Өңір мәдениеті өрлеу жолында

310

0

Қоғам дамуының басты сипатының бірі – мәдениет. Төл тарихымызбен астасып жатқан ұлттық мәдениетіміздің мәйегі Сыр топырағында саф күйінде сақталған десек, қателеспейміз.

Бүгінде облыста 400-ден астам мәдениет, өнер және архив мекемесі бар. Оның ішінде 209 кітапхана, 171 мәдениет үйі мен клуб, 14 музей, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры, облыстық филармония, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесі, 11 архив мекемесі, «Анаға тағзым» орталығы халыққа қызмет көрсетеді.

Ел тарихындағы төрт астананың ізі қалған Сыр бойы өзіндік рухани құндылықтарымен ерекшеленеді. Соның бір айғағы, 2023 жылы алтын киімді «Шірік-Рабат сақ жауынгері» және алтын әшекейлі «Сығанақ ханшайымы» реконструкцияларының облыстық музейден орын алуы аймақ мәдениетіндегі айтулы жаңалықтың бірі болды. Осы жылы Қызылорда облысының өнер күндері аясында елорда төрінде өткен «Сыр өңірі – Түркі дүниесінің алтын бесігі» көрмесінде тарихи маңызы зор мәдени құндылықтар Астана жұртшылығына таныстырылды.

Қызылорда облысының өнері күн­дері Астана мен Алматыда, Еуропа елдерінде ұйым­дастырылып, Сыр мәдениетінің биік деңгейін көрсетті.

Аймақ басшысының қолдауымен 2023 жылы тұңғыш рет облыстық филармония жанынан симфония оркестрі құрылды. Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе. Оркестр құрамына 30 кәсіби музыкант қабылданып, жалпы ұжым 50-ден аса маманнан жасақталды. Сондай-ақ бұған дейін қала әкімдігі жанында үйірме ретінде жұмыс жасап келген «Жастар театрының» өз алдына кәсіби ұжым ретінде қайта құрылуы өңір мәдениетінің тарихындағы маңызды бастама еді. Бүгінде «Жастар театры» репертуарын ұлғайтып, кең танымал классикалық туындыларды сахналап, көрермен қошеметіне бөленіп жүр. Бұдан бөлек, инклюзивті театр, заманауи би, хор ұжымдары жасақталып, өз алдына шаңырақ көтерген «Жыраулар үйі» жұмысын жүйелі атқарып келеді.

Мәдениет саласы бойынша қолға алынған тағы бір тың бастама – Сыр мәдениетін дамытуға сүбелі үлесі бар мәдениет және шығармашылық өкілдеріне облыс әкімінің арнайы «Тұран» сыйлығын (қаржылай сыйақысымен) табыстау дәстүрге айналып отыр. Аталған сыйлық осыған дейін 30-ға жуық адамға берілді.

Өткен жыл өңірімізде «Руханият жылы» деп жарияланып, мәдени, тарихи танымы мол жобалар жүзеге асырылды. Облыстың бас шаһарында сәні мен сәулеті келіскен мың орындық «Өнер орталығы» бой көтерсе,  аудандарда «Руханият орталықтары» пайда­лануға берілді. Бұл орталықтарда, аты айтып тұрғандай, рухани маңызы зор танымдық, тағылымдық жұмыстарды жүйелі атқара отырып, ұлттық құндылықтарды жан-жақты наси­хаттауға лайықты жағдай жасалған.  Орта­лықтарда неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар, ардагерлер мен аналар үйі бар.

Айта кетейік, таяуда, Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесінде облыс әкімінің қа­тысуымен Қазалы ауданында «Руханият орталығы» ашылды.

«Руханият жылы» аясында облыстағы мәдениет ұйымдарының жас мамандарына 40 қызметтік пәтер табысталуы сала қызметкерлері үшін ерекше қолдау болды. Бұдан бөлек, мәдениет саласы мамандарының шетелдердегі үздік өнер орталықтарында біліктілігін арттыруына жағдай жасалғаны да жаңаша шығармашылық ізденіске жол ашып, тәжірибе жинақтауға мол мүмкіндік екені сөзсіз. Сонымен қатар, бүгінде қаланың сол жағалауынан заманауи үлгідегі облыстық тарихи-өлкетану музейі, Қазанғап атындағы музыкалық колледжі сияқты сәулетті ғимараттар бой көтеріп келеді.

Мемлекет басшысының бастамасымен биыл, яғни, 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осы орайда елордада өткен «Төрлет, еңбек адамы!» тақырыбындағы «Алтын домбыра» айтысында Сыр перзенті, сұңғыла ақын Мейірбек Сұлтанхан «Алтын домбыра» иегері атанып, аймақ абыройын асқақтатты. Айта кетейік, бұған дейін жерлесіміз Мұхтар Ниязов «Алтын домбыраны»  үш дүркін иеленіп, айтыстың ақтаңгері атанған болатын. Сондай-ақ талантты ақын,  Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақжол Түменбай Шымкент қаласында өткен дәстүрлі «Күміс қалам – 2025» республикалық жазба ақындар дуэлінде топ жарып, бас жүлдені жеңіп алды.

Жуырда, 24-30 сәуір аралығында Сыр елінде «Сырдың Сәбирасы» атты І халықаралық театр фестивалі өтті. Айтулы шара Н. Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық-драма театрының 70 жылдық мерейтойына арналды.

Фестивальда Румыния, Грузия, Қырғызстан мемлекеттерімен қатар еліміздің алдыңғы қатарлы театрлары бақ сынады. КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасының шешімімен Н.Островскийдің «Найзағай» драмасы үшін Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық-драма театры бас жүлде иеленді. Бұл көрсеткіш те өңірдегі мәдениет пен өнердің биік деңгейін танытса керек.

Елдің мәдениеті – оның түпкі тарихы, ұлттық құндылығы, әр кезеңдегі өркендеу, өрлеу жолы, бір сөзбен айтқанда, тұтастай тұрмыс-тіршілігінің көрінісі. Сондықтан Сыр өңірі мәдениетінің де дәуір көшіне ілесіп, даму жолында келе жатқанына толық сенім артуға болады.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»