Құрметті құрылысшылар! Ардақты сала ардагерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Құрылыс — адамзатпен бірге жасасып келетін маңызды сала болуымен қатар, экономиканы алға жетелеуші күш. Өздеріңіздің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында өңіріміздің экономикалық-әлеуметтік әлеуеті артып келеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Ұлттық экономика құрылымында құрылыс секторы маңызды орынға ие. Осы сала ішкі жалпы өнімнің 5-6 пайызын береді. Жанама салалар қосылса, бұл көрсеткіш одан да көп» деп атап өтіп, Үкіметке сәулет-құрылыс қызметін реттейтін жаңа құжат – «Қала құрылысы» кодексін қабылдауды тапсырды.
Кейінгі жылдары облыс, аудан орталықтарының аумағы айтарлықтай ұлғайды. Жаңа шағын аудандар салынып, оларға қажетті инфрақұрылымдар жеткізілді. Қызылорда қаласының үлкен құрылыс алаңына айналуына, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың көптеп бой көтеруіне, көшелердің кеңеюіне сіздердің қосқан үлестеріңіз өлшеусіз. Елді мекендердің өркендеуіне, тұрғындардың жайлы тұрмысына, білім алуына, денсаулығын түзеуіне қызмет ететін нысандар қашан да сұранысқа ие. Сондықтан шебер қолды құрылысшылардың еңбегі де ел құрметіне бөлене бермек.
Биыл Сыр өңірі құрылыс жұмыстарының көлемі бойынша республикада алдыңғы қатарға орнықты. Бүгінде мемлекет қолдауымен өңірде 26 тұрғын үйдің және 62 әлеуметтік нысанның, 150 жобаның құрылысы жүзеге асуда.
Облыс орталығында бой көтерген «Неке сарайы», «Өнер орталығы» және жаңа автовокзал ғимараты пайдалануға беріледі. Ал келесі жылы «Қан орталығы» мен физика-математика бағытындағы мектеп-интернат ел игілігіне айналады. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп», «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» сияқты ұлттық жобаларды құрыш қолды құрылысшылар жүзеге асырмақ.
Құрылысы қарқын алған Сырдария өзенінің сол жағалауындағы емхана мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана күн санап бойын тіктеп келеді.
«Қайсар» футбол клубының жаңа стадионы мен көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешені сол жағалаудың көркін келтіретін ғимараттар болмақ.
Бүгінгі мерекеде Президент бастамасын қолдап, туған жерін өркендетуге үлес қосқан кәсіпкерлер мен меценаттарға да алғыс айтамыз. Қазір аймағымызда демеушілер есебінен 31 млрд 700 млн теңгенің жобалары жүзеге асуда. Бұл жобаларда да жасампаз мамандық иелері – құрылысшылардың қолтаңбасы бар.
Бүгінгі мерекеде баршаңызға зор денсаулық, толағай табыстар тілеймін! Тәуелсіз еліміздің тұғыры нық, еңсесі биік болғай!
Құрметпен,
Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ,
облыс әкімі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<