Облыста 78 мың гектар алқапқа күріш егіледі

514

0

Шиелі ауданында егін науқаны басталып, алғашқы дән себілді. Биыл өңірдегі дихандар 78 мың гектардан астам жерге күріш дақылын егуді жоспарлап отыр. Алайда, былтырғы жылмен салыстырғанда егістік көлемі біршама азайған.

Тіршілігі Сырдарияға тәуелді дихандар қауымы былтырғы қуаңшылықта әбден әбігерге түскен еді. Биыл да мамандар болжамы көңіл көншітпей тұр. Жоғарыда орналасқан су қоймаларындағы көрсеткіш жылдағыдан аз. Соған сәйкес, шаруалар күріш егістігін 5,3 мың гектарға қысқартуға мүжбүр болып отыр.

Жалпы көктемгі егін науқанына ауыл шаруашылығы техникалары сақадай сай дайын. Облысқа Үкімет тарапынан 12 мың тоннаға жуық арзан жанар-жағармай бөлінген, шаруалар қажетіне қарай алып жатыр. Бір қуантарлығы, биыл мал азықтық дақылдар мен көкөніс алқаптарының көлемі едәуір ұлғайған. Ал шиелілік еңбеккерлер алдағы қуаңшылық салдарын ескеріп, Янтарь, Лидер тұқымдарынан бөлек, күріштің тез пісетін жаңа сорттарын өсіруді қолға алып отыр.

Көктемнің бір күні жылға азық деген. Дала төсінде қайнаған тірлік басталып кетті. Жоспарға сәйкес, облыс дихандары мамыр айының соңына дейін күріш алқаптарын суға бастыруды жоспарлап отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<