Өркенді өңірдің өзгеше келбеті

307

0

30 қазан, бейсенбі күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қызылордаға келді. Мемлекет басшысын әуежайдан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған ресми өкілдер күтіп алды. Президент алдымен осы «Қорқыт ата» халықаралық әуежайының жаңа терминалымен танысты.

Жаңа терминал – жаңа мүмкіндік

Мемлекет басшысына әуежай қызметі, ішкі және халықаралық әуе рейстеріне қызмет көрсету процесі жөнінде баяндалып, жолаушыларды тіркеу және тексеру аймақтары, шека­ралық-кедендік бақылау пункттері, күту залы, сондай-ақ автомат­тан­дырылған жүк беру жүйесі көрсетілді.

Жаңа терминал өткен жылы қараша айында ашылған болатын. Жобаға 16,6 миллиард теңге көлемінде жеке инвестиция салынды. Жергілікті бюджеттен инженерлік-комму­ника­циялық инфрақұрылымды жүргізуге 4,3 миллиард теңге бөлінді.

Әуежайдың өткізу қабілеті жылына 300 мыңнан 500 мың жолаушыға дейін ұлғайды. Нысан Халықаралық азаматтық авиация комитеті (ICAO) мен Халықаралық әуе көлігі қауым­дастығының (IATA) жоғары стан­дарттарына сәйкес келеді.

«Қорқыт ата» әуежайынан Air Astana, FlyArystan және Qazaq Air әуе компаниялары аптасына 29 рейс орындайды. Қазіргі кезде терминал жанынан «Қазаэронавигация» РМК жаңа диспетчерлік мұнара мен әкім­шілік-техникалық ғимараттың құрылысын жүргізіп жатыр. Жобаның іске асуы Сыр өңірінің көлік инфра­құрылымын дамытып қана қоймай, туристік әлеуеті мен инвестициялық тартымдылығын да арттыруға оң септігін тигізеді.

Экономика: Әртараптық әлеует арта береді

Мемлекет басшысына облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар, сондай-ақ облыс орталығы мен елді мекендерді абаттандыру жөнінде мәлімет берілді.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кейінгі 4 жылда өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 233 пайызға артқанын баяндады. Биыл 720 миллиард теңгеден астам қаржы тарту жоспарланған. Оның ішінде жеке инвестицияның үлесі 70 пайызды құрайды.

Экономиканы әртараптандыру мақ­сатында алдағы үш жылда аймақта құны 2 триллион теңгеге жуықтайтын 90 инвестициялық жоба жүзеге асы­рылады. Бұл 11 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Биыл жалпы құны 302 миллиард 500 миллион теңге болатын 27 нысанды іске қосу жоспарланған. Бүгінде оның тоғызы пайдалануға берілді.

Мемлекет басшысы облыстың қар­қынды дамып келе жатқанын ай­тып, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.

Сонымен қатар Президентке Қы­зылорда облысының инвес­тициялық жобалары таныстырылды. Orient Ceramic KZO компаниясының қыш тақта өндіретін зауыты, Fabe Agro жылыжай кешені, With You қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін кәсіпорны, Seven Rivers Technologies компаниясының шыны ыдыстар өндірісі және басқа да жобалар жөнінде баяндалды.

Шыны кластерін дамыту және бу-газ қондырғысы, тау-кен байыту фабрикасы, кальцийлендірілген сода өндіру зауыты, тауарлы-сүт фермасы жобаларын іске асыру жоспары жайында айтылды.

Мемлекет басшысы алға қойған жоспарларды уақытылы және сапалы іске асырудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа инвестициялық климатты жақсарту және бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Өнерге кең өріс

Президент «Өнер орталығына» барып, көрермен залын аралап көрді, облыстық симфониялық оркестрдің да­йындық барысын тамашалады. Мың орынға арналған көп функционалды «Өнер орталығы» былтыр ашылған. Кең әрі заманауи үлгідегі ғимарат құры­­лысына 3,7 миллиард теңге жұмсалған.

Мұнда концерттер, шығармашы­лық кештер мен түрлі қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Орта­лықта бір­неше шығармашылық ұжым орналасқан.

Президентке баян етілгендей, облыста 2022 жылдан бері 18 мәдениет нысаны ашылған. Соның ішінде 7 заманауи «Руханият орталығы», музы­калық колледждің жаңа ғимараты, облыстық тарихи-өлкетану музейі мен шалғай елді мекендерде мәдениет үйлері салынды. Бұл ретте мәдениет саласы қызметкерлерін баспанамен қамту, мамандардың біліктілігін арттыру және озық тәжірибені енгізу бағыттары бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.

ДИДАР-ҒАНИБЕТ: Үшінші президенттік кітапхана Қызылордада салынуы мүмкін

Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев осында жұртшылықпен кездесіп, әңгімелесті. Аймақтың қар­қынды дамып келе жатқанына тоқта­лып, алдағы уақытта да ауқымды жұ­мыс атқарылатынын айтты. Сондай-ақ бірқатар мәселе бойынша пікір бөлісті.

–  Дүние жүзіндегі ахуал бар­шаңызға жақсы мәлім. Әлемдегі жағдай бұлыңғыр, құбылмалы. Сон­дықтан, ең алдымен, жастарға көңіл аудару қажет. Жастарымыз дарынды, қабілетті. Оларға дұрыс бағдар көрсетіп, жақсы тәрбие, тәлім беру маңызды. Қазіргі заманда есірткі, нашақорлық секілді сын-қатерлер аз емес. Жастардың болашағы – білімде. Ойы ұшқыр, көкірегі ояу, көзі ашық жастар – біздің келешегіміз. Бәріміз бір ұлт болып, ел үшін, халық үшін жұмыс істеуіміз керек, – деді Президент.

Сондай-ақ елімізді өркендету жолында қолға алынған бастамалар жөнінде әңгімеледі.

– «Таза Қазақстан» акциясы кең ауқымда жүргізілуде. «Таза» деген – жақсы сөз. Ең алдымен, арымыз, ниетіміз таза болуы керек. Жалпы Қазақстан таза болуы қажет. Бұл – болмысымызға әсер ететін үлкен іс. Екінші, цифрлық мемлекет құру. Заманауи, озық елге айналуымыз керек. Әйтпесе дамыған елдер көшінен қалып қоямыз. Сондықтан цифр­лан­дыруды, жасанды интеллектіні мін­детті түрде дамыту қажет. Қазақстанда Орталық Азиядағы алғашқы супер­компьютер іске қосылды. Бұдан бөлек, атом стансаларын салуымыз керек. Қазір бірінші стансаның құрылысы басталды. Таяу арада екінші АЭС жобасын қолға аламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сонымен қатар өңір үшін су тапшылығы өте өзекті мәселе екенін жеткізді.

– Су тапшылығына баса назар аударамыз. Келешекте де су мол болады дей алмаймыз. Оған дайын болуымыз керек. Су үнемдеудің жоғары технологиясын қолданғанымыз жөн. Мемлекет субсидия беріп жатыр. Биыл ауыл шаруашылығына 1 триллион берді. Бұл – үлкен мүмкіндік, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет, өнер саласына мән беретініне тоқ­талды. Астана мен Алматы қала­ла­рында тәулік бойы қызмет көрсететін екі бірдей Президенттік кітапхана салынып жатқанын, болашақта осы секілді үшінші кітапхана Қызылорда қаласында ашылуы мүмкін екенін айтты.

Сапар барысында Президент балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясына барды.

Бұл нысан биыл мамыр айында пайдалануға берілді. Академия қыз­меті өңір жастарының зияткерлік және шығармашылық әлеуетін да­мытуға бағытталған. Кешенде бассейн, спорт түрлеріне арналған жаттығу залдары, шығармашылық студиялар мен зертханалар бар.

Жалпы өңірде қосымша білім беру жүйесін дамыту аясында 2022 жылдан бастап Жаңақорған, Жалағаш және Шиелі аудандарында «Оқушылар үйі» мен Шығармашылық мектептері бой көтерді. Былтыр облыс орталығында заманауи «Оқушылар сарайы» ашыл­ды. Бұдан бөлек, Қызылордада Кәсіптік білім беру және жұмысшы маман­дықтары бойынша құзыреттілік орта­лығының құрылысы басталды. Бүгінде Президент саябағында уақыт талабына сай балалар сауықтыру лагері мен қысқы бақ салынып жатыр.

Өндіріс күш алып келеді

Мемлекет басшысы «Қызылорда-нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің нан-тоқаш, кондитерлік және макарон өнімдерін өндіретін цехына барды. Кешен биыл қазан айында іске қосылды. Жобаның жалпы құны – 5,6 миллиард теңге. Өндіріс толығымен автоматтандырылған.

Өнімдердің 30 пайызға жуығы кәсіпорынның жеке сауда желілері арқылы сатылады, ал 70 пайызы қала аумағындағы және маңындағы дүкендерге жеткізіледі.

Президент жаңа жылу-электр орталығына барды. Жаңа жылу-электр стансасы Мемлекет басшысының оңтүстік өңірлерде халық пен экономика сұранысын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында салынды.

Орталық 240 мегаватт электр қуатын және 277 гигакалория жылу энергиясын өндіреді. Жобаның жалпы құны – 215 миллиард теңге. Жылу электр стансасы түркиялық Aksa Energy компаниясының инвестициясы есебінен бой көтерді.

Қазіргі кезде негізгі агрегаттар, атап айтқанда, әрқайсысының қуаты 176 мегаватт болатын екі газ турбинасы, қуаты 95 мегаватт бу турбинасы, өнімділігі сағатына 120 тоннаға жететін екі бу қазандығы, қуат­тылығы сағатына 150 гигака­лорияны құрайтын төрт су қыздыру қазан­дығы орнатылып, толық монтаждалған.

Спорт һәм мәдениет

Президент Қызылорда қаласында­ғы 11 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионын аралап көрді. Нысанның құрылысы биыл қазан айын­да аяқталған. Жаңа спорт кешені UEFA талабы бойынша IV санатқа сай келеді.

Аренада халықаралық сайыстармен бірге мәдени іс-шараларды өткізуге бо­лады. Кешенде бокс, күрес, спорттық гим­настика, ауыр атлетика және басқа да спорт түрлеріне арналған залдар бар.

Мемлекет басшысы «Қайсар» футбол клубының ойыншыларымен әңгімелесті.

– «Қайсар» – елімізде жеке мен­шікке өткен алғашқы клубтардың бірі. Алдағы уақытта футбол академиясы салынады. Клубтың келешегі жарқын болады деп ойлаймын. Баршаңызға табыс тілеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесу соңында Президент футбол добына қолтаңба қойды.

Мемлекет басшысы облыстық тарихи-өлкетану музейінде де болды. Өңірдің тарихи-мәдени мұрасымен та­нысып, археология, этнография, Қа­зақ­станның бұрынғы және қазіргі ты­ныс-тіршілігінен хабар беретін зал­дарды аралап көрді.

Биыл жазда бой көтерген музейде 12 тақырыптық зал жабдықталған. Қазір мекеме қорында 70 мыңға жуық жәдігер бар.

Президент сондай-ақ, «Үстел тен­нисі» орталығын аралап көрді. Ке­шенді салуға облыс бюджетін оңтай­ландыру барысында үнемделген қаражат есебінен 2,5 миллиард теңге қаралып, құрылыс былтыр қазан айында аяқталды. Сондай-ақ «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры 900 миллион теңге қаржы бөлді.

Заманауи үлгіде салынған ор­талықта 16 үстел теннисі орналасқан ойын алаңы, 350 көрерменге арналған орындар, жаттығу залы мен әкімшілік бөлмелер бар. Мұнда 52 қызметкер жұмыс істейді. Бүгінде онда 280 бала үстел теннисімен тұрақты түрде шұғылданады.

Қ.Әбіш