алғашқы орында. Одан әрі баланың әлеуметтік-психологиялық, нейропсихологиялық дайындығы бар. Қазір мектеп табалдырығын аттаған балалардың көбінде көру қабілеті өте нашар. Оны маман ретінде, цифрлық технологияның дамуымен және қолжетімділігімен байланыстырамын. Қай жастағы баланы алсаңыз да, қолынан гаджет түспейді немесе теледидар алдында отырғанын байқауға болады. Тіпті көру қабілеті жақсы дегеннің өзінде көру өрісінің тар екенін байқаймыз. Мысалы, үнемі гаджет көріп өскен баланың көзі кішкентай төртбұрыштың ішін ғана көріп дағдыланады. Кейін мектепке барғанда көру қабілеті жақсы бола тұра, тақтадағыны көрмеу қиындығына тап болады. Невролог мамандар бұдан бөлек, қазір кішкентай балаларда көздің толық айналымы жоқ екенін айтуда. Осы мәселелердің ара-жігін ажырату үшін, мектепке дайындық кезеңінің бірі ретінде көру қабілетін, көру өрісін тексеруге кеңес беремін, – дейді психолог.
Сондай-ақ ол мәселемен күресу үшін алдымен зиян деп тапқан заттарға тыйым салу керектігін атады.
– Ата-аналарға саналы тәрбие стилінде болыңыздар дегім келеді. Бұны жеңіл тілде былай түсіндіремін. Мысалы, үйдің шатырын елестетейік, оның 2 қанаты бар. Егер оның оң жақ қанаты болмаса, үй жаңбыр, қардан толықтай қорғала ма? Сол жағындағы қанаты болмаса толықтай қорғау мүмкін бе? Әрине, жоқ. Сол сияқты балаға берілетін тірек екі жақты болуы керек, бірі – баланы шартсыз жақсы көру, оны қалай бар солай қабылдау, екіншісі – шекара, ереже, жасына сай үйдегі міндеттер, талап және тыйым. Бұдан шығатын нәтиже – балаға зиян келтіретін нәрселерден тыю талабы және шартсыз жақсы көруді қатар ұстау.
Баланы мазасыз ететін нәрсе – отбасындағы көрінбейтін факторлардан аулақ болуы. Бұған әкесі мен анасының сөздерінің бір жерде тоғыспауы, балаға бірдей талап ұсынбауы немесе ата-аналардың, отбасы мүшелерінің бір-бірінің сөздерін жоққа шығаруын қарастыра аламыз. Мысалы, анасы смартфонның баласының көзіне зиян екенін айтып көп пайдаланбауын сұраса, әкесі ұстай берсін ештеңе етпейді деп қарсы бағытта болуы. Бұндай жағдайлар бар кезде, бала зиян дегенді түсінбейді.
Дегенмен ақпараттық даму – заман талабы, баланы мүлде шектеп тастай алмаймыз. Ол үшін белгілі уақыт аралығын бекіту, келісім жасау керек. Мысалы, смартфонды 1 сағатқа ұсынсаңыз, қолына бермес бұрын оятқышқа қойыңыз. Оятқыш дауыстағанда уақыт болғанын айтыңыз. Осындай қарапайым нәрселер жақсы қарым-қатынасты сақтай отырып, тыйым қоюды қалыптастырады, – дейді ол.
Бұл – мамандардың пікірі. Әрине, орынды. Бала көзінің көру қабілеті неден бұзылып жатқанын білдік. Бастысы, ата-ана баланың салауатты өмір салтын ұстануын қадағалап, офтальмолог маманға тұрақты көрсетіп алғаны жөн. Сонда ғана мәселенің түйіні шешілмек.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»






