Өңірге өзгеше өң берген өркенді жылдар жемісі

4

0

Инвестиция – игіліктің бастауы

Кейінгі төрт жылда тұрақты өсім көрсеткен сала – инвестиция.

2022 жылы Қызылорда облысына 373,5 млрд теңге инвестиция тарту межесі қойылған. Бұл көрсеткіш 110,6 пайыз, жоспар 39,8 млрд теңгеге артығымен орындалып, 413,3 млрд теңге инвестиция тартылған.

2023 жылы 424,2 млрд теңге болып бекітілген индикатор 121 пайыз орындалды, яғни 513,7 млрд теңге инвестиция тартылып, жоспардағыдан 89,5 млрд теңге артық көрсеткіш тіркелді.

2024 жылы жоспарланған 517,5 млрд теңге 130,2 пайыз орындалып, өңір экономикасына 673,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл белгіленген межеден 156,2 млрд теңгеге жоғары.

Өткен 2025 жылы 631,4 млрд теңге инвестиция тарту көзделген еді, іскерлік байланыстардың арқасында 774,5 млрд теңгеге жетті. Индикатор 122,6 пайызға немесе 143,1 млрд теңгеге артық орындалды.

Осылайша Қызылорда облысы инвестиция тарту бойынша өңірлер арасында бірінші орынға тұрақтады.  Жалпы құрылымына келсек, жеке инвестицияның үлесі басым, яғни 72,1 пайыз, 558,6 млрд теңге, көрсеткіште 14,9 пайыз өсім бар.

Негізгі жобаларға тоқталсақ, төрт жылда 401 млрд теңгенің 72 инвестициялық жобасы жүзеге асқан.

Жылына 197 мың тонна өнім шығаратын шыны зауытына 42 млрд теңге инвестиция тартылған. Orda Glass ltd серіктестігінің шыны зауытының қасынан 6,7 млрд теңгеге энергия үнемдейтін шыны өндірісінің жаңа желісі, «Айна Гласс» компаниясының 1,5 млрд теңге инвестициясы салынған айна өндіру зауыты іске қосылды.

«Қорқыт Ата әуежайының» жаңа терминалы­на  Болат Өтемұратов қоры 16,6 млрд теңге көлемінде инвестиция салды.

Агроөнеркәсіп кешенінде жылына 96 мың тонна күріш өңдейтін 5 күріш зауыты жұмысын бастады.

«Қызылорда Саз-М» серіктестігінің ең озық технологиялармен жабдық­талған, толық автоматтандырылған кірпіш зауыты  арқылы өңірге 5 млрд теңге инвестиция келді.

«Қызылорда нан» серіктестігінің 3,1 млрд теңгеге салынған нан-тоқаш, кондитерлік және макарон өнімдерін шығаратын 3 цех жұмыс істеп тұр.

«Тұмар» жеке кәсіпкерлігінің бастамасымен тамақ өнеркәсібі бағы­тындағы алғашқы шағын өнеркәсіптік аймақ құру жобасына жұмсалған инвестиция 526 млн теңге.

«Панабек» серіктестігі өндіріс қуатын арттырып, жылына 35 мыңға дейін кеңсе, асхана, мектеп парталары мен басқа да жиһаз түрлерін шығара бастады.

Мемлекет басшысының тапсыр­масына сәйкес, Сыр елінде түркиялық Aksa Energy компаниясының жаңа жылу-электр орталығы салынды. Жалпы 215 миллиард теңге инвестиция жұмсалған, 240 мегаватт электр және 277 гигакалория жылу өндіруге есептелген.

Әлемге әйгілі испандық Roca Group компаниясы жылына 500 мың санитарлық-техникалық өнім шыға­ратын өндіріске 44,1 млрд теңге инвестиция құяды.

Сәуір айының басында Сырдария ауданында жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін заманауи зауыттың құрылысы басталды. Инвестиция көлемі 40 млрд теңге.

Швейцариялық Harvest Agro компаниясы 68 млрд теңге инвестиция салып,  техникалық қарасора, жүгері мен соя өсіру арқылы аграрлық-индустриялық кластер құру жобасын бастады.

ЖАС ҰРПАҚТЫҢ ЖАРҚЫН БОЛАШАҒЫНА БАҒЫТ

Сыр өңірінде 2022-2025 жылдары 42 білім нысаны пайдалануға  берілген.

Айталық 2022-2023 жылдары 300 орындық дарынды балаларға арналған 2 мектеп-интернат, 250 орындық қосымша білім беру ұйымы, 2 мектеп, 4 мектепке қосымша ғимарат, 2 бала­бақ­ша  табысталды.  Сондай-ақ салада қарқынды құрылыстар жүргізілген 2024 жылы 13 нысан бой көтерген екен. Оның қатарында 960 орындық 6 мектеп, 5 мектепке қосымша ғимарат, Қызылорда қаласындағы 350 орындық «Оқушылар сарайы» мен Жаңақорған ауданындағы 200 орындық «Оқушылар үйі», 50 орындық «Өнер мектебі» бар.

Өткен жылы 550 орындық 2 мектеп бой көтергенін білеміз.  Оның бірі – «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен қаланың сол жағалауынан бой көтерген 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық лицей-интернат. Мұнда білім беру әдісі  мемлекеттік стандартқа сай, айырмашылығы, жаратылыстану пәндерінің барлығы ағылшын тілінде оқытылады. Бүгінде білім беру ұйымында 8 сыныпта 200 бала бар, оларды 24 педагог оқытуда.

Білім саласындағы тағы бір айрықша атап өтуге лайық нысан – қаланың көрнекті жерінен бой көтерген «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық-инновациялық академиясы. Мемлекет басшысы өңірге келген сапарында заманауи талаптарға сай қызмет көрсететін шығармашылық академия­сында болып, жас ұрпақтың жарқын болашағына бағытталған байыпты жұмысқа оң бағасын берді.

Бірер жыл бұрын сол жағалауда пайдалануға берілген Қазанғап атындағы Қызылорда музы­калық колледжі ғимараты да – ерекше көз тарта­тын сәулетті архитектуралық туындылардың бірі. Бұдан бөлек, Шиелі ауданында 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мек­тебін» айтуға болады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 6900 орындық 10 мектеп салынды. Айта кетейік, білім саласында қолға алынған қарқынды құрылыстар барысында 2023 жылдан бері 15 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілсе, 9 мектептің жанынан қосымша ғимарат бой көтеріп, нәтижесінде үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты.

2025 жылы «Қазақстан халқына» қоры арқылы ауылдық жерлердегі ресурстық орталықтар ретінде 2 мектеп интерактивті және заманауи оқу кабинеттерімен қайта жабдықталды. Бүгінде облыс көлеміндегі 58, оның ішінде 8 шағын жинақты мектепті физика, химия, биология пәндік кабинеттерімен жабдықтау жұмыстары жүргізілді.

Білім саласына деген осындай қолдаудың нәтижесінде Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен аймақ түлектері республикада екі жыл қатарынан үздік атанып, ЖОО-ға бөлінген мемлекеттік грантты иемдену бойынша да бірінші орынға шықты.

МЕДИЦИНА: МҮМКІНДІКТЕР АРТҚАН КЕЗЕҢ

Кейінгі төрт жылда Сыр медицинасы  тың серпінмен дамыды.

 2023-2025 жылдар аралығында  29 млрд 512 млн теңгеге 42 медициналық  нысан салынып, бүгінде тұрғындарға қызмет көрсетуде.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы қарқынды жүзеге асты. 10 млрд 200 млн теңгеге салынған 28 фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. Осылайша 46 мыңнан астам ауыл тұрғыны медициналық көмекке уақытылы қол жеткізіп, 190 төсек-орындық күндізгі стацио­нарларда ем алуда.

Кейінгі төрт жылда 6 млрд теңгеге 24 нысанға күрделі жөндеу жүргізілсе, 1 млрд 200 млн теңгеге 44 денсаулық сақтау нысанының жылу жүйесі газға ауыстырылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ғимараттардың тозуы 74,4-тен 36,6 пайызға төмендеді.

Өңіріміздің денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға да баса назар аударылды. 16 млрд  теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Оның ішінде КТ, МРТ, ангиограф сияқты ауыр техникалар  бар. Аудандық ауруханалар КТ аппаратымен толығымен қамтамасыз етілді. Медициналық құрал-жабдықтармен жарақтан­дырылу деңгейі 2022 жылы 83,2 пайыздан бүгінде  90,2 пайызға жоғарылады.

Медицина ұйымдарының санитарлық авто­көлік паркінің  85 пайызы тозған еді. Жергілікті бюджеттен бір мезетте 5,4 млрд теңге бөлініп, барлық елді мекендегі денсаулық сақтау ұйымдарына 225 санитарлық автокөлік алынып, медицина ұйымдарының автопаркі толығымен жаңартылды. Осылайша санитарлық автокөлік мәселесі түбегейлі шешілді.

Жаңақорған, Арал аудандарында «Қамқор­лық» балалар оңалту орталығы ашылды. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жанынан «Қамқорлық» ерте араласу оңалту орталығы пайдалануға берілді.

Сол жағалауда бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүруде.

Биыл Президент паркі жанынан 200 төсек-орынға арналған жаңа перинаталдық орталықтың, Сырдария өзенінің сол жағалауынан 500 келушіге арналған емхананың және  Титов қыстағынан ауысымына 400 келушіге арналған № 5 қалалық емхана құрылыстарының іргетасы қаланды.

АГРАРЛЫҚ САЛАНЫҢ АЖАРЫ

Аймақтың ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері төрт жыл бойы облыс әкімі қызметін атқарып, 6 мамырда ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалған Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев жайында әрдайым жылы лебізде. Кейінгі жылдары өңірдің аграрлық саласына инвестиция тарту мәселесі дұрыс жолға қойылды. 2022-2025 жылдар аралығында мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдау үшін 92,4 млрд теңге бөлінсе, биыл 35 млрд теңгеге жуықтайды. Сондай-ақ шаруашылықтар есебінен 58 млрд теңге қаржы тартылды. Осындай оң бастамалар нәтижесінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі жаңа белеске көтерілді. Былтыр жалпы құны 11,6 млрд теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба тұсауын кесті.

Өңірге өзгеше өң берген өркенді жылдар жемісі

Ашығын айтсақ, жергілікті диқандар кейінгі 4-5 жылда су тапшылығы мәселесінде едәуір қиындыққа тап болды. Сырдария өзенінің деңгейіне қатысты вегетациялық кезеңде нақты іс-шаралар жүзеге асты. 2026 жылға бекітілген су лимитіне сәйкес облыс бойынша 185,8 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отыр. Аймақтың басты дақылы – күріш көлемі 70 мың гектарды құрайды. Оған қоса су ресурстарын басқару технологиясын кеңінен енгізу үшін алдағы үш жылға 34 млрд теңгеден астам қаржы қаралған.  Былтыр су үнемдеу технологиясын пайдалану көлемі 2024 жылмен салыстырғанда екі есеге артты. Ол былтыр 8,1 мың гектарды шамаласа, биыл 16,7 мың гектарды құрайды. Қызылордалық диқандар су шығынын азайту үшін егістік жерлерді лазерлік тегістеуге ерекше мән беріп отыр.

Облыс басшылығының қолдауымен Жаркент крахмал-сірне зауыты Сырдария ауданынан жүгері дақылын терең өңдейтін жаңа зауыттың іргетасын қалады. Онда жылына 150 мың тонна өнім өңдеуге мүмкіндік бар. Жобаның құны 40 млрд теңгені құрайды. Оны жүзеге асыру екі кезеңнен тұрады. Алдымен кептіру және сақтау кешенінің құрылысы бой көтерсе, одан кейін жүгеріні терең өңдейтін зауыт құрылысы басталады.

ЖОЛ-КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАНДАНА ТҮСТІ

Халық сұранысының бірі – жол-көлік саласындағы мәселелер болатын. Мұндағы құрылыс қарқыны аз уақыт ішінде өңірге оң өзгеріс әкелді. Бір ғана мысал, 2022 жылдан бүгінге дейін жол инфрақұрылымын дамытуға 185,8 млрд теңге бөлінді. Осы уақытта 1700 шақырым автомобиль жолы мен 35 көпір өткелін салу жұмысы жүрді. Бұл әлі де тоқтаған жоқ. Ал нәтижесінде облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 82-ден 95 пайызға жетті.

Өңірге өзгеше өң берген өркенді жылдар жемісі

Облыс орталығындағы көптеген тар жолдың тынысы ашылды. Бейбарыс сұлтан көшесінен Б.Баймаханов көшесіне дейінгі аралықтағы Тараз көшесі мен Бейбарыс сұлтан көшесі Н.Назарбаев даңғылынан «Қызылорда-Құмкөл» трассасына дейінгі жол 4, Н.Назарбаев даңғылынан Тәуел­сіздіктің 25 жылдығы даңғылына дейінгі бөлік 6 жолақты жолға айналды. Одан бөлек, «Тәуел­сіздікке 25 жыл» даңғылы 4 жолаққа кеңейді. Даңғыл бойындағы Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейін жаңа жол салынды. Ұзындығы 23,5 шақырымдық әуежайға кіреберіс жол 4 жолаққа айналды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі 566 шақырым жолды І санатқа ауыстыру жобасын қолға алды. Қазір екі кезеңмен іске асатын құрылыс басталып кетті. Көп жыл мәселе болған республикалық «Қызылорда-Жезқазған» авто­мобиль жолының Сырдағы бөлігі бітті. Сондай-ақ Президент Жолдауында айтылған «Сексеуіл-Бейнеу» жолының құрылысы арқылы Арал ауданының ең шеткі елді мекендеріндегі қатынас жақсаратын болды.

Қызылорда қаласы мен жеті аудан теміржолдың екі бойында қоныстанған. Бұған қатысты Арал ауданында 940 метр болатын аспалы көпір бітті. Жаңақорған ауданында талай жылдан аяқсыз қалған осындай теміржол үстінен өтетін көпір пайдалануға берілді. Осы жоба­лардың жалғасы ретінде Қармақшы ауданындағы теміржол көпірінің құрылысы жақында басталады.

Екі жыл бұрын қаланың сол жағалауынан еңселі автовокзал бой көтерді. Өңірдегі елді мекендерді аудан және облыс орталығымен байланыстыратын автобус маршруттарынан бөлек, халықаралық маршрутпен Ташкент қаласына, облысаралық Астана, Алматы, Шым­кент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Ақтөбе қалаларына 18 автобус қатынайды. Екіншіден, облыс орталығындағы халыққа қызмет ететін қоғамдық көліктер толық жаңарды. 300 автобус қалалық 32 маршрутты 100 пайыз қамтыды. Сонымен бірге, қалада «Экотакси» қызметін құру жобасымен 100 электромобиль алынып, тұрғындар мен қонақтарға қызмет көрсетіп келеді.

Ең маңызды «Қорқыт Ата әуежайында» аптасына 37 рейс орындайтын жаңа терминал екі жыл бұрын пайдалануға берілді. Жаңартылған әуежай терминалы Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) жоғары стандарттарына сәйкес келеді.

Бұған дейін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 600 млн теңгеден астам қаржыға Қызылордадағы теміржол вокзалы мен аумағы түгелдей күрделі жөндеуден өтті. Қазір мұндай құрылыс Жаңақорған, Шиелі, Жосалы, Төретам, Қазалы, Арал, Сексеуіл вокзалында, Жалағаш пен Тереңөзектегі қызмет көрсету пункттері мен «Талап» бекетіндегі жолаушылар платфор­масында жалғасуда.

ГАЗ ЖӘНЕ САПАЛЫ АУЫЗСУ

Елді мекендерді газдандыру және сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – тұрғындардың өмір сапасын арттырудағы негізгі басымдықтардың бірі. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп отыр. Айталық, төрт жыл ішінде елді мекендерді газдандыруға 70 млрд теңгеден астам қаржы тартылып, 39 елді мекен және 1 қала (Қазалы) газбен толық қамтамасыз етілді. Газдандыру деңгейі 70-тен 83 пайызға жетті.

Өңірге өзгеше өң берген өркенді жылдар жемісі

Былтыр да жақсы нәтижелер болды. 18 жобаны жүзеге асыруға 17,3 млрд теңге бөлініп, 10 елді мекен «көгілдір отынға» қосылды. Оның ішінде Шижаға, Ортақшыл, Баймұрат, Талдыарал, Ақтан батыр, Н.Ілиясов, Шаған, Дүр Оңғар ауылдарын айтуға болады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облысты газдандыру деңгейі 83 пайызға, газдандырылған елді мекен саны 56-ға өсті.

Биылдың өзінде 14 жобаны жүзеге асыруға 4,9 млрд теңге бөлінді. Жыл басында «Сабалақ» саяжайы тұрғындарының көптен бергі мәселесі шешемін тауып, мұндағы 1600-ден астам абонент «көгілдір отынға» қосылуға мүмкіндік алды. Жыл соңына дейін облыстағы 10 елді мекенге газ қосып, газдандыру деңгейін 85 пайызға жеткізу жоспарлануда.

Өңірде ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі де жүйелі түрде шешімін тауып келеді. Мемлекет басшысының елді мекендерді толықтай сапалы ауызсумен қамту жөніндегі тапсырмасы орындалды.

2022 жылдан бері бұл салаға 37,1 млрд теңге бөлініп, 77 жоба іске асырылды. Өткен жылдың қорытындысымен облыстағы елді мекендер 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтылды.  Жылдар бөлінісіне қарай айтсақ, 2022 жылы 19 жоба жүзеге асып, сол кезеңде ауызсумен қамту деңгейі 98,1 пайыз болған. 2023 жылы 23 жоба іске асып, 98,4%, 2024 жылы 11 жоба жүзеге асып, 98,6%-ға жетті. Былтыр 24 жоба орындалып, 100 пайыз көрсеткіш тіркелді. Бұл – үлкен жетістік. Себебі, ауызсу – халық денсаулығы мен тұрмыс сапасының негізгі көрсеткіштерінің бірі.

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ҮЛГІ БОЛҒАН ҮЗДІК ӨҢІР

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы Сыр өңірінде жүйелі жүзеге асырылып келеді.

Бағдарлама аясында атқарылған жұмыс ауқымды. 2024 жылы «Қазақстан-Корея» бизнес форумы аясында облыс әкімдігі мен кореялық «With you E&C» компаниясы арасында Қызыл­ордада жылына 300 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және кәдеге жарату зауытын салу бойынша меморандумға қол қойылды. Жоба компанияның 37 млрд 800 млн теңге инвестициясы арқылы қаржылан­дырылады. Үш кезең бойынша іске асырылады.

Өңірге өзгеше өң берген өркенді жылдар жемісі

Ауылдарда қолайлы орта қалыптастыру және тұрғындарды тазалыққа ынталандыру үшін жыл сайын «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізіледі. Кейінгі жылдары жобаға 2 млрд 64 млн теңге бөлініп, үздік елді мекендерге 67 арнайы техника табысталды.

Демалыс орындары, ойын, спорт және орталық алаңдар қайта жаңғыртылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар заманауи үлгіде жөндеуден өткізілуде. Өзгеше кейіпте қайта жаңғыртылып, жаңадан салынған Президент паркі пайдалануға беріліп, халықтың қуанышы еселенді. Жаңа саябақ аумағына заманауи субұрқақтар, амфитеатр, спорт, ойын, би, шахмат, стритбол, баскетбол, футбол алаңдары, workout, демалыс аймақтары, фудкорттар, теннис үстелдері, биіктігі 50 метрлік айналмалы шолу дөңгелегі, велосипед және жүгіру жолақтары, санитарлық пункттер орнатылған.

Жалпы 31 гектарға 2 мыңнан астам ағаш, 100 мыңнан астам сәндік бұта және 17 түрлі көпжылдық гүл егілді. Сондай-ақ саябақ аумағын тиімді пайдалану мақсатында бірқатар ірі жоба қолға алынды. Мәселен, 6 гектар жерге 300 орындық заманауи балалар лагері, 2,4 гектарға Ботаникалық бақ салынуда. Бұдан бөлек, «Таза Қазақстан» акциясы аясында аймақта 12 мыңнан астам тал егілді. Сондай-ақ «Тағзым орны таза болсын, рух пен тазалық – егіз ұғым» атты жалпыхалықтық акциясы өтті. Онда өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштер, киелі орындар мен көпшілік зиярат ететін барлық аумақтарға көр­кейту-көгалдандыру жұмыстары ұйымдас­ты­рылды.

Өңірде біркелкі дизайн-код бекітіліп, облыс орталығынан бастап барлық елді мекен бірегей архитектуралық талаптарға сәйкестендірілді. Қызылорда қаласында 2 млрд 905 млн теңгеге 83 ескі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері заманауи панельдермен қапталды. Биыл да бұл жұмыс жалғасын тауып, 900 млн теңгеге қосымша 21 тұрғын үй жаңғыртылуда.

Былтыр облысқа 212 278 турист келіп, көрсеткіш 25,4 пайызға өсті. Осы ретте тұрғындар мен туристерге қолайлы жағдай жасау үшін ауқымды жұмыстар жалғасуда. Сондай-ақ қайта жаңғыртылған теміржол вокзалы мен «Қорқыт Ата әуежайында» туристерге арналған виртуалды карта әзірленіп, QR-кодтар орнатылды. Экскурсияға келушілерге жаңадан салынған, тарихи мәліметтермен толықтырылған заманауи музей қызмет көрсетеді.

Өңірдегі демалыс парктері жаңартылып, туристерге қолайлы әрі қауіпсіз болуы үшін барлық жағдай жасалды. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында адам көп шоғырланатын орындарға 102 және SOS батырмаларының 15 құрылғысы орнатылды. Туристік инфрақұрылымды дамыту аясында халықаралық деңгейдегі бесжұлдызды қонақүй, IBIS Qyzylorda және Pana қонақүйлері бой көтеріп, аудан орталықтарындағы теміржол вокзалдары қайта жаңғыртылуда.

Жалпы «Таза Қазақстан» экологиялық бағдар­ламасы аясында осындай байыпты қадам жасалып, жалғасын табуда.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДА ТҰРАҚТЫЛЫҚ БАР

Халықтың тұрмыс жағдайын, өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар мен жобалар аз емес. Қызылорда халықты тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша республикада алдыңғы орында.

  Кейінгі жылдары «Өңірлік жұмыспен қамту» картасы шеңберінде 124 758 адам жұмыспен қамтылды. Соның ішінде «10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орнын құру» Мемлекет басшысы­ның тапсырмасына сәйкес 50347 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Жұмыссыздық деңгейі 4,9-дан 4,5 пайызға дейін, жастар арасында 4-тен 3,4 пайызға дейін төмендеді. Сонымен қатар        8 мың­нан аса осал топтағыларға мемлекеттік қай­тарымсыз грант беріліп, олар жеке кәсібін ашты.

Қазір атаулы әлеуметтік көмек шын мұқтаждарға ғана беріледі. Соның нәтижесінде кейінгі төрт жылда көмек алушылардың саны 3 есе азайды.

2026 жылға арналған өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында биыл 34 685 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінде алты мыңнан астам адам жұмысқа орналасып үлгерді. Оның ішінде тұрақты және уақытша жұмыс орындары қатар қамтылып, еңбек нарығында белсенділік артып келеді. Тағы да деректерге жүгінсек, 25 755 тұрақты жұмыс орны жоспарланып, 2500-ден астам адам қамтылды. Бос орындарға тікелей орналасуға мүмкіндік жеткілікті. Субсидия арқылы еңбекке тартылғандар көп. Оның ішінде жастар тәжірибесіне 157, ақылы қоғамдық жұмыстарға 3693,  әлеуметтік жұмыс орындарына 15 адам, «Күміс жас» жобасы арқылы 160 азамат бар.

Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру» тапсырмасы да уақытылы жүзеге асуда.  Бұл бағытта 838 жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар ұлттық жобалар аясында 88 жаңа жұмыс орны ашылып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

«Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жыл­дарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде 12826 адам жоспарланса, қазіргі уақытта 8 мыңнан астам адам қамтылды. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Бастау Бизнес» жобасы арқылы 488 адам оқуға жолданып, оның 206-сы курсты аяқтады. 

Сәуір-мамыр айларында солтүстік өңірлер өкілдерінің қатысуымен «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкелері өткізіліп тұрады.  Жыл басынан бері өңірде 25 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 1235 вакансия ұсынылды. Жәрмеңкеден соң 222 адам тұрақты, 446 адам уақытша жұмысқа орналасса, мыңнан астам адам кәсіби кеңес алды.

СЫР СПОРТЫНЫҢ ЖАҢА ДӘУІРІ

Кейінгі жылдары Сыр спорты қарқынды дамып, бұқаралық және кәсіби спортқа ерекше мән берілді.

Төрт жылда облыс аумағында 24 жаңа спорт нысаны ел игілігіне айналды. Соның ең ірі жобаларының бірі – Қызылорданың сол жағалауында бой көтерген 11 мың орындық «Kaysar Arena» стадионы. Құрылысына 26,5 млрд теңге жұмсалған заманауи кешен халықаралық талаптарға толық сәйкес келеді. Мұнда футболмен қатар бокс, ауыр атлетика, таэквондо, гимнастика және күрес түрлеріне арналған арнайы залдар жабдықталған. Ал стадионның УЕФА классификациясы бойынша IV санат алуы халықаралық деңгейдегі матчтар мен ірі спорттық жарыстар өткізуге мүмкіндік береді.

Сыр спортындағы маңызды нысандардың бірі – халықаралық талаптарға сай Үстел теннис орталығы. Кешенде 16 корт, 350 орындық көрермен залы және заманауи жаттығу алаңдары қарастырылған. Қазір мұнда 250-ге жуық жас спортшы кәсіби дайындықтан өтіп, шеберлігін шыңдап келеді.

Биыл Қызылорданың сол жағалауында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған Инклюзивті спорт орталығы пайдалануға берілді. Мұнда волейбол, күрес және денешынықтыруға арналған арнайы залдар бар. Бір мезетте 131 адам спортпен шұғылдана алатын орталық – спорттың баршаға ортақ екенін көрсететін маңызды әлеуметтік жоба.

Қазір 20 млрд 500 млн теңгеге көпбейінді «Қызылорда Арена» кешенінің құрылысы қар­қынды жүріп жатыр. Аумағы кең спорт кешенінде олимпиадалық стандартқа сай бассейндер, заманауи жаттығу залдары және 2500 орындық әмбебап арена салынады. Болашақта мұнда республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізу жоспарланып отыр.

Инфрақұрылыммен қатар Сыр спорт­шыларының жетістіктері де көңіл қуантады. Кейінгі жылдары жерлестеріміз Әлем және Азия чемпионаттарында жеті медаль жеңіп алып, оның бесеуін алтын жүлдеге айналдырды. Сондай-ақ Қазақстан чемпионаттары мен кубоктарында 149 медаль иеленіп, оның ішінде 54 алтын, 43 күміс және 52 қола медальға қол жеткізді. Былтыр Қызылорда облысының еліміздегі үздік спорт өңірі атануы – осы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.

Бүгінде Сыр елінде спортқа қызығушылық артып, салауатты өмір салтын ұстанатын жас­тардың қатары көбейіп келеді. Жаңадан салынған ареналар мен спорт кешендері – болашақ чемпиондардың үлкен спортқа бастар жолы.

ТҮРКІ РУХАНИЯТЫНЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

Идеологиялық саясаттың іргелі бір саласы – мәдениет десек, облыс аумағында 10 ұйымға біріктірілген 400-ден астам мәдениет, өнер және архив мекемелері қызмет көрсетеді. Оларда 4 мыңға жуық адам  еңбек етеді.

Бүгінде Сырдың бас шаһарының сәулетін арттыра түскен «Анаға тағзым» орталығы,  «Достық үйі», мың орындық «Өнер орталығын­да» республикалық, халықаралық деңгейдегі салтанатты жиындар өткізіліп, халыққа жоғары деңгейде қызмет көрсетуде. Сыр бойы өнерінің  жаңа сатысында симфония оркестрі, хор ұжымы, заманауи би ұжымы, Жастар және инклюзив театры, «Жыраулар үйі» ашылып, барлығы 250-ден аса штат берілгенін атап өтуіміз керек. Жалпы кейінгі үш жылда жаңадан 21 мәдениет нысаны бой көтерген.

Сала мамандарын лайықты қолдаудың бір көрінісі, облыстың мәдениет ұйымдарындағы 40 маман кейінгі екі жылда  Италия, Беларусь елдерімен қатар, Алматы, Астана қалаларында біліктілігін арттырды. Тағы бір айтулы жаңалық, 2023 жылдан бері мәдениет, әдебиет, өнер  өкілдеріне облыс әкімінің арнайы «Тұран» сыйлығы тағайындалып, осы кезге дейін 60 адам марапатталды. «Руханият жылы» аясында мәдениет қызметкерлеріне 40 жаңа қызметтік пәтер берілді.

Аймақта 2024 жыл – «Руханият жылы» деп жарияланғаны белгілі. Басты жаңалық, барлық 7 ауданда «Руханият орталықтары» салынып, пайдалануға берілді. Бұл орталықтарда ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, қолөнер сияқты  халықтық ерекшеліктер кеңінен насихат­талып, өскелең ұрпақтың бойына өңір тарихы мен ұлт руханиятын сіңіруге қызмет көрсетіп келеді.

Түркі мәдениеті мен руханиятының темірқа­зы­ғына айналған Қорқыт мұрасын насихаттау мақсатында түркітілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты дәстүрлі халықаралық музыкалық өнер фестивалі өткізілді. Сонымен бірге, Республика күніне және Қызылорда қаласының Қазақ АКСР-не астана болғанына 100 жыл толуына орай облыс әкімінің қолдауымен Швейцарияның Женева, Берн қалаларында Сыр өнерпаздарының концерті өтті.

Жылдар аясындағы айтулы жаңалықтың бірі, өңірімізде жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде 2023 жылы алтын киімді «Шірік-Рабат сақ жауынгері», алтын әшекейлі «Сығанақ ханшайымы», 2024 жылы алтын қылышты «Түгіскен көсемі» және «Жетіасар ақсүйек әйелі» мүсіндерінің тарихи реконструкциялары жаса­лып, ғылыми айналымға енгізілді.

Айта кетейік, Сырдария өзенінің сол жағалауынан 2,3 млрд теңгеге заманауи үлгідегі облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты былтыр пайдалануға берілді. Бүгінде музей қорында 70 мыңға жуық құнды экспонаттар мен артефактілер сақталуда.

«Сыр бойының» тілшілер тобы