Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күнімен құттықтауы

236

0

Құрметті Сыр журналистері мен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері!

Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Халықтың күнделікті тіршілігі, әлеуметтік әл-ауқаты, руханияты мен қоғам тынысы туралы хабар тарататын қалам иелерінің еңбегі құрметке лайық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Журналистер жұмыс барысында жұртпен етене араласып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асыруға зор еңбек сіңіруде» деп атап өтті.

Халық пен билік арасына дәнекер болуда, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауда БАҚ өкілдері атқаратын міндет ауқымы зор. Сіздер жазған әрбір мақалада, дайындаған сюжетте елдің ойы мен пікірі, талабы мен тілегі айқын көрініс тауып келеді.

Қалың бұқара көтерген мәселелерді жан-жақты зерттей, тереңнен талдай білетін, нақты ақпаратқа ғана сүйенетін журналистер мен жергілікті биліктің бірлікте, ынтымақтастықта жұмыс атқаруы көп түйткілдің шешілуіне жол ашады.

Өңірімізде жүзеге асырылған ауқымды жобаларды, ел мүддесіне бағытталған игі істерді ақпараттандырып, жақсылықтың жаршысы болған аймақ журналистеріне ризашылығымды білдіремін.

Бірлік бар жерде берекелі тірлік болатыны белгілі. Алдағы уақытта да әрбір іске қолдау көрсетіп, аймағымыздың өркендеуі жолында тындырымды тірлік атқара берулеріңізге тілектеспін.

Сіздерге мықты денсаулық, бақ-береке, шығармашылық шабыт пен толайым табыс тілеймін!

Құрметті «Сыр бойы» газетінің ұжымы!

Сіздерді аймақтың бас басылымының жарыққа шыға бастағанына 95 жыл толуымен құттықтаймын!  Сыр өңірі журналистикасының тарихы да оның бастауындағы «Сыр бойымен» сабақтас,  яғни бір ғасырлық белесіне жақындап қалды. Осы уақыт ішінде «Сыр бойы» қазақ әдебиетінің қабырғалы қайраткерлерінің шығармашылықтағы тұсауы кесілген,  тың туындылары жарияланған ұстаханаға айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әділетті Қазақстанды құру үшін қоғамда құндылықтар жүйесін жаңғыртып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудың мән-мағынасы зор. Бұл бағытта еңбекқорлық пен білімпаздықты, адал азаматқа тән қасиеттерді дәріптейтін масс-медиа өкілдері айрықша рөл атқарады» деп, сіздерге жүктелген міндеттің маңыздылығын атап өткен болатын.

«Сыр бойының» алғашқы нөмірі бұдан 95 жыл бұрын, осы атпен, араб қарпімен басылып шықты. Кейін басылым аты «Ленин туы», «Ленин жолы» болып өзгерді, латын қарпіне, сосын кирилицаға ауысты. Тек Тәуелсіздік алған соң ғана «Сыр бойы» атты тарихи атауымен қайта қауышты.  Сыр өңірінің бір ғасырға жуық уақыттағы шежіресі газеттің сарғайған парақтарында қаттаулы. Тасқа басылған жылнамада жылдар шежіресі, уақыт алға қойған міндеттер, аймақтың тыныс-тіршілігі, бәрі-бәрі көрініс тапқан.   

Басылым тілшілері бұрын да, бүгінгідей ақпарат тасқыны алапат дәуірде де тексерілген, нақты жаңалық тарату мақсатынан жаңылмай, билік пен бұқараның арасына алтын көпір болу миссиясын бұлжытпай орындап келеді. Былтыр «Сыр бойы» газеті «Үркер» ұлттық сыйлығының «Ең үздік өңірлік басылым» номинациясын иеленіп, аймақ журналистикасының абыройын асқақтатты. Бұл – басылым журналистерінің, олармен иық тіресіп еңбек ететін техникалық құрамның, дизайнер, корректор, фотокорреспондент мамандардың ерен еңбегінің жемісі.

Аймақтың медиа саласындағы ең байырғы ақпарат құралында еңбек етудің жауапкершілігі зор. Оның үстіне ақпарат заманында тілшілер қауымына жүктелер міндеттің салмағы да уақыт өткен сайын ауырлап келеді. Бір ғасырлық белесіне жақындаған «Сыр бойының» дәуір тынысын дөп басқан жарияланымдары оқырманның жан азығына айнала бергей! 

Сіздерді 95 жылдық мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтай отырып, еңбектеріңізге табыс, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға құт-береке, амандық тілеймін.

Мерекелеріңіз құтты болсын!

Құрметпен, облыс әкімі

Нұрлыбек Нәлібаев

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<