сурет ашық дереккөзден
Кейде қылмыс пен зорлық-зомбылықтың себебі психикалық ауытқудан шығып жататынына қоғам назар аудара бермейді. Мәселен, 2021 жылы Ресейдің Қазан қаласында бозбала мектепке барып, бірнеше адамды атып тастаған болатын. Дәрігерлер оған анықталмаған ауыр психоз диагнозын қойды. Бұндай оқиға былтыр Петропавлда да болды, бала мектепке балта апарып, үш оқушыны жаралады. Бірақ полиция «Адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша қылмыстық іс ашып жіберді. Негізі іске психикалық тұрғыдан баға берілуі тиіс еді. Бұдан шығатын ой – психикалық дертке шалдыққандардан қоғамға келер қауіп жоқ емес. Ал елімізде қанша адам осы тәрізді ауруға шалдыққан? Қоғамның олардан сескенуіне себеп бар ма?
Санасы ауытқығандардың саны артты
Нені меңзеп отырғанымыз анық, елімізде психикалық ауытқу бойынша есепте тұрғандардың саны едәуір өсті. Салыстырып қарар болсақ, 2021 жылдың басы мен 2024 жылдың бас кезін алайық. 2021 жылы Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы ұсынған дерекке қарасақ, елде 190 мыңға жуық адам психикалық дертке ұшырап, есепте тұрған екен. Оның 73 мыңы ақыл-ойы кем деген диагнозбен, 56 мыңы мидың органикалық зақымға ұшырауымен психикалық ауруға шалдыққан. Ал 45 мыңы шизофренияға душар болған. Неврозбен 2500, депрессия немесе маниямен 1800 адам тіркелген. Сондай-ақ психоактивті заттарды пайдаланудан туған психикалық ауытқуға 92 мыңнан аса адам шалдыққан. Бұл санаттағы науқастардың басым бөлігінің жасы 30-55 арасында. Құқықбұзушылық әрекетке барған 191 адам мәжбүрлі түрде амбулаторлық емделуге жіберілген. Психиатриялық ауруханаларда 39 адам дәл солай мәжбүрлі түрде ем қабылдаған. Ал 4500 адам көз жұмып, есептен шығарылған.
Ал биыл Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінде психикалық ауытқуы бар 198,5 мың адам есепте тұр. Олардың 41 мыңы – бала, 82,9 мыңы – әйел, 115,5 мыңы – ер адам, яғни 3 жылдың ішінде бұл санаттағылар 8,5 мыңға артқан. Шамамен жыл сайын 3 мыңға жуық адам психикалық дертке ұшырайтынына дәлел. Ал шизофрения диагнозымен бақылауда тұрғандар үш жыл бұрынғымен салыстырғанда 5 мыңға азайып, 40 мыңға жуық адамды құрапты. Былтыр психикалық денсаулық орталықтарында 70,5 мың науқас, оның ішінде 8 мыңнан аса бала емделген.
Енді мәселенің өзегіне оралсақ. Ауруға шалдыққандар есепте тұр, қажет кезінде емделе алады. Дегенмен сау адамдардың да жайын ойлаған абзал. Мысал ретінде қарасақ, ақыл-есі сау болса да «психикалық дертке ұшырап қалмаймын ба?» деген қорқыныш кез келген адамда болып тұрады. Ал мамандар «ақылымнан адасатын шығармын» деген үрейлер ауыл халқынан гөрі тығыз орналасқан қала халқында көп болатынын дәлелдеген. Көбіне мұндай уайым психиканың стресс пен артық салмаққа реакциясынан туады, яғни адамда еш ауру жоқ. Түрлі уайым мен семіздік сондай әсер береді. Бірақ адам психикалық кілтипанмен туады дегенге көп мамандар келіспейді екен. Науқастың туабітті пайда болған эндогенді кінәраты болса да, бәрібір зат алмасудың бұзылуы, ми жарақаты, тамыр ауруы, стресс сияқты ауруды қоздыратын себептер болады. Жалпы кейінгі кездері әлемде психикалық дерттер өрши бастағаны жиі айтылады. Дегенмен бұрын да жағдай мәз болмаған сыңайлы. Мысалы, кеңестік кезде, қайта құру уағындағы ресми мәліметтерге жүгінсек, КСРО аумағында 1978 жылы психиатриялық есепте 4,5 миллион адам тұрған. Олардың саны 1988 жылдың басында 5,5 миллионға жеткен екен. Бұл мәселеде бір түйін туады. Адамдардың психикалық ауруға шалдықпауын алдын ала ойлағанымыз жөн тәрізді. Батыс елдерінде психикалық зерттеулер тым жақсы дамыған. Кез келген қылмыскердің санасына шолу жүргізіледі. Ал еліміздегі жағдай қандай? Қылмыс жасады деп түрмеге қамалғандардың ішінде психикалық ауытқулар жоқ деп айта аламыз ба?
Тасадағы тылсым дерт
Кейінгі кезде жастар арасында сәнге айналған бір сөз бар, ол – «шизофреник». Өздерінің сәл оғаштау қылықтарын осылай «мақтаныш» етеді. Әйткенмен бұл мәселені ресейлік психологтар да күн тәртібіне қойған. Бала өзін шизофренияға қызықтырмағаны, оны абырой санамағаны абзал. Әйтпесе бұл дертке шынымен шалдыққан адамның бір күнінің өзін бастан өткеру – өте қиын нәрсе.
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, 2022 жылы әлемде 24 млн адамның шизофренияға душар болғаны анықталған. Дәл сол жылы мәселеге байланысты қазақстандық психологтар шағын зерттеу жүргізу мақсатында қоғамнан сауалнама алған. Бір қызығы, қатысқандардың 23 пайызы ресми түрде шизофрения диагнозы қойылған адамдармен етене таныс екенін айтыпты. Негізінен, бұл – олардың туысы мен таныстары. Бірақ көпшілік бұл аурудың белгілерін білмейді, бар болғаны 12 пайызы ғана ауру белгілерін айтып бере алған. Сол себепті көпшілік шизофренияның белгісі ретінде бас ауруы, жүрек айну, бас айналу, қан қысымының көтерілуі және треморды көрсетеді. Алайда бұл белгілердің шизофренияға қатысы жоқ. Дерттің негізгі белгілері – галлюцинация, жеке тұлғаның бөлінуі, обсессия, агрессия мен аяқасты көңіл-күйдің өзгеруі.
Жұртшылық психикалық дертке ұшырағандардан қорқады. Оған дәлел бар, сауалнамаға қатысқандардың үштен бір бөлігі шизофрениямен ауыратын адамдар айналасындағылар үшін қауіпті деп топшылаған. 53 пайызы науқастарды дамуында қиындықтар бар десе, 36 пайызы оғаш қылықтар көрсететінін айтыпты. Дегенмен психоаналитиктер шизофрения диагнозы адамның толыққанды қоғам мүшесі болуына кедергі келтіре алмайтынын жеткізген. Керісінше дұрыс жүргізілген ем ең болмаса қанағаттанарлық өмір сүруге көмектеседі. Сауалнама қорытындысымен танысқан медицина ғылымының докторы, профессор Саида Ешімбетованың айтуынша, психикалық жағынан дертке шалдыққандарға қатысты басты проблема – қоғамға бейімдеу.
– Дер кезінде дұрыс көрсетілген медициналық көмек толық сауығып кетуіне жол ашады. Әлем елдерінің бұл ауруды емдеуде нақты қандай әдіс-тәсіл қолданатынын анықтау маңызды. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, шизофренияны емдейтін бірқатар тиімді тәсіл бар, осы тәсілдер кемінде әрбір үшінші науқастың толық қалпына келуіне көмектеседі. Дәрі-дәрмекпен емдеудің де отбасылық терапия, когнитивті мінез-құлық терапиясы мен психоәлеуметтік оңалтумен қатар маңызы зор. Көбіне аталған терапия әр пациентке жеке жүргізіледі. Психикалық ауруы бар адамдарға ремиссия жасау үшін қоғамға интеграция да өте маңызды. Бұл тақырыпқа қоғамда тыйым салмаған жөн. Ақпарат елді психикалық ауруы бар азаматтардың кеудесінен итермеуге, оларды өз ортасынан оқшауламауына әсер етеді. Сол себепті осы туралы ақпарат құралдарында көбірек жазу қажет, – дейді маман.
Сонымен біз қылмыс жайын басқа да қырынан қарап, бағалауға болатынын айтқымыз келді. Емделмеген дерт, өзгеге де зиян. Ақпараттың ағыны мен күйбең тіршіліктің түрлі қысымы қосылған уақытта адамдар өзінің санасынан жаңылып жүретіні жасырын емес.
Мадияр Төлеу,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<