Наурызнама: Көрісу – қазаққа ортақ құндылық

695

0

сурет ашық дереккөзден

«Өзіміздің төл жаңа жылымыз – Әз Наурызды естен шығармаған жөн. Бұл мейрам – тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың

 «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатынан 

14 наурызда «бір жасыңмен» деп, бір-бірін бауырына қысып жатады батыстағы жұрт. Көктемнің жаңару кезеңі екенін, жаңа жылға амал етіп аман жеткенін меңзейтін керемет сөз. Кейінгі 5 жылдың шамасында бүкіл ел Амал мен Наурыз мейрамын тереңдеп ұғына бастады, той түрленді, анығын айтқанда, кей замандарда жоғалтып алған темірқазығымызды таптық. Амал, яғни, көрісу күні – халыққа ортақ құндылықтың бастауы. Осы күннен бастап 22 наурызға дейінгі аралықта бүкіл жаратылыс толғатады. Ендеше, киелі кезеңнің қайдан шыққанын қазбалап көрейік. 

Көнерген күнтізбенің қисыны

Жалпы, Амал мерекесін жат санап, үрке қараудың қажеті жоқ, олай қарасаңыз тарихты өзгертуге талпынған бекершілік дер едік. Бұл мереке туралы ғалымдар пікірі әрқилы екенін жиі естиміз. Көрісу күнін зерттеп жүрген ғалымдардың кейбірі бұл күнді географиялық ерекшеліктермен байланыстырса, кейбірі Наурыз мейрамының алғашқы кіріспесі ретінде қабылдайды. Ал кей ғалымдар бұл дәстүрдің шығу төркінін күнтізбенің ауысуымен байланыстырады. Себепсіз емес, 1918 жылдың 24 қаңтарында Халком кеңесі Григориан күнтізбесін қолданысқа енгізді. Бірақ алдыңғы-сымен айырмашылығы 13 күн болған. Соған байланысты 1918 жылдың 31 қаңтарында ескі күнтізбені аяқтап, 14 ақпанда келесі айды бастаған. Осы деректі басшылыққа алса 1 наурыз 14 наурызға дәл келеді. Мұны Шәкәрім қажының баласы Ахаттың естелігінен көресіз: «14 март – ескіше 1 март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл фарсы тілі, «жаңа күн» деген сөз» деп жазған. Ежелде қариялар «қызылбастың наурызы» деуі осыдан. Бірақ наурыздың астарында діни түсінік жоқ екенін бірден айтып қояйық.

Дегенмен Көрісудің тарихын күнтізбенің ауысуынан іздеуге негіз жоқ. Көрісу күні, яғни Амал мерекесі Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан өңірлерінде атап өтіледі. Алайда мерекені тек батысқа тән деу келіспейді. Оған дәлел ретінде Абайдың «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып…» деген өлең жолдарын келтірсек болады. Шынында қазақ халқына ортақ ежелден келе жатқан көктем мерекесі. Мерекенің шығу тарихы анық болмағанымен, негізгі мәні көпке аян. Наурыз мейрамынан бұрын басталатын Көрісуге қатысты түрлі жорамал бар. Күнтізбені былай қойғанда, «еліміздің батысында ауа райы жылы болғандықтан көктем ерте келеді» деп түсіндіруге тырысады кейбіреу. Алайда Амал мерекесін ертеден тойлайтын Батыс Қазақстан облысының қысы қатты екенін, сәуір өтпей қар кете қоймайтынын ескерсек, бұл мерекенің ерте өту себебін ауа райының әсерінен деп топшылауымыз – жаңсақтық.

Көрісу мен Наурыздың байланысын іздегенде алдымыздан «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi» атты энциклопедиясы шықты. Осы кітаптан аталған мейрамдарға қатысты көптеген деректерді кездестіре аласыз. Наурыз – ерте заманда отырықшы иран тілдес халықтарда қалыптасқан, егіншілік ғұрыптарымен байланысты мейрам саналатынын онсыз да көп оқыдық. Күн мен түннің теңелуіне негізделген, яғни, көктемнің келуі, табиғаттың тірілуімен шендестіріліп, егін егу науқанының басталуымен түсіндіріледі. Уақыт өте келе Наурыз мұсылман түркі елдерінің «Ұлыстың ұлы күні» деген мағынада төл мерекесіне айналғаны жазылған. Көне заманнан бері Наурыз күн мен түннің теңелген уақытында, яғни, жаңаша наурыздың 22-сінде (ескіше наурыздың 9-ы) жыл басы ретінде тойлап келе жатқан айтулы мейрамы. Бағзы бір замандардан дейтініміз, Наурыз мейрамымен байланысты айтылатын аңыз-әпсаналар, мақал-мәтелдер, бата-тілектер, наным-сенімдер, салт, ырым-жоралғылар атаулы ел ішінде аз кездеспейді. Мұндай тілдік деректердің аса мол болуы Наурыз мейрамының әлеумет-тік-мәдени маңызының аса зор болғанын, тарихының өте тереңде екенін көрсетеді. Амалдар наурыз айында басталады. Амал деп отырғанымыз –  кәдімгі әрекет, еңбек ету, жұмыс істеу. Жыл аяғында, наурыз айының 17-21 күндерi аралығында болатын жауынды-шашынды, суық, әрi лайсаң мезгiл бесқонақтан қатты сақтанып отырған. Самарқанның көк тасы жiбитiн күні шығыста күн жылып, жер жiбiп, ашық, шуақты мезгiлдер басталатынын хабарлайды. Жаңа айдың туатынына дейінгі бір-екі күн мен «кеміген» айдың аспаннан екі күндік жоқ болып кету мерзімін қазақ өліара атаған. Осы арқылы алдағы айға болжам жасалады. Наурыз айының соңғы күндерiнде жыл құстары да ұшып келе бастайды, қар аралас жаңбыр, суық жел тұрады. Мұны ел құс қанаты деп атап тағы сол амалға жатқызған. Міне, осылайша өзара іргелес ұғым күйіне еніп, халық тілінде кейде амалдың атымен айдың атын немесе айдың атымен амалдың атын атай берген. Наурыз айының әсіресе алғашқы он күні халық тілінде түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз, ая мейіз алты күн, қырына алса қатты күн деп сипатталады. Қар күрт еріп, жер лайсаң тартып жатқанмен, артынша-ақ алай-түлей қар борап аласапыран болып кетеді. Наурыз айының 10-15-терінде өтетін бұл амалды халықтық метеорологияда отамалы атайды. «Қара жерге келсем, қар әкелемін, қарға келсем, қар әкетемін» деген отамалының серті бар дейді есепшілер. Сүмбіле, Үшарқар-Таразы, Үркер және Сұлу Сары жұлдызы бір түзудің бойында тізіле орналасады. Есепшілер жұлдыздардың теңесуінен күн мен түннің теңелуін байқаған екен.

Бір күнмен бітпейтін кезең

Этнограф-ғалым Мәшһүр Жүсіптің Бұхар жұртынан келтірген дерегінде күн мен түн теңелгенде, балық аунап түсетін құбылыс айтылады. Жиырма тоғыз жасында Бұхарай шәрифте болған Мәшһүр Жүсіп өзі байқаған жайын: «Наурыздама той қылатұғын жұрттың патшалары тірі балықты көп қылып ұстатып алып, бір керсен суға салып, көптің алқасына қойдырады. Отырған көп әлеумет сол балықтарға көздерін тігіп қарап отырады. Бір мезгілде балық біткен бірі қалмай теп-тегіс шалқасынан жата қалады. Қарындары жарқырап, лезде балықтар аунаған жағынан екінші жағына қарай аунап түседі. Сонан соң патшалар барабан соқтырады: «Ескі жыл шықты, жаңа жыл келді!» деп, сегіз күн ұдайымен қол астына қараған жұртқа той, тамаша береді: «Жаңа жыл тойы!» деп жазады. Енді бір сөзге үңілсек, «тура сегіз күн тойланады» делінген, демек, дәл осы кезең шамалап қарасақ 14-22 наурыз арасындағы санды көрсеткендей. Дәмге үлкен мән беріп, кие-қасиетін ерекше бағалап қадірлеуге байланысты халықтық түсінік бойынша әр ел арасында бір тайқазан болғаны туралы деректер бар. Қазанның Наурыз мерекесі кезінде де жосын-жоралғылық мәні арта түседі, яғни, ілкіде әр үй өзінің 7 түрлі тағам қосып, пісіріп әкелген көжелерін ел игілігі, құт-берекесі саналатын қазанға құяды. Қазаннан қайтадан таратылып, жиналған халық болып бір мезгілде ішіп-жеп, түрлі шараны атап өткен. Ол береке-бірліктің, татулықтың нышаны болып саналатын ғұрыпқа байланысты атқарылатын.

Ел ішіндегі аса бай, дәулетті адамдардың наурызды той қылып өткізуі Наурыздама аталған. Наурыздама тойы бір аптаға созылып, сегізінші күні тойға келгендер тарай бастайды. Арқа еліндегі дәулетті Тәти Наурыздама тойын өткізген деп, арғынның атақты биі Едігені жүз кісісімен күткендігі жөнінде Мәшһүр Жүсіп жазбаларында мынадай дерек бар. «Сіз бір жақтан бір жаққа бара жатқан жолаушы емессіз, әдейі Наурыздама қылдыра келдіңіз! Ұдайымен сегіз күн қылмаған соң, мұның қылуға не сәндігі бар?!», – деп сегіз күн күтіп, сыйлап, бір күнінен бір күнін асыра беріпті. Наурыз мейрамында тағы бір маңызды дүние – кешірім сұрау. Мұның өзі жүректі таза ұстау, кір шалдырмаудың халық ұғымында соншалықты маңызды екенін көрсетеді. Біз атаған кітапта Көрісу – Ұлыстың ұлы күні атқарылар салттың бірі аталған. Этикет бойынша жасы кішілер алдымен үлкен шаңыраққа барып, жасы үлкенмен көріседі.

Мифологиядағы шындық

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi» атты энциклопедияда екі ұғымның тығыз байланысты екені жазылған. Қыдыр ата – халықтың байырғы мифологиялық танымында адамға ырыс, құт дарытатын, көксеген тілегін орындайтын, қысылып-қиналғанда дем беретін, қауіп-қатерден құтқаратын әулие ретінде түсіндіріледі. Ел түсінігінде Қыдыр ата елеусіз жанның, қарт адамның, мүсәпір жанның, арып-ашқан жолаушының кейпінде көрінуі мүмкін. Содан Қыдыр ата шырақ жаққан жерге келеді деп, Ұлыстың ұлы күні Наурызда жұп шырақ жағатын болған. Ондағысы, бақ қонып, Қыдырдың назары дарысын деген пайымдаудан. Ұлыстың ұлы күні Наурызда ақсақалдардың қол жайып, «Бөденедей жорғалап, Қырғауылдай қарғалап, Қыдыр келсін қасыңа. Осы тұрған боз үйге, Қыдыр ата дарысын!» деп айтатыны бекер емес. Қыдыр ата түсінігі кез келген жерде бақтың, ырыс-несібе мен молшылықтың, сәттіліктің иесі саналады. Бұдан не ұғамыз? Наурыз жыл басы деп отырмыз, демек, адамдар келген жылдан жақсылық күтетінін осы арқылы ымдаған тәрізді. Ұлыстың ұлы күнгі Қыдыр түні қара қазанның түбі бос болмасын деп, май тамызып, үйдегі ыдыстарға сүті бар, айраны мен уызы бар, ағарған атаулыны құйып қояды. Қайсыбір ыдысқа бидай, арпа, сұлы толтырып, бақырға бұлақ суын толтырады. Бұл жоралғы жыл бойы молшылық болсын деген тілеуді аңғартады. Наурыздың 21-інен 22-сіне қараған түні молшылықтың жоралғысы ретінде әрбір шаңырақта міндетті түрде қазан толы наурызкөже әзірленеді. Наурызкөже кем дегенде жеті дәмнен жасалады. Су, тұзды да дәмге қосады. Жетіден асыруға да рұқсат, дәм тақ сан түрінде болуы тиіс. Өйткені наурыз «береке, бірлік» идеясын білдіреді де, тақ бөлінбейтін, «бірлік саны» ретінде ұғынылады. Жасы үлкен ауыл, ел, әулет, әулет қарияларының кейбірінің аты Наурыз, Наурызбай болса, келіндер жағы эвфемизммен көпкөже, тілеукөже деп атайды. Түйінге ойыссақ, Көрісуіміз бар, Наурызымыз бар, екеуін амал кезеңі атайтын болсақ, қазір осы күндердің бізге берері не?

Алдымен Наурыз мейрамы халықтың санасына маңызды дата есебінде сіңісіп үлгерді. Ендігі мейрамның мәні жалпыхалықтық сипатқа ауып, біз көп айтатын бірлік пен берекенің негізін қалаушысына айналуы тиіс. Ол үшін тағы да маңызын арттырар қосымша мән жүктеген дұрыс тәрізді. Бұл тұста бірнеше дүниені алға шығаруға болады. Мәселен, біріншісін жақындастыру деп алайық. Қазір ел-жұрт көрші мен туыстың арасы бұрынғыдай жақын емесін айтып жатады. Бұл күні ертедегі көшпенділер ескі киім-кешек пен көнерген заттарын өртейтін болған. Үй ішін әсемдеп, алдағы мен арттағы, оң жағы мен сол беткейде отырған қырық үйге дейін бас сұққан. Дастарқанға төрт түрлі дәнді дақыл қойылып, ел ырысы тасығанын тілеген. Енді қараңыз, осы жерден екінші құндылық шығады. Жаңағы суреттеуімізге үңілсек, құдды қазір біз тойлатып жүрген жаңа жыл мейрамы іспетті. Әлемде датасы бөлек өзіндік жаңа жылдарын тойлайтын елдер бар. Қазіргіні кері теппесіміз белгілі, бірақ екеуінің де өзіндік мәнін сақтауға болатындай. Бұл пікірді құптаушылар жетерлік. Мысалы, этнограф Жамбыл Артықбаев түбі қазақтың жаңа жылы наурыз айында тойлану керегін біраз бері айтып жүр.

– Наурыз мерекесі неолит дәуірінде, яғни тас дәуірінде, біздің заманымызға дейінгі 7-6 мыңжылдықтардан бері бар. Бұл мереке жайлы қажет десеңіз көне адамзат аңыздарында, Інжілдегі Нұқ пайғамбардың оқиғасында да айтылады. Діни мейрам дегені желеу ғана, Кеңес Одағы заманында ұлттық болмысқа қарсы күрес қатты жүрді. Сол себепті дінді сылтау етіп ұлттық болмыстан айырды. Наурыз – салт-дәстүрді түгендеу емес, тірілту. Бұрын да айтып келдік. Амал мерекесін өз басым құптаймын. Бұл тұста батыс өңірін бөлудің қажеті жоқ. 14 наурыз бен 22 наурыз арасы – көктем қонақтайтын шақ, яғни, жер дүниенің жаңарар сәті. «Наурыздың келгенін судағы балық та сезеді» деген сөз бар. Самарқанның көк тасы жаңа жылда жібиді деген – осы, – дейді тарихшы-этнограф.

Сонымен, амал айымыз елдің жаңа тынысын ашып, серпілуіне рухани тұрғыдан дем бермек. Бірлікке ұйытар мерекенің көптігінен керегеміз нығаймаса, құламасы анық. Көрісу мерекесі мен Наурыз мейрамы – екі бөлек қуаныш, әйтсе де ұйытар игі ісі мен айтары бір. Алғашқысы – байырғы бабалар иланып, көне аңыз айғақтаған жаңа жыл болса, екіншісі – күн мен түн теңескен, жер жібіген киелі шақ.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<