Негізгі бағыттар таныстырылды

5

0

Фото: Ақорда

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Qarmet» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьевті қабылдады.

Президентке компанияның биыл атқарған жұмысының алдын ала нәтижелері мен инвестициялық бағдарламаларды іске асыру­дың негізгі бағыттары таныстырылды. Ком­пания қызметінде оң динамика байқалады. Екі жылда болат өндірісі 22 пайызға, көмір концентраты 26 пайызға, темір кені 32 пайызға артты. Өнімнің өзіндік құны 28 пайызға арзандап, шығарылатын маркалардың түрі 260-тан 350-ге дейін ұлғайды.

Андрей Лаврентьев 9 ірі инвестициялық жобадан тұратын кешенді бағдарламаны жүзеге асыру жайында баяндады. Бұл бастама елдегі болат өндірісін жүйелеп, металл прокаты импортын төмендетуді көздейді. Бұдан бөлек, болаттың жоғары сапалы жаңа маркаларын, соның ішінде атом электр станциясының құры­лысына арналған өнім шығару жолға қойыла бастады.

Президентке көмір және тау-кен бағытын дамыту бағдарламасы таныстырылды. Еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік бастамаларға баса мән берілді. Qarmet компаниясына қарасты медициналық және білім беру ұйымдары жаңғыртылып жатыр. Компания мен кәсіп­одақтар арасында жаңа ұжымдық келі­сімшарт жасалды. Құжат 35 мың еңбеккерге әлеуметтік кепілдік беруді қарастырады.

Мемлекет басшысына Qarmet жанынан ірі металлургиялық кластер құрылып жат­қаны туралы айтылды. Бұл шағын және орта кәсіпорындардың шикізатты терең өң­деумен айналысуына мүмкіндік береді. Бағдарлама «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингімен бірге іске асырылмақ. Сондай-ақ машина жасау зауыттарының өндіріс барысында отандық болатты пайдалануы бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.

Кездесу соңында Президент Qarmet метал­лургия кешенінде атқарылған жұмысқа оң бағасын беріп, даму жоспарына қолдау білдірді. Сонымен қатар кәсіпорынды жан-жақты жаңғырту, әлеуметтік мәселелерді шешу, экологиялық жағдайды жақсарту, ма­шина жасау өндірісін жандандыру шараларын жалғастырудың маңызына тоқталды.